АЛШЫН АТАУЫНЫҢ МƏНІ МЕН МАЗМҰНЫ
Т.О.Омарбеков –
т.ғ.д., əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Қазақ халқының ежелгі жəне ортағасырлардағы тарихы кафедрасының меңгерушісі, профессор
(Жалғасы. Басы өткен санда)
Зерттеушілер арасында Алтыр жəне Алт-асар деген ұлыс-княздіктер атауларын «алаш» атауына байланыстыра келе, одан «алачин» атты сөзді шығаруға тырысатындар да бар. ХVІ ғ. Енисей қырғыздарында өмір сүрген Алты-сар княздігін алға тартқан зерттеушілер осы этнонимдердің түбірінің ортақтығы туралы пікірлер айтады. Бірақ та ХVІ ғ. басында орыстар əрқашан да алтыр деп қырғыздарды айтатын. Бəлкім, алтыр мен Алты-сар ХVІІ ғ. қарай Алакчын аймағынан қырғыздарға келіп қосылған болуы. К.И.Петровтың айтуынша, алакчын тайпасы ұзақ уақыт бойы ежелгі Қырғыздар мемлекетінің құрамында болып, соңғыларға əрқашан жақын жүрді. Алакчын тайпасының құмандарполовцылар құрамында аталған өңірден батысқа қарай жылжуы І-ші жəне ІІ-ші мыңжылдықтардың қиылысқан тұсында орын алса керек. Бұл айтып отырғанымыз, Ю.А.Зуевтың пікірі[1]. Дегенмен де Ю.А. Зуевтың осы пікірі ешбір дəлелсіз айтыла салғандай əсер етеді. К.И. Петров осыған байланысты:
«В переселении алачинов на запад ранее рубежа первого – второго тысячелетий, как пологает Ю.А.Зуев, мы сомневаемся» [2], — деген еді.
Алакчын тайпасының бір бөлігі ХVІІ ғ. басында Обь өзеніне жақын жерде Алалар ордасының құрамында болса, ал тағы бір тобы Тянь-Шаньдағы қырғыздар құрамында да жүрді.
К.И. Петров ала-құла жылқылар туралы аңыздар жəне олардың «ал-та» атауынан шыққандары туралы əңгімелер тегінде, топо-этнонимдердің «алатырь» тəрізді үлгілерінің жалғауларын бұрмалап жазудан, дəлірек айтар болсақ, «алатырды» «ал-аты» деп қате көрсетуден шықса керек[3].
Осы айтылғандардың өзі «алакчын» атауын «алатыр» немесе «алашы» ұғымдарынан бұрмалап шығарудың тарихи шындықты бұрмалай түсетінін дəлелдейтіндей.
Зерттеушілердің аз ғана тобы «алшын» этнонимі туралы айтқанда, «ашын» немесе «ашина» атауын еске алуды ұмытпайды. Осыған байланысты қытай тілін терең меңгерген бауырымыз Тілеуберді Əбенайұлы былай деп атап көрсетеді: «Алшын» жөнінде сөз сəл ұзақтау. Ең алдымен бұл атау. Кіші жүздің үлкен бір арысының атасы болуымен иісі қазаққа таныс. Ол, кезінде Кіші жүз сынды тұтас ұлыстың есіміне балама болған. «Алшын» өте байырғы ел есімдерінің (этноним) бірі. Қытайдың «сүй нама» деректерінде: түркілердің тегі «а-шы-на» ( ) деп жазылған. Осындағы, соңғы пішік хат «на»-ны қазақша «-н» (-ын) деп алсақ, сондай-ақ «алшын» сөзіндегі (қытайшаға баламалағанда) «лы» буынның түсіп қалу мүмкіндігін ескерсек, «а-шы-на» елесімін алшын деп аударуға əбден болады» [4]. Қалай десекте тіл білімі саласында өзіндік дəлелді тұжырым айтып отырған Тілеуберді ініміздің пікірін теріске шығарардай дəлел біздің қолымызда жоқ екендігін де айта кеткеніміз жөн болар.
Дегенмен де оған қарсы пікір білдірушілер де баршылық. Олар VІ ғ. Алтайда түркілердің басын біріктірген ашын руын жəне осындай атпен аталған жеке тарихи тұлғаны «алшын» этнонимімен байланыстыруды қисынсыз деп ойлайды. Мұндай пікір айтушылардың арасында қазақтың көне тарихының күрделі тақырыптарына əдебиетші ретінде қалам тартып жүрген қазақ зиялылары да бар. Мысалы, жазушы Қ.Салғараұлының «Қазақтың қилы тарихы» атты елге танымал, тарихипублицистикалық еңбегінде осыған байланысты былай дейді: «VІ ғ. Алтайдан шығып тарихқа танылған, əйгілі Түрік қағанатының негізін қалаған көне түріктердің ұйтқы тайпасын «Ашина» деп атайтыны белгілі. Осы «Ашинаны» біраз ғалымдар алшын деп атап, кейбір ғылыми еңбектерге енгізіп те жүр. … Ашинаның бөрі деген сөз екенін əлем зерттеушілері бірауыздан мақұлдаған. Солай деп ғылым қабылдаған. Енді оны əкеліп алшынға телудің ешқандай реті жоқ. Бұл жəне ғалымдар айтты, енді оны қозғауға болмайды деген тоңмойындық емес, ашинаны алшын деушілердің дəлелдеу пайымының дəйексіздігін, ой түйіндеуінің тұщымсыздығын білгеннен кейін айтылып отырған пікір. Сондықтан бұл арада ашина сөзі алшын этнонимінің шыққан төркіні емес деп дəлелдеп жату артық жұмыс, босқа уақыт алу болмақ» [5].
Кезінде қытай деректерін орыс тілді аудармалар негізінде қазақшаға тиянақты аударған, қытай тілін білетін бауырларымыздың көмегіне сүйеніп, қазақ тарихына қатысты қытай деректерін əдеби тілде сөйлеткен, осылайша халқымыздың тарихи санасын кеңейтуге айтарлықтай үлес қосқан дарынды жазушының мəселеге терең, арнайы зерттеу жүргізбей, үзілді-кесілді «ашына» мен «алшын» сөзінің байланысы болуы мүмкіндігін теріске шығаруын құптай алмаймыз. Оның үстіне мəселенің бояуын онан əрі қоюлатқан жазушы Қ.Салғараұлының «алшын» этнонимі қазақтың «алсын» деген сөзінен шыққан болса керек[6] деген пікірді ғылыми дəлелдеусіз айта салуы дер едік. Бұл əрине маман тарихшының көзқарасы емес. Мұндай маңызды мəселеде кез-келген, алшынға ұқсайтын сөзді оның бастауы, негізі ретінде қолдана беруге болмас. Мұндайда мынадай қарапайым сауал туындайды: егер де «алсын» сөзі «алшынға» айнала берер болса, ал «алшын» неге «ашын(Ашына)» бола алмайды?
«Алсын» деген атаудың бұл жерде қайдан шығып отырғанын М.Тынышпаевты оқығанда айқын аңғарасыз. Мысалы, ол өзінің осы мəселеге байланысты пікірлерінде мынадай ойды айтады: «Пропуски замечаются и в киргизском языке; например, говорят «ачы» вместо «алчын» (возьми), «аккель» вместо «алып кел» (принеси) и. т.д.» [7].
Алайда, М.Тынышпаевтың осы пікіріне жоғарыдағы айтылған «алсын» туралы ұсыныста көркем шығарма болғандықтан, сілтеме жасала қоймаған. Дегенмен де М.Тынышпаевтың өзі де бұл мəселені болжам түрінде айтып отырғанын түсінуіміз керек. Қалай десек те бұл жерде «алшын» неге «алсын» аталады? – деген сауалға нақты жауап жоқ. Тіптен, кейінгі тіл өзгерістеріне байланысты жиі сөз қолданысындағы «алсын» неге қазақ тілінде кездеспейтін «алшынға» айналады? – деген сауал тағы да туындайды. Егер керісінше болса, бұл тұжырыммен келісуге болар еді. Яғни «алшын» атауы біртіндеп қазақ тіліне икемделіп, кейіннен «алсын» (возьми) деген түсінікті ұғымға орын берген болса, мұның өзін дəлелсіз бола тұрса да, логикалық тұрғыдан қабылдауға болар еді. Ал енді мəселенің керісінше қойылып, бəрімізге түсінікті қазіргі қазақ тілінде қолданылатын «алсын» сөзі бəрімізге мүлде түсініксіз «алшын» атауына қалайша айнала алады? Міне, осыны дəлелдеу əдебиетші тіл мамандарына өте қиын.
Өкінішке орай, кейбір зиялы қауым өкілдерінің осындай мүлде қарапайым сауалға тиянақты жауап іздеу қажеттігін, өздері «алшын» этнониміне байланысты зерттеу жүргізген бұрынғы тарихшылардың бəрінің дерлік пікірлерін біліп жəне кітаптарында олардың көзқарастарын тəптіштеп айтып отырса да түсіне қоймағандарын, мəселеге ғылыми тұрғыдан мəн бермегендерін байқаймыз.
Ал енді «алшын» этнонимінің ежелгі «ашина» этнонимімен байланыстылығын дəлелдеуге тырысқан ғалымдар арасында əсіресе, профессор С.Аманжоловтың көзқарастары назар аудартады. Ол кейінгі қазақ алшындарының тілдік диалектісін талдай келе, бұлардың тілінің көптеген түрік халықтарының тілдерімен байланыстылығын, оның себебі, қазақ алшындарының арғы тарихи тамырлары ежелгі Алтай өңірінен, дəлірек айтсақ, VІ-VІІІ ғғ. Батыс түрік қағанаты құрамына енген түркі тайпаларының тарихи тағдырларынан бастау алатындығын, яғни Орхон-Енисей жазуларындағы түркілер тілінің кейінгі алшын диалектісінің түп тамыры болып табылатынын дəлелдеген болатын. Шынында да, проф. С.Аманжолов айтқандай, ежелгі қытай деректерінде ашындардың тайпасы туралы нақты айтылады. Қытай жылнамасы «Сүйнаманың 84 бумасында 49 баянында, Теріскей тиек — Түрік» бөлімінде мынадай жолдар бар: «Түріктердің арғы аталары Пиңляңда тұрған кірме ғулар еді. Олардың Əулет есімі – Ашна. Соңғы Уй əулетінің патшасы Тəй-у сақаларды жойғанда, Ашна бес жүз отбасымен Нөнеге кірімтал болды да, Алтынтауды мекендеп, темір қорытумен шұғылданды. Алтынтаудың пішіні дулығаға келіңкірейді. Дулыға түрік деп те аталады. Сондықтан бұл олардың аты болып қалды. Былай деп те айтады: Олардың арғы аталары Батыс теңіздің жоғарғы жағында мемлекет құрып еді (бөліп көрсеткен біз – авт.). Кейін оны көршілес мемлекет талқандады да, адамдарын ер-əйел, кəрі-жас демей түгел қырды» [8].
Бұл деректегі «Батыс теңіз» қай теңіз? Қалай десек те, Ашыналардың арғы бабалары географиялық жағынан қазіргі Алшындар мекендеген аймаққа жақындай түседі.
Шынында да Ашинаның бастауымен 439 жылы біраз халықтардың Ханғай жəне Алтай тауларына тығылып, кейіннен түркілер (түркіттер) аталғаны белгілі. Олар өздерінің арғы бабаларын аңызға айналған хұндардан таратады. Осы тайпалық одақтың атақты ханы Бумын 552 ж. І Ұлы Түрік қағанатын (552-630 жж.) құрған болатын. Көп кешікпей-ақ оның иеліктері Алтайға ғана емес, Орталық Азияға, сондай-ақ төменгі Еділ, Азов жағалауларына жəне Солтүстік Қара теңіз аймақтарына таралып кетті. Ашина руынан шыққан түрік қағандарының билігі VІІ ғ. орта шеніне дейін созылған болатын[9].
Осы аталған аймақтарда ашина руының үстемдігі, олардың Жетісудағы Он оқ бодұн мемлекетінде ғана емес, батыстағы Хазар қағанаты тəрізді іргелі мемлекеттерде де билік жасауы жəне батыс Қазақстан өңірімен батысқа жылжыған аландарды (аорстарды) билеуі кейінгі қазақ алшындарының алғашқы түркі дəуіріндегі ру-тайпалық ұйыстырушы тарихи бабалары қалай десек те ашиндар екенін мойындауға тура келеді. Мұны жоғарыдағы қытай жылнамасы да «түріктердің арғы аталарының…əулет есімі Ашна» деп айдан анық жазып отыр емеспе? Бұдан артық қандай дəлел керек. Сонымен бірге бұл жерде профессор С.Аманжоловтың мынадай пікірлерін де назардан тыс қалдыруға болмайды: «… Кіші ордадағы қазіргі алшындардың құрамындағы көптеген рулар мен тайпалар түгелдей Алтайдан келген келімсектер емес. Мынадай тайпалар, кердері, телеу, тама, тана, əлім, адай, рамадан, қызылқұрт, есентемір жəне тағы басқалар аборигендер (жергілікті халық) болып табылады. … Алшындар арасында кезінде Батыс Түрік қағанаты құрамында болған тайпалар да кездеседі. Дəлірек атап айтар болсақ: чу-ми тайпасы. Оны Н.Аристов қазіргі шөмекейліктер (шөмекейлер) ретінде көрсетеді» [10].
Сонымен бірге алғаш «ашын» деп аталған, кейіннен түркі тілінің өзгерістеріне байланысты алшын атанған тайпа С.Аманжоловтың ойынша, «қазақтың Кіші ордасының ұйымдастырушы ядросына бұрындары билік жасаған моңғол династиясының құлауына байланысты айналса керек. Олай болмаған жағдайда ол осы одаққа кіретін барлық рулар мен тайпалардың үлгілік бейнесіне айнала алмаған болар еді» [11].
Профессор С.Аманжолов алшындардың бір бұтағы болып табылатын Байұлы тайпасының кезінде половцы-командармен тайпалық одақта болғандығын айта келе, олардың кейбірінің кезінде Байұлы қыпшақтары атанғанын да атап кетеді. Дегенмен де ол алшын диалектісін коман тілімен салыстыра талдау негізінде қазақ тілі коман-қыпшақ тілінен емес, ежелгі түркі тілінен, дəлірек айтсақ, ежелгі Орхон, Селенга-Талас түркілерінен (V-ІХ ғғ.) бастау алатынын, бұл алшын диалектісіне де тəн екендігін зерттеу негізінде атап көрсеткен еді. Мұның өзі шынында да қазіргі алшындардың кейбір руларын тіл мəселесінде мемлекеттігінің орталығы Жетісу өңірінде болған ежелгі ашиндармен байланыстырады[12].
Біздің ойымызша, аталмыш ғалымның бұл пікірлері кейінгі қазақ алшын руларының кейбірінің байырғы тарихи тағдырында бір кездері ашына руының басқарушы жəне билеуші рулық əулет ретінде шешуші рөл атқарғанын дəлелдей түседі. Осындайда ежелгі түріктер тарихының білгірі Л.Н.Гумилевтың төмендегідей пікірі еріксіз еске түседі: « слово «Ашина» значило «волк». Потюркски волк – бури или каскыр, а по-монголски шоночино (бөліп көрсеткен біз-авт.). «А»-префикс уважение в китайском языке. Следовательно, «Ашина» значить «благородный волк» [13]. Бұл айтылғандардан аңғаратынымыз, «ашыно» немесе «алшыно» ұғымдары ежелгі түркі (хұн) жəне байырғы монғол(сяньби) тілдерінің қосылуы нəтижесінде пайда болған аралық тілдің туындысы. Оған ежелгі қытай тілінің де ықпалы болған тəрізді. Сондықтан да тарихи тамыры диалектологиялық тұрғыдан əбден шатасқан «Алшын» атауының дəлме-дəл мағынасын күні бүгінге дейін өзіміздің тіл мамандарымыз анықтап бере алмай отыр. Мұның өзі «Алшын» этнонимінің тарихи тамырларының ежелгі түркі дəуірінің алғашқы бастауларында жатқанын тағы да дəлелдей түсетіндей.
Тағы бір назар аударарымыз, «алшын» этнонимін «ашын» этнониміне жақындататын фактор – ол жеке тұлға мəселесі. Тарихи деректерде əсіресе, тарихи аңыздарда Алшын да, Ашын да жеке жəне түркі руларын басқарушы тарихи тұлғалар болып табылады. Қазақ шежірелері сондықтан да өздерін Алшын атты нақты кісіден (тайпадан емес) таратады. Түркіттердің мемлекетін ұйыстырған да Ашын (Ашина) есімді дара бейне. Жалпы осы кісілердің дүниеге келіп, есеюіне байланысты тарихи аңыздарға назар аударар болсақ, мазмұны ұқсас əңгімелерге кездесеміз.
Бұл аңыздарды тағы да жақындата түсетін нəрсе, Ашына да, Қалша (Алшын) Қадыр да өте ақылды, сондықтан да болар олар ел басқарушылар (хандар) болып табылады. Мазмұн жағынан аса жақын бұл аңыздардың шын мəнінде, ортақ мағынаны білдіретінін байқау қиын емес деп ойлаймыз. Ежелгі түріктердің кезінде шамамен VІ-VІІ ғғ. шыққан Ашына туралы аңыз кейіннен бұл рудың биліктен кетуіне байланысты, тіптен Ашына руы басқа түркілермен араласып, тарих сахнасынан кеткен ІХ-ХІІІ ғғ. да халық санасында аңыз түрінде сақталып қалған. Алайда ХV-ХVІ ғғ. Қазақ хандығының орныға бастауына байланысты бұл аңыз жаңа жағдайға сəйкес түрленіп, өзгерістерге ұшырап, толықтырылып берілетін болған. Мұндайда мынаны да ұмытуға болмас: ежелгі түркілерде қасқыр, дəлірек айтар болсақ көк бөрі адамдар табынатын тотемдік жануар болған. [16] Сондықтан да алғашқы аңызда Ашынаны асырап-сақтаушы осы көк бөрі. Түркі қағанаттарының ХІІІ ғ. дейін тарих сахнасынан кетуіне жəне моңғол билеушілерінің жаңаша саяси жүйеге негізделген билігінің орнығуына байланысты, халықтың қасқырдан таралғаны туралы аңыз біртіндеп ұмытыла бастаған. Тіптен, аңыз тұрмақ бұл заманда Ашына руының əйгілі елі – түркіттердің өздерінің атауы да мүлде дерлік ұмытыла бастады. Халықтың санасында сақталып, жадында ұмытылмай қалған нəрсе – ол түркілердің бабасы болып табылатын Ашынаның қалай өмірге келіп, адам болғаны туралы аңыз ғана еді. Алайда жаңа жағдайда жаугершілік қарым-қатынастың азая түсуіне байланысты ұшқан құсты табынатын тотемге айналдыру кең тарала бастады. Осындайда қасқырдың орнын енді киелі құс – аққу, онан соң ақ қаз ауыстыра бастады. Осының нақты көрінісі — қытайдың «Суй-шу» жылнамасында айтылатын ағайынды төрт ұлдың бірінің аққуға айналып кеткені туралы аңыз əңгіме. Осы мəселені талдаған Н. Аристов бұл жерде аңызға айналған ұлдың көшіп-қонған тайпаны білдіретінін атап көрсеткен еді[17].
Мəселенің байыбына нақтырақ бару үшін Қытайдағы бауырларымыз тікелей қазақ тіліне аударған осы аңыздың толық нұсқасын «Солтүстік əулеттер тарихының 99 бумасындағы» «Түрік, Батыс Түрік, Телек» тарауынан келтіре кетелік. Онда мұнадай жолдар бар: «былай депте айтады:
Түріктердің арғы аталары Ғұндардың солтүстігіндегі Сақ елінен шықты. Олардың ұлыс көсемі Абам бек деп аталды. Олар жетпіс ағайынды еді. Оның біреуі-Іді Нышида деген, ол қасқырдан туды. Абам бектер тумысынан өте ақымақ болды да оның мемлекеті жойылып кетті. Ал Нышиданың табиғаттың өзгеше қасиетін сезетін қасиеті бар еді. Ол күнді жауғызып, жел соқтыра алатын еді. Нышида екі əйел алды. Оның бірін жаз бен қыс тəңірінің қызы дейді. Ол бір жолда төрт егіз ұл атпты. Оның бірі аққуға (бөліп көрсеткен біз – авт.) айналды. Біреуі Абасу мен Кем өзендері арасынан Қырғұр деген мемлекет құрды; енді бірі Чатша судың бойынан мемлекет құрды; тағы бірі Басчатшаш тауында мекендеді. Бұл оның үлкен ұлы еді. Осы тауда Абам бектің ұрпақтары да болды. Олар көбіне аш-жалаңаш жүруші еді. Үлкен ұлы от шығарып олардың ббойын жылытты, асырады, барлығына қолғабыс тигізді. Осылайша олар үлкен ұлды құрметтеп, өздерінің көсемі етіп сайлады. Бұған «Түрік» деген атақ берілді. Оның өз аты-Нағыд Түрік шад еді. Түріктің он əйелі болды. Балаларының барлығы шешелерінің əулет есімімен аталды. Ашына (бөліп көрсеткен біз — Т.О) – оның кіші əйелінің баласы еді. Түрік өлгеннен кейін, он əйелдің балалары өздерінің ішінен біреуді таққа отырғызуды ұйғарды. Олар бір байтеректің түбіне жиналды. Олар «Қайсысымыз осы бəйтерекке жоғары секірсек, сол таққа отырады » деп уəделесті. Ашына жасының кішілігіне қарамай, бəрінен биік секірді. Сонан бауырлары оны Ағын шад деген лауазыммен қошеметтеп, таққа отырғызды. Айтылуы əртүрлі боолғанымен, бұл аңыздардың барлығының түйіні Түріктің арғы тегі қасқырдың тұқымы дегенге саяды» [18].
Сонымен бұл аңыздан да байқап отырғанымыз, «түріктердің арғы аталары Ғұндардың солтүстігіндегі Сақ елінен шыққан» Іді Нышида деген екен, оның төрт ұлының бірі аққуға айналып кетіпті-мыс.Осы ұлдардың үлкенінің есімі-Нағыт Түрік шад екен. Оның он əйелінің ең кішісінен Ашына туып, ол патша тағына Ағын шад лауазыммен отырыпты. Біздің байқауымызша, сандаған ғасырлардан кейін, халық санасында есімі сақталған Түріктің кіші əйелінен туған, осы Ағын кейіннен Алшын деген атаумен қазақтың Кіші жүз руларын біріктіруші рухани тұлғаға айналдырса керек.
Жаңа жағдайда қазақ халқының ел болып басының бірігуіне байланысты Қазақ хандығының алғашқы кезеңінде екі нəрсе аса маңызды болды. Бірінші мəселе – қазақ деген халықтың шежірелік атасы кім? Екінші мəселе – «қазақ» атауы қайдан шықты немесе қазақ қалай халық болды? Алғашқы мəселе туралы айтқанда, міндетті түрде қазаққа ата болатын Қалша (Алшын немесе Ағын) туралы түсінікті тілмен халыққа негіздеп беру қажет болды. Екіншіден, бұл əңгіменің тарихи тамыры тереңде жатуы жəне бұрынғы тарихи шындықпен негізделуі тиіс болды. Үшіншіден, бұл əңгімеде халық атауының, біз əңгімелеп отырған жағдайда «алшын» атауының (немесе бұрынғы Ашына атауының) біртіндеп қалай қазақ атауына айналғанын айқындай түсу қажет болды. Осындай міндеттерді алға қойған халықтың рухани басшылары ежелгі түркі дəуіріндегі түркіттердің көсемі болған Ашына(Ағын) туралы аңызды жаңа жағдайда ақ қаз құтқарып алған Қалшаның есімімен байланыстырды. Мұнда жоғарыдағы үш міндеттің үшеуі де назардан тыс қалмаған. Оның үстіне халық жадында ғасырлар бойы сақталып келген Ашына туралы тарихи аңыз бірнеше ғасырдан кейін түркілердің ұрпағы – қазақтарға қайта оралып, олардың тарихи санасын жаңғыртып отыр.
Бұл аңыздың жаңаша түрленген мағынасында тағы бір ұтымды берілген мəселе – Қалшаны,
Алшынды (бұрынғы қазақ руларының ортақ атауын) ептілікпен жаңа қазақ атауына ауыстыра білу болса керек. Дегенмен де бұл аңыздың қисынсыздығы жəне күшпен бұрмаланып жасалғандығы бір ғана мəселеден айқын көрінеді. Қазақ тілінде «ақ қаз» атты құсты еш уақытта керісінше айналдырып, «қазақ» деп айтпайтынын аңызды ойлап шығарғандар жəне бұрмалағандар байқай қоймаған. Өкінішке орай, мұны кейінгі көптеген зерттеушілеріміз де аңғармай отыр. Тегінде бұл жерде əңгіме ақ қаз туралы емес, ежелгі түркі аңызында айтылатын, біз жоғарыда мазмұнын қытай жылнамасы негізінде баяндаған аққу туралы болса керек. Дегенмен де осындай қорытындыны жасай отырып, жоғарыда айтылған түркі халқының шығу тегін қасқырдан, немесе аққу, ақ қаз тəрізді құстардан тарататын мұндай аңыздардың деректік тұрғыдан негізсіз емес екендіктерін де айтпай кетуге болмас. Ежелгі Байкал бойындағы түркілердің кейбір руларының бірнеше аң-құстардан əртүрлі тəңірілер жасап, политеистік бағыттар ұстанғандарын кезінде Л.Н. Гумилев нақты жазған еді. Мысалы, буряттар осындай 99 тəңіріге сыйынған екен. Аталмыш ғалым осыған байланысты өзінің пікірін төмендегіше негіздейді: «С такой развитой системой политеизма сопрягается реминисценция тотемизма, священнослужитель (которого назвать шаманом нельзя) носить на одежде бляху с изображением зверя (например, волка, лебедья, гуся и т.д.).Это изображение указывает лишь на принадлежность к данному роду, восходящему к мифическому прародителю-зверю» [19].
Сонымен қорытып айтар болсақ, жоғарыда əңгімеленген «алшын» этнониміне байланысты ғылыми тұжырымдарымызды төмендегіше нақтылап қойғанымыз жөн болар:
Біріншіден, «ала» анықтауыш ұғымынан туындайтын руларды (алакчин, алаша, түргеш-алаш, жағалбайлы жəне т.б.) «алшын» атауымен шатастырмағанымыз жөн. Мұнда «ала» деген сөздің қазақ тілінде нақты мағынаны білдіретінін де ұмытпау керек. «Ала» сөзі соңғы əрпі түсіп қалып, «ал» сөзіне айналып кетті деп айтуға грамматикалық тұрғыдан ешқандай да негіз жоқ деп ойлаймыз. Тайпалар атауын өзгерту барысында түркі халқы жəне кейінгі қазақ елі «ала» атауын «ал» сөзіне ауыстыруға байланысты қажеттілікке мұқтаж бола қойған жоқ. Сондықтан да қазақта «Алты Алаш» тəрізді ұғымдар «Алаша» атауымен қатар қолданылып, өмір сүріп келеді. Бұл туралы нақтырақ білгісі келетін оқырманға кітабымыздың алғашқы тарауындағы «Алаш атауы туралы не білеміз?» деген атаумен берілген тараушаны оқуды ұсынар едік. Онда «алаш» атауының ежелгі «аласа» сөзінен таралғаны айтарлықтай дəлелденген. Түргештердің «алаша» атануы, олардың Түрік қағанатынан кіші екінші қатардағы мемлекет болуымен тығыз байланысты екендігін біз сонда айтқанбыз. Онда біз мынаған назар аударған едік: VІІІ ғ. дейінгі тайпалық одақтарда Түргештен басқаларын «алаш» деп атамаған. «Алаш» этнонимінің өзі алғаш рет Түргеш ұлысының жанама атауы ретінде белгілі болды. Батыс түрік қағанатының ішінен құрылған Түргеш шынында да, шағын ұлыс болатын. Шын мəнінде, ол Бес түрік ұлысының бірі ғана еді. Сондықтан да қытай деректері де Түргештерді Аласа ұлыс, яғни Алаш ұлысы ретінде мойындап, кейіннен əкімшілік реформалар жасаған кезде, Кертау тұтықтығында Түргеш-Алаш ұлысы деген əкімшілік аудан құрған[20].
Қытай жылнамаларында Түргеш қағанаты көбіне Алаш ұлысы деп аталады. Бұл мəселеге байланысты кеңірек түсініп алу үшін жоғарыда айтқанымыздай, алғашқы тараудағы біздің «алаш» этнониміне байланысты түсіндірулерімізге көңіл аударуға болады.
Біз əңгімелеп отырған Алшын бірлестігіне енетін бірқатар рулардың тағдыры кезінде осы Түргеш-Алаш ұлысымен тығыз байланысты болғандықтан, «алаш» этнонимі батыстағы рулардың этнонимдерінде сақталып қалды. Дегенмен де осы жерде тағы да қайталап айтарымыз, «алаш» этнонимін «алшын» этнонимімен шатастыруға тіптен де болмайды.
Мəселеге байыптап қарасақ, сондықтан да қазақтың тіл байлығында «алшын» мен «алаш» атауын екі түрлі мағынада қолданады жəне оларды жақындатуға байланысты əрекеттер болған емес. Өйткені, бұл сөздер шын мəнінде, түбірлік тұрғыдан да жəне нақты мағынасы жағынан да бөлек атаулар болып табылады.
Екіншіден, алакчиннен тараған қазақтағы жəне қырғыздағы кейбір жоғарыда аталған рулар аттарын «алшын» этнонимімен шатастырмаған жөн деп ойлаймыз. Өйткені, «алшын» этнонимі шын мəнінде, ежелден бастау алатын түркіттердің ашын (ашина) руының атымен үндесіп жатыр. Оның үстіне жоғарыда айтқанымыздай, бұл атауларды жеке адамның есімі ретінде қарастырсақ та, жəне аңыз-деректерді тарихи салыстырмалы түрде зерттеп, талдасақ та, олардың жақын жəне уақыт өте келе аздап өзгеріске түскен сөздер екендігін байқай түсеміз. Мұндай өзгерістің орын алуына байырғы ашындардың батыс Қазақстан территориясында биліктен кетіп, бірнеше ғасырлар бойы олардың шын мəнінде, жеке тайпа ретінде өмір сүруден қалып, тарихи санада аңызға айналған түсінік ретінде сақталып қалуы ықпал жасаған деп ойлаймыз. Сондықтан да кейінгі Қазақ хандығының ұйысуының алғашқы кезеңіндегі батыс Қазақстан территориясындағы ордаежендік тайпаларды қолдаған қазақ рутайпаларының осы аймақты билеуші маңғыт жəне ноғай тайпаларына қарсы күресінде қалыптасқан тайпалардың жаңа бірлестігін ежелгі тарихи санадағы түсініктің негізінде «алшын» деп атай бастағанын мойындауымыз керек тəрізді. Уақыт өте келе, Жəнібек пен Керей бастаған Қазақ хандығының Батыс Қазақстан территориясына қанат жая бастауы алшындардың (Байұлы жəне Əлімұлы тайпаларының) осы мемлекеттік құрылым құрамына еніп, қазақтар атана бастағанын аңғаруға болады. Дегенмен де Батыс Қазақстандағы аталған тайпалар бірлестіктері (Байұлы, Əлімұлы) жаңа мемлекеттің – Қазақ хандығының құрамында да өздерінің «алшын» атауынан ажырай қойған жоқ. Оның үстіне, Тəуке ханның тұсында Алшын одағына Жетіруға құралған тайпалар кірме болып кіріп, алшындардың қатарын көбейте түсті.
Қазақтың ХVІ ғ. орта шенінен бастап ХVІІ ғ. басына дейінгі кезеңде үш ордаға бөлінуінің аяқталуы да «алшын» этнонимінің Кіші жүз территориясында сақталып қалуына жағдай жасады. Сондықтан да алшын атауын жалпыұлттық «қазақ» этнонимі шын мəнінде, ығыстырып шығара қоймағанын, алғашқы атаудың бұрынғысынша тайпа бірлестігінің аты ретінде Кіші жүз қазақтарын бірігуге, туысқандыққа жəне бауырластыққа шақыратын этникалық құрылым жəне ортақ рухани негіз болып сақталып қалғанын ұмытпағанымыз жөн.
Əрине, «қазақ» атауының «алшын» атауынан үстемдік алып, қазақты құраған ру-тайпаларының басын біріктіруде үлкен маңызды рөл атқарғанын халқымыздың біртұтас ұлт болып қалыптасуына, ұлттық мемлекетін нығайтуына жол ашқанын, алғышарттар қалағанын ұмытуға болмайды. Сондай-ақ «алшын» атауының да батыс Қазақстандағы қазақ ру-тайпаларының ынтымағын нығайтуда белгілі бір тарихи кезеңдерде (ХҮ-ХҮІ ғғ.) маңызды ұйыстырушы ықпал жасағынын тағы да ұмытуға болмас.
Сонымен, қорыта келгенде «алшын» атауының тарихи тұрғыдан сатылап өзгеруін төмендегіше бейнелеуге болады:
Ашина → Ашын (Ашин) → Алшын → Қазақ. Мұнда қазақтардың ата-бабаларының қандай этникалық құрылымдарға бірігу арқылы үстемдікке ұмтылып, халық болып қалыптасуға қалай қол жеткізгенін айқын аңғара аламыз. Біреулерге алшынды қазақпен алмастыруымыз қисынсыз болып көрінуі де мүмкін. Бірақ жоғарыда айтқанымыздай, Қазақ хандығының алғашқы кезеңінде Ноғай Ордасының құрамында, Əбілхайыр мемлекетінде өздерінің бауырластық құрылымын негіздеуге тырысқан ру-тайпалардың біртіндеп қазақтар құрамына өткені айдан анық, дəлелдеуді қажет етпейтін тарихи шындық. Қолда бар тарихи деректердің бəрі бізді осындай логикалық тұжырым жасауға итермелейді.
1. Зуев Ю.А. Из древнетюркской этнонимики по Китайским источникам. -113 б.
2. Петров К.И. К этимологии термина «кыргыз». // Советская этнография. — №2.- 1964. —
88 б.
3. Петров К.И. К этимологии термина «кыргыз». // Советская этнография. — №2. — 1964. —
88 б.
4. Əбенайұлы Т. Шыныңа көш тарих! Шыңғысхан кім? – Алматы, 2008. — 22 б.
5. Салғараұлы Қ. Қазақтың қилы тарихы: Роман-эссе. – Алматы, 1992. -286 б.
6. Салғараұлы Қ. Қазақтың қилы тарихы: Роман-эссе. -286 б.
7. Тынышпаев М. Материалы истории киргиз-казахского народа. – Ташкент, 1925. -21 б.
8. Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері (б.з. 275-840 жылдары). 2кітап. – Алматы, 2006. -65 б.
9. Сабирзянов Г.С. Народы Среднего Поволжья и Южного Урала в панораме веков / Синхронистические очерки этнокультурного и политического взаимодействия с начала новой эры до второй половины ХҮІ века. – Казань, 1995. -11, 13 бб.
10. Аманжолов С.А. Вопросы диалектологии и истории казахского языка. – Алма-Ата,
1959. -98 б.
11. Аманжолов С.А. Вопросы диалектологии и истории казахского языка. -98 б.
12. Аманжолов С.А. Вопросы диалектологии и истории казахского языка. -98 б.
13. Гумилев Л.Н. Древние тюрки. — М., 1993.-22-23 бб.
14. Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері (б.з. 275-840 жылдары). 2кітап. -65 б.
15. Аристов Н.А. Опыт выяснения этнического состава киргиз-казахов Большой Орды и каракиргизов. – СПб., 1895. -35 б.
16. Козьмин Н.Н. Хакасы. — Иркутск, 1925.-Ү11 б.
17. Петров К.И. К этимологии термина «кыргыз» // Советская этнография. — 1964. —
№2. — 89 б.
18. Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері (б.з. 275-840 жылдары). 2кітап.-109б.
19. Гумилев Л.Н. Древние тюрки.-81 б.
20. Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері (б.з. 275-840 жылдары). 2кітап. -167-192 бб.
Резюме
Статья посвящена истории происхождения, сущности и содержания этнонима «Алшын».
По мнению автора, название «Алшын» прошло сложный исторический путь в своем развитии. И этот путь можно обозначить следующим образом: Ашина → Ашын (Ашин) → Алшын → Қазақ.
Summary
Article is devoted history of an origin, essence and the maintenance этнонима by «Alshyn».
According to the author, the name «Alshyn» there has passed a difficult historical way in the development. And this way can be designated as follows: Ашина → Ashyn (Ашин) → Alshyn → Казак.