С. ҚАСҚАБАСОВ – ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРЫ ТЕОРИЯСЫН НЕГІЗДЕУШІ
Мақалада фольклортанушы ғалым С.Қасқабасовтың қазақ фольклоры теориясына қатысты тұжырымдары талданады. Қазақ әдебиеттану ғылымында фольклор ауыз әдебиеті үлгілері ретінде талданып келген. Ғалым бұл жүйенің дұрыс еместігін дәлелдеп, фольклордың мақсат-міндеттері мен оның шығу себептерін, түрлері мен мазмұныны жіктеп бөледі. Мақалада ғалымның фольклорды өнердің классикалық түрі деп танудағы зерттеуінің мәні ашылады. Фольклор мәртебесін айқындап, оның теориясының негіздеуші ретіндегі ғалым ойларының өміршең екені анық. Бұл тұста оның теориясы тірек ететін негізгі үш қазығы – ежелгі дүниетаным, көне мәдениет, мұра көзі екендігі, фольклордың халық тұрмысы болатындығы, соңғы сөз өнері ретіндегі қызметтерінің мәніне назар салынады. Фольклор теориясының негізгі үш тірегінің мазмұндық белгілері мен сипаттарын жан-жақты анықтайды.
Кілт сөздер: қазақ фольклоры теориясы, фольклор, С.Қасқабасов, мәдениет, халық тұрмысы.
КІРІСПЕ
Қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін зерттеу 19-ғасырдан басталып, кейіннен 20-ғасырда кең көлемде жүргізіле бастады. Алғашқы фоольклорды зерттеушілер негізінен халық үлгілерін жинастырып түсінік беруден бастады. Халықтық фольклордың ерекшеліктерін, шығу төркіні мен пайда болу себептерін, мазмұнын т.б. сипттарын талдау 20-ғасырдың бас кезінен бастап молынан жүргізілді. Дегенмен, осы тұста «фольклор» термині – ауыз әдебиеті, ауызша жасалған, ел аузынан жиналған үлгілер деген аяда түсіндірілді.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Жалпы қазақ әдебиетінде «фольклор» термині мен оның ауқымы туралы зерттеулер туралы ғалым Н. Жүсіпов: «Қазақ халык ауыз әдебиеті ғылымыньң қалай туып, ғылым ретінде қалыптасқанына арналған «Қазақ фольклористикасының тарихы» атты ұжымдық үлкен еңбек 1988 жылы жарыққа шықты. Бұл кітапта қазақ фольклортану ғылымының XVIII ғасырдан басталатыны, XIX ғасырдың соңында жеке ғылым ретінде қалыптасып орныққаны тұжырымдалған концепция ұсынылды. Ол ғалымдар тарапынан қолдау тапты. Сонымен бірге онда XVIII ғасырдан арғы дәуірлердегі фольклортануға негіз болған бастаулар туралы да шолу түрінде сөз қозғалған. Демек бұл ұжымдық монографияда ежелгі дәуірден бастап XX ғасырдағы Қазан төңкерісіне дейінгі аралықтағы қазақ фольклоры жөнінде жазылған, айтылған пікірлер барынша қамтылып, талданды деуге болады» [1, 4-5] – , деген пікірін ескерсек, қазақ фольклортану ғылымы XIX ғасырдың соңында жеке ғылым ретінде қалыптасқанын анықтауға болады. Дегенмен, XX ғасыр басындағы фольклор үлгілеріне зерттеу жасаған М. Әуезов 1927 жылы жазған «Әдебиет тарихында» халық әдебиетінің тарихын төрт кезеңге бөледі, әр кезең әдебиетінің шығу себептерін, қоғаммен байланысын, соған қарай әдеби шығармалар қандай мақсат-міндеттерді орындағанын, мән-маңызын ашады [2].
Х. Досмұхаммедов «Қазақ халық әдебиеті» атты 1928 жылғы очеркінде (Қазақ жоғары педагогика институтының қазақ тілі кабинетінде оқылған баяндама) қазақ халық әдебиетінің болмысын ашып, жүйелеп, негізгі көздерін ашуды мақсат етеміз дейді [3, 14-15].
Ә. Марғұлан: «Ежелгі жыр-аңыздар» еңбегінде қазақ халқының бай мұрасы адамзат мәдениетіне қосылған баға жетпес мұра екендігін айта келіп, олардың мазмұнын-мәнін талдап қана қоймай, ежелгі жырлардағы бейнелер, олардың шығу тарихы мен пайда болған кезеңдері туралы дәйекті пікірлер береді. Ә. Марғұлан қазақ халық әдебиеті үлгілерін жанрлық жағынан жіктелуіне қатысты тұжырымдар айтады. Ғалымның «қария сөздері», «аңыз елесі», «әлеуметтік сарындар» деп атап, түсінік жазған ойлары қазақ әдебиеттану ғылым үшін қашан да өміршең екені анық [4]. Ә. Қоңыратбаев «Өнердің басы – фольклор» – дей келіп, қазақ-түркі фольклорын ежелгі шумерлер кезімен байланыстырады, одан соңғы сақ, оғыз-қыпшақ, хангюй, кейінгі ноғайлы заманына дейін, орта ғасыр туындылары негізінде тегі мен табиғатына талдау жасайды [5]. Бұл пікірлер қазақ әдебиеттану ғылымы үшін, қалай болғанда да, XX ғасыр аса өнімді зерттеулерге толы болғандығын анықтайды. Қазақтың халық әдебиеті үлгілеріне нелер жатады, оларды жинау, бастыру, зерттеу, пайда болу мен тарихи кезеңдерін анықтау, қоғаммен байланысын ашу, жанрлық сипаттарын белгілеу сияқты тұстары зерттелді. Дегенмен жалпы фольклортану ғылымының тұжырымдамасы, мақсат-міндеттері, нысаны, мәртебесі, теориялық негіздері сияқты басты тұстарын зерттеуге идеологиялық мүмкіндіктер бола бермеді. Осы тұрғыдан алғанда, Сейіт Қасқабасовтың қазақ фольклортанудағы еңбегінің маңызы фольклор мәртебесін анықтап, оның теориялық негіздерін, тірек-тұғырларын белгілеуімен маңызды. Ғалым С. Қасқабасов «фольклор» деген сөздің алғашқы мағынасынан бастап, сол арқылы кейінгі кеңейген үлгінің ғылым мен өнердегі, халық руханиятына анықтаудағы мәніне тоқталады. Фольклордың не екендігінен бастап, ауқымы қандай, қандай қасиеттері, белгілері бар, олардың атқаратын қызметтері нендей, пайда болу себептері қандай деген мәселелерді талдайды. Сол талдаулар арқылы тұтасымен фольклордың мәртебесін анықтап, теориясын құрайтын негіздерді көрсетеді. Қазақ әдебиетіндегі бұған дейінгі айтылып жүрген «фольклор» терминіне жаңа түсінік береді. «Фольклор – ағылшын сөзі, «халық даналығы» деген ұғымды береді. Алайда, бұрынғы КСРО-дан басқа өркениетті елдерде «фольклор» кең мағынада түсініледі. Оған халық музыкасын, халық биін, халық өлеңін, халық театрын, халық әдебиетін, халық қолөнерін, ырымдар мен ғұрыптарды, салттар мен нанымдарды жатқызады. Сол себепті ол елдерде «фольклор» сөзімен қатар көбінесе «этнография» сөзін қолданады, ғылымын «этнология» дейді» [6, 6]. Ғалым бұрынғы КСРО құрамында болған және басқа социалистік қоғам деп аталған елдерде фольклор тек ауызша тараған, ауызша орындалатын халық әдебиеті шығармалары деген тар ауқымда түсіндірілгендігін басты мәселе ете отырып, келесі тұстарға назар аудартады.
1. Фольклорға барлық ауызша орындалатын шығармаларды, үлгілерді кіргізу қажет пе?
2. Түрлі ырым, салт-дәстүр, алғыс, қарғыс, арбау, күн жайлату, жауын шақыру, жарапазан, әдебиет үлгісі бола ала ма?
3. Фольклорды өркениетті елдер талаптарына қарай қолданудағы негізгі сүйенер қағидалар қандай болғаны жөн?
4. «Халық әдебиеті» деген термин мәні қандай болуы керек?
Осындай басты мәселелрге талдау жасай отырып, фольклортанудың басты теориясын анықтайды. Бұл үшін ғалым ғылыми ойды, закңдылықтарды басшылыққа алады.
1. Фольклордың қасиеттері мен белгілері, қызметтері.
2. Фольклор жанрларының туу, пайда болу себептері.
3. Фольклорлық шығармалардың мақсат-міндеттері.
Фольклорға барлық ауызша орындалатын үлгілерді кіргізу шарт емес екендігін келесі оймен дәлелдейді. Әдебиет үлгісі — өнер туындысы. Өнер – көркемдікті қажет етеді, бейнені қайта жаңғыртуды, суреттеуді талап етеді. Ендеше фольклорлық шығарма осы талапқа жауап беруі керек. Түрлі ырым, салт-дәстүр, алғыс, қарғыс, арбау, күн жайлату, жауын шақыру, жарапазан сияқты ауызша үлгілердің өнер туындысы деңгейіне әлі де көтеріле қоймағындығынан оларды фольклор үлгілері қатарына кіргізудің де бола қоймастығын анықтайды. «Халық әдебиет» фольклор деген әлем тұтынған терминді аша аламайды. «Халық әдебиетін» көркем шығармаларды сипаттау үшін қолданудың дұрыс екендігін айғақтайды. 1. Фольклордың қасиеттері: синкреттілік (көпжақтылық, көпсатылық, көпмағыналылық, көпқырлылық) жан-жақтылық, мол болуында. Белгілері жанрының кең ауқымы, әрі әр жанрдың әр дәуірде белгілі бір қызмет атқарғандығында. Ғалым фольклордың қызметтерін шығарма нені айту керек, қалай айту керек деген мәселеге байланысты 2 топқа бөледі. 1-топқа: танымдық, эстетикалық, сейілдік қызметтерді;
2-топқа: тәрбиелік, утилитарлық қызметтерді жатқызады. Фольклор қызметтерінінң бұндай топтарға жіктелуі өнер ретіндегі көркемдігінде, оқиға мен болмысты, сезімді көркем жеткізе білуінде. Шығарманың композициялық құрылысы мен кейіпкерлері, поэтикалық құрылымдарының шебер қиюласуында екендігін ашады. Осындай талаптар негізінде ұлттық сөз өнерін 3 топқа бөледі.
1. Фольклор.
2. Ауыз әдебиеті (ақын, жыраулар поэзиясы).
3. Жазба әдебиет.
Сөз өнерінің 3 түріне ортақ және өзгелерден бөлектейтін ерекшеліктері бар. Фольклорды өзге түрлеріне 3 сипаты арқылы бөлектеу керек деген тұжырымды ұсынады. Фольклорға тән басты 3 сипат деп: 1. «Фольклор – ежелгі дүниетаным және көне мәдениет, әрі мұра» [6, 7]. Фольклорлық шығармалардағы ырымдар, ғұрыптар, діни ұғымдар, мифтер, ауызша әңгімелер ежелгі адамдардың өз заманында жасаған кәделері, екінші жағынан сол қоғамның мәдениетін де танытады. Бұл мәдениет сол дәуірдің рухани құндылықтары болғандықтан да дүниетанымдары деп есептейді. Бұндай дүниетанымдық мәдени ғұрыптар мен түсініктер, ырымдар мен кәделер анемизм, тотемизм, магия, табу, шаманизм, аруаққа табыну сияқты қазақ халқының наным-сенімдерінде кездеседі. Қоғам тым өткен замандар елесі болған сайын бұл түсініктер де бүгінгі күннен алыстай түседі, әрі көркем де бейнелі болады. Мысалы, анимизмдегі адам мен табиғаттың, өлі мен тірінің теңдігі туралы ұғым әдебиетте небір көркем үлгілер қалдырды. Жалпы анимизм мифтерде мол кездеседі. Тотемизм – жеке адам немесе ру мен тайпаның табиғаттың өзге бөліктерінен өсімдіктер мен аң, құс, жан-жануардан жаратылғанын, болмаса, таңғажайыптан пайда болғандығына сенуі. Бұл «Ер Төстіктегі» Төстікті төстікпен, Алпамысты ғайып ерен қырық шілтенмен, Шыңғысты күннен жаратылуымен байланыстырған үлгілерде бар. Бұндай сарындар фольклорда мол. Ғалым сонымен бірге магия, табу, шамандық сияқты наым-сенімдердің фольклорлық үлгілердегі орнына арнайы тоқталады. 2. «Фольклор – тұрмыстың бөлшегі» [6, 9]. Фольклордың бұл теориялық негізі – утилитарлық қызметті атқарады. Ғалым тұрмыстық қызмет атқаратын ғұрыптық, үйлену, жерлеу салтына байланысты жанрларды жатқызады. Қазіргі ауыз әдебиетіндегі тұрмыс-салт жырларын қатарында алынып жүрген жанрлардың басты ереркшеліктері – халықтың беліглі бір жағдайларға міндетті түрде орындайтын ғұрыптық фольклоры болғандықтан да, тіршіліктің қажетті ісі ретінде алынады деп баға береді. Тұрмыспен бірге қайнап, бірігіп, тұтасып кеткен бұл жанрларда ежелгі заманнның танымы мен түсініктері, ұғыцмдары толық көрінеді, әрі олар табиғи түрде көркемдікпен бітісіп кеткендігін ашады. Сондықтан да қызметі жағынан, қолданбалы (утилитарлық) деп санайды. 3. Фольклор – сөз өнері. Фольклор сөз өнері болғандықтан да, ол өнердің шарттарына жауап бере алуы керек. Сондықтан да, өнер ретінде оның орындаушысы мен тыңдаушысы бар. Бұл тұрғыда фольклор әдебиет қана емес, теарт, жасаушылар: жыршы мен ақындар. Орындаушысы мен тыңдаушысы болғандықтан да көркемдік әдіс пен бейнелеу тәсілдері, көркемдегіш құралдары да соған лайық жасалып, қалыптасты. Көркемдік шарттары күрделенді, метафора жасалды, қолданабалы (утилитарлық) қызмет эстетикалық қызметке ауысты. Соған қарай ертегі, жыр, дастан сияқты көркем жанрлары туды. Аталған жанрлар эстетикалық, сейілдік, содан кейін тәрбиелік мақсаттарды орындайды. Ғалым фольклордың өнер ретіндегі басты шарты әдістерінің болуы, кейіпкерлерді бейнелеудегі тәсілдер, импровизация, композициялық тұтастық, фольклордағы өзіне ән уақыт пен кеңістік, әлеуметтік утопия, стиль сияқты белгілердің қолданысы көркемдігімен бірге сөз өнері ретіндегі талаптары болатындығын анықтайды. Ғалым пікірлерін жинақтай келгенде фольклор теориясы келесі тіректерден құралады. 1. Фольклор теориясы әр дәуірлерде жасалған үлгілер арқылы қоғамның идеологиялық, тұрмыстық, әлеуметтік міндеті мен таным-түсініктерінен, тәрбиелік, эстетикалық қызметтерінен, шығармалардың жасалу себептері мен мақсаттарынан тұрады деп тұжырымдайды. 2. Фольклордағы дәстүрдің әдебиеттегі дәстүрден айырмашылығы бар үлгіні өзгертпей қабылдай отырып, кейінгіге жеткізу болса, әдебиет үшін дәстүр – жаңарту мен жаңғырту деген ойы, шынында да ой салатын пікір. 3. Романтикалық типтендіру – фольклордағы негізгі көркемдік әдіс. Фольклорда кейіпкер дәріптеу мен әсірелеу арқылы мол ашылады. 4. Уақыт пен кеңістік фольклорда басқа болады. Шарттылық пен мақсатты қиялға негізделеді. 5. Фольклордың тәсілі – эпикалық стиль, тұрақты формулалар арқылы жүзеге асады. Бұл фольклордағы баяндау тәсілі ретінде өзіндік ерекшелігімен айқындалады. 6. Көне мен жаңа, қиял мпен ақиқат бірге жүреді. 7. Композияциялық құрылысы біртекті болады. Оқиғалар бір кейіпкердің маңына топтасады. Уақыт артқа жүрмейді. Аспектілері:
1. Сюжеттің контаминациясы.
2. Жанрлардың синкреттілігі.
3. Фольклордың шындық өмірге қатысы.
4. Ұлттық сипттар мен типологиялық оқиғалар.
5. Фольклорлық сана мен орындаушының байланысы. Ғалым фольклор әдебиетке осы теориялық негіздері арқылы жақын келгенімен, әдебиет емес дейді. Фольклор әдебиеттен бұрын өнерді өмірге жеткізген, әдебиеттің бастау көзі деген пікірді береді.
ҚОРЫТЫНДЫ
Ғалым Сейіт Қасқабасовтың қазақ фольклортанудағы еңбектерінің мазмұны мен көлемі мол. Осы еңбектерінің өміршеңдігі мен жаңашылдығы – нақтылығы бір теорияға бағынғандығында. Фольклор теориясының негізгі тірек-тұғырлары арқылы ғалым қазақ фольклортану ғылымының көптеген түйінді тұстарына қатысты өзекті пікірлерді береді.
ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Жүсіпов Н. Жүсіпов Н.Қ. Қазақ фольклортану ғылымы: ХХ ғасырдың бірінші жартысы. Монография. – Павлодар. 2007.-381 б.
2 Әуезов М. Әдебиет тарихы – Алматы: Ана тілі, 1991. – 240 б.
3 Досмұхамедұлы Х. Аламан – Алматы: Ана тілі, 1991. – 176 б.
4 Марғұлан Ә. Ежелгі жыр-аңыздар. – Алматы: жазушы, 1985. – 368. 5 Қоңыратбаев Ә.
Қазақ эпосы және түркология – Алматы: Ғылым, 1987. – 368 б.
6 Қасқабасов С. Ойөріс – Астана: Астана полиграфия, 2009. – 320 б.
Г.К. Шахажанова
С. Каскабасов – основатель теории казахского фольклора
ПГУ имени С.Торайгырова, г. Павлодар, Республика Казахстан
В статье анализируются выводы ученого-фольклориста С. Каскабасова относительно теории казахского фольклора. В казахской литературоведческой науке фольклор анализировался как образцы устной литературы. Ученый доказал, что эта система является неправильной, классифицировал цели и задачи фольклора и причины его возникновения, виды и содержание. В статье раскрывается суть исследования ученого в признании фольклора классическим видом искусства. Очевидно, что мысли ученого, как основателя теории казахского фольклора, актуальны. При этом особое внимание в его деятельности уделяется значению древнего мировоззрения, древней культуры, источников наследия, быта народа, искусства слова. Он подробно определяет содержательные признаки и черты трех основных основ теории фольклора.
G.K. Shahazhanova
S. Kaskabasov – founder of the theory of kazakh folklore
S.Toraighyrov PSU, Pavlodar, Republic of Kazakhstan
The article analyzes the conclusions of the scientist-folklorist S. Kaskabasov regarding the theory of Kazakh folklore. In the Kazakh literary science folklore was analyzed as samples of oral literature. The scientist proved that this system is wrong, classifies the goals and objectives of folklore and its causes, types and content. The article reveals the essence of the scientist’s research in the recognition of folklore as a classical art form. It is obvious that the thought of scientists, as the founder of his theory, determining the status of folklore is viable. At the same time, special attention is paid to the significance of its activities as an ancient worldview, ancient culture, a source of heritage, the life of the people, the art of speech. It defines in detail the content features and features of the three main pillars of the theory of folklore