ОТБАСЫ ПСИХОТЕРАПИЯСЫ ЖӘНЕ ОТБАСЫНА КЕҢЕС БЕРУ

ОТБАСЫ ПСИХОТЕРАПИЯСЫ ЖӘНЕ ОТБАСЫНА КЕҢЕС БЕРУ

Ерлі-зайыпты жұптарға кеңес беру алғашқыда отбасылық өмірдің, бала тәрбиелеу мен оқытудың заң және құқықтық, медициналық, репродуктивті аспектілері бойынша жүзеге асырылды. 1940 жылдың аяғы мен 1960 жылдыңбасы отбасына және ерлі-зайыпты жұптарға психологиялық көмек көрсету тәжірибесін орнату кезеңі болды. 1930-1940 жж. ерлі-зайыпты жұптарға кеңес берудің айрықша тәжірибесі пайда болды, аталмыш кеңес беру тәжірибесінде қарым-қатынас проблемасы бар тұлғаның психикалық бұзылыстары мен отбасындағы ерлі-зайыптылар өмірі араласа қарастырылды. 1950 жылы «отбасы терапиясы» практикасы мен термині бекітілді. Отбасына кеңес беру – отбасы психотерапиясына қарағанда отбасына психологиялық көмек көрсетудің жаңа бағыты. Бұл сала отбасы психотерапиясынан бастау алды. Отбасына кеңес беруді дамытуүшін келесі факторлар аса маңызды болды: отбасымен жұмыс жасауда психоанализді бала-ата-аналық қатынастар және ерлі-зайыптылар терапиясы (1940 жж.) түрінде қайта бағдарлау; Н. Аккерманның жүйелілік тәсілдемесін жасауы; Дж. Боулбидің жақындық теориясын жасауы; отбасымен жұмыс жасауда бихевиоральды диагностика мен терапияның кең таралуы және В. Сатирдің бірлескен отбасы психотерапиясының жасалуы. Отбасы психотерапиясының толағай табыстарға жетуінің және оған деген сұраныстың қарқынды өсуінің арқасында 1978 жылдан 1986 жылға дейін неке және отбасы бойыншаАмерикалық терапиялық ассоциация мүшелерінің құрамы екі есеге артты. Практиканың аса қарқынды дамуы отбасы саласы бойынша ғылыми зерттеулерге сұранысты да талап етті. Осылайша, отбасы психологиясы атты айрықша психологиялық пән дербес дами бастады. Отбасы психотерапиясы және отбасы психологиясымен сексология қатарласа қарқынды дамыды. Оның дамуына А.Кинс, В. Мастерс және В.Джонсон еңбектері және осы саладағы отбасылық қатынастарға кеңес беру негіз болды [Кон, 1989].
Ресейлік ғылымда отбасы психотерапиясы 1960 жылдың аяғы 1970 жж. басы қарқынды дамыды. Алайда ХІХ ғ. аяғында әлі де болса түрлі психикалық бұзылыстарды «отбасылық емдеу» және отбасына диагностика жүргізу қажеттігі туралы дамыды. Ресейде отбасы терапиясының негізін салған И.В. Маляревский болып саналады, ғалым психикалық ауру балалар мен жеткіншектерді емдеуде осы ауру балалардың туысқандарын «отбасылық тәрбиелеу» саласындағы арнайы жұмыстарға негізделу қажеттігін алға тартқан. Ресейлік отбасылық психотерапияның қалыптасуына айрықша үлес қосқандар В.М. Бехтерев атындағы Психоневрологиялық институт ғалымдары В.К. Мягер, А.Е. Личко, Э.Г. Эйдемиллер, А.И. Захаров, Т.М. Мишина.
Э.Г. Эйдемиллерпсихотерапияның дамуында үш негізгі кезеңді бөледі [Эйдемиллер, Юстицкис, 1999].Бірінші «психиатриялық» кезеңде зерттеушілер отбасын тұлға даралықтарының жиынтығы ретінде қарастырды, мұндай түсінік отбасын және оның мүшелерінің өмірін оңтайландыруға бағытталған ұсыныстар жасауға мүмкіндік беретіндігін алға тартты. Екінші «психодинамикалық» (психоаналитикалық) кезеңде балалық жаста өз отбасында ерлі-зайыптылық және бала-ата-аналық қатынастарсалдарынан қалыптасқан мінез-құлықтың адекватты емес модельдеріне баса мән берілді. Үшінші кезең – жүйелі психотерапия жүйелілік тәсіл мен В.Н. Мясищевтің қатынастар психологиясының синтезімен және патологизациялаушы отбасылық тұқым қуалау концепциясының (Э.Г.Эйдемиллер) жасалауымен ерекшеленеді. Осы бағыт аясында дамыған отбасы психотерапиясының басты принципі – психотерапевт пен отбасының өзара келісімі принципі болып табылады. Отбасына кеңес берудің айрықша психологиялық практика ретінде қалыптасуынаВ.В.Столин, А.А.Бодалев, А.С.Спиваковская, А.Я. Варга т.б. еңбектері зор үлесін қосты.
Отбасы психотерапиясы тарихы мен отбасына кеңес беру тарихы өзара байланысты, бұл дегеніміз бірқатар зерттеушілер мен практиктердің отбасына кеңес беруді отбасы психотерапиясының түрі ретінде ұйғаруына мүмкіндік береді, дегенмен де отбасы психотерапиясының өзіндік белгілері, шектері бар [Эйдемиллер, Юстицкис, 1999]. Отбасына кеңес берудің отбасы психотерапиясы түрі немесе психологиялық көмек көрсетудің басқа тәжірибесі екендігі жайлы сауалға жауап іздеу үшін «психотерапия» ұғымының мазмұнын нақтылап, кеңес беру мен психотерапия ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтау қажет. Психологиялық практиканың қалыптасу контексінде психотерапияның әлеуметтік, ғылыми және қолданбалы статусы, мазмұны мен даму перспективалары проблемасы қазіргі қоғамда терең әрі жан-жақты талдау нысанына және халықаралық пікірталасқа айналды. Кеңес беруде де психотерапияда да орталық орынды терапевтің клиентпен қарым-қатынасы алады, бұл қарым-қатынас терапиялық байланыс орнату, проблеманы зерттеу және оның шешімін іздестіру арқылы жүзеге асырылады. Кеңес беру мен психотерапияның принципиалды айырмашылығы тұлға қиындықтары мен проблемаларының себебін түсіндірудің каузальды моделімен байланысты. Осыған орай, психотерапия медициналық модельге бағдарланады, бұл модельде отбасы тұлға патогенезімен байланысатын маңызды этиологиялық фактор болып табылады, ол бір жағынан тұлға патогенезімен, екінші жағынан тұлғаның өмірге төзімділігі мен тұрақтылығының ресурстарымен байланысты. Аталған кеңес беру моделі отбасын дамыту міндеттеріне, оның рөлдік құрылымдары мен отбасы қызметтерінің заңдылықтары ерекшеліктеріне баса назар аударады. Кеңес беруші клиентті проблемалық жағдаятқа, проблеманы айқындауға, жағдаятты талдауға, істің шешілу мүмкіншілігіне бағдарлауға жағдай жасайды. Шешім қабылдауға және оны жүзеге асыруға жауапкершілік алу клиент құзыретінде, кеңес беруші клиенттің тұлғалық өсуіне, оның отбасының төзімді болуына бағыт береді.
Отбасына кеңес беру дамытушы, түзетуші, алдын алушы, бейімдеуші мақсаттар ретінде анықталуы мүмкін. Дамытушы мақсаттар өзіндік даму тұрғысында отбасы ресурстарының өсуімен байланысты. Мұнда психологиялық жұмыстар отбасының нормативті және нормативті емес дағдарыстары мен проблемаларын шешу құзыреттілігін арттырумен нәтижеленеді. Түзетуші мақсаттар отбасының рөлдік құрылымын оңтайландыруды, оның ұйымшылдығын, бірлігін, некеге қанағаттанушылығын арттыруды, тұлғааралық коммуникацияны жақсартуды көздейді. Алдын алушы мақсаттар отбасының фрустрациялық толеранттылығының өсуімен, бейімдеуші – отбасындағы жанжалдарды, дағдарыстардыойдағыдай шешумен байланысты.
Отбасымен жұмыс міндеттері, түрлері мен әдістері отбасылық қатынастардың қандай сферада және өмірлік циклдің қандай кезеңінде екендігіне байланысты ерекшеленеді, отбасына кеңес беру некеге түсу, ерлі-зайыптылық қатынастар, бала-ата-аналық қатынастар мәселелері бойынша жүзеге асырылады.
Отбасына кеңес берудің негізгі міндеттері:
— неке, некелік серіктес таңдау және некеге түсу мәселелері бойынша психологиялық кеңес беру;
— ерлі-зайыптылық қатынастарға кеңес беру (диагностика, түзету, алдын алу);
— ажырасу кезінде отбасына психологиялық көмек;
— бала-ата-аналық қатынастарға кеңес беру, диагностика жүргізу, алдын алу және түзету;
— бала асырау және асыранды балаларды тәрбиелеу мәселелеріне психологиялық көмек;
— жүктілікті және тууды психологиялық сүйемелдеу;
— ата-ана болуды психологиялық сүйемелдеу;
— ерлі-зайыптылардың көзге шөп салуы мәселелері бойынша психологиялық кеңес беру;
— отбасында зорлау жағдайында психологиялық кеңес беру.
1970 жж. отбасына психологиялық көмек көрсету қызметі белсенді дамыды [Обозова]. Отбасына психологиялық көмек көрсетудің ұйымдастырушы түрлері: психологиялық орталықтар және отбасымен жұмыс бойынша кеңес беру; таныстыру қызметі; бала тәрбиелеу және дамыту проблемалары бойынша кеңес беру; балалар мен жеткіншектерді психологиялық-педагогикалық-әлеуметтік қолдау және реабилитациялаудың аймақтық орталықтары; мектепте психологиялық қызмет көрсету; мамандандырылған дағдарыстық орталықтар (отбасында зорлық көрген әйелдермен жұмыс боынша; суицидтің алдын алу бойынша); әйелдерге кеңес беру (жүктілікті және тууды психологиялық сүйемелдеу); денсаулық сақтау мекемелеріндегі психологиялық кабинеттер (репродуктивті орталықтар, («дені сау балаға» педиатриялық кабинеттер, поликлиникаларда және наркодиспансерлерде және т.б. психологиялық кабинеттер т.б.). Аталған мекемелердің әрбір түрі өзіндік міндеттерді атқарып, отбасының түрлі аспектідегі қызметтерінің оңтайлануын қамтамасыз етеді.
Отбасында психологиялық көмек жүйелерін дамыту қиындықтары ұйымдастырушы және мазмұнды себептермен байланысты. Отбасымен жұмыс жасайтын орталықтар мен мекемелер түрлі ведомстволарға қарайтындықтан,олардың күшін тиісті мемлекеттік/қоғамдық құрылымдар қарамағында үйлестіру қажеттігі туындайды.

Отбасына кеңес берудің теориялық негіздері

Отбасы өмірінің көп қырлылығы түрлі деңгейдегі алуан түрлі теорияларды тудырады, сондықтан кез келген «бірлі-жарым, ерекше және арнайы» жағдайда кеңес беру нысанын құрайтын түсіндірмелі модельді табу қажет. Теориялар бір-бірін толықтырып, дамытып, отбасымен жұмыстың диагностикалық әдістері мен психологиялық ықпал етудің тәсілдерін қорландыра түседі. Осындай жағдайдан шығу үшін көптеген отбасына кеңес берушілер отбасылық кеңес берудің интегративті тәсілдемесін жасау қажеттігін ұйғарады.
Отбасымен жұмысқа психотерапиялық тәсілдемелерді жіктеу өлшемдері мыналар болып табылады:
— отбасы қызметін және отбасы проблемаларын талдау «бірлігі»;
— отбасының даму тарихын, уақытша ретроспективалары мен перспективаларын ескеру.
Осыған орай, екі негізгі тәсілдемені бөлуге болады: генетикалық-тарихи және отбасы тарихын есепке алмай-ақ оның өзекті (маңызды) күйін белгілеу. Отбасының тыныс-тіршілігінде мәселелердің және қиындықтардың туындау себептерін, оның дисфункциясын анықтауға бағыттылық.
Аталған өлшемдерді басшылыққа ала отырып, отбасымен жұмыс жасаудың белгілі бір тәсілдемелерін бөлуге болады:
Психоаналитикалық тәсілдеме. Тұлғаның дамуын және оның болашақтағы отбасылық өмірдегі табыстылығын анықтайтын бала-ата-аналық қатынастарға баса мән береді. Талдау бірлігі – тұлғаның серіктеспен қатынастары, оның негізгі паттерндері осы қатынастарда кездесетін эдипов кешені және Электра кешені. Некелік-ерлі-зайыптылық қатынастарда пациенттердің өз ата-аналарымен болған қатынастардың базалық модельдерін қайталауға бейсаналы ұмтылатындығы жорамалданады. Тұлғаның автономияға жетуі жәнеотбасымен қатынастарды қайта құру – терапиялық үрдістің басты мақсаты. Психологиялық жұмыс реконструкцияға және бұрынғыны жаңадан құруға, ығыстырылғандарды ұғындыруға бағытталған. Ерлі-зайыптылық қатынастар қиындықтарының симптомдары бұрынғы ата-анамен қарым-қатынаста шешілмей қалған шиеленістердің және басып тасталған ынтығулардың «маркері» ретінде қарастырылады.
Бихевиоральды тәсілдеме. Өзара алмасу (беру және алу) теңгерімінің маңыздылығы ескеріледі. Талдау бірлігі – отбасы мүшелерімен қарым-қатынастағы және өзара әрекеттесудегі тұлға болып табылады. Басты назар проблемалық жағдаятты шешу ептілігіне және арнайы орындаушы құзыреттілікті (коммуникация дәне проблемалық жағдаятты шешу дағдысы) қалыптастыруға аударылады. Мінез-құлықтық психотерапия аясында әлеуметтік үйрету теориясы (А.Бандура) және оперантты үйрену теориясы (Б.Ф. Скиннер) туралы айтуға болады. аталған теориялар бойынша отбасында проблемалардың туындауына әкелетін жағымсыз мінез-құлықты қалыптастыратын негізгі механизмдер отбасындағы мінез-құлықтың әлеуметтік модельдері, тиімсіз бақылау мен нығайту болып саналады.
Феноменологиялық тәсілдеме. Талдау бірлігі ретінде отбасылық жүйедегі тұлға қарастырылады. «Осында және қазір» принципі отбасында осы сәтте болып жатқан оқиғаларға шоғырлануды талап етеді. Вербалды және вербалды емес эмоцияға толы коммуникативті актілер жүйесі ретіндегі қарым-қатынас ақиқаттылығы психологиялық талдау және психотерапиялық ықпал ету нысанын құрайды (В. Сатир, Т. Гордон).
Жүйелілік тәсілдеме. Отбасы біртұтас жүйе ретінде қарастырылады, оның негізгі сипаттамалары отбасы құрылымы, рөлдерді бөлу, басқару және билік, отбасы шекарасы, коммуникация ережелері және отбасылық қиындықтар себептері ретіндегі қайталана беретін паттерндер, бұл тәсілдемеде көп жағдайда отбасының дисфункционалдығы қарастырылып, отбасылық жүйенің қайта ұйымдасу мәселесі шешіледі.
Отбасы психотерапиясының беделді бағыттарының бірі ретіндегі құрылымдық отбасы психотерапиясы (С. Минухин) жүйелілік тәсілдемесі принциптеріне негізделеді. Отбасы қатынастарды сақтауға (гомеостаз заңы) және дамытуға ұмтылатын жүйе ретінде қызмет етеді. Отбасы тарихы бірізділікпен әрі заңдылықпен бірқатар дағдарыстардан (некеге түсу, баланың өмірге келуі, баланың мектепке баруы, мектепті тәмамдауы және өзін-өзі анықтауы, ата-анадан сепарация және кету т.б.) өтеді.Дағдарыстардың әрқайсысы отбасылық жүйенің қайта ұйымдасуы мен қайта құрылуын талап етеді. Отбасы базисті жүйе ретінде қарастырылады, ол үш жүйеден тұрады: ерлі-зайыптылық, ата-аналық және сиблингті. Жүйе шекарасы мен әрбір жүйе ережелерден тұрады, бұл ережелер өзара әрекеттесуге кімнің және қалай қатысатындығын анықтайды. Отбасы дисфункциясы отбасының барлық мүшелерінің қажеттіліктерін қанағаттандыра алмауы ретінде қарастырылады, бұл отбасы мүшелерінің әлдебірінің симптоматикалық мінез-құлқынан көрінеді. Құрылымдық отбасы психотерапиясы бойынша отбасы мүшелерінің біреуінің мінез-құлқының бұзылуы және эмоциялық-тұлғалық азғындауы біртұтас ағза ретіндегі отбасы дисфункциясының көрсеткіші болып табылады. Терапевтің назары отбасының бұрынғы өткеніне емес, қазіргі сәтте жүріп жатқан процестеріне аударылады. Отбасы проблемаларын жеңу жолы – трансакцияның адекватты емес паттерндерін өзгерту, отбасының ескі жүйесін бұзу және отбасы қызметінің үйлесімін қамтамасыз ететін жаңа шегін орнату.
Аталған тәсілдемелерде сипатталған проблемалардың себебін табуға, оларды жеңу жолдарын іздестіруге қатысты көзқарастардың әртүрлілігіне қарамастан теоретикалық түсіндіруші модельдерден отбасы психотерапиясының жалпы мақсаттарын бөлуге болады:
— отбасының рөлдік құрылымының икемділігін және рөлдерді бөлу ептілігін, арттыру;
— билік және басқару мәселелерін шешудің қолайлы теңгерімін белгілеу;
— ашық әрі айқын коммуникацияны орнату;
— отбасы мәселесін шешу және жағымсыз симптомдардың айқындылығын төмендету;
— Мен-концепциясын дамытуға және тұлғалық өсуге жағдай жасау.
Аса өзекті мәселе кеңес беру тиімділігін бағалау болып табылады, сондықтан оны бағалау өлшемдері мен оған сәйкес процедураларды айқындау қажет.Отбасына кеңес беру тиімділігін бағалаудың мазмұнды өлшемі отбасы мәселелерін шешудің табыстылығы болып табылады. Отбасы психотерапиясы тиімділігін (В.Н. Мясищев) бағалау параметрлерін кеңес беру тиімділігінің көрсеткіштері ретінде санауға болады: 1) симптоматикалық жақсарту дәрежесі; 2) клиенттің отбасы қиындықтарының туындауының психологиялық механизмдерін түсіну дәрежесі; отбасылық қатынастарды қайта ұйымдастыру дәрежесі; отбасы қызметінің тиімділігін қалыпқа келтіру және арттыру. Кеңес беру тиімділігінің бағасын анықтайтын басты нәтиже – клиенттің алдағы уақытта туындаған проблемаларды өз бетінше шешу қабілетінің жоғарылауы. Тиімділік отбасының әртүрлі деңгейде қызмет ету тұрғысынан да бағаланады. Біріншіден, отбасы төзімділігін арттырудың ұзақ мерзімді әсері деңгейінде, оның стрессогенді факторларға тұрақтылығының артуымен, өмірлік циклдегі нормативті дағдарыстарды шешу табыстылығымен бағаланады. Екіншіден, отбасы қиындықтары мен проблемаларын шешу деңгейімен бағаланады. Үшіншіден, біртұтас отбасының рөлдік құрылымын, қарым-қатынасын, ынтымақтығын және қажеттіліктерін толықтай қанағаттандыруды оңтайландыру деңгейімен, отбасы ұйымшылдығының және некеге қанағаттанушылықтың артуымен бағаланады.

Отбасына кеңес берудің негізгі принциптері

Клиенттің өтініш білдіру еріктілігі принципі отбасына кеңес берудің маңызды этикалық принципі. Ешбір адам психологиялық диагностикаға мәжбүрлікпен келмейді немесе ерікті келісімсіз психологиялық ықпалға түспейді. Психологиялық тексеру немесе ықпал ету сот ұйғарымы бойынша ғана жүзеге асырылады. Сонымен қатар, психологиялық сараптама қамқорлыққа алу және ажырасу кезінде тәрбиелік қызметті атқару тәртібін анықтау мәселелері бойынша жүргізіледі.
Құпиялылық принципі кеңеске өтініш білдірген клиентке тұлғалық және әлеуметтік қауіпсіздікті, сонымен қатар кеңес беру барысында алынған барлық мәліметтерді құпияда сақтауды кепілдік етеді. Құпиялылық принципі алынған ақпараттарды сақтаудың арнайы процедураларымен, клиент өтінішінің құпиялығымен, кәсіби этикалық кодекспен қамтамасыз етіледі, егер клиент өміріне қауіп төнген жағдайда ол бұзылуы мүмкін.
Клиенттің жауапкершілігі принципі– клиенттің қандайда бір проблема шешімін тұлғалық таңдау құқығын және қабылдаған шешімді жүзеге асыруға, оның салдары мен тәуекелдігіне өзі жауапты болатындығын білдіреді.Аталған принцип медальінің екінші жағы клиенттің өзін-өзі дамытуға, өз отбасының қатынастарын, әрекеттерін және олардың себептерін, өзінің жеке басының «күшті» және «әлсіз» жақтарынрефлексиялауға дайындығы болып табылады.
Кеңес берушінің кәсіби құзыреттілігі мен жауапкершілігі принципі. Отбасына кеңес беру психологтың практикалық қызметінің аса жауапты түрі болып табылады. отбасының амандығы және оның болашағының кемел болуы кеңес берушінің кәсіби құзыреттілігіне байланысты. Осыған байланысты, кеңес берушінің кәсіби дайындығы мен біліктілігіне қойылатын талаптар отбасын дамыту мәселелерін шешудегі құзыреттіліктің қажетті деңгейін қамтамасыз етуі тиіс.
Диагноздың стереоскоптылығы принципі отбасының психологиялық ерекшеліктерін оның барлық мүшелері тұрғысынан, отбасылық үрдіске қатысушылардың барлығының «көзімен» зерттеу талабын анықтайды. Отбасылық қатынастар және ерлі-зайыптының, ата-ананың және балалардың отбасылық өзара әрекетінің бейнесі бағдарлаушы қызмет атқарады, отбасылық өзара әрекеттесуге түсетін әрбір мүшенің бағыттылығы мен белсенділігін анықтайды. Диагноздың стереокоптылығы дегеніміз отбасының көлемді бейнесін (картинасын) құру болып табылады.
Отбасы тарихын қайта ұйымдастыру (реконструкция) принципі отбасы генезисін қайта жасауды және отбасылық қатынастар тарихын дамытуды талап етеді. Әдетте, отбасы тарихын реконструкциялау отбасына кеңес беруде себептік байланыстарға тәуелдікті орнатуға бағытталады. Отбасы тарихын қайта жасауға мүмкіндік беретін әдістемелік тәсіл оның «өмір жолдарын», отбасының маңызды оқиғаларын,яғни болашақ жарымен танысқан уақыттан бастап, хронологиялық байланыстық пен сабақтастықта құру болып табылады. Осы орайда отбасындағы маңызды оқиғаларды анықтап қоймай, оларды отбасының әрбір мүшесінің қалай қабылдап, әсерленгенін білудің де маңызы зор. аталған принципті жүзеге асыру – серіктестердің рефлексивтілігінің дамуын арттырып, проблемалық жағдаятты бірлесе талдауға, интерпретациялауға және шешім қабылдауға мүмкіндік жасайды.
Бірлескен шешім жасау принципі клиенттің жеке жауапкершілігі мен кеңес берушінің кәсіби құзыреттілігі мен жауапкершілігі принципінің қисынды жалғасы болып саналады. Клиентке шешімдер мен ұсыныстарды дайын күйде беруге болмайды – бұл психологиялық кеңес берудің негізгі постулаты. Дайын ұсыныстардан бас тарту қажеттігінің себептеріне тоқталсақ, олар келесідей:
— кеңес беруші мен клиент әртүрлі тілде сөйлеседі – «ғылыми психология» тілінде және «тұрмыстық» психология тілінде. Осыған сәйкес, негізгі түсініктер түрліше қабылданып, оның мән-мағынасы үйлеспеуі мүмкін. Дайын ұсыныстарды клиент дұрыс түсінбеуі, онымен қоса оларды дұрыс орындамауы мүмкін;
— ұсынылған ұсыныстарды клиент өз түсінігі бойынша және отбасындағы жағдайлар мен проблемаларға байланысты қабылдамауы мүмкін. Қарсыласу, ығыстыру, ақпараттарды қабылдау таңдамалылығы және сол ақпараттарды алдын ала болжау сияқты қорғану механизмдерінің жандануы кеңес беруші ұсынған ұсыныстарға қатысты клиенттің жағымсыз пікірін тудыруға себепші болуы мүмкін;
— дайын ұсыныстар клиентті шешім қабылдау қажеттігінен босатып, кеңес берушіге жауапкершілік жүктейді. Клиенттің өзімен жұмыс жасауға психологиялық дайындық деңгейі төмендейді, онымен қоса кеңес беру үрдісінде клиенттің тұлғалық өсу мүмкіншіліктерін шектейді;
— дайын шешім мен жоспар және оны жүзеге асыру белгілі бір дәрежеде кеңес беруші мен клиенттің қатынастарын «жоғарыдан» қатынасу тәрізді жайғастырып, кеңес берушіге тәуелдікті қалыптастырады. Сондықтан, дайын ұсыныстар мен шешімдер әлдеқайда нақты әрі дәлелді болғанмен де көп жағдайда нәтижелі бола бермейді. Дайын шешімдерді психологиялық және физикалық қауіпсіздікке, денсаулыққа қауіп төнгенде, жедел шешім қабылдау қажет болғанда ұсынуға болады;
— кең әлеуметтік ортаны тарту принципі туындаған мәселелерді шешу кезінде отбасына көмектесу үшін әлеуметтік, тұлғааралық және отбасы ішілік ресурстарға сүйенуді көздейді;
— отбасымен жұмыс жасауда кешенділік принципі. Отбасы мәселелерінің отбасы төңірегіндегі психологиялық мәселелермен ғана тұйықталып қоймайтындығы белгілі. Осыған байланысты отбасы психологиясы және отбасына кеңес беру бойынша мамандар жас ерекшелік және балалар психологтарымен, әлеуметтік қызметкерлермен, педагогтармен және тәрбиешілермен, дәрігерлермен, отбасы психотерапевтерімен, заңгерлермен, сексологтармен тығыз байланыста жұмыс істейді;
— диагностика және коррекция бірлігі принципі кез келгендиагностикалық процедураның түзету мәні бар, ол тұлға мен отбасы үшін белгілі бір әсері бар психологиялық ықпал түрі болып табылады. Ұсынылған тапсырмаларды орындау, проективті тапсырма немесе сұрақтамаларды толтыру немесе диагностикалық сұхбат болсын клиенттің отбасы мәселелерін,оларды тудырушы себептерді ұғыну деңгейінің артуына әкеледі. Түзетуші ықпал және оның әсері өз кезегінде отбасы өмірінде туындаған қиындықтар себептері туралы болжамды тексеру үшін қажетті диагностикалық ақпарат береді;
— кеңес беру үрдісінде позицияны құрылымдау принципі. Кеңес беруші мен клиенттің жайғасуы байланыс орнатудың басында жүзеге асады және проблеманы талдау және оның шешімін іздеу бойынша бірлескен іс-әрекетті ұйымдастыру қызметін атқарады. Позицияны құрылымдау клиенттің мотивациялық бағыттылығымен, оның тұлғалық ерекшеліктерімен және кеңес берушінің жүзеге асырған кеңес берудің теориялық моделімен, соның ішінде кеңес берушінің директивтілік шарасымен анықталады. Позицияларды байланыстырудың келесі нұсқаларын бөдуге болады: «тең қатынас», «кеңес берушінің жоғары деңгейдегі қатынаста болуы» және «клиенттің жоғары деңгейдегі қатынаста болуы».
— клиенттің өтініш білдіру мәтінін анықтау принципі. Шағым мәтінін анықтау кезінде клиенттің мотивациялық бағыттылығы сипатына және оның кеңес берушіге деген қатынасына көңіл бөлу керек. Клиенттің бағдарлануының үш түрін бөледі: қызметтік (адекватты немесе адекватты емес – кеңес берушінің күші мен мүмкіншіліктерін асыра айту), ренттік (кеңес берушіден пайда алуға бағытталған), ойын (кеңес берушіні және оның құзыреттілігін сынауға бағытталған) [Семья в психологической консультации, 1989]. Клиент мотивациясының басымдылығына байланысты шағым мәтіндерінде кездесетін әртүрлі бағдар (ниет) туралы айтуға болады. Олардың ішінде жиі кездесетіндері: 1) ауыртпалықты кеңес берушіге артуға және «дайын рецепт» алуға тырысатын «тұтынушылық» бағдары; 2) клиенттің өз мінез-құлқының дұрыстығын растайтын эмоциялық қолдау және кері байланыс алу мотивінен көрінетін мазасыздық-сенімсіз бағдары; 3) кеңес беру жағдаяты клиент үшін тұлғалық өсу ресурсы ретінде қолданылғанда көрінетін өзін-өзі дамыту бағдары; клиент қауіпсіздік, қамқорлық қажеттіліктерін қанағаттандыру мотивтерін жүзеге асырғанда көрінетін тәуелділік бағдары.
Өтініш білдіру мәтінін анықтау – кеңес беру стратегиялары мен тактикасын сауатты құрудың қажетті шарты.

Отбасына психологиялық кеңес берудің негізгі кезеңдері

Отбасына психологиялық кеңес берудің келесі кезеңдерін бөлуге болады: алдын ала жазылу кезеңі; бірінші қабылдау кезеңі; диагностикалық кезең; психологиялық қорытынды жасау кезеңі; проблеманың туындау себептерін бірлесе талдау және оны шешу жолдарын анықтау кезеңі; қорытынды кезеңі.
Алдынала жазылу кезеңі. Жазылу. Өтініштің бекітілуі. Клиент шағымы мен сауалын нысаналау. Отбасы және клиент туралы алғашқы ақпаратты жинау. Ұйымдастырушы сұрақтарды шешу. Клиентті жұмыс тәртібі мен регламентіне бағдарлау.
Біріншіқабылдау кезеңі. Кеңес берушінің клиентпен танысуы. Қосылу техникаларын қолдану арқылы байланыс орнату – кеңес берушінің отбасы мүшелерінің мінез-құлық стилі мен ерекшеліктеріне еліктеу ретіндегі аккомодация (С. Минухин), белсенді эмпатиялық тыңдау (К. Роджерс). Кеңес берушінің өзін таныстыруы және кеңес беру үрдісінде позицияларды құрылымдауы. Сенім және қауіпсіздік атмосферасын орнатуы. Бұл кезеңде отбасы құрамы, отбасы мүшелерінің әрқайсысының жасы, білімі, мамандығы және олардың қарым-қатынас, өзара әрекеттесу ерекшеліктері туралы жалпы ақпарат алу керек. Бұл тұста оңтайлы әдіс – отбасының үш ұрпағы үшін генограмма құру болып табылады. Егер жұмыс тұтастай отбасымен жүргізілетін болса, онда өтініш білдірілген проблемаға қатысы бар отбасы мүшелерінің әрқайсысының позициясын анықтап алған жөн.
Сауалды қайта тұжырымдау. Психологиялық кеңес беруді жүргізу келісімшартына бітім жасау.Келісімшарт негізінде кеңес беру мақсаттары мен клиентке көрсетілетін психологиялық көмек формасы келісіледі. Клиент пен кеңес берушінің жауапкершілігі мәселесі және олардың жұмыс үрдісіндегі қызметтері талқыланады. Ұйымдастырушы мәселелерді келісу жүзеге асырылады: кездесу саны, оның ұзақтығы мен мерзімділігі, қатысушылар құрамы, кеңес беру ақысы.
Диагностикалық кезең. Клиент мәселесін нақтылау. Оны диагноз стереокоптылығы принципіне сәйкес зерттеу, отбасының рөлдік құрылымын және оның ішкі, әлеуметтік ресурстарын анықтау. Ерлі-зайыптылармен танысу сәтінен бастап отбасының даму тарихын реконструкциялау. Проблемалық жағдаяттарды, типтік отбасылық сценарийді талдау, отбасылық мифтерді анықтау және талқылау. Проблема мазмұны мен себептері туралы жұмысшы болжамды тұжырымдау. Шығарылған болжамды тексеру мақсатында қажетті диагностикалық тексеруді жүргізу.
Психологиялық қорытынды жасау кезеңі. Психологиялық диагноз мен болжамды тұжырымдау. Диагностикалық қорытынды отбасының объективті статусын сипаттап, отбасының объективті мәселесіне жасалған шағымына сай қорытынды жасауы қажет және ол негіздемелермен тұжырымдалып, отбасының одан әрі қызмет етуіне жағымды баға беруі керек. Отбасы мәселесін жеңу бойынша ұсыныстардың жалпы жоспарын жасау. Кеңес беруші психологиялық қорытындыны клиентпен кездеспейтін уақытта дайындауы тиіс. Кеңес беруші проблеманы талдау және түсіндіру нәтижесін, сонымен қатар келесі кезеңді жүргізуге арналған негіздемені ұсынуы қажет. Бірқатар жағдайларда психологиялық қорытындыны дайындау проблеманы бірлесе талдау және оны шешімдерін іздестіру кезеңдерімен қабысып жатады.
Проблеманың туындау себептерін бірлесе талдау және оны шешу жолдарын анықтау кезеңі. Проблеманы талдауға бағытталып, отбасы қызметінің«күшті», «ресурсты» және «әлсіз» аспектілерін бөлу. Тиімсіз қызмет ету себептерін анықтау. Психологиялық диагноздың негізгі қағидаларын талқылау. Шартты-вариантты болжауды бірлесе жасау. Мәселенің шешілу мүмкіндігін қарастыру, шешімдердің әрқайсысының «жақсы» және «кемшілік» жақтарын жан-жақты бағалау. Шешім қабылдау, оны жүзеге асыру жоспарын құру. Отбасы мүшелері арасында жауапкершілік пен қызметтерді бөлу. Қабылданған шешімді өмірде жүзеге асыруға «үй тапсырмалары» жүйесін жасау.
Қорытындыкезеңі. Қорытындылау. Қабылданған шешімнің іске асырылуын бақылау және бағалау. Кеңес берушімен бірлескен жұмысты аяқтау, одан әрі орнатылатын байланыс түрі мен серзімін талқылау. Отбасында туындайтын қиындықтар мен проблемалардың алдын алу бойынша профилактикалық және превентивті шаралар жоспарын бірлесе құру.
Аталған психологиялық кеңес беру кезеңдері бірізділікпен жүзеге аса бермеуі де мүмкін, уақыты немесе жалғасу қисындылығы жағынан бұзылуы ықтимал, кейде алдағы кезеңдерге өтпес бұрын өткен кезеңге қайта оралатын жағдайлар да болады. Кезеңдердің ұсынылған бірізділігі кеңес беру жұмысы мен процедураларының бір түрінен келесі түріне өту заңдылығын анықтайды.
Некеге түсу мәселесі бойынша кеңес беру елімізде психологиялық кеңесті сирек талап етеді. Әдетте клиент болашақ ерлі-зайыптылар ретіндегі серіктестердің психологиялық үйлесімділік деңгейін бағалауға өтініш білдіреді. Бұл жағдайда кеңес берудің міндеті – әрбір серіктестен отбасы құндылығы және отбасы қызметінің принциптері мен нормалары, рөлдік мінез-құлықтан күтілетін күтілімдер туралы түсініктерді анықтап алу және оларды талқылау. Отбасында қызметтерді бөлу, басқару, балаларды дүниеге әкелуді жоспарлау, контрацепция және түсік жасату, сексуалды қатынастар, ерлі-зайыптылық көзге шөп салу, қаржылық және отбасылық бюджет мәселелері ашық әрі шын тақылануы қажет. Бюджетті бөлу сипаты бойынша тапсырма түрлерін лайықты қолданып, рөлдік ойын және проективті түрде (мысалы, «20 жылдан кейінгі біздің отбасымыз» суреті) т.б. шығармашылық тапсырмалар элементтерін қолдана отырып, отбасының өмірлік жағдайларына қажетті перспективті жоспар құру керек.
Отбасын құруды қалайтын жұппен жұмыс жасаудың тағы бір бағыты некеге түсуге психологиялық дайындыққа, экономикалық және қаржылық дербестілік талаптарына сәйкестік деңгейіне, ата-ана отбасынан эмоциялық автономияға, жауапкершілік алуға тұлғалық кемелдік деңгейін бағалауға диагностика жүргізу болып табылады.
Эмпатияны, коммуникативті құзыреттілікті, жанжалдық жағдаятты «отбасылық кеңес» әдісімен шешу ептілігін дамытуға бағытталған бағдарлама жасаудың профилактикалық маңызы зор.
Бала күтіп жүрген отбасына психологиялық көмек – басты мақсатты жүзеге асыру қажеттілігімен – ана мен әкенің ата-аналық позициясын және баланың дүниеге келуіне байланысты отбасылық жүйені қайта құруға дайындығын қалыптастырумен анықталады. Оның негізгі міндеттері:
— ата-аналық жауапкершілікпен қоса құндылық-мағыналық және мотивациялық деңгейде ата-аналық позицияны қалыптастыру;
— баланың ішкі құрсақта дамуы, жүктілік ағымы мен туу, олардың бала мен ана үшін психологиялық маңыздылығы туралы когнитивті хабардарлық деңгейін арттыру;
— нәрестелік және ерте сәбилік жастағы балаларды дамыту және тәрбиелеу мәселелері бойынша психологиялық-педагогикалық құзыреттілік деңгейін жоғарылату;
— функционалды және психикалық күйлерді өзіндік басқаруды, туу кезіндегі мінез-құлық, балаға күтім жасау дағдыларын қалыптастыру;
— ерлі-зайыптылық қатынастарды оңтайландыру, отбасының өмірлік стилін жоспарлауға көмектесу, бала өмірге келгеннен кейінгі міндеттерді бөлу;
— жүктілік кезінде баламен ашық эмоциялық қарым-қатынас дағдыларын дамыту, бала бейнесін қалыптастыруға көмектесу [Ланцбург, 2000; Захарова и др., 2002]. Ата-ана позициясын қалыптастыру бойынша арнайы жұмыстар ата-ана мектептерінде жүргізіледі, олардың міндеті ата-аналардың әке болуға және ана болуға дайындыққа диагностика және коррекция жұмыстарын жүргізу, отбасындағы деструктивті үрдістердің алдын алу және ата-аналық құзыреттілікті дамыту.
Ерлі-зайыптылардың көзге шөп салуы мәселесі бойынша кеңес беру. Ерлі-зайыптылардың көзге шөп салуы ерлі-зайыптылық қатынастарды қалыпқа келтіру немесе некелік одақтың ыдырауы арқылы шешілуі мүмкін. Көптеген жағдайда көзге шөп салу жағдаяты ұзақ жылдар бойынша шешілмеген күйде қалады. Ерлі-зайыптылық қатынас ыдыраған жағдайдағы клиентке психологиялық көмек көрсетудің міндеті жаңа өмір салтын құрудан, уайымға салыну реакцияларын жеңдіріп, жоғалғанның орнын толтыруға мүмкіндік беретін жаңа тұлғааралық қатынастарды қалыптастырудан тұрады. Ерлі-зайыптылық қатынастарды қалыпқа келтіру жағдайында кеңес беру міндеттері келесідей: қызғану реакциясын жою және жеңу, «кешіру моралін» қалыптастыру [Волкова, 1989]; өз мінез-құлқын және аффективті әсерленулерін бақылау ептілігін қалыптастыру; көзге шөп салу себептері мен өз қателіктерін талдау; серіктеспен жаңа қатынас орнату. Психологиялық жұмыстың конструктивті емес тәсілі ерлі-зайыптылық көзге шөп салу фактісі мен серіктестің өзініңқұнын төмендету стратегиясы болып табылады. маңызы бар іс-әрекетке көңіл аударту – жұмысқа, оқуға, балаларды тәрбиелеуге, хобби, қызығушылықтарға – бұл іс-әрекет түрлері уақытша көңіл сергітуге көмектескенмен проблеманы «ұмытуға» және аффективті әсерленулердің қарқынын сейілтуге көмектеседі.
Ерлі-зайыптылық көзге шөп салуға психологиялық кеңес берудіңА.Н. Волкова ұсынған үлгісі:
1. Көзге шөп салу бейнесін қалыптастыру:
— ерлі-зайыптылық көзге шөп салудың себептері туралы түсініктерді басшылыққа ала отырып, қарсыластың психологиялық мінездемесін жасау;
— қызғану реакциясының «қалыптылығын» анықтау;
— қызғанушының мінез-құлық белсенділігінің деңгейін және қызғаныштағы басым реакцияларды анықтау, оларды анағұрлым конструктивті сипатқа өзгерту;
— реакциялардың қарқындылығын, олардың өмірге және көзге шөп салуға ықпалын анықтау.
2. Ерлі-зайыптылық көзге шөп салуға қатысушылардың тұлғалық ерекшеліктерін зерттеу.
3. Клиенттің қызғанышын жеңу мәселесі бойынша жұмыстарды оңтайландыру және ерлі-зайыптылық қатынастарды мүмкін болса қайта қалыпқа келтіру мақсатында психологиялық ықпал ету әдістерін таңдау.

Отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі бойынша кеңес беру.

Отбасында зорлық көрсету–серіктесті бақылауға алып, қорқыту мақсатында қайталап отыратын зорлау түрлерінің инциденті. Отбасында зорлық көрсету жақын туысқандар арасында тұлғаға физикалық, экономикалық, психологиялық және сексуалды бүліншілік жасау циклі.Зорлық көрсету циклі зорлауды үдету кезеңдерінен, соның ішінде физикалық жарақаттаудан, жанжалдық пен зорлықты үдетудентұрады. Отбасында зорлық көрсету агрессия актісі ретінде әйел мен күйеу, ата-ана мен бала, басқа да туысқандар арасында болуы мүмкін. Көбіне жәбірленетіндер әйелдер мен балалар. Көп жағдайда әйелдердің өзі күйеуі тарапынан зорлаушы агрессивті әрекеттер субъектісіне айналады. Балалар анаға қысым көрсететін және белгілі бір әрекеттерге мәжбүрлейтін құрал тәрізді агрессор ретінде қолданылады. Мәселен, ажырасу кезінде бала әкеде қалса ана құқығына айла-шарғы жасалады.
Әйелдерге қатысты отбасында зорлық көрсету өкінішке қарай жиі кездеседі, әрі кеңес уақытынан кейінгі жылдардан күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Түрлі деректер бойынша қазақстандық және ресейлік әйелдердің шамамен 30%-ы үй ішіндегі зорлық-зомбылықтан азап шегеді екен. АҚШ және Батыс Европада үй ішіндегі зорлық-зомбылықтан азап шегетін әйелдерге мамандандырылған көмек айтарлықтай ерте қолға алынған, Қазақстанда осындай әйелдерге сенім телефоны 90-шы жылдарда ғана пайда болды.
Отбасына кеңес беру негізінде отбасында зорлық көрсетудің себептерін түсіндіретін үш модельді атауға болады. Әлеуметтік-мәдени – отбасындағы зорлықты қалыптасқан дәстүр мен қоғамдағы әлеуметтік ұйымдар ерекшеліктерімен түсіндіреді. Отбасындағы зорлық көшедегі және әлеуметтік зорлықтың жалғасы ретінде көрінеді, сондықтан тоталитарлы қоғамдарда отбасылық зорлық деңгейі жетіп артылады.
Билік жүргізуші, төреші және жазаны орындаушы еркек болып табылатын патриархалды отбасының дәстүрі қазіргі отбасында тұрмыстағы ережелер мен құқықтық нормаларды жасаудың алғышартын құрайды. Отбасында билік демократизациясы және қоғамдағы әйел позициясын өзгерту отбасындағы билікті қайта бөлуге әкеледі, көп жағдайда қарым-қатынастың бұрынғы жүйесін өзгертуге қарсылықты – зорлыққа қарсылықты тудырады.
Жүйелі модельде зорлау отбасының рөлдік құрылымының және ондағы коммуникацияның тиімсіздігінің нәтижесі ретінде қарастырылады, агрессивті әрекеттер тиімсіздікке әкеледі, психоаналитикалық модельде күйеудің әйелге қатысты агрессиясы балалық жастаата-анамен қарым-қатынаста нарциссизм, фрустрация, қорғансыздық, өзін төмен бағалау, шектен тыс мазасыздық т.б. сияқты мінез-құлықтан көрінетін тұлғалық дамудың ауытқушылығы салдарынан болады. Отбасындағы зорлық-зомбылық түрлері:
— физикалық зорлық – ұрып, соғу, қылғындыру, күйдіру, медициналық көмекке жүгінуді шектеу, күштеп ұстау т.б. Физикалық зорлықтың ең көп тараған түрлерінің бірі үйде зорлық көрсету (көмек сұрауға келетін әйелдердің 95 %-ы күйеуінің физикалық зорлығынан азап шегетіндер);
— сексуалды зорлық – сексуалды қысым көрсету, зорлау, жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу, ауырту, жарақаттау т.б.;
— психологиялық зорлық – қауіп төндіру, қорлау, балағаттау, үнемі сынап-мінеу, бопсалау, белгілі бір әрекеттерді мәжбүрлі орындауын қатаң бақылау, қажеттіліктерін қанағаттандыруды шектеу, достармен, ағайын-туыстарменқарым-қатынасқа, кәсіби қызметімен айналысуға тыйым салу, жеке басын кемсіту т.б.Психологиялық зорлық көрсету тұлғаның жеке басының бұзылуына, тұлғалық дамуының ауытқуына, депрессияға, қорқыныш, үрейге, агрессияға әкелуі мүмкін;
— экономикалық зорлық – қаржылық қолдау көрсетуден, балаларды асыраудан бас тартау, отбасының қаржылық ресурсын өз еркінде ұстау, әйелі мен балаларының қажеттіліктері мен керек-жарақтарын елемеу.
Қазіргі таңда әйелдерге отбасында зорлық көрсету мәселесі бойынша кеңес беру мамандандырылған дағдарыстық орталықтарда жүргізіледі. Психологиялық кеңес беру міндеттері: клиенттің эмоциялық күйін тұрақтандыру; проблеманы зерттеу, қолдаудың қайнар көзін анықтау; жағдаятты өзгерту туралы шешім қабылдау (жұбайынан кету, уақытша немесе жеке тұру, ажырасу, зорлау әрекеттерін жасаған жұбайымен сөйлесу, делдалдықты қолдану, қорғану үшін құқық қорғау органына өтініш жасау т.б.) және әрекет ету жоспарын құру.Әрекеттер жоспарының маңызды құрамдас бөлігі «қауіпсіздіктің жеке жоспары». Мұндай жоспарды жасау мыналарды көздейді: зорлау жағдайында көмек сұрайтын адамдарды талқылау (көршілер, милиция, куәгерлер); бассауғалайтын пананы анықтау (достар, туыстар, дағдарыстық орталықтар);зорлау жағдайында шұғыл эвакуацияға қажетті ресурстарды жұмылдыру (құжаттар, ақша, қажетті заттар, дәрі-дәрмектер, бала ойыншықтары); зорлау қаупі төнген жағдайда балалар бопсалау құралы немесе агрессиянысаны болмас үшін оларға превентивті сепарациялау жоспарын құру.
Егер отбасында бала болса әйелге көмек көрсетіп, қолдау қажет. Бала қауіпсіздігі мен амандығын қамтамасыз ету әйелдің өз күшіне, мүмкіншіліктеріне сенім артып, дағдарыстық жағдаятты өз бетінше шешуіне септігін тигізеді. Зорлық көрсету – әйелде қорқыныш сезімін тудырып, дәрменсіздікке, сенімсіздікке, өзін төмен санап, кемсітуге әкеледі. Көбіне отбасында зорлық көрген әйелдерқорқыныш пен қайратсыздықты,тәуелділікті сезініп қана қоймай, ұялу, кінәлілік сезімінде болып, өзіне деген құрметті жоғалтады. Ананың балаларының амандығына, өз өмірі мен денсаулығына жауапкершілік алуы өзін-өзі құрметтеуіне, өзін-өзі қабылдауына,Мен сезімінің нығаюына жәнедағдарысты жеңуге маңызды қадам жасауына мол мүмкіндік береді. Отбасында зорлық көрсету мәселесі бойынша психологиялық кеңес беру үйдегі зорлықтың құрбанына құқықтық, экономикалық және әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ететін қажетті іс-шаралармен жүзеге асырылуы тиіс.
Ажырасу мәселесі бойынша кеңес беру. Ажырасу мәселесі бойынша психологиялық кеңес беру міндеттері ажырасу туралы шешім қабылдап қойған ерлі-зайыптылармен жүзеге асырылады. Бұл жерде ажырасуды психологиялық сүйемелдеу туралы мәселе қозғалады. Аталған сүйемелдеубалалары бар отбасы үшін сөзсіз қажет. Көптеген жағдайда мұндай кеңес беру ақпараттық қызмет атқарады[Алешина, 1994].
Ажырасу кезіндегі кеңес берудің негізгі міндеттері келесідей:
— шектеулі уақытта ерлі-зайыптылардың экономикалық мәселелерін – территориалды дауласуларды, мүліктерді бөлуді, материалды-қаржылық қолдауды шешуде делдалдық жасау;
— қамқорлыққа алу, жеке тұратын ата-ана қатынасының шарттарын келісу,бала тәрбиесі (кездесі жиілігі, ұзақтығы, территориясы, үшінші адамның қатысуы т.б.) мәселесі бойынша кеңес беру;
— балаларды отбасының ажырасуына дайындау және ата-ананың біреуін сепарациялау мәселесі (баланы ажырасу туралы хабар ету уақыты мен формасы, ажырасу және ажырасудан кейінгі кезеңде ата-ана мінез-құлқы стратегиялары мен тактикасын қалыптастыру) бойынша кеңес беру;
— отбасының жаңа бейнесін қалыптастыру, отбасының рөлдік құрылымының өзгеруіне және әйелдің жұмысқа шығуына (әдетте ана бұрын жұмыс істемесе ажырасудан кейін жұмысқа шығады немесе үстеме не қосымша жұмыс іздейді) байланысты мәселелерді шешуге көмек көрсету;
— ажырасуды бастан кешірген балалардың эмоциялық-тұлғалық бұзылыстарының алдын алу ретінде бала-ата-аналық қатынастар мен отбасылық тәрбиені оңтайландыру;
— эмоциялық ажырасуды сүйемелдеу, ажырасқан ерлі-зайыптыларға әлеуметтік қолдау желілерін жасау;
— ажырасқан ерлі-зайыптылардың тұлғалық иденттілігін реконструкциялау міндеттерін шешуде ынтымақтасу, депрессия, мазасыздықтың, қорқыныштың және фобиялық реакциялардың алдын алу;
— дамудың эмоциялық-тұлғалық бұзылыстарының және мінез-құлықтық дезадаптацияның алдын алу мақсатында баламен жұмыс жасау;
— бала тәрбиелеу қызметін тиімді орындау шарттарын қамтамасыз ету үшін ажырасқан ерлі-зайыптылардың қатынастарын оңтайландыру.
Ажырасқаннан кейінгі кезеңде бала-ата-аналық қатынастарды оңтайландыру саласында кеңес беру жұмысының маңызды бағыты ажырасқан, бөлек тұратын ерлі-зайыптылардың ата-аналық қызметін жүзеге асырудың нақты түрлерін анықтау үшін ата-аналар арасындағы келіссөздерге делдалдық жасау болып табылады. соңғы онжылдықта әкелердің өзінің тәрбиелік рөлін сақтау бағытындағы бастамашылдығы мен белсенділігі айтарлықтай артып келеді. Өкінішке қарай, психологтар кеңес беруде аналардың ажырасқаннан кейін әкенің баламен қатынасын сақтауына қарсылықтарын жиі кездестіріп жатады. Сондықтан, бала тәрбиесіне әкенің қатысы туралы келісімге жету үшін ата-аналардың басшылыққа алуы қажет негізгі принциптерді білу керек.

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Отбасына кеңес беру және отбасы психотерапиясы ұқсастықтары мен айырмашылықтары неде?
2. Отбасымен психологиялық жұмыстың негізгі модельдеріне сипаттама беріңіз.
3. Отбасына кеңес берудің міндеттері қандай?
4. Ерлі-зайыптылардың көзге шөп салуы мәселесі бойынша психологиялық кеңес беру стратегиясын сипаттаңыз.
5. Отбасына кеңес берудің негізгі кезеңдерінің бірізділігі қандай?
6. Кеңес беру үрдісінің негізгі кезеңдерін ашып айтыңыз.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *