ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ПАТШАЛЫҚ РЕСЕЙДІҢ ОТАРШЫЛДЫҚ САЯСАТЫНЫҢ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ДƏСТҮРЛІ МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ТИГІЗГЕН ƏСЕРІ

ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ПАТШАЛЫҚ РЕСЕЙДІҢ ОТАРШЫЛДЫҚ САЯСАТЫНЫҢ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ДƏСТҮРЛІ МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ТИГІЗГЕН ƏСЕРІ

Ж.Қ. Ахметова —
т.ғ.к., Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университетінің доценті,
А.К. Есибаева —
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университетінің оқытушысы

Тарихтан белгілі ХІХ ғасырда қазақ жеріне жүргізілген хандық билікті жою үшін енгізілген реформалар дəстүрлі шаруашылықпен қатар, қоғамның ұлттық мемлекеттілігінің іргесін құлатты. Əсіресе 1867-1868 жылдардағы реформа номадтардың əлеуметтік-экономикалық өмірінің бүкіл қалпын өзгертіп, олардың қоғамдық құрылымындағы салт-дəстүрлері мен өзара қатынастары жүйесіне үлкен өзгерістер енгізді. Құқықтық қысымдарға ұшырап, мүліктік жағдайы əлсіреген бұрынғы Шыңғыс ұрпақтарынан тараған ақсүйектерді “қара сүйектен” шығып, байып алған мал өсірушілер ығыстырып шығарды.
Əлеуметтік сараланудың тереңдеуі үрдісінде малды көбінесе рынок мұқтаждары үшін өсірген жаңа байлар сұлтандарды болыс басқарушылығынан ерекше күш жігер жұмсамай-ақ ығыстырып отырды, сөйтіп Шыңғыс ұрпақтарының өткендегі жəне бұрынғы күш-қуатының көлеңкесі ретінде сұлтандар екінші қатарға кетті[1].
Алайда, ауыл қоғамының ғұрыптары күштірек болып шықты, сөйтіп қазақ ауылына капитализмнің əсер етуі жағдайларында бір ру бөлімшесінің өкілдері “бір-бірімен əрқашан да аса тату тұрды” жəне қажет болған жағдайда бір-біріне көмектесіп отырды, айтар болса, мұның өзі қазақтардың көшпелі өмірінің өзіндік ерекшелігін үстіртін түсінетін жекелеген зерттеушілердің оларда бейнебір таптық жіктеліс болған жоқ деген сыңаржақ қорытындыға келуіне себеп болды.
Ауылдың қоғамдық өмірінде «ру аралық қақтығыстар мектебінен» өткен болыс басқарушылары, жаңа отаршылдық əкімшілік өкілдерінің рөлі басым болды. «…Барлық қоғамдық істерде басым болу…» болыс басқарушының қызметіне үміткерлерді ықпалды ру билеушілерін сатып алуға малды жəне əр түрлі тарту-таралғыларды аямауға итермелейді [2,18].
«Дала телеграфы-ұзынқұлақтың» қандай да болсын «хабарды» жедел таратқаны сонша, ауыл старшындары мен уезд басқармасы арасындағы аралық буын ретіндегі болыс басқарушылары жалпы жұртқа мəлім арналарды пайдалану арқылы «үлкен бастықтардың» келуі жөнінде алдын-ала хабар таратып, жаңа дəуір жағдайларына бейімделуімен қоғамдық пікірді өз пайдасына бұрып үлгіретін еді. «Үлкен бастықтар келер алдында, ол ешбір күтпеген жағдайда болмайды…басқарушы уақытша өзгеріп шыға келеді, өзінің шапанын шешіп, зауряд-хорунжийдің (фельдфебель) ғажайып костюмін киеді, өзінің кереует-тағын шығарып тастап, оны аса үйреншікті емес еуропа жиһазымен ауыстырады, хатшыларының есін жиғызып, шарап, оның басытқысын… сатып алады… бастықты қарсы алады»,-деп Торғай облысының қазақтары туралы тамаша еңбектің авторы И.Хохлов өз əсерлерін осылайша жазады.
Барған сайын жетіліп келе жатқан ауылдың əлеуметтік өмірі көріністерінің бірі “атқамінерлер” дейтіндер рөлінің өсе түсуі болды, ал басқаша мағынада алғанда көшпелілерде қоғам игілігі көп жағынан солардың іскерлік ынта-жігеріне байланысты болған ықпалды жəне “құрметті қазақтар” осылай атала бастады. Болыстардың беделі немесе “бет-бейнесі” сайлау кезінде саяси үгітке қызу араласатын атқамінерлерге байланысты болды, олар далалық лоббизмнің өзінше бір көрінісі бола отырып, белгілі бір үміткердің табысын едəуір анықтап берді. Олар бір үміткерден екіншісіне ауысқанда сөзсіз құрметке жəне алуан түрлі меймандостыққа бөлінді, “өзін аса бақытты адам деп сезініп, күнін ет жеп қымыз ішумен өткізді”[3,15].
Дала тұрғындарының бүкіл өмірі мал шаруашылығының жай-күйіне байланысты еді, ол кедейлер үшін тіршілік, ал ауқаттылар үшін байлық көзі бола отырып, номадтардың көпшілік бөлігі үшін тірліктің ең маңыздысы болды: олар тамақ атаулының бəрін-жас ет, кептіріліген жəне ысталған ет (сүр ет), сондай-ақ, сүт өнімдерін-түркі тілдес этностар арасында кең тараған сүйікті сусын қымыз, айран, құрт пен ірімшік, киім-тон, малақай тігетін елтірі, киіз, текеметке дейін малдан алып отырды.
Сол дəуірдегі басылып шыққан мəліметтер бойынша ауылдарда жан басына шаққандағы сүт өнімдерінің орташа тұтыну нормаларын анықтау қиын емес.
Экономикалық ықпал ету тұтқасы ретінде мал шаруашылығы номадтардың отбасы-некелік өмірінде де аса маңызды болды, жас жұбайлардың некеге тұруының сөзсіз атрибуты болған бүкіл қалың тек қана малмен төленді: бай қалың малының көлемі-100 байталға дейін жетті; орта дəулеттілер үшін-77, 67, 47, 27 жəне 27 байтал болды. Торғай облысы қазақтарының тұрмысын зерттеген В.Юзефо жоғарыда аталған нормалардан төмен “қалың мал болмайды” деп хабарлаған [4,18].
Шариғат ережелері бойынша əрбір мұсылманың төрт əйелге дейін алуға құқығы болды; бірқатар бай дəулеттілер 3 əйел алды, кең тараған неке одағы-екі əйелден, малы жоқ кедейлер-бір əйелден тұрды.
Бұл орайда, шариғатқа сəйкес, бірнеше əйелі бар адамдар олардың əрқайсысы жеке киіз үймен қамтамасыз етуге тиіс еді; дəстүр бойынша үлкен əйелі-бəйбіне қожайынға неғұрлым жақын жағдайда деп танылды; тіпті осы ретте де бəйбіше мен тоқалдар арасындағы қақтығыстар сыйластық қалпында қала берді. Үй ішінде тыныштық орнату үшін көп əйелді отбасы қожайынның бір ғана дауыс көтеруі немесе салқын көзқарасы жетіп жататын еді.
Дала халқының күнделікті өмірінде малдың маңызының аса зор болғаны сонша, ауыл тұрғындары кездесіп бір-бірімен амандасқанда ең алдымен мал жайын сұрап, “мал-жан аман ба?» деген сұрақ қоятын; содан соң ізетпен: «ат-көлік аман ба?» деп сұрайтын. Нақ сол М.Хохлов былай дейді: «…көп кешікпей жертөлеге Шүкірбайдың (ол қонақта болған қожайын) көршілері бірінен кейін бірі кіріп, кебістері мен малақайларын шешті, сəкіге шығып отырып, менен бастап жұрттың бəрімен дағдылы «аман ба?» деген сөзді айтып амандасты…Келген адам ең алдымен малдың амандығын, содан соң барып қана адамдардың амандығын сұрады. Осының бəрінен қожайын «Аллаға шүкір», яғни құдай жарылқасын деп жауап қайтарды»,-демек барлық жағдайларда мал бірінші орында тұрған. Шексізшетсіз дала кеңістігі, санақ кезінде мал иелерінің шаңырақ алымының көбеюінен құтылу үшін малдың шын санын жасырып қалуға тырысуы, оның табиғи-географиялдық көрсеткіштерінің өзіндік ерекшелігі себепті малдың саны жөнінде дəл есеп алуды қиындатты. Оңтүстіктегі екі облыспен: Жетісу облысы (облысқа Солтүстік Қырғызстанның аумағы да қараған) Сырдария (Орталық Азияның бірнеше уезін қамтыған) облыстармен салыстырғанда далалық төрт облыста мал санының басым болғанына күмəн жоқ, аталған екі облыстағы мал саны төмендетіліп көрсетілген, мұның өзі сол кездегі Қазақстан көлеміндегі аумақтың иеліктердегі мал санының қорытындысын шығаруды едəуір қиындатты. Əр түрлі аймақтар бойынша жəне əр түрлі уақыт аралығындағы мал санының дəл келмеуі, оның үстіне сол кездегі статистика мəліметтерінің жалпы қанағаттанғысыз жағдайда болуы себепті өлке көлеміндегі мал басының нақты санын анықтау мүмкін емес. Оған «малды дəл санап шыққан жағдайда», оның үстіне малдың шын санын бөгде адамға, нақ сол санақ жөніндегі шенеунікке ашып айту аталған табынды өлім-жетімге ұшыратып, олар едəуір азайып кетуі мүмкін дегенге қатты сенетін малшылардың соқыр сенімі едəуір дəрежеде себепші болды. Мұндай ырым қазақтарда, əсіресе өте ауқатты қазақтарда өз шаруашылығының шын жай-күйін жасыру, сұраған кезде нақтысынан санын сөзсіз азайтып көрсету ниетін туғызды, ал жұт, апаттар жылдар, табиғи қолайсыздықтар кезінде олар мөлшерін шын мəніндегіден əрқашанда асыра көрсетіп отырды деуге болады, сондықтан да көрсетілген деректерді нақтысынан аз деп, ал əр түрлі қиын жағдайлардағы өлім-жетімді біршама асыра көрсетілген деп ұғу керек [5,27].
Алайда, мал иесі жыл бойы өз байлығын малды жайып бағумен жəне малдың тебіндеп жайылуымен «қанағаттанатын», жылқы сұлыны, ал сиыр шабылған шөпті білмейтін экстенцивті жайылымдық, жабайы шөпті жүйе мал шаруашылығын болжап білуге болмайтын зардаптарға ұшырады. Қыс қатты болған жылдары малдық жаппай қырылуы орын алып отырды. «Жұт» деген сөздің өзі-ақ мал иесінің зəре-құтын қашырды. Қыстың қатаң болып, жер бетін қалың қар мен мұздақ жабуы салдарынан жұт болып, ауқатты қазақтар бүкіл дерлік малын жоғалтты, ал кедейлер қайыршылыққа ұшырады. 1879-1880 жылдарда Түркістан, Ақмола, Сырдария облыстарында 13 миллион малдың 6 миллионы, яғни жартысына жуығы қырылып қалды. Бұл жұттың орны толтырылуы қиын зардаптардың отырықшылдық əкімшілікті мазасыздандырғаны сонша, 1889 жылы 15 ақпанда Сырдария облысының губернаторы Түркістан генерал-губернаторының міндетін атқарушыға төмендегідей мəн-жайларды: қазіргі қатаң қыстан таяу уақытта қандай зардаптар күтуге болады; халықтың əл-ауқатын қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қажет екенін анықтау үшін шұғыл сауалдама жіберді. Құжаттың екінші бөлігі «егер қыс халықтың шаруашылығына жаман əсер етсе», қандай шаралар қолдану қажет жəне қыстың зардабы «азық-түлік пен мал азығы бағасының қымбаттауына ықпал етпей ме» деген ашық мазасызданушылықпен аяқталады. Күтілмеген табиғиклиматтық апаттарды ескерте отырып, ірі мал иелері малдың табиғи азықтануын жеңілдету үшін ертеден келе жатқан тебіндеп жаю дағдысын пайдаланып, малды мынадай схема бойынша жайылымға айдады: алдында «қарды ең жақсы аршитындар ретінде» жылқы, одан кейін ірі қара жүріп отырды. Ал ақырында жылқы, ірі қара малдың тұяғымен аршылған жерлерде қой шөптің тұқылымен ғана қоректенді [1,65].
Мал шаруашылығының қажеттері қазақтарды ауылдардың тығыз орналасының қолайсыздығын ескере отырып, шағын топтар болып қоныстауға мəжбүр етті. Мал жайылатын жер шектеулі таулы аудандарда екі-үш шаруашылық, далалық аудандарда екі-үш шаруашылық, далалық аудандарда 20-30 үй бір жайылымға тығылды. Мал жазғы жайылымға неғұрлым алыс айдап апарылса, ол соғұрлым қоңды болды; жəрмеңкелерде сатудан немесе айырбастаудан, əсіресе оларды көп мөлшерде сатқан кезде мол ақша түсіруге болатын. Екінші жағынан, бұл жер жағдайына байланысты еді. Мысалы, Торғай облысының əр түрлі шөпке бай жайылымы басым солтүстік уездерінде қазақтардың егістік жерлері болып, жазғы қоныстары қыстаудан алыстағы 20 немесе 40 шақырымнан аспады; ал жайылымы жұтаң оңтүстікте қазақтар өздерінің ата қоныстарынан 400 жəне одан да көп шақырымға кететін болған.
Ақтөбе жəне Орал уездерінде, сондай-ақ Есіл жəне Ертіс өңірлерінде қазақтардың көп мөлшерде пішен қорып, кейбір аудандарда кем дегенде сабан əзірлеп алуға мүмкіндіктері болды. Мұның өзі кейбір дəрежеде қысқы аяздар кезеңінде малдың азыққа деген қажеттерін қанағаттандыратын еді. Қазақтарда жазғы жайылымдар, мал жайлауы жөнінде негізінен қиындық тудырмайды, əдетте олар шектеусіз бірлесіп пайдаланады; малын əуел баста жер өз руынікі болғандықтан қалауынша жаятын. Ол былай тұрсын, дəстүрлі көшіп жүретін аудандарды нашар білетін уездік басқармалардың шенеуніктері ұзақ іздеу арқылы, көбінесе ауыл старшындарының көмегімен, көшпелілердің қыстауларын əрең табатын, өйткені қыстаулар туралы мəліметтер жиналмады десе де болады. Мысалы, орман алқаптары басым Көкшетау уезінде қазақтардың қыстауларын табу көп қиындыққа соғатын.
Қазақтарға малды қыста жайып бағудан бірте-бірте шөп шабуға, пішен дайындауға көшуді өмірдің өзі үйретті. Сонымен бірге, үлкен жер үлестерін алған казактар «жұмыс қолының жетіспеуі себепті аса жақсы жер үлестеріне қазақтарды қыстап шығуға ғана емес, жазғы жайлауға да ықыласпен жіберіп, оларға өздерінің шабындықтарын екі жаққа пайдалы талаптармен бере бастады”. Əсіресе, Ертіс өңірі, Жайық өңірі аудандарында, Есіл, Іле, торғай өзендерінің жайылмалыларында пайдалануға бай жер учаскелерін алып, тіршілік үшін ең қолайлы» жерлерге орнығып алған казактар жерсіз қазақтардың өзінің шаруашылық жұмыстарына жалдап отырды; қазақтар мен казактар арасындағы түсініспеушіліктер уездік əкімшіліктерді көп əуреге түсірді [2,34].
Қазақ ауылының жағдайын «Алтай таулы округінің жерлерінде” көшіп жүрген қазақтардың бір бөлігінің «өз руларымен қосылу үшін, оң жағаға, сондай-ақ Сарыарқаның ішкі аймақтарына» көшуіне байланысты дүрбелең қиындата түсті. 1880 жылғы 22 қазанда қазақтарға Алтай таулы округінің жерлерінде көшіп жүруге рұқсат етудің ережелері қабылданды, онда «…қазақтарды Құлынды даласында (Ертіс пен Обь арасы) қалдырудың уақытша сипаты жəне көшпелілерді Дала облысына біртіндеп жəне тыныштықпен көшіруге тиісті шаралар қолдану туралы» айтылған.
Ертеректе қабылданғанына қарамастан, Батыс Сібір Бас басқармасының 1849 жыл,ы 4 наурыздағы жəне 1860 жылғы 23 шілдедегі ережесі мен қазақтардың бұрынғысынша орманды жəне тұзды көлдерге жақын жерлерде қонысы болып, мал жаюына ғана емес, сонымен қатар оларға 20 шақырым қашықтықтан жақындауына да тыйым салынды, ал Алтай таулы округінің қазақтарына “егіншілікке көшіп, отырықшы қоғамдар құрған жағдайда” бұрынғы келімсек шаруалармен тең мөлшерде əрқайсысына 6 сомнан оброк салығы салынды. Мұндай жағдай мыңдаған қазақ отбасыларын Семей облысындағы өз руластарына жақынырақ көшіп барып, жер тарлығын тереңдете түсуге мəжбүр етті. Осы тұрғыда қазақтардың жаппай егіншілікке көшуі көшпенділерді азық-түлік өнімдерімен, мал шаруашылығын пішен қорымен қамтамасыз етудегі бірден бір балама жол болып қалды. Ауыл экономикасына барған сайын көбірек ене түскен сауда-ақша қатынастары бұрынғы малшыларға артық астығын қала базарларында, дала жəрмеңкелерінде сату мүмкіндігін ашып берді.
ХІХ ғасырдағы қазақтардың мал шаруашылығы ауыл қауымының əлеуметтік жəне мүліктік саралануын тереңдете түсті. Бір жағынан, оны, «табиғи қорек көзіне» негізделген, тоқыраудағы мал шаруашылығы күйреуінің нəтижесі деп қарастырған жөн, ал екінші жағынан, жаппай отырықшылыққа көшу шаруашылықтың дəстүрлі нысаны-сан миллиондаған көшпелілер өмірінің мағынасын, ғұрыптарын, тіршілік ету қалпын бұрынғысынша айқындап келген жəне ХХ ғасырдың 20-жылдарына дейін жергілікті экономиканың алуан түрлі нысандарын жасаған мал шаруашылығын екінші қатарға ығыстырып тастай алмады. Қазақ өмірінде шаруашылық жүргізудің мына нысандары орын алды.
1. бірыңғай «таза» көшпелі мал шаруашылығы;
2. отырықшы егін шаруашылығы;
3. көшпелі, бірақ қысқа арнап шөп шабу жəне егіншілік кəсібімен ұштастырылған мал шаруашылығы;
4. егіншілікті-мал шаруашылығы, шаруашылықтың бұл қосарлы түрінің біріншісі басым болды;
5. шөп шабатын, жартылай отырықшы мал шаруашылық нысаны.
Сонымен қазақ ауылы тұрғындарын өнімдерді жəрмеңкелерде, қала базарларында сатып алу жəне сатудың нарықтық принциптерінің элементтері бар егіншілік экономикасына тұрлаулы тартудың объективті үрдісі туралы деректерді пайдалана отырып, ХІХ ғасырдың аяғына дейін томаға-тұйық экстенсивті мал шаруашылығының түпкілікті күйрегені туралы қорытынды жасауға болады.
________________________
1. Жолдасбаев С. Жилище казахов Южно-Казахстана ХҮ-ХІХ вв. По данным археологии.
// Археологические памятники Казахстана. — Алматы, 1978.
2. Уəлиханов Ш.Ш. Шығармалар жинағы. Т.2. — Алматы, 1985.
3. Тоқтабаев А. Төрт түліктіңтөресі кім? — Алматы, 1989.
4. Самашев С.З. Археологические памятники и палеопочвы казахского Алтая. — Алматы, 2001.
5. Тоқтабаев А. Қазақстардың ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы жылқы шаруашылығы: Автореф. — Алматы, 1992.

Резюме
В данной статье рассмотрено влияние колониальной политики царизма на традиционное хозяйство казахов в ХІХ веке. Скотоводство для казахов является исторически сложившейся формой хозяйства. Скот для бедняков являлся средством для существования, а для богатых был источником богатства. Ликвидация ханской власти в ХІХ веке изменила не только суть традиционного хозяйства казахов, но также нанесла удар по государственному строительству, потере независимости.

Summary
In given article it is considered influence of a colonial policy of tsarism on a traditional economy of Kazakhs in ХІХ a century. The cattle breeding for Kazakhs is historical the developed farm pattern. The cattle for poor men was means for existence, and for rich was riches source.
Liquidation ханской in ХІХ has changed a century the authorities not only an essence of a traditional
economy of Kazakhs, but also has struck blow to the state building, independence loss.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *