ОТБАСЫ ПСИХОЛОГИЯСЫНЫҢ ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗІ

1ОТБАСЫ ПСИХОЛОГИЯСЫНЫҢ ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗІ

Қазіргі отбасы және оның мәселелері психология, педагогика, әлеуметтану, демография, экономика сияқты бірқатар ғылымдардың зерттеу нысанына айналып келеді. Аталған ғылымдардың әрқайсысы отбасы қызметтерін және оның даму мәселелерін өз ерекшелігіне орай қарастырады. Экономика – бұл отбасының тұтынушы аспектілерін және оның өндірістегі материалды игіліктері мен қызметтерін қарастырады. Этнография – түрлі этникалық сипаттағы отбасылардың тыныс-тіршілігі ерекшеліктерін зерттейді. Демография – халықтың өсу үрдісіндегі отбасы рөлін қарастырады. Педагогика – отбасының тәрбиелік мүмкіндіктерін айқындайды.
Отбасын зерттеуде аталған бағыттардың бірігуі әлеуметтік құбылыс ретіндегі отбасы жайлы біртұтас түсінік алуға мүмкіндік береді.
Отбасы психологиясы – отбасындағы тұлғааралық қатынастар, тұлғаның дамуына ықпал ету тұрғысында отбасы ішіндегі қатынастар (олардың тұрақтылығы) заңдылықтарын зерттеуге баса назар аударады. Заңдылықтарды білу – отбасылармен практикалық жұмыс жасауға, диагностика жүргізуге және отбасылық өзара қатынастарды қайта құруға көмектеседі. Тұлғааралық қатынастардың негізгі параметрлері – статусты-рөлдік ерекшеліктер, психологиялық дистанция, қатынастар валенттілігі, динамикасы және тұрақтылығы.
Отбасы психологиясының пәні – отбасының қызметтік құрылымы, негізгі заңдылықтары және оның даму динамикасы; отбасында тұлғаның дамуы.
Отбасы психологиясының міндеттері:
— өмірдің әртүрлі кезеңдеріндегі отбасының қалыптасу заңдылықтарын және оның қызметтік-рөлдік құрылымының дамуын зерттеу;
— некеге дейінгі кезеңді, некелік серіктесті іздеу және таңдау ерекшеліктерін зерттеу;
— ерлі-зайыптылық қатынастардың психологиялық ерекшеліктерін зерттеу;
— бала-ата-аналық қатынастардың психологиялық ерекшеліктерін зерттеу;
— баланың әртүрлі жас кезеңдерінде дамуындағы отбасылық тәрбиенің рөлін анықтау;
— отбасының қалыпты емес дағдарыстарын зерттеу және оларды жеңу стратегияларын жасау.
Отбасы психологиясы саласында практикалық білімдерді қолдану – отбасы психологы мен отбасына кеңес беруші қызметінің келесі түрлерін талап етеді:
— неке, некелік серіктесті таңдау және некелесу мәселелері бойынша психологиялық кеңес беру;
— ерлі-зайыптылық қатынастар мәселелері (диагностика, түзету, алдын алу) бойынша кеңес беру;
— отбасына дағдарыстық жағдаяттарда және ажырасуда психологиялық көмек көрсету;
— бала-ата-аналық қатынастарға кеңес беру, диагностика жүргізу, алдын алу және түзету;
— балалар мен жеткіншектерді тәрбиелеу мәселелері (дамудағы бұзылыстар мен ауытқушылықтарға диагностика жүргізу, алдын алу және түзету) бойынша психологиялық кеңес беру;
— «тәуекелдік топ» балаларын және дарынды балаларды тәрбиелеу мәселелері бойынша психологиялық кеңес беру;
— бала асырау және асыранды балаларды тәрбиелеу мәселелері бойынша психологиялық көмек көрсету;
— «отбасынсыз» (жақындарымен қарым-қатынас депривациясы жағдайындағы) тәрбиеленіп жатқан балалар мен жеткіншектердің дамуындағы ауытқушылықтар мен бұзылыстардың алдын алу;
— нағылеттер жүктілігіне психологиялық кеңес беру және психологиялық қолдау;
— ата-аналардың қалыптасуына психологиялық қолдау көрсету.
Әлеуметтік институт ретіндегі отбасы қызметтерін анықтау көптеген өзгерістерге ұшырады. Қазіргі таңда отбасы – бұл шағын әлеуметтік топ, ерлі-зайыптылық одаққа және туыстық байланыстарға, яғни бірге тұрып, ортақ шаруашылықты жүргізіп жатқан ер мен әйелге, ата-ана мен балаларға негізделген жеке тұрмыс құрудың маңызды формасы.
Туыстық байланыстардың үш түрі бар: қандас туыстық (ағайындар, апалы-сіңлілер, аға-қарындастар), туылу (ата-ана – бала), некелік қатынастар (ер мен әйел, ерлі-зайыптылар).
Психологиялық-педагогикалық тұрғыда отбасы – бұл ата-ана мен балалар арасындағы, ерлі-зайыптылардың және басқа да отбасы мүшелерінің қарым-қатынасының тарихи жүйесі болып табылады. Қазақ тілі түсіндірмелерінде «Отбасы – өзіне, неке мен қандас туысқа негізделген шағын топ», – деген анықтама берілген.
Отбасы, біріншіден, шағын әлеуметтік топ ретінде қарастырылады және оның қызметі тиімділігі топ ішіндегі коммуникация, яғни отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынас, билік және көшбасшылық мәселелеріне, жанжалдарды шешуге, әлеуметтік орталармен топаралық өзара әрекеттесулерге байланысты.
Екіншіден, шағын әлеуметтік топ ретіндегі отбасының ерекше сипаты – жоғары аффективті қарқындылықпен және отбасы мүшелері арасындағы қатынастардың эмоциялық «қанықтылығымен», бір жағынан – махаббатпен, сүйіспеншілікпен, басқа жағынан алғанда – өшпенділікпен, жек көрушілікпен, шеттетілумен байланысты.
Отбасы ұғымымен неке ұғымы қатар жүреді. Неке – айрықша әлеуметтік институт, ер мен әйел арасындағы қатынастарды, олардың құқықтарын және бір-біріне және олардың балаларына қатысты міндеттерін әлеуметтік жағынан реттейтін, тарихи қалыптасқан қатынас түрі. Неке – отбасын құрудың негізі. Неке және отбасы –қандас байланыста тұратын адамдар арасындағы байланыстарды реттейтін қоғамдық қатынас түрі, алайда аталған ұғымдар бір-біріне жақын болғанымен, ұқсас ұғымдар болып саналмайды.
Отбасы қызметтері. Отбасының маңызды қызметі – адамның қалайтын бақытын қанағаттандыратын фелицитивті ( лат. сөзі felicio —бақыт) қызмет болып табылады.
Отбасы –тұлғаның эмоциялық саулығының маңызды факторы. Махаббат пен неке тұлғаның бақытты сезінуі мен өмірге қанағаттануын анықтайды.
Қазіргі отбасы психологиясы мен отбасылық психотерапияда отбасын талдауға қатысты екі теориялық ұстанымды бөлуге болады. Бірінші ұстаным бойынша отбасы – ортақ және әртүрлі қызығушылықтары бар индивидтер тобы, отбасылық контекст тұлғаны әлеуметтендіру және дамыту ортасы ретінде түсіндіріледі. Отбасын осылайша түсіндіру – отбасы психологиясының дербес сала ретінде қалыптасуының бастапқы кезеңіне тән және ол белгілі бір дәрежеде мінез-құлықтық тәсілдемеде және психоанализде көрініс табады. Екінші ұстаным бойынша отбасы біртұтас жүйе ретінде қарастырылады және талдау «бірлігі» отбасы болып табылады. Бұл ұстаным жүйелі отбасылық терапияға және отбасының аддитивті емес сипатына баса назар аударатын психологтарға тән.
Отбасына жоғарыда берілген анықтамада отбасы құрылымының екі жүйесі – ерлі-зайыптылық және бала-ата-аналық жүйесі нұсқалған. Екі ұрпақ қазіргі нуклеарлы отбасы құрамын анықтайды: «отбасы архитекторлары» ретіндегі ерлі-зайыптылар [Сатир, 1992] және олардың балалары, яғни ата-аналар сияқты отбасының тең құқылы мүшелері және отбасының «құрылысшылары».
Отбасы – кез келген жүйе тәрізді бірқатар қызмет атқарады, олар отбасы спецификасын, мәдени-тарихи дамуын, сонымен қатар отбасылық өмір циклдері кезеңдерін бейнелейді:
— Экономикалық (материалды-өндірістік), шаруашылық-тұрмыстық. Индустриалды қоғамға дейін отбасы барлық негізгі материалды қызметтерді қамтамасыз ететін алғашқы топ ретінде қарастырылды. Қазіргі кезеңде отбасының экономикалық қызметі оның мүшелерінің табыстарының бірігуімен және бұл табыстарды отбасының әрбір мүшесінің қажеттіліктеріне сай тұтынуға бөлуімен анықталады. Шаруашылық-тұрмыстық қызмет отбасы тұрмысын ұйымдастыру түрінде және отбасының әрбір мүшесінің жеке тұрмысында жүзеге асады.Үйде атқарылатын міндеттерді бөлу және олардың мазмұны тарихи кезеңдермен, өмір жағдайларымен, отбасы құрамымен және өмірлік цикл кезеңдерімен байланысты.
— Репродуктивті (бала туу және халықтың ұдайы өсіп-өнуі). А.Г. Харчев бұл қызметті халықтың өсуін қамтамасыз ететін отбасының маңызды әлеуметтік қызметі ретінде санайды. Отбасының аталмыш репродуктивті қызметінің маңыздылығы Ежелгі Рим қоғамында Август императоры билік еткен кезде Рим азаматтарының дүниеге бала әкелуін арттыру заңы шыққанда мойындалды.Өмірге бала әкелуді жоспарлау және халықты өсіп-өндіру міндеттерін шешу кез келген елдің мемлекеттік саясатының маңызды қызметін құрайды.Бұл мәселе бала туу дағдарысымен және адам ресурстары «тапшылығымен» немесе керісінше дүниеге бала әкелу деңгейін шектеу қажеттілігімен ұштасып жатса да өзінің маңыздылығын жоймайтын мәселе болып табылады.
— Бала тәрбиелеу қызметі. Отбасы баланы алғашқы әлеуметтендіру институты. Ол қоғамның даму үздіксіздігін, адамзат ұрпағының жалғасын, заман байланысын қамтамасыз етеді.Отбасындағы тәрбиенің, баланың жақындарымен эмоционалды-жағымды толыққанды қарым-қатынасының, баланың ерте жаста үйлесімді дамуын анықтайтындығы белгілі. Бала қаншалықты бой жетсе де отбасының тәрбиелік қызметінің маңыздылығы жойылмайды, оның тек міндеттері, құралдары, желісі, ата-аналармен ынтымақтасу және келісім (кооперация) ғана өзгереді. Қазіргі уақытта бала тәрбиелеу отбасыныңмаңызды әлеуметтік қызметі ретінде қарастырылады.
— Сексуалды-эротикалық қызмет. Дара әрі қайталанбас тұлға ретіндегі тұрақты серіктеспен таңдамалы, тұрақты сексуалды қатынастар ғана серіктестердің толық сексуалды үйлесімінеқол жеткізуді қамтамасыз етеді.
— Рухани қарым-қатынас қызметі –отбасы мүшелерінің рухани дамуын көздейді; ақпаратпен алмасу; тұлға үшін аса маңызды әлеуметтік-саяси, кәсіби, қоғамдық өмір мәселелерін талқылау; әдеби және көркем шығармалар, музыка контексінде қарым-қатынас; отбасы мүшелерінің тұлғалық және интеллектуалды өсуіне жағдай жасау.
— Эмоциялық қолдау және қабылдау қызметі немесе психотерапиялық қызмет қауіпсіздік сезімін, эмоциялық өзара түсіністікті және жанашырлықты қамтамасыз етеді. Қазіргі отбасында бұл қызметтің басқа аспектісі тұлға бойында өзін-өзі көрсету және өзін-өзі таныту қажеттіліктерін қалыптастыруды көздейді.
— Рекреативті (қалыпқа келтіруші) қызмет – отбасы мүшелерінің нервтік-психикалық денсаулығы мен психикалық тұрақтылығын қалыпқа келтіру жағдайларын қамтамасыз етеді.
— Әлеуметтік басқару, бақылау және қамқорлыққа алу (отбасының кәмелетке толмаған жәнеәрекет ете алмайтын мүшелеріне қатысты) [Зацепин, 1991; Эйдемиллер, Юстицкис, 1999].
Соңғы онжылдықта адамның аффилиацияға және махаббатқа мұқтаждығын эмоциялық қолдау мен қабылдау қызметінің маңызы айтарлықтай артты. Қазіргі қоғамда махаббат отбасындағы қатынастардың маңызды сипаттамасы болып табылады, некеге түсу – ең алдымен ерлі-зайыптылар арасындағы махаббатпен анықталады. Дегенмен де ажырасусебептері көп жағдайда ерлі-зайыптылардың эмоциялық-тұлғалық қатынастарынан туындап жатады: ажырасу кезінде ерлі-зайыптылар көбіне махаббат сезімінің және эмоциялық жақындықтың жоғалуына, эмоциялық қолдау мен өзара түсіністіктің болмауына шағымданып жатады.
Отбасы қызметтері бірдей емес, олар иерархиялық құрылымды құрайды. Қызметтер иерархиясы әлеуметтік-мәдени институт ретіндегі отбасы тарихымен анықталады. Ол тарихи кезеңдерге, әлеуметтік-мәдени ортаға және отбасының өмірлік циклдері кезеңдеріне байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, ХІХ ғ. отбасы құрылымы мен тыныс-тіршілігі шаруашылық-тұрмыстық қызметтің үстемділігімен анықталды, репродуктивті және бала тәрбиелеу сияқты маңызды қызметтері жанама түрде атқарылды. Дүниеге бала әкелу отбасы шаруашылығында жұмыскерлер санын арттыру мақсатымен байланысты болды. Балалар жұмыс күшін арттыруға және ата-аналарды қартайған кезде бағып-қағуға кепілдік ретінде қажет болды. Отбасында ұл баланың өмірге келуі – басқа қонған бақ ретінде бағаланды, ұл балалар отбасының шаруашылық игілігін нығайтатын жігерлі жұмыскерлер болып саналды. Қыз баланың өмірге келуі, керісінше отбасының өркендеуін күйретуші қауіп ретінде қабылданды. Қыздар тұрмысқа шығып, отбасыншығынға салады, отбасындағы мүліктің бір бөлігін өз жасауы ретінде алып кетеді. Отбасының тағы бір қызметі – әлеуметтік мәртебені жеткізу қызметі қазіргі қоғамда өз мәнін жоғалтты. Мұрагерлік монархия, аристократиялық лауазымды мұрагерлікпен беру мәртебе мен биліктің сабақтастығын қамтамасыз етті. Қазіргі уақытта мұндай қызмет тек кейбір бай, қуатты,жоғары қызметтегі отбасыларда жүзеге асырылады, әдетте ол мұрагерлік негізінде емес, элитарлы білім беру мен қарым-қатынастың тиісті ортасына енгізу есебінен жүзеге асырылады.
Сонымен, постиндустриалды қоғамдағы отбасының екі маңызды қызметті – экономикалық және әлеуметтік мәртебені жеткізу қызметтерін жоғалтты(Т. Парсонс).
ХХ ғ. өсіп келе жатқан жас ұрпақты әлеуметтендіруші институт ретіндегі отбасының рөлі айтарлықтай жоғарылады. Балалық шақтың ұзақтығы ұлғайды, жас шақтарының дамуының жаңа кезеңдері пайда болды – балдәурендік шаққа хронологиялық шегі анағұрлым кең бозбалалық (бойжету) кезең қосылды. Отбасы өмірінде балаларды тәрбиелеу қызметі ерекше маңыздылықты иеленді, ата-аналық қамқорлық кішкентай сәбилерге ғана емес, ересектерге де көрсетілетін болды. Баласыздық қазіргі кезеңде ерлі-зайыптылар үшін отбасылық өмірге қанағатсыздық күйін сезіндіріп, некенің мәнін жоғалтты.Қазіргі отбасы – ХХ ғ. екінші жартысындағы және біздің ғасырымыздың басындағы отбасы өзін «психотерапиялық одақ» ретінде анықтайтындығы айқын байқалады.Отбасы міндеті өзін-өзі дамытуғажәне ерлі-зайыптылар мен балаларының өзін-өзі жүзеге асыруына бірегей жағдай жасауымен байланыстырылып келеді. Тәрбие – бала құқығын құрметтеуге, әсіресе оның өмір жолын өз бетінше таңдауқұқығын мойындауға негізделген ата-аналар мен балалардың тең құқылық ынтымақтастығы сипатымен ерекшеленеді. Отбасының қызметтік құрылымының иерархиясындағы өзгерістер тек тарихи дамудың жалпы бетбұрыстарын бейнелейді. Әрбір отбасының ерлі-зайыптылардың тұлғалық ерекшеліктерін, отбасылық құндылықтарын, әлеуметтік-мәдени, ұлттық, этникалық дәстүрлерін, тарихи кезеңдер ерекшеліктерін бейнелейтін өзіндік бірегей иерархиясы болады. Қызметтердіңиерархиялық құрылымы туралы айта келе, осы иерархияны отбасы мүшелерінің қабылдау ерекшеліктерін де ажыратып алған жөн, яғни отбасы мүшелерінің аталған қызметтердің қайсысына баса мән беретіндігін білу қажет. Отбасының қызметтік құрылымының иерархиясын ерлі-зайыптылар әртүрлі қабылдауы мүмкін. Бұл дегеніміз ерлі-зайыптылардың өзара түсіністігінің және олардың әрекеттері үйлесімділігінің бұзылуына, отбасылық жанжалға, олардың қызметінің тиімсіздігіне, үйлесімсіздікке, деструкцияғаәкеледі.


Сұрақтар мен тапсырмалар:

  1. 1. Отбасы психологиясының пәнін не құрайды?
    2. Отбасы психологиясының пәнаралық сипаты жайында айтуға бола ма? Неге?
    3. Отбасы психологиясының теориялық міндеттері мен отбасы психологы қызметі түрлері қалай байланысады?
    4. Қазіргі отбасында қандай қиындықтар бар?
    5. Қазіргі отбасындағы бала-ата-аналық қатынастардың дамуындағы жағымсыз тенденцияларды атаңыздар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *