ЖИРЕНШЕ ШЕШЕН (БІРІНШІ НҰСҚА)

ЖИРЕНШЕ ШЕШЕН
(БІРІНШІ НҰСҚА)
Әкесі ертерек өліп, жетім қалған бала екен. Әз Жәнібек хан бір жақтан келе жатса, бір жас бала жаяу мал өрісі жерде жүр екен. Айнала тұра қалып:
– Шырағым, елсіз жерде не қылып жүрсің?- деп еді.
– Бір жалғыз түйем бар еді. Сонан айрылып қалып, соны қарап жүрмін,- дейді.
– Түйеңді тұсап қойсаң болмай ма?- дейді.
– Түйемнің тұсауы өліп қалған еді,- дейді. («Тұсап қой түйеңді» — деп айтатұғын әкем
өліп қалып еді» деген сөзі екен.» Мәшһүр — Жүсіп).
– Балам, біз қай үйге қонайық?- дейді.
– Бір қой жесеңіз, қай үй де болса берер, екі қой жесең, біздікіне қон, — дейді.
– Мырза бала екен ғой, осыныкіне қонайық, — деп, үйіне келіп түсе қалды дейді.
Бір буаз саулықты жетектеп келіп, бала:
– Иллаһи-амин, — дегенде,
– Шырағым, бойдағы жоқ па еді?- депті.
– Мана далада айтпап па едім жоғын. «Бойдақ қой жеймін десең, қай үйден табылады. Екі қой жеймін десең, біздікіне қон», — дегенім. Буаз қой сойғызам десең, онда бізге қонасыз»,- дегенім емес пе еді? — дейді.
Баланың жауабына қайран қалып, тамаша қылысты дейді.
***
Сол замандарда Әз Жәнібек хан қырық уәзірін жиып:
– Маған өтірік пен шынның арасы неменен айрылады? Соны тауып беріп, қалағандарыңды алыңдар. Болмаса, бастарыңды аламын, қырық күн мәулет бердім,- депті.
Сонда ешкім керек қылмай: «Әңгіме естимін!» — деп, Жиренше де өз бетімен барған екен. Уәзірлер тарқасып кетіп, қырық күн ойлап, дәнеме таба алмапты. Қырқыншы күн болғанда, хан жинап алып:
– Өтірік пен шынның арасы неменен айрылатұғындығын таптыңдар ма?- дегенде,
– Жоқ, тақсыр, таба алмадық,- десті.
Хан:
– Бастарыңды алдырамын, — деп, қаһарланған шақта, Жиренше шешен айтыпты:
– Анау күні хан хандығымен бас-басыңа бір күннен — қырқыңа қырық күннен мәулет берді ғой. Енді өздерің тіленіп, ер басына қырық күннен мәулет алсаңдаршы! Соған шейін бірің болмаса, бірің табарсыңдар,- дейді.
Хан:
– Жарайды, бұл баланың сөзі де дұрыс көрінеді,- Менің мақсатым сендерді өлтіру емес, сынау. «Ханда қырық кісінің ақылы болады»- дейді. Сендер ақылды болсаң, сонда әрқайсыңнан бір ақыл алған соң, менде қырық кісінің ақылы болатұғын себебі сонымен-дағы. Сендердің бір де біріңде ақылдан шайнам дәнеме жоқ болса, менде ақыл қайдан болсын?! Табындар осыны, ер басына қырық күннен мәулет бердім,- деп, тарқатып жіберді дейді.
Ханның алдынан шыққан соң, он екі жаста жас бала Жиренше:
– Осы сөзді біреу болмаса, біреу білуші болар. Соны іздеп табамын,- деп, жаяу жалғыз елден-елді кезді дейді. Қаңғып келе жатып, бір қорғаны бар шаһарға келді дейді. Намаздыгерден төмен, намазшамнан жоғары даруазасынан кіріп келе жатса, даруазаның есігі темір, қаракөк ат мінген, дулыға, сауыт, шарайна, белдік киген, ер қаруы — бес қаруды асынып, найзасын жерге шаншып, біреу тұр екен. Даруазадан кірген-шыққан, бәрі сәлем беріп өтеді екен. Жиренше сәлем бермей, мойнын бұрмай, керек қылмай өте берді дейді. Сонда найзасын жерге тіреніп, ат үстінде шіреніп, ширатылып сөйлейді дейді:
– Сенен басқа осы даруазадан кірген-шыққан жан сәлем бермей өтпеуші еді. Сәлем неге бермей, мойныңды неге бұрмай барасың?- дейді.
– Біріміз атты, біріміз жаяу, сәлеміміз келісе ме?- дейді.
– Бұл шаһардың жөнін бұрын көріп-білмеген жан екенсің. Кел, артыма мінгес, біздікіне мейман бол,- дейді.
– Ер тоқымды аттың алдын бізге, артын сендерге құдай бұйрық қылған еді. «Ат иесі алдына мінеді», — деген сөз бар еді. Жұртыңды көрсет, жаяу-ақ барайын! — дейді.
Ол — атты, бұл — жаяу: үйіне ертіп келді, мейманханасына кіргізді. Өзі үйіне барып түсті. Мейманхана кірген кісі шыққысыз, жалғанның бейішіндей үй екен. Маржандай тізілген жаңа өспірім қыздар пар-парымен неше түрлі тамақ, қонақ жабдықтарын даярлап, тіке тұрып күтті. Ас жеп болған соң, қаракөк аттың үстіндегі мырза келіп:
– Қонағым, әңгіме айт!- дейді.
– Біріміз — бүтін, біріміз — жарты: әңгімеміз келісе ме?- дейді.
Отыра алмай ұялып, шығып кетті дейді. Сөйтсе, өзі қыз екен, сол шаһардың патшасының қызы екен. Атасынан рұқсат алған екен.
«Еркек киімін киініп, даруазаның алдында тұрып, келген-кеткенді сынаймын, сыныма келген жанға тиемін!» — деп. Жолаушы-жобаушының бәрі мұның әйел екенін білмей, иіліп, сәлем беріп өтеді екен. Жиренше көрген жерден атқа отырысынан әйел екенін біле қойып: «Біріміз — атты, біріміз — жаяу» дегені — «Біріміз — еркек, біріміз — ұрғашы, қалай сәлем берісеміз?» — дегені екен. Өзінің әйел екенін әбден танығанын: «Біріміз — бүтін, біріміз — жарты»,- деген сөзінен біліп, ұялып, тұра жөнелген себебі сол екен. Атасына кісі салдырды дейді: «Менен білімі асқан кісі кез келді. Мені осыған берсін!»- деп.
Атасы хош көріп, қабыл алып, жорға бие сойып, жоғарғы елді шақырып; ту бие сойып, төменгі елді шақырып; үлкен зор тамаша той қылып, қызын Жиренше шешенге некахлап қосты дейді.
Жиреншенің жақсы, аяулы, данышпан қатыны осы екен. Екеуі бір-біріне қосылып, құрмашаны сындырып, көңілдерін тындырып, ұйқылары ашылған соң, мауқы әбден басылған соң, Жиренше шешен:
– Мен қайтамын,- дейді.
– Қалыңдықсыз қайда қайтасыз? Әкемнің менен басқа ұлы да жоқ, қызы да жоқ. Әкем өлген соң, осы дәулетке кім ие болады? Енді не іздейсің? «Есіктен табылса, төрге озба»,-деген бар емес пе еді?- дейді.
– Жоқ, қайтатұғынымның мәнісі бар. Әз Жәнібек деген ханымыз қырық уәзіріне: «Өтірік пен шынның арасын айырыңдар!»- деп, қысым қылып еді. Соны солар таба алмай, қанша күнге мәулет алысып еді. Мен соны білуші болар ма екен деп, іздеп шыққан жұмысым сол еді. Үйден шыққанда, ойлап шыққан жұмысымды аяқтамай тұрып қалсам, бұқа қарап жүріп, жасауылға тұрғанның құтты өзі болғаным ғой. Онан соң менің адамшылығым болмайды ғой,- дейді.
Онда қалыңдығы айтты:
– Болмашы нәрсенің өзі керек қылып іздеушіге әлдеқандай қиындап кетеді екен-ау! «Өтірік пен шынның арасы бір-ақ тұтам жер емес пе? Бұрынғылар айтпаушы ма еді: «Өтіріктің түбі — бір-ақ тұтам»,- деп. Оның мәнісі: көзбен көрген шын емес пе, құлақпен естіген өтірік емес пе? Құлақ пен көздің арасы бір-ақ тұтам жер емес пе? Өтірік пен шынның айырмасы осы емес пе? «Көзбен көрген — анық, құлақ естіген — танық»- демеді ме? — дейді.
– Бәрекелді! Іздеген жоғым табылды. Енді мен мұны барып, Әз Жәнібекке есіттірмесем, қырық уәзірін жоқ жерде өлтіріп тастайды ғой. Солардың ажалына ара тұрсам, тіршілігімнен зор пайда тапқаным ғой! — деп,жүруге ыңғайланғанын білген соң, қыз атасына кісі салдырды:
– Жат жұрттыққа жаралған әйел, міне! Күйеуі ел-жұртына қайтамын дейді. Мені қалдырмасын, ұзатсын! — деп.
Атасы қызының айтқанын ізетті көріп, алтынмен аптап, күміспен күптеп, ұзатты дейді. Қырық уәзірін қосыпты. Қызымызды берген күйеудің жері қандай, суы қандай екен, алып барып салып, көріп келіңдер деп. Бұл ханның жұртынан былай ұзап шыққан соң, Жиренше шешен:
– Мен ілгері ұзап барып, ел-жұрттың аман-жаманын білейін,- деп, жалғыз жүріп кетіп, еліне келсе, Әз Жәнібек дәл сол күні қырық уәзірін жиып:
– Таптыңдар ма?! — деп сұрап, олар таба алмай, енді бәрін өлтіртейін деп тұрғанның үстіне тура келіп:
– Тақсыр,бұларды өлтірмейтұғын болсаңыз, керек қылған сөзіңізді айтып берейін!- деп, қалыңдығынан үйренген сөзді бастан аяқ түсіріп айтқан соң, хан риза (ырза) болып:
– Маған уәзір болуға сен лайық екенсің!- деп, өзінен соңғы бір деген бас уәзір сайлап, алтын жабдық арғымақ ат, қалы кілем, қара нар, қамқа тон — тоғыз қылып сый беріпті дейді.
– Тақсыр, ғырза!- дейді.
– Айт!- дейді.
– Мен сондай жат жұртқа барып, құдайдың бұйрығы болып,бір ханның қызын алып қайтып едім. Қырық уәзірін қосып еді: «Алып барып, салып қайтыңдар!» — деп. Олар жолда көшіп келе жатыр, мен сізді көрейін деп ұзап келіп едім. Не ойменен қосқанын кім біледі? Дослықпен қосқан болса, жолынан қалдырмайық. Дұшпандықпен қосқан болса, сыр алдырмайық. Соларды орта жолдан қайырып жіберсек екен!- деген соң, Әз Жәнібек хан мұнысын ұнатып, қырық уәзірін қосты:
– Қазынадан қырық ат, қырық шапан алып барып, мұның қонақтарын жөнелтісіп келіңдер!- деп.
Жиренше қырық уәзірмен алдынан барып, ханның берген ат, тон, тарту, таралғыларын оларға сый қылып, орта жолдан қайырып жіберген соң, олар да ырза болып, қайтысты дейді. «Бәрекелді, бала теңіне қосылған екен. Күйеуіміз ханның өзінен соңғы бір деген уәзірі екен. Түзде мынадай қылып жөнелтті, үйіне барсақ, мұнан да көп сый-құрмет көретұғын едік»,- десіп[ті]. Қайдан білсін: Жиреншенің екі кісі бас паналап отыратұғын үйі жоқ екенін, екі қанат ит арқаның кигіз түгіл бүтін шиі жоқ екенін?! Міне, жігіттер,бір ауыз сөздің түбін, төркінін білемін деп іздегендіктен, қалыңсыз бір ханның қызын алды. Өз ханының сатусыз, пұлсыз уәзірлігін алды. «Жігіттікте жаннан кеш те, іс қыл: өлесің, өлмесең, кісі боласың!»- деп, бұрынғының айтқаны — осы!
***
Әз Жәнібектің қырық уәзірі: «Жиреншенің қатыны сізге лайықты кісі екен. Дүниеде көрмеген әйеліміз екен!»- деп, ханға мақтап, өсіріп сөйлеп келді дейді. Жиреншені көре алмай күндегендіктен, ханмен арасын ащы қылуға, өздерін өлімнен алып қалғандығы ойда да жоқ. Бұрынғылардың айтқаны бар емес пе: «Жаманға жақсылық қылсаң, атыңды ерттеп даярлап қойып, сонан соң, жақсылық қыл, неге десең, жаманға қылған жақсылығың өзіңе үлкен залал болады. Пәледен басы босанып алған соң, сол жаман өзіңнің соңыңа түседі. Сонан қашып құтылу үшін күні бұрын күтін. Күтінбесең, ақыры бір күн көтіңнен шығар түтін!»- демеп пе еді? Әз Жәнібектің есі ауып,ойы бүлінді дейді. Сонда бір күн ханның қаз алатұғын лашын дейтұғын құсы қашты. Жанындағы жүрген жігіт-желең адасып қалып, айрылып қалды дейді. Бірнеше күн өткен соң естіді. Құс барып Жиреншенің үйінің төбесіне қонып, қатын ұстап алып, асырап, сақтап, түлетіп, желпінтіп қойған екен. Хан естіп, өзі барды дейді. Жиренше үйде жоқ екен. Қатын бүркеніп шығып,құсты алып берді дейді. Қараса: кұсқа жарастықты томаға тігіп кигізген екен, биялай тігіп, балақ бауын, ұзын бауын ұқсатып, жарастырып қойған екен. Бұрын томағаны, биялайды бұл жұртта көрген, білген жан жоқ екен. Жеңдерімен ұстап, уықтың бауын жұмсақ жүн ғой деп, кұстың аяғына соны жағып: ұшқанда, онысы бір құлаш болып шұбалып, аяғында жүреді екен. Хан тамаша қылып, құсына қарарын да білмеді, қатынға қарарын да білмеді. Аттан қисайып, ауып түсе жаздап барып оңалды.
– Біз бүгін осында қонармыз, реті келсе,- дейді.
– Тақсыр,үйде еркек жоғын өзіңіз көріп тұрсыз. Алда-жалда еркек жоқ та болса, қонамын десеңіз, біраз күнді араға салып, бір айналып келіңіз. Кір-мір болса жуып, қонақ жабдығын даярлайын. Және жігіт-желеңмен келмеңіз, көп қонақты күтуге мұршам келмейді, өз басыңыз ғана болмаса!- дейді.
Хан да:
– Жарайды!- деп: «Оңаша келіңіз» дегенінен дәмелі болып, көңілі өсіп қайта берді. Бірнеше күн өткен соң, хан келді. Қатын ұшып тұрып, алдынан шығып, қолтығынан сүйеп түсіріп, қолынан ұстап, үйге кіргізіп, бір дүниелігін жайнатып, ханның зығырланын қайнатып қойған екен. Көрпе жаюлы, төсек даяр салулы, шымылдық құрулы. Ханды отырғызып қойып, қатын тамақ жабдығына айланды. Хан жалғыз өзі отырып, оған-бұған көз салса, қатынның нәрсесінің бәрі кестелеулі. Кесте тіккенде: «Сен біреудің есігін қолмен қақсаң, өз есігіңді біреу аяғымен тебер!» — депті. Жастықта, көрпеде, шымылдықта, орамал, дастарқанда — бәрінде де кестемен тіккен осы сөз дейді. Хан бұл сөзге түсе де қоймай, түссе де, бой салмай, есі-дерті қатынның етегінде болып отыра берді дейді. Қатын палау басып, әр түрлі ыдысқа салып, алып келіп, ханның алдына қойды дейді. Хан бұрын палау жеп көрмеген болса керек.Әр ыдыста болған соң, басқа-басқа тамақ қой деп, әрқайсысынан бір алып татса керек. Бәрінің дәмі бірдей болған соң, таң-тамаша, қайран-асыр қалды дейді. Қатын айтты дейді:
– Тақсыр, ыдыстың басқалығы болмаса, бәрі бір тамақ дейді, — дейді.
Ханмен отырып, әзілі жарасқан соң:
– Тақсыр, сабын айныса, не түзейді?- дейді.
Хан:
– Май түзейді-дағы,- дейді.
– Май айныса, не түзейді екен?- дейді.
Хан:
– Тұз түзейді-дағы, — дейді.
– Халық айныса, не түзейді екен?
Хан:
– Халық айныса, хан түзейді-дағы,- дейді.
– Хан айныса, кім түзейді?- дейді.
Хан дәнеме дей алмады, ұялғаннан терледі дейді. Ләм-мим деп дәнеме айтуға шамасы келе алмады, қолындағы жүзігін қатынға сыйлап, түн ішінде қайтып кетіпті.
***
Бұл қатынның хикаясы ұшы жоқ ұзын, түбі жоқ терең, таусылмайды. Сонда да бір қысқарағын әңгіме қылып айтайық. Жиренше шешен бір күн бір жақтан келе жатса, бір бөтен көрмеген жұрттың кісісі кез болды. Мұрны біздей(бөздей), көзі тұздай, беті қырдай суық екен. Келемеждеп кету үшін:
– Ей, сен қай жұрттың сұмпайысың, көзің тұздай, мұрның біздей, бетің қырдай? — дейді.
Онда ол айтты:
– Көзім тұздай болса, тұзсыз астың дәмі бола ма? Мұрным біздей болса, бізбен тігіп, дүние жұмыстың бәрін бітіреді. Бетім қырдай болса, қырға шықса, кімнің көңілі көтерілмейді? Бар тауып айтқан сөзің осы болса, адырам қалайын!- деп, аузын осыртып, өте берді дейді.
Жиренше дәнеме дей алмай, ұялып қалды. Түсі жап-жаман болып, үйіне кіріп келді. Қатыны ұшып тұра келіп, күйеуін шешіндіріп:
– Шешен, немене біреудің тілі тиді ме? Біреудің үні тиді ме? Түсіңіз неменеден қашып келді?- дейді.
Шешен көргенін, естігенін, өзінің не дегенін, онда оның не дегенін,- бәрін айтты. Қатын айтты:
– Уай, ол орыстың жансызы екен, өзі әйел екен. «Тұзсыз астың дәмі бола ма?»- дегені -«Әйелсіз еркектің күні бар ма?!»- дегені. «Біз біткен дүниені бітіреді» дегені — «Ұрғашы жұмыстың бәрін орнына келтіреді»,- дегені. «Қырға шықса, кімнің көңілі көтерілмейді» дегені — «Әйелдің үстіне шыққан кісінің қыр басына шыққан есепті көңілі көтеріледі»,-дегені. Аузын осыртқаны: «Еркектің қайраты қолында, әйелдікі аузында болады!» -дегені. Бар қылған қайраты сол болғаны. Осы күні Әз Жәнібек ханыңызға барып, аузын ашырмай, екі аяғын бір етікке тыққандай, заманын бір уыс қылып отырған шығар. Жылдам бара гөр! Орыстың әйелі штан кимейді деген. Кіріп барған жерден: «Манағыдан отырмысың, көтіңді ашайын ба?» — де. Сасқанынан сөзге келмей, ұшып тұра келер дейді. Жиренше шешен Әз Жәнібектің ордасына кіріп барса, қатынының айтқанындай: ханды сөзден ұтып, апшысын қуырып, замананы бір уыс қылып отыр екен. Есіктен кіріп барғанда, шешенге жалт қарағанда:
– Манағымысың, әлі мұнда отыр ма едің, көтіңді ашайын ба? — дегенде, ұшып тұра келді дейді.
– Бұл жұрттың ақылы ханда екен. Хан ақылы қарашасында екен. Қарашының ақылы қатынында екен. Болмас, болмас!- деп, артына қарауға мұршасы болмай, жүре берді дейді.
Бұ жалған дүниеде мұндай данышпан қатын Жиреншеден басқаның қолына көп түсе қойған жоқ шығар. «Ердің атын қатын шығарады» — деген қатындар осы.
***
Жиренше өзі бір жаққа жолаушы кеткенде, осы қатыны өліпті. Сонда Жиренше әуелі ханға келіп жолығып отырғанда, хан есіттіргенде, былайша есіттіріпті:
– Әкесі өлсе, қайтеді, шешенім?!- депті.
– Асқар тауы құлағаны есепті-дағы,- депті.
– Анасы өлсе, қайтеді, шешенім?!- депті.
– Ағар бұлағы суалған есепті-дағы,- депті.
– Ағасы өлсе, қайтеді, шешенім?!- депті.
– Оң қанаты қайырылған есепті-дағы,- депті.
– Інісі өлсе, қайтеді, шешенім?- депті.
– Сол қанаты майырылған есепті-дағы,- депті.
– Апа-қарындасы өлсе, қайтеді, шешенім?!- депті.
– Ұзын өрісі қысқарған есепті-дағы,- депті.
– Қатыны өлсе, қайтеді, шешенім?!- дегенде,
Жиренше шешен қамшысын екі бүктеп, шарт жүгініп, қамшысына сүйеніп отыр екен, қамшысының сабы шарт етіп үзіліп кетті дейді.
– Уай, менің қатыным өлген екен ғой!- депті.
«Қатын өлді, қамшының сабы сынды»,- деген сонан қалған екен. Егер қамшысы сынып кетпегенде, «Қатыны өлсе, халманы бұзылды-дағы», — дейін деп отыр екен.
***
Мұнан соң бір нашардың қызын алған, оны да сынап алған. Әкесі мен шешесі тіленшілік қылатұғын қара қасқа кедей екен. «Қара қасқа» демектің мәнісі — маңдайында дүниеліктен дәнеме жоқ дегенге келеді.
Соның он екі жасар жалғыз қызы бар екен. Қыз үйінде жалғыз отырғанда:
– Әке-шешең қайда кетті? — дегенде,
– Алақандай бетін жұдырықтай нанға сатқалы кетті, — дейді.
– Жуырда келе ме? — дейді.
– Қайдан келсін! «Толмасты толтырамын, тоймасты тойғызамын, тірі болып кіріп, өлі болып шығамын?!- деп кетті, — дейді.
– Жуырда толмайтын алып кеткен ыдыстары үлкен бе еді? — дейді.
– Жоқ, ағатай! Екеу ара үш ыдыстары бар еді. Бірі тырнақтың көлеміндей, бірі шұрқылтайдың ұясындай. Бірінің жергілік те түбі жоқ еді,- дейді.
«Тырнақтың көлеміндей»,- деп, көздерін айтқан екен. Көз өмірінде қанша нәрсені көрсе де, көруге тоя ма? Бір топырақтан басқаға тола ма? «Шұрқылтайдың ұясындай»,- деп, жұтқын тамақты айтқан екен. «Түбі жоқ»,- деп, жергілік те қанағат жоқтығын айтқан екен.
– Әке-шешең жуырда келмейтұғын болса, үш ауыз сөз сұрайын: ауырда не ауыр, қаттыда не қатты, тәттіде не тәтті?- дейді.
Онда қыз айтты:
– Ауырда — жылқы ауыр, қаттыда — кәріпшілік (ғаріпшілік) қатты, тәттіде — ерлі-байлы кісінің татулығы тәтті, — дейді.
– Жылқының ауырын қайдан білдің?- дейді.
– Ханның жүз қаралы түйесі біздің үйдің сыртынан өріске қарай жайылуға шығады. Жалғызының тықыры естілмейді. Кешке таман қысырдың тайымен бір бала жиғанда, желіп шапқандағы дүбірі жер жарып жібергендей естіледі. Жылқы ауыр-ау деп сонан ойлаймын,- дейді.
– Қаттыда кәріпшіліктің қатты екенін қайдан білесің?- дейді.
– Әкем мен шешем кешке таман үйге келгенде, арта алмай, тарта алмай, қойны-қонышы олжаға толып, өздері әбден көңілдегілеріндей болып келеді. Сонда да масайрап қуанып, бір жарқылдап күлмейді. «Кісіден тіленіп барғаның құрысын, бүйтіп дүние жиып алғаның құрысын!»- деп, -Ууе! — дегенде, жүрегі қарс айрылып, еңірегенде, етегі толады». «Кәріпшілік, шіркін, қатты екен-ау» — деп, сонан ойлаймын.
– Тәттіде — ерлі-байлы кісінің татулығы тәтті екенін қайдан білесің?- дейді.
– Әкем мен шешем төсекке жатқанда, екеуі мені ортасына алып жатады. Ертең тұра келгенде, мен бір жақтан тұра келемін, екеуі бір жақтан тұра келеді. Ерлі-байлы кісінің арасының тәтті екендігін сол жерден ойлаймын, — дейді.
Ақырында осы қызды Жиренше және алды. Не қылса да, «ат мінсе, ауынан» — деп, қатынға қарағанда, Жиренше бақытты кісі болды. Сұлуға құмар болғанда, Әз Жәнібек құмар болды. Оның өлімі ұрғашының сұлулығынан болды.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *