АСАН ҚАЙҒЫ ЖӘНЕ ЕЖЕН ХАН
Асан қайғының шын аты — Хасенхан екен. Өзі нәзіркерде әулие деп айтуға жарарлық екен. Мұның он екі жасар бала күнінде қазақ шүршітке қарайды екен. Шүршітке хан болғанда, Ежен хан деп сөйлейді екен. Ежен хан көшпелі қазақ байдың баласына:
– Айғырын кісінетпесін! — деп, жарлық қылды дейді. — Егер қазақтың далада жүріп айғыры кісінесе, менің қорада тұрған тазы бедеулерім құлын тастайды. Айғырын кісінеткен жанның басы айдауда, малы талауда болсын!- депті.
Қазақ жұрты мұны естіп, уайымға түсіп жылады дейді:
– Хайуан малды қалай кісінетпей тұрамыз?!- деп.Сонда Хасен бала:
– Ол үшін уайым жемеңдер. Маған отыз-қырық мерген ертіп беріңдер, отыз-қырық желмая тауып беріңдер. Мен Ежен ханға барып, бұл жарлығын қойдырып, қазаққа бір бостандық алып келейін!- дейді.
Сонан соң жұрт отыз-қырық мерген ертіп берді, отыз-қырық желмая жиып берді. Хасен бала мергендерді жолдас қылып, шүршіттің ханына жөнелді. Шаһардың шетінен кіргеннен «әу» деп, үріп шыққан итті ата берді дейді. Ит иелері келіп:
– Мұның қалай, жазықсыз итімізді неге қырып келесің? — десе:
– Біз Елібайдан келе жатқан елшіміз. Не арызың болса, хандарыңа айтыңдар. Жауабын хандарыңа берейік. «Елшіге өлім жоқ!» дегенді білмейсіңдер ме?- деп, жүре жауап беріпті.
Ит иелері хандарына ғарыз қылыпты. Хандары:
– Келсін, себебін сұрап тексереміз,- депті.
Елшілер келіп ханға жолыққан соң:
– Елші болғандарың қалай? Еліміздің итін қырып, жұртты шулатып келе жатқандарың қалай?- депті.
Сонда Хасен бала:
– Тақсыр, оның мәнісі бар. Кішкене күнімде әкем маған қой бақтырды. Далада қой бағып жүргенімде, көп қасқыр келіп қамады. Сонда мен ойдың да итін шақырдым, қырдың да итін шақырдым, елдің де итін шақырдым, шаһардың да итін шақырдым, бір ит келіп ара түспеді. Сонда ант ішіп едім: «Ойдың иті, сені де атармын! Қырдың иті, сені де атармын! Елдің иті, сені де атармын Шаһардың иті, сені де атармын!»- деп. Сол сертіме жетейін деп, ит біткенді қиратып, атып келе жатқан мән-жайым сол!- дейді.
Онда хан айтты:
– Тентек шіркін, сенің қазақтың мидай сары даласында жүріп айқайлаған даусыңды біздің шаһардың иті қайдан естісін?- дейді.
Хасен бала жауап қайырды:
– Айғыр даусын бие естіген жерден кісі дауысын ит естімей қоймайды,- дейді.
– Қап, бала мені ұрдың! Мен ұтылдым да, сен ұттың! Қалағаныңды ал!- дейді.
– Қалағанымды берсең,қазағымды өзіме берсең болады,- дейді.
– Бар, бердім, Қазақ деген жұртқа өзіңді хан сайладым,- дейді.
Сонан соң: « Хасен хан» атанып қайтты.
Машһүр Жүсіп Көпейұлы