ЗАМАНЫНА ҚАРАЙ АМАЛЫ

ЗАМАНЫНА ҚАРАЙ АМАЛЫ
Бұрынғы заманда бір адам қатынымен араз болыпты. Болған себебі — қатынының өз байынан басқа жақсы көрер тамыры болғандықтан. Байы үйден шығып кетсе, тамырын шақырып алып, ойына алғанын жұмыстай беретұғын болғандықтан, байы кіріп келе сабап, еркектің күшін қолымен көрсетіп, бірін-бірі көргісіз болып, өйткенмен бірінен бірі кете алмайды. Қосақталған екі хайуандай бір арыснай (арестный) домға қамалған екі арестанттай күн кешіріп жүре беріпті.
Бір күн[і] қатынының тамыры қойынында жатқанда,даладан байының келіп қалғанын сезіп, қатын есікті ішінен тарс бекітіп алып, байы кіре алмай, есіктің алдында тұрғанда,көше жақтан бір жаршы жар салып жүр екен:
– Хан түсін жоруын білетұғын түс жорушы бар ма?! — деп.
Қатын терезеден айғайлап, жаршыны шақырып алып:
– Есіктің алдында менің байым тұр, түс жоруын жақсы біледі. Айтқаны далаға кетпейді. Жалғыз-ақ ұрмаса, соқпаса, қинамаса, білмейтұғын жаман әдеті бар. Өзін өлтіре ұрса, сонда шешіліп сөйлейді! — деген соң, ханның жұмсаған жендеттері ерік-әліне қоймай, сүйретіп ала жөнеліп, ханның алдына апарыпты.
– Түс жоруын білемісің?- деген екен.
– Жоқ, тақсыр, білмеуші едім!- деген соң,алып келген жендеттер айтыпты:
– Өзінің қатыны бізге барлық сырды айтып берді. Ұрмай, соқпай сөйлемейтұғын әдеті бар өзінің!- дейді.
– Ендеше ұрыңдар, соғыңдар, қинаңдар! Тұщы етіне ащы таяқ тисе долданып, ашынып сөйлейтұғын бойында бір бөлек айтатұғыны бар шығар! — деп, дүрсілдеттірді дейді. Жанына таяқ батып бара жатқан соң:
– Тақсыр, дат!- дейді.
– Арызың болса, айт!- дейді.
– Үш күн мәулет беріңіз, оңашаға барып, елсіз жапанда ұйықтап қалып, сіз не көрсеңіз, соны түсімде көріп, сөйтіп келіп айтушы едім,- дейді.
– Жарайды,- деп, босатып қоя берді.
Хан алдынан былай (бұлай) шығысымен, құба жон, құла түзге бет қойып жөнелді.«Үш күнге шейін іздеген жан таба алмастай, бір жетермін!»- деп, сол кеткеннен мол кетіп бара жатыр еді. Жапанның сары даласында біреу мұның атын атап шақырады:
– Ай, пәленше, қайда барасың? — деп.
Жан-жағына қараса, өзінен басқа қарайған, қалқиған жан жоқ,жүре берейін десе, шақырып қоймайды. Қараса, бір жылан басын қақитып, шақырып тұрған. «Осы менің атымды айтпай танып, сұрамай біліп тұрған жылан да болса, тегін жылан емес қой!»- деп, жуықтап, жанына барды.
– А, пәленше, қорықпа, саспа! Хан түс көріп, сол түсін саған жоры!- деп, қинап, қыстаған соң, жаныңнан қорқып кетіп барасың ғой! Ханның түсінде не көргенін айтайын және оның жоруын үйретейін. Ханның өзіңе бергенінің жарымысын маған қиямысың өзің? -дейді.
– Ойбай, саған түгел әкеп берейін, маған ханның бергенінің керегі жоқ. Жаным өлімнен қалса, маған соның өзі зор олжа!- дейді.
– Ой, байғұс-ай, «Судан өткенше, қызымды берейін, — деп, өтіп алған соң аузыңды сі…ін!» — деп айтатұғын қазақтың бірі емессің бе? Бүтін әкеп бер деп не қылайын, жартысына қалыт (қалта) қылмасаң болады!» — деп, әбден кешіріп, жылан сөйлепті. — Хан түсінде көктен жылан, шаян, құрт, құмырсқа жауғанын көрді. Өзі қорқып, түсімде соны көрдім! -деп айтуға да аузы бармай: «Не көрдім түсімде, соны тап та және жоруын айт!» — деп, қинаған ғой сені. Ол түсінің жоруы — заман жаманға айналады: ұрлық, зорлық, өтірік көп болады. Бұ күнгі уәдесінде ертең ешкім тұрмайды. Біреуді біреу жеу, біреуді біреу өтірік алдау, арбау — жұрт түрі солай болады.
– Жарайды, ханның бергенінің қақ жартысын саған ап келіп, алдыңа қояйын! — деп, қайта берді.
Келіп ханға сөйлеген соң,хан түсін тапқанына риза (ырза) болса да, «заман жаман болады!» — деген соң, мың ділда сыйлапты. Бұл мың ділда қолына тиген соң, «Алтын көрсе, періште жолдан шығады» — деген бар ғой,«Жыланға ділданың не керегі бар, маған енді жыланның не керегі бар?!» — деп, үйіне барып, тымпиып жатып алды дейді.
Айлардан айлар өтті, жылдардан жылдар өтті. Баяғы хан тағы бір түс көріп, белгілі түс жорушыны шақыртты дейді. Шақырғанмен қоя ма, ерік әліне қоймай дедектетіп алып келіпті. «Білмеймін десем, тағы да ұрады ғой!» — деп:
– Тақсыр, үш күн мәулет!- депті.
– Жарайды, бар!- деп, қоя беріпті.
Тағы да жазы жапанға, құла түзге қаша жөнелді: «Енді маған баяғы қыдыр болған жылан қайда? Жылан ұшырағанмен, не бетімді айтамын, қалай ұялмай, оны көремін? Не болса да, осы бетіммен қаңғи берейін!» — деп, бара жатса, баяғыдай атын атап, жылан тағы шақырды дейді.
Аяғымен басып баруға жарай алмады. Жерге жата қалып, бетімен басып, зорға барды дейді:
– Саған қарар жүзім де жоқ, айтар сөзім де жоқ! Алсаң, міне, бас;алмасаң, алдияр бас!-деп, жыланның аяғына бас қойып, жатып алды дейді.
– Көтер басыңды! Байғұс, енді мұнан былай өтірік айтпасаң, ендігі бергеннің жартысын ап келіп бересің! Оныңа да көнейін! — деген соң, қуанып, ұшып тұра келді:
– Ендігі бергенін түгел ап келіп, алдыңа қоймасам ба? Менен ұрғашының жаман жері жақсы деп біл!- дейді.
– Жарайды, антың толық болды.Хан түсінде көктен қой жауғанын, қозы жауғанын көрді, қуанып оянды. Бастапқы түсін қорыққанынан ұмытты, бұл түсін қуанғанынан ұмытты. «Қорыққан, қуанған — екеуі бір бас» демеп пе еді? Оның жоруы — заман жақсылыққа айналады (айланады). Жылан мен бала ойнағандай, ит-құс пен қой ойнағандай: «Қой үстінде торғай жұмыртқалайтұғын» — заман болады! — дейді.
Еліктей ұшып, елпілдей басып, ханға келіп:
– Тақсыр, түсіңізде көктен қой жауғанын, қозы жауғанын көрдіңіз бе? — дегенде:
– Рас, рас, көрген түсім — осы еді. Енді мұның жоруын айт! — дейді.
– Тақсыр, бұл түсіңіздің жоруы — заман оңға айналды, жамандықтың жолы байланды. Енді заманыңыз бір түрлі, бұрын соң да ешкім көрмеген жақсы заман болады! — деген соң, хан қуанып, он мың ділда берді.
Қолына түсісімен: «Қайдасың, жылан, енді көрінші!» — деп, асып-сасып, желпектей басып, жолда сүрініп, мүдірместен,титтей кідірместен, жыланның алдына алып келіп, бәрін төге салды:
– Алшы түгел бәрін сен! — деп.
Жылан айтты:
– Ой, байғұс-ай, баяғы мың ділданың жартысын әкеліп беруге қимай, өтірік айтып кеткен пәленше сен емессің бе? Бүгін қайдан әулие бола қалдың?! Мен сені сөзге түсіндірейін. Заманды адам билемейді, адамды заман билемек! Баяғыда заман көтін көрсеткен заман еді. Заман оңға айналмай (айланбай), қыңыр қисыққа айналған еді. Сондықтан сені заман шыры жеңіп, өтірікші болып алып, келе алмағаның сол. Бұл күнде заман бетін көрсеткен заман. Заман оңға айналып, өтірік зым-зия жоғалып, шындық күшейіп, ұрлық жоғалып, біреудің біреу бір сабақ жібіне қиянат қылмайтұғын болып, зорлық жоғалып, әділет күшейіп, сол заманның жақсылығының әсері (шыры) сені шыншыл қылып, айтқанда, табанын аудармай тұра қалатұғын жігіт қылып тұрғаны. Сенде жазықта жоқ, әулиелік те жоқ. Өтірік сөйлетсе, заман сөйлетті. Шыншыл қылса, заман қылды. Солай болғаны үшін айтылады: «Заманына қарай — амалы»- деген сөз сонан қалған! — дейді.
Дүние бір күн көтін көрсетпек, бір күн бетін көрсетпек! «Дәл осы күн дүниенің көтін көрмесе, бетін көріп тұрған бір жан жоқ!» — десең, өтірікші болмайсың. Көктен жылан, шаян жауғанын бұрынғы түсінде көрген болса, бұл заманның адамы өңінде көріп тұр. Ешкімге өкпе жүрмейді. «От ішінде мақта, // Мақтадан Құдай сақта!» — деп, жүре бергеннен басқа дәнеме өнбейді.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *