ПАТША ҚЫЗЫ ЖӘНЕ ТАЗША
Бір патша қасында уәзірлерімен бір мәжілісте отырғанда, үстерінен екі қаз қаңқылдап ұшып өтіп кетеді. Патша уәзірлерінен:
– Анау қаздар не деп барады, білдіңдер ме? — деп сұрады.
Уәзірлер:
– Білгеніміз жоқ. Құстың тілін қайдан білейік? — деді.
– Осыны табыңдар. Таппасаңдар, бастарыңды аламын! — деді.
Уәзірлер мыстан кемпірден сұрап, мыстан кемпір: «Патшаның өзінің кіші қызы табады»,-деп, сонан кейін кіші қыздан сұрап, ол айтып беріп, сонан сол қызын сол шаһардағы ең жаман басы таз тазша балаға беріп,әуелі қыз тазшаның басын жазып, бір шәлі тоқып беріп, саудаға жіберіп, ол шәліні сатып, ақшасына бес лақты ешкі алып: «Есі кеткен ешкі жияды, Ешкіменен есін жияды» — деп еді деп, ешкіні сиырға айырбастап, сиырды атқа айырбастап, атты тымаққа айырбастап, тымақты суға жіберіп, байбатшамен серттесіпті. Серттен жеңіп, барлық малын алып, бай болады. Әбден байып алғаннан кейін, баяғы патшаны қонаққа шақырады. Қыздың әкесі қонаққа келіп, тамақ-тамақтардың дәмін татып жеп көріп, жылайды.
– Неге жыладыңыз? — дегенде, патша кіші қызын айтып:
– Сол қызым кеткелі бір тамақ аузыма татымап еді. Сонан соңғы, сол балам кеткелі аузыма татыған тамағым осы болды. Сол балам есіме түсіп жылаймын! — дегенде,тазша күйеуі екендігі[н],[тамақ жасаушы оның] қызы екендігін айтқан екен. Сонан кейін патша орнына хан сайлап, ақырында тазша патша болады.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы