АҚЫЛДЫҢ ПАЙДАСЫ
Ерте уақытта бір патша болыпты. Патшаның әдеті үстіне жабайы киім киіп, жабайы адам болып, шаһарын аралап жүреді екен. Бір күні бір жерде бір адамды көреді. Басына ат басындай алтын, аяғына қой басындай алтын жастап жатыр екен. Патша бұған келіп:
– Сен не ғып жатқан адамсың?- деді.
Ол айтты:
– Мен ақыл сатып, кәсіп [етіп] жүретін адаммын, — деді.
– Мынау алтындарым сонан жинап алған пұлым, — деді.
– Ендеше маған да бір ақыл сатасың ба? — деді патша.
– Сатайын,- деді адам. — Сізге осы ақыл қайырлы болсын, — деп, мынау ақылды береді, сатады: «Не жұмыс, не іс қылсаң,ақылмен, сабырмен артын ойлап істе!» — деген сөзді береді.
Патша бір ділда беріп, алып кетеді. Үйіне келгеннен кейін, үйінің қабырғасына, әрбір ұстайтын орамал, дастарханға сол сияқты неше түрлі нәрселеріне жазып қояды. Бір күні патша шаштаразыға:
– Сен бүгін біздікіне жүріп, менің шашымды алып берші! — деп, шақырып кетеді. Артынан шаштаразы кешікпей келеді. Шаштаразының патшаның шашын алайын деп келе жатқанын біліп, патшаның бас уәзірі алдынан қарсы жолығып:
– Патшаның шашын қандай пышақпен аласың? — деді.
Шаштаразы өзінің күнде шаш алып жүрген ағаш сапты пышағын көрсетті. Онда уәзірі айтты:
– Сенің ол пышағың патшаның шашын алуға лайық емес. Мә, сен мына пышақпен ал! -деп, уәзір өзінің алтын сапты ұстарасын береді.
Ол алып келеді де, патшаның үйінде жазулы тұрған жазуды көріп: «Не іс қылсаң,ойлап істе, — деген сөз дұрыс қой деп, — қой, өзімнің күнде алып жүрген ұстарам лайық болар!»[деп], алтын сапты ұстараны былай қояды да, ағаш сапты ұстарамен алады.
Патша көріп отыр, ойлап отыр: «Бұл маған менің шашымды алуға алтын сапты жақсы ұстарасын қимай отыр. Бұл ұстарасын менің шашымды алуға қимағанда, енді кімге қияды?! Шашты алып болсын, шашты алып болған соң, оның сазайын тарттырамын!» -деп, шашын алып болған соң, бір жасауылын жіберіп, бас алатын жендетін шақыртып алып:
– Шаштаразының басын ал! — дегенде, шаштаразы:
– Дат, тақсыр! — деді.
Патша:
– Айт! — деді.
– Айтсам, тақсыр, менің жазығым не, айтып өлтіріңіз!- деді.
Патша:
– Айтсам, екі ұстара әкелдің: алтын сапты, ағаш сапты. Алтын сапты жақсы ұстараңды менің шашымды алуға не себепті қимадың? Жазығың сол! — дегенде:
– Тақсыр, оның себебі қимағаным емес, себебі бар. Себебін айтайын. Алтын сапты ұстара менікі емес. Оны сіздің өзіңіздің бас уәзіріңіз беріп,жаңа осында сіздің шашыңызды алуға келе жатқанымда, алдымнан қарсы жолығып беріп еді: «Патшаның шашын[а] мына алтын сапты ұстара лайық, осымен ал!» — деп. Мұнда үйіңізге келген соң, сіздің мына жазуыңызды көзім көріп: «Қой, сырын білмеген аттың сыртынан жүрме!» — деген бұрынғылардың мақалы да бар еді, — деп, — күнде көзім көріп, қолыма ұстап үйренген өзім ұстарам жақсы болар! — деп, алған себебім сол! — дегенде, патша бір жасауылын жіберіп, уәзірін шақыртып алып, шаштаразыға:
– Мынаның шашын ал, өз ұстарасымен! — деді.
Шаш алып болмай-ақ, уәзірдің табанда жаны шығып кетіпті. Онан кейін патша бағанағы ақыл сатушыны өзіне бас уәзір қылыпты. Тағы да патша бір күні шаһар аралап жүрсе, базарда нан сатушы біреудің нанын талап, таласып алып жатады. Патша да бір нанын алып дәмін татып көрсе, наны өте тәтті екен. Патша оған айтады:
– Сен маған үйіңді көрсет. Сенен күнде нан алып тұрайын, — дейді. Ол үйіне патшаны ертіп барып, тамақ жайын аралатып көрсетіп, енді бір үйге алып барса, үйдің іші толған адам, бәрі темір көгенмен көгенделіп жатқан. Патшаны да бірге көгендеп салады.
Патша жоғалады. Уақытында үйіне бармайды. Патшаның жоғалғанын ешкімге сездірмейді. Ақылды уәзірі өзіне белгілі ақылы бар: «Артын ойлап іс қылу керек», — деп, ешкімге сездірмеген, артын ойлап іс қылуды ойлаған.
Күнде біреуін сойып, майына нан пісіріп, базарға сатады. Бір күні патшаны союға кезек келеді. Патша жалынып айтады:
– Сен мені сойма, мен саған нан сатқан пайдаңнан артық пайда келтірейін — дейді. — Маған кілем тоқитын құрал тауып бер!- деген соң, басқа бір биік үйге, оңаша кілем тоқуға қояды. Патша кілемін тоқып бітіреді, өзіне белгілі ақылды қоса тоқып:
– Ақыл белгілі ойлап, іс қылу басқаның әлі келмейді. Осы шаһардың патшасына сат, мың ділдадан кем берме!- деп айтып жібереді.
Айтқанындай, дәл сатып келеді. Бағанағы бас уәзірі, ақылды уәзірі, біледі: патшаның тірі екенін, мынаның білетіндігін сезеді де, бұған айтады:
– Үйіңде енді осындай кілемің бар ма? Бар болса тағы аламын! — дейді.
– Бар — деген.
– Ендеше екі есе артық бағаға аламын, үйіңді көрсет! — деп, бір жасауылын қосып жібереді. Артынан жансыз үш жасауылын жіберіп, оның соңынан өзі он жігітпен барып тінтіп қарап, патшаны,басқа көгендеулі адамдардың бәрін тірі тауып, тұтқыннан босатып алады. Патшамен көрісіп жыласып жатыр. Мана жоғарыда патша жоғалған күнде ақылды уәзірі патшаның жоғалғанын жарияламаған, көпшілікке сездірмеген, артын ойлап іс қылуды ойлаған.
Әлгі кісі өлтіріп, кісі етін сатып пайдаланушыны мойнына темір шынжыр тағып, сүйретіп өлтіріпті.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы