ҰЙҚЫНЫҢ ӘЛЕГІ (САРЫБАСТЫҢ ЕКІНШІ БІР ӘҢГІМЕСІ)

ҰЙҚЫНЫҢ ӘЛЕГІ
(САРЫБАСТЫҢ ЕКІНШІ БІР ӘҢГІМЕСІ)
Бір күн[і] бір төбенің басына шыға келдім. Аяғым астында бір торғын шатыр тұр. Айналасында құланның қодығы байлаулы жатыр. Бір жалаңдаған жас келіншек жылмаң етіп, шатырдан шыға сала, маған жүгіріп келіп:
– Жездеке, шатырға жүріңіз! — деп, қолымнан жетектеп, шатырға алып кірді. Ал шымылдық құрулы, алаша, төсек салулы. Бір сәулем қыз отыр, ұшып тұра келіп, төсек үстіне отырғызды. Керсен тола қымызды алдыма ап келіп қойды. Бір астау етті алдыма қойып:
– Керсен алдыңызда, кездік қолыңызда, — деп, келіншек шығып жүре берді.
Етті жедім, қымызды іштім, қызды құштым, аузымнан су ақты, балжырадым, қалжырадым. Ұйықтайын деп едім, қыз жалынып, ағатайлап ұйықтатпады. Мені ұйықтатпасқа әңгімеге кірісті:
– Қайыперен, Аушыерен деген аңның бақташысы болады. Сіз бір түн ұйықтамасаңыз, осы шатыр барлық сайманымен басыңызда болады. Мен күндіз-түн қасыңызда боламын. Бір түнгі ояулықты көтере алмай, ұйықтап қалсаңыз, сіз маған жоқ, мен саған жоқ. Анау ел мені ит тиген арам астай көреді. Онан соң жалғанның жарық сәулесі екеумізге де арам.
– Жарайды, неге ұйықтайын?! — деген болды.
Өйткенмен бола ма, ұйықтап қалды. Ояна келсе, сопайған өз басынан басқа дәнеме жоқ. Аң аулаудан қалды. Бір жыл күзетіп, тырп ете алмай қалды. Бір жылдан соң, басы қаралы, беті жаралы, құланға мінген бір келіншек өңгерген бесігін, ішінде бір еркек бала бар, тастап жүре берді. Сол баланың атын Қайыпберді қойды. Өсіп-өніп, оның нәсіл жұрағаты: «Қайыпберді — Тамамыз» деседі.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *