ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРЫНДАҒЫ ЖАЛМАУЫЗ КЕМПІР БЕЙНЕСІ
Фольклордың қара сөзбен айтылатын ерекше мол түрінің бірі – ертегі. Ол халықтың ауызша айтатын көркем әңгімесі. Әрине, қай жанрдың болмасын өзіндік сюжеті, кейіпкер жүйесі, образдары болады. Сол сияқты халық ауыз әдебиетінің үлгілерінде де әлі зерттеле қоймаған, зерттеуді қажет ететін нәрселер бар екені айқын. Сондықтан ертегілік жанрда, батырлық жырлар мен тарихи эпостарда кездесетін «мыстан кемпір», «жалмауыз кемпір» образдарына жеке тоқталуды жөн көрдік. Фольклорлық мәтіндердегі «кемпірлер» неге бұлай жауыз күйінде беріледі, оның өзіндік себептері бар ма, әлде жақсы жағынан көрсетілетін тұстары кездеседі ме деген сауалдарға жауап іздеу мақаламыздағы басты мәселелердің бірі болмақ.
Тірек сөздер: фольклор, миф, ертегі, жанр, эпос, мифология
КІРІСПЕ
Ертегі жанры – халық прозасының дамыған, көркем түрі, яғни фольклорлық сөз өнері. Оның мақсаты – тыңдаушыға ғибрат ұсынумен бірге эстетикалық ләззат беру. Ертегінің қызметі кең: ол әрі тәрбиелік, әрі көркем эстетикалық рөл атқарады. Ертегінің бүкіл жанрлық ерекшелігі осы екі қызметінен шығады. Сондықтан ертегінің басты міндеті – сюжетін барынша тартымды етіп, көркемдеп, әрлеп баяндау. Демек, ертегі – шындыққа бағытталмайды, ал ертекші әңгімесін өмірде шын болған деп дәлелдеуге тырыспайды.
Ертегі жанрының пайда болып, қалыптасу тарихы өте ұзақ. Оның түп төркіні алғашқы қауымда туған көне мифтер, аңшылық әңгімелер, хикаялар әр түрлі кәде–ырымдар мен аңыздар. Өзінің қалыптасу барысында ертегі осы өз бітімін мүлде жоғалтып, толық ертегіге айналған. Солардың бірі – миф жанры. Мифтің ертегіге айналу процесі бірнеше кезеңнен өткен.
Миф – алғашқы рулық қауымның қасиетті деп саналған құпия әңгімесі мен шежіресі. Оны ол кезде әркімге және әр жерде айта бермеген. Мифте маңайды қоршаған ортаны, дүниенің жаратылуы мен аспан әлем жайында, рудың төтемдік бабасы, ілгі атасы мен жасампаз қаһармандар туралы, олардың іс-әрекеттері жөнінде фантастикалық түрде баяндалған. Алайда, ол заманда осының бәрі ақиқат деп қабылданған, мифке жұрт кәміл сенген. Бірақ уақыт өтіп адам санасы мен мүмкіндігі жетілген сайын миф өзгеріске ұшырап, бірте-бірте «қасиетті» сипатынан айрылған, құпия болудан қалған. Осының нәтижесінде мифке сенушілік те әлсіреген, мифті айтушы бара-бара өз жанынан да қосатын болған. Соның салдарынан іс-әрекеттердің де нәтижесі баяғы мифтік сипаттан айырылған. Біртебірте мифтің бұрынғы аясы тарылып, әңгіме жеке бір адамның тағдырын баяндайтын жағдайға келеді. Сөйтіп, миф хикаяға, содан соң ертегіге айналады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Қазақ ертегілері жанрлық жайындағы ертегілер, қиял-ғажайып ертегілер, батырлық ертегілер, новеллалық (хикаялық) ертегілер, сатиралық ертегілер. Сол ертегілердегі кемпірлерге тоқталсақ. [1]
«Кемпір» сөзінің қазіргі мағынасы – «әйел жынысты қарт адам», яғни қазақ «кемпір» сөзін «қарт әйел», «әже» сөздерінің синонимі ретінде қолданады, бірақ осы сөз анығында «қам» және «пір» (парсы тілінде «қарт кісі, шал» дегенді білдіретін) сөздерінің қосылуынан пайда болған. Пір – еркек жынысты қарт кісінің (шалдың) атауы болса, оған «қам» сөзі қосылғандағы қам-пір – әйел жынысты қарт кісінің атауына айналып кетіп тұр, бұдан шығатын қарапайым қисын – «қам» сөзінің тек әйелге ғана тән көрсеткіш болуы. «Кампир» сөзі кейінірек, Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азия халықтарының мұсылмандану дәуірі (8-12 ғасырлар) тұсында көне түркілік «қам» сөзі мен сопылық (суфийлік) терминологиядағы «пир» (парсы тілдік) сөзінің қосылуы нәтижесінде қалыптасты. Осы тұста «кампир» (кемпір) сөзі мұсылман пірлерін емес, табиғат құбылыстарын келбеттейтін әйел кейіпті рухтарды атайтын термин ретінде қолданылған, кейінірек ертегілік қарт әйел кейіпіндегі кейіпкерлерді осылай атайтын болды, артынан кез-келген қарт әйелді «кемпір» деп атау дағдысы қалыптасты.
Ертегілерде кездесетін кемпірлер жай ғана «кемпір» деп айтыла салмай, алдында анықтауыш сөз қойылып айтылады.
Ертегілік – эпостық кемпірлерге қатысты, қайталанып отыратын тағы бір сюжетті мынадай ортақ баянға келтіруге болады:
1. Кемпір еренге шеше болады.
2. Кемпір еренге әйел алып беруге көмектеседі.
«Кемпір бір судың бетінде қып-қызыл өкпе түрінде қалқып жүреді. Пенде оны алмақ болғанда, өкпе кемпірге айналып, пендені қылқындырады. Өз жанын қимаған пенде кемпірге өз баласын беруге көнеді». Мифте осы оқиғаның сипаты қарама-қарсы болып шығады: яғни кемпір пендеге бала беруші қызмет атқарады [2].
«Кемпір жаңа туған баланы (егіздерді) суға (құдыққа, шыңырауға) тастайды» («Ақбілек қыз – Тұрғын бала», «Алтын айдар» ертегілері, басқа мысалдары да бар, тек олар көрсетілген басқа сюжеттермен араласып кеткен. Немесе: «Ерен кемпірдің емшегін еміп, оған бала болады» («Ақбілек қыз – Тұрғын бала», «Батыр қойшы», «Ханшентай», «Қарадөң батыр» ертегілері, басқа мысалдары да бар, тек олар көрсетілген басқа сюжеттермен араласып кеткен).
«Кемпірдің қызды (қыздарды, көбінесе, ереннің апасын) ұрлап кетуі» («Білмес», «Жалмауызды алдаған қыздар» ертегілері, басқа мысалдары да бар, тек олар көрсетілген басқа сюжеттермен араласып кеткен).
«Кемпір ханға бір тал шашы суға ағып кеткен қызды әкеліп бермек болады. Қыз – ереннің келіншегі (не қарындасы). Кемпір осы екеуіне шеше болып, қыздан (келіншектен) ағасының (күйеуінің) жанының қайда екендігін сұрап алады. Жаны – семсерде (қылышта, бәкіде, т.б.), оны суға тастаса өледі.
Кемпір қызды қайыққа отырғызып алып ханға әкеп береді» («Бай мен баласы», «Үш батыр», «Төлеген мен Назипа», «Көкжан батыр мен айдаһар», «Аламан мен Жоламан», «Ұшар ханның баласы» ертегілері, басқа мысалдары да бар, тек олар көрсетілген басқа сюжеттермен араласып кеткен. Сондай-ақ қыздың (келіншектің) этикалық бағамы да түрліше болып шыққан, көбінесе ол ағасының (күйеуінің) жағында болса, кейбір варианттарда – оның өз ағасына (күйеуіне) опасыздық жасайды. Немесе, «Кемпір сұлу қызды (келіншекті) көріп, ғашық болып қалған ханға көмектеспесек болады. Қыздың ағасынан құтылу үшін оған әр түрлі орындалмас тапсырмалар беру қажеттігі жөнінде ханға кеңес береді», «Алтын жүзікті қыз», «Жігіт пен өнерлі қыз», «Құйын батыр» ертегілері, басқа да мысалдары бар, бұларда да алдындағыдай ала-құлалық бар). Немесе: «Ерен бір баласыз кемпірге бала болады. Кемпір балаға өзінің іздеп жүрген қалыңдығын алып беруге көмектеседі», «Молданың үйінде оқыған бала», «Сиқырлы тас», «Желкілдек» ертегілері, басқа мысалдары да бар, тек олар көрсетілген басқа сюжеттермен араласып кеткен).
Сюжеттердің оқиғалық өрбу схемасы бірдей болғанымен, әр ертегіде ол бір-біріне ұқсай бермейтін әр түрлі егжей-тегжейлермен толыққан, оның үстіне кемпірге берілген адамгершілік бағам да түрліше болып келеді, көбінесе бас еренге қарсы зұлымдық істейді, дегенмен, керісінше, еренге қайырымды болып, оған көмектесетін мысалдары бар. Осылардан басқа, біз арнайы топтастырмаған сюжеттер да бар.
Сонымен, келтірілген сюжеттердегі ертегілік-эпостық кемпірдің басты қызметі екі мәселе (бала асырау және қалыңдық әперу) төңірегінде өрбиді. Сондай-ақ бұл кемпір – сумен байланысты: суда өкпе болып жүзіп жүреді, балаларды суға тастайды, өзі аяғына тас байлап алғандықтан, суға батып кетеді, ереннің жанқоймасы – семсерді суға салады, қалыңдықты қайыққа міңгізеді, т.б. Осыларға қарап-ақ, біздер мифтік кемпір бейнесін реконструкциялай аламыз. Ол – су стихиясымен байланысқан (су немесе су асты, яғни о дүниемен), бала беру мен қалыңдық беру мәселесін реттеп отыратын ежелгі мифтік қатын-тәңірие. Біз оны «қал әже» деп отырмыз. Ол – Су ана. Су ана мен От ана, яғни Хал әже Ал әже стихиялық тегі (бірі – сумен, бірі – отпен) байланысты болғанына қарамастан, екеуі де о бастағы бір бейнеден – рудың түп анасы, Ұлы – анадан өрбіп шығып, дамыған мифтің дербес бейнелеріне айналған. Сондықтан екеуінің де функциялық тұрғыдан ұқсас келетін тұстары аз болмаған сыңайлы. Мифтік дәстүрдің сақталған дәуірінде-ақ олардың бейнесі бір-біріне сәйкестендіріліп те немесе, керісінше, тек екі ғана емес, нақты-нақты мифтік қызметтер бойынша дербестелген бірнеше мифтік бейнелер түрінде көрсетілген де шығар. Ұзақ уақыт, үлкен территория, қаптаған тайпалардың араласуы, оқтын-оқтын қайталанып тұрған этногенез процестері, т.б. бүгінгі күні дәл анықталуы мүмкін емес жағдайда олардың қай ортада, қай уақытта, қай тайпада нақты қандай есімді, қандай кесінді, қандай сипатты, қандай функциялық шоғырға ие болғандығы жөнінде ештеңе айта алмасымыз анық. Сондықтан тек негізгі мифтік бейне қаңғасын ғана көрсетумен шектелеміз.
«Кемпірлерге» қатысты кескіндемелерге қайта оралсақ:
1. Күңірен көзді, ұзын тұмсық, қу жақ, екі көзі жапалақтың көзіндей кемпір («Білмес» (Е.2-104)).
2. Қу бас кемпір («Ақбілек қыз – Тұрғын бала»(Е.4-206)).
3. Қу аяқ кемпір («Сиқырлы тас» (Е.2-30)), «Аққоян» (Е.3-173), «Желкілдек» (Е.4-114)).
4. Басы мүйіз, бөксесі киіз, қарға тұмсық, қарға аяқ мыстан («Ұшар ханның баласы» (Е.2-64)).
5. Қарға бұлтты қара кемпір. Ала бие кейпіндегі жалмауыз кемпір («Білмес» (Е.2-104).
6. Көк кептерге айналған кемпір «Желкілдек» (Е.4-114)).
7. Жеті басты, жетпіс басты жалмауыз кемпір («Опасыз туыс» (Е.3-47).
«Қараүйрек» (Е.4-40)).
Осылардың барынша жиі қайталанып отыратынына (стильдік формулалар) қарап, олардың мифтік кемпір бейнесіне тән болған рудименттік сарқыншақтар екендігін анықтауға болады. Сонда біз нені көреміз?
Ең алдымен, қарға (құс) тұмсық, қарға (құс) аяқ (бұт) әйелдің кейпін көреміз. Осы көрсеткіш бойынша бейненің тұрпатының өзгеру кезеңдерін былайша көрсетуге болады:
Бірінші (зооморфты, орнитоморфты) кезең – тек қана қарға немесе қарақұс ежелгі қауымның тотемі, шежірелік түп-анасы болған.
Екінші (аралас тұрпатты) кезең – бұл кезде шежірелік түп-ана тұрпаты адами кескінге ауыса бастайды, яғни түп-ана енді әйел келбетінде кейіптеледі, бірақ бастапқы құс тұрпаттылық та (құс аяқтылық, құс тұмсықтылық, құс көзділік, т.б.) сақтала береді. Міне, ертегідегі аталып өткен кескіндеуші тіркестер осы кезеңнің ақпаратынан қалған сарқыншақтар болып табылады.
Үшінші (антропоморфты) кезең – бұл кезде түп-ана толықтай адам кейіпке ие болады да, қарға немесе қарақұс оның атрибутына айналады. Бір қызығы, осы соңғы кезеңнің толық кескіні қазақ фольклорына кездесіп тұрғанмен, алдыңғысына қарағанда сирегірек кездеседі (кемпір бейнесі жиі, бірақ «кемпір және оның қарақұс» кескіні – сирегірек).
Осындай үлгіде бір кездері жапалақ кейіпті болған түп-ана («жапалақ көзді»), ала бие кейіпті болған түп-ана, жылан кейіпті («жеті басты»), қу (аққу, қаз) кейіпті түп-ана («қу бас», «қу аяқ») кескіндерінің болғандығын, кескіндік құбылу сатыларынан өткенін көрсетуге болады.
«Қарға тұмсықты, қазақ аяқты кемпір бар екен». «Қу аяқ», «Қарға аяқ», «басы мүйіз» деген тіркестер мифологиялық рудименттер деп аталады, олар фольклорлық кейіпкердің тұрпатында сақталып қалған ежелгі мифтік тұрпаттық келбетінен қалған сарқыншақтар болып табылады. Сонда:
«Басы мүйіз» — мыстан кемпірдің ар жағында жатқан бір мифтік бейненің мүйізді (яғни бұғы, марал, сиыр, т.б. мүйізді мақұлық, мүйізді жылан) келбеті болғанынан хабар береді.
«Қарға тұмсық» пен «қарға аяқ» — мыстан кемпірдің ертегілік кейпіндегі ежелгі мифтік бейненің қатынасқандығын көрсетеді.
«Қаз (қазық) аяқ» — қаз немесе аққу кейіпіндегі ежелгі мифтік бейненің ертегілік бейнені жасауға үлес қосқанын немесе кемпірдің «жалғыз аяқты» екендігін көрсетеді. Мыстан кемпір, жалмауыз кемпір т.б. ертегілік кемпірлер салыстырмалы түрде бір сипатты ертегілік бейнеге ие болғанымен, осы бір жиынтық ертегілік кейіптің ар жағында бірнеше, дербес сипатты мифтік бейнелердің тұрғандығын аңғара аламыз. Бір кездердегі «Мүйізді жылан-Баба», «сиыр/бұғы/марал/киік кейіпіндегі Ұлы Баба», «Қарақұс-Баба», «Аққу (қаз) Баба» сияқты матриархаттық Ұлы Бабалардың бейнесінің болғандығы айқын, олардың барлығы, бізге еш дерегі жетпей қалған басқа да бейнелермен бірге бүгінгі «жалмауыз кемпір», «мыстан кемпір» сияқты ертегілік кейіпкерлердің қалыптасуына өз үлестерін қосып кеткен.
Қазақ фольклорындағы хикаялық кейіпкерлердің пайда болуын ислам діні келгенге дейінгі кезеңде екенін танытатын пікірлер Ш.Уалиханов, М.Әуезов, т.б. тарапынан айтылған. Соның ішінде жалмауыз кемпір образының ерекшеліктері де қазақ ғалымдарын әркез ойландырған. Ш.Уәлиханов жалмауыз кемпірдің адамжегіш екенін жазған [3]. Ал, М.Әуезов 1939-1940 жалдары «Литературный критик» журналына жариялаған «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» атты зерттеу еңбегінде жеті басты жалмауызды адамжегіш, жалғызкөзді жалмауызды ежелгі гректердегі циклоппен параллель деп, жалмауыз кемпірді орыс ертегісіндегі Баба-Ягаға ұқсас адамжегіш кемпір, мыстан кемпір, залым кемпір деп, олардың түрлері болатынын байқаған. Ә.Қоңыратбаев: «Қазақтың қиял-ғажайып ертегілерінде адамға жамандық ойлап жүретін мифтік образдардың бірі – жалмауыз кемпір», — деп, шығу мезгілін көрсетумен бірге бұл образдың сомдалуында тарихи өзгерістердің орын алғанын да байқаған. С.Қасқабасов жалмауыз кемпір образының өлілер әлемімен байланысын, жалмауыз кемпір мен мыстан кемпірдің айырмашылығын анықтаған. Мұның бәрі зерттеу нысанына алынып отырған образды антикалық кейіпкермен салыстырып қарауға теориялық негіз болды [4].
Жалмауыз – жал-мауыс деп бөліп қараған Г.Потанин: «Второй член, конечно, монгольское мангус с опущенным носовым звуком» — деп, образдың құбыжық сипатын ашуда типологиялық әдісті қолдануға әрекет еткен. Әйтсе де, бұл зерттеушінің сарындарды іздестіруде миграцияға көп көңіл бөлудің әсерімен туған ой, сондықтан бұл пікірді қолдаудың қисыны жоқ, бірақ жалмауыз кемпірдің құбыжық типін танытуға жасалған алғашқы қадам ретінде бағалауға болады.
Әлемдік архаикалық мифологияда құбыжықтардың денесін бөліп, космостық мақсатта қолдану (шумер, аккадтық Тиамат құбыжықты жеңген Мардук, оның денесінің бір бөлігінен аспан, екінші бөлігінен жер жасаған) белгілі. Жалмауызға байланысты дәл осындай мақсат сақталмаса да, желбеге туралы Тува халқында тағы бір мәтінде мифтің ықпалы бар екені байқалды. Ол Тиаматты еске түсіргенімен, оған ұқсас әрекет жасалған. Яғңи желбегенің адамды да, ағашты да, тасты да – бәрін жейтіні айтылып (бұл құбыжыққа тән), жұрт Гурмустке шағымданады. Желбегені жазалау Осирванға тапсырылады. Сонда ол желбегінің денесін үшке бөліп, бір бөлігін – Айға, бір бөлігін – Күнге, адамға оның кеудесін береді.
Ресей ғылымында құбыжықтар туралы мифтерді тератологиялық (гректің терато – құбыжық деген сөзі) мифтер деп атау орныққан. Бұл мифтердің пайда болуы алғашқы рулық қауымда кәмелеттік сынақтан өтуіндегі құпиялықты сақтау мақсатында олардың тылсым күштен өтетінін, оларды әйелдер мен балалардан бөлектеудің мақсатынан туған деп түсіндіреді [2].
Бұл орайда құбыжықтардың шығу тегі әртүрлі болғандықтан олардың бәрін бір түрге жатқызу мүмкін емес. Мәселен, жалмауыз бен Төбекөздің өзіндік ерекшеліктері бар. Қазақ ертегілері және жырларда жалмауыз кемпір ер баланы талап ету сарынының анаеркі дәуірінен қалған алғашқы ананың қызметі деп бағалау жаңа көзқарастармен толысуы қажет сияқты.
ҚОРЫТЫНДЫ
Ертегі мен жырлардағы жалмауыз кемпірдің ер баланы талап етуі – қауым ортасында кәмелеттік сынақтың қиындығы қорқынышты түрде екенін жеткізу мақсатынан кіріктірілген. Яғни, жалмауыз кемпір құбыжық қызметін атқарған. Бірақ ол жалмауыз болғанда да, адамдарға қорқыныш сезімін тудырады, ер балалар өліп-тіріліп келеді. А.Тахо-Годи: «В мифах о женщинах, обладающих магической силой, волщебницах, держащих в плену героев завораживающих их, так же сказывается воспаминание о давнем беспрекословном подчинении женщине, воздействующей на мужчин некой таиственной властью», — деген пікірін ескергенде, бұл мәселеде жалмауыз кемпірдің олармен айырмашылығы емес, ұқсастығы байқалады. Ол тератологиялық қызметке байланысты.
Егер жалмауыз кемпір анаеркі дәуіріндегі әйелдің ықпалдылығын көрсетеді десек, қазақ фольклорында жалмауыз кемпірдің отбасы бар адам түрінде көрінбеуі және жыр мен эпостың бас кейіпкерлерінің онымен неке құрмауы, сол себепті кейіпкермен екеуінің арасында бала болмауы оның құбыжықтық типке тән болуымен байланысты екенін танытады деп ойлаймыз. Бірақ А.Васильевтің жинаған «Қарақылыш» ертегісінде жалмауыздың бес қызы бар екені айтылады. Бұл туралы Г.Потанин «Казак-киргизские и алтайские предания, легенды и сказки» еңбегінде айтқан. Жалмауыз кемпір образының циклизацияға түсуі кейінгі замандағы өзгеріс деп білеміз.
ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Қазақ әдебиетінің тарихы. Көптомдық. Т1. Қазақ фольклорының тарихы. Жауапты ред: Қасқабасов С. – Алматы: ҚазАқпарат, 2008. – 550 б.
2 Қондыбай С. Арғықазақ мифологиясы. Т11. Үшінші кітап. – Алматы: Арыс, 2008. – 520 б.
3 Уалиханов Ш. Таңдамалы – Алматы: Жазушы, 1985. – 455 б. 4 Каскабасов С. Казахская волшебная сказка. – Алма-Ата: Наука, 1972. – 256 с.
С.И.Игиликова , М.И.Игилик2
Образ «Жалмауыз кемпір» в казахском фольклоре
S.I.Igilikova1, M.I.Igilik2
The image of «Zhalmauyz Kempir» in Kazakh folklore
1,2 KazNU named after Al-Farabi,
1,2 Almaty, Kazakhstan Fairy tale is one of the richest type of folklore. It is oral literary story of the nation. Every genre has its own scene peculiarities character portrayal and system and there is still some points which need to be investigated. That’s why we decided to write about the characters as «zhalmauyz kempir», «mystan kempir» (witches) wanted to define the reasons of their negative character, or whether they had positive character portrayal. That is the main problem of our article, to find out the answer to this question.
ӘОЖ 821.512.122
А.С.Кушкимбаева
PhD, доцент, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, Ақтөбе қ.,
Қазақстан, e-mail: Alitok@mail.ru
М.ӘУЕЗОВ ПЬЕСАЛАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚТЫҢ БАЙЫРҒЫ СӨЗДЕРІНІҢ
ҚОЛДАНЫЛУ ЕРЕКШЕЛІГІ
Мақалада М.Әуезовтің драмалық шығармаларындағы ежелгі сөздердің ұлттық менталитетке терең енуімен ерекшеленетін антропологиялық ерекшеліктері қарастырылады. Тіл және ұлттық психология ұлттық мәдени құндылықтарды білдіретін қазақ халқының ұлттық болмысы мен дүниетанымын ұғыну үшін өте маңызды болып табылады. М.Әуезовтің халық әдебиетінен нәр алғаны белгілі. Қазақ тұрмысындағы сауық түрлері, қыз ұзату салтанаты, алтыбақан ойындары драмаға енгізілді. Суреткердің драмаларында жанрлық орамалар түгел қамтылған. Онда трагедия да, комедия да, драма да бар. Тілдегі негізгі сөздік қорға жататын және оның негізін құрайтын байырғы сөздер тілдің негізгі байлығы саналады, сондықтан жазушының оны кеңінен жұмсауының себебі түсінікті. Сондай-ақ қазіргі кезде көп қолданылмайтын көне сөздерді соңғы кезде қолданылып жүрген нұсқасымен қатар беріп, тыңдарманын сөз мағынасымен хабардар етіп отыруы да баяншының өзіндік ерекшелігі болып табылады
Кілт сөздер: көнерген сөздер, көркемдік айшықтар, актив қатар, пассив қатар, тілдік ерекшеліктер.
КІРІСПЕ
«Сөздің ерен ұстасы» деген баға алған М. Әуезов – әр шығармасының тіліне аса жоғары талап қойып, сол биіктерден өзін жарқырата көрсеткен суреткер. Академик З.Қабдолов М.Әуезов туралы, оның шығармаларының тілі туралы: «…бүтін бір мектеп боларлық шұрайлы тіл», – деуі бекер емес [1]. Жазушы шығармасын зерттеген көптеген ғалымдар, мейлі олар әдебиетшілер болсын, мейлі тілшілер болсын, шығармаларының тіл байлығына, ойының байлығына соқпай кеткені жоқ. М. Әуезов тіл өнерін жоғары бағалаған, сондықтан да, өзі айтқандай, «қиын жанр, ең жауапты жанр – драма жанрының» жазылуына ең жоғары талап қойып отырған. Міне, сол себепті «Пьеса ішінде сөз кеміп, іс молайсын» деген ұстанымды басшылыққа алады.
Мақаланың мақсаты: М.Әуезовтің сөз ойнату шеберлігін, халықтың тіл байлығын қолдана білудегі айрықша қолтаңбасын анықтау болып табылады.
Міндеттері: автор тілінің көркемдік айшықтарын анықтау, драмаларындағы халықтың тұрмыс-тіршілігі, хал ахуалын бейнелейтін халқымыздың байырғы сөздерінің мағынасын қаламгердің келер ұрпаққа ашып көрсетуін нақтылау.
Қарастырылып отырған сұрақтың тарихы:жазушының драмалық шығармалары бізге дейін де зерттелген, атап айтсақ, А.Зекенова М.O.Әуезовтің драмалықшығармалары тілі лексикасының квантативтік стильдік сипаты: бойынша кандидаттық диссертация, Алматы, 1992, А.О.Тымболова Драмалық шығармалардың лингвопоэтикалық кеңістігі атты монографиясында М.Әуезов пен Ғ.Мүсіреповтің драмалық шығармаларының тілдік ерекшеліктерін салыстыра зерттеу жасаған Алматы, 2013.
Зерттеу әдістері:салыстырмалы, бақылау, тарихи, этимологиялық.
Нәтижелер: М.Әуезовті тілдік тұлға ретінде танытатын қыры драмалық шығармаларында айқын көрініс тапқан. Заңғар жазушының пьесаларында поэтиканың басым болуы, іс-әрекеттердің мол болуы, сөздің аз да болса, саз болып, нақтыланып берілу шеберлігіне ерекше назар аударғанына куә боламыз. Автор қолданысында көнерген сөздердің мағынасы ашылып қана қоймай, жаңа мағынаға ие болып, түрленіп қолданылғанына көз жеткіздік.
Талқылау: Кушкимбаева А.С. М.О.Әуезов драмаларындағы лингвомәдени бірліктер атты мақаласында осы тақырыпта сөз қозғаған, «V мәдениеттер тоғысындағы тіл, әдебиет, аударма және журналистиканың мәселелері»:халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Алматы: С. Демирель ат. университет., 2013., Тымболова А.О., Кушкимбаева А.С. Пьесалар тілінің поэтикалық ерекшелігі // Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің хабаршысы. Орал, 2014. №1. Б.215-223., Кушкимбаева А.С. Прагматические особенности языковых единиц в пьесах М. Ауезова. Сохранение и развитие родных языков в условиях многонационального государства: проблемы и перспективы // IV международная научно-практическая конференция. – Казань, 2013, октябрь 17-19. С. 244-247.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Драматург пьесаларының он сегізі қазақ халқының өмірі, тұрмыс-тіршілігі, хал-ахуалы жайлы жазылған. Әрине, сондықтан да оның пьесаларында халқымыздың байырғы сөздерінің қолданылуы заңды. Халық әдебиетінде, фольклорда түр жағынан драматургияға жақын нұсқалар көп. Батырлар жырында толғау көп. Салт өлеңдері, беташар, сыңсу, жаржар, жоқтаулар түрі, мазмұны жағынан драмалық шығармалармен сарындас. ХХ ғасырға дейін қазақтың халық әдебиетінде драматургияға өзек болатын мол қазына жиналды [2]. Осы байлықты игерген М. Әуезовтің халық әдебиетінен нәр алғаны белгілі. Қазақ тұрмысындағы сауық түрлері, қыз ұзату салтанаты, алтыбақан ойындары драмаға енгізілді. Суреткердің драмаларында жанрлық орамалар түгел қамтылған. Онда трагедия да, комедия да, драма да бар.
М. Әуезов қаламынан 30-дан аса драмалық шығарма туды. Жеке пьесалардың варианттарын қосқанда, 50-ден асады. Ал енді автордың сөз қолданысы жайына келер болсақ, барлық 50 мыңнан асқан сөз қолданыстың жартысынан көбі, яғни 27962-сі тіліміздегі байырғы сөздерге жатады [2, 52-53]. Жазушы пьесаларындағы байырғы сөздердің кеңінен жұмсалуы тіліміздің шұрайлы, құнарлы болғандығынан деп білеміз.
Байырғы сөздерге көнерген сөздер жататыныны белгілі. Көнерген сөздердің көнеру дәрежесі үш түрлі болады:
1. әбден ұмытылып, қолданыстан шығып қалған сөздер;
2. түбір қалпында жеке айтылмағанмен, туынды түбір сөздің құрамында сақталып қалған сөздер;
3. жеке сөз ретінде қолданыстан шығып қалғанымен, әлі де мақал- мәтелдердің, фразеологиялық тіркестердің құрамында қолданылып жүрген көнерген сөздер [3].
М.Әуезов драмаларындағы кейіпкер тіліндегі байырғы сөздер осы үш топқа бірдей сай келеді. Тілдегі негізгі сөздік қорға жататын және оның негізін құрайтын байырғы сөздер тілдің негізгі байлығы саналады, сондықтан жазушының оны кеңінен жұмсауының себебі түсінікті. Сондай-ақ қазіргі кезде көп қолданылмайтын көне сөздерді соңғы кезде қолданылып жүрген нұсқасымен қатар беріп, тыңдарманын сөз мағынасымен хабардар етіп отыруы да баяншының өзіндік ерекшелігі болып табылады. Мысалы, Нұрқан. Е, соған ұқсағандар аз деймісің? Мына көрші болыстар: Қарабұжыр, Көксуда да осындай ылаң басталыпты дейді. Береке, бірлік десе қандай табылмас еді. Әрекеге шұрқырасып, табысып жатқандарын көрмеймісің?
Әреке мен береке сөзі бір-біріне антонимдік қатынастағы сөздер. Осындағы әреке сөзіне түсіндірме сөздікте «бүлік, лаң»дегентүсінік берілген [4]. Автор мәтінде ылаң сөзін әреке сөзінен бұрын беріп, оқырманын ұғымнан алдын ала хабардар етеді.
Қазір көп қолданылмайтын сөздердің қатарында қар сөзін де атауға болады:
Қар. Көклан:Тоқта былай,тұр әрі,
Қайда, қайдабарасың
Қайырыла кет артыңа…
Не дептұр, сірә,мынақар»(Әуезов М. Шығ. жинағы, 11 б.)
Көбікті:Көремісің мынаны
Көреген көзім кім еді
Сақ құлағым кім еді
Көрер ме қар көздерің (Әуезов М. Шығ. жинағы,11 б.).
Теміршот: Оттама, қар неме! (Әуезов М. Шығ. жинағы,10 б.).
Осындағы қар сөзінің мағынасы қазіргі қолданыста кездеспейді. Қар сөзі «Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігінде»: «1. Атырау, Маңғыстау өңірлерінде, қар – шаңырақ, шеңбер. 2. Орда, Орал өңірінде, қар – қаһар (бетті қару)» түрінде сипатталған [5].
Ал жоғарыдағы мысалдардағы қар сөзінің мағынасы «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» былайша берілген: «Қар ир. сын 1.Жеңіл мінезді, суық жүрісті, жез өкше әйел» [5]. Яғни бұл сөз тілімізге иран (парсы) тілінен енген. М.Әуезов «Қобыланды батыр» драмасындақар сөзін жиі қолданған:
Алшағыр. Сенен асар Қаңқайдың
Қай қызының тойы
Күң қатын қып қор қылып,
Бірсімбай алсын мынаны
Қарлығаш. Тарт қолыңды қасиетті басымнан, Зарламаймын, садаға кет жасымнан.
Қара басса Қарлығаш, Қатын болмас, қар болар…
Қай мінезім жағып ед,
Жау бәріне жар болар?! (Әуезов М. Шығ. жинағы, 12 б.).
Қар сөзі «күң», «құл», «арам» секілді кемсіту, төмендету мағыналарын бергенге ұқсайды. Қар сөзі ертеден келе жатқан халық тіркестерінде, қос сөздердің құрамында да ұшырасып отырады. Мысалы, қу қар тіркесі. Осы тіркестегі қусөзінің мағынасы туралы «қу – ақ, боз, боп-боз болып семіп жүрген кісіні қазақ құп-қу боп жүдепті дейді» сияқты пікір бар [5, 527]. Яғни қусөзі «азып-тозу», «қуару» – «өлу» (қуарып қалды) мағынасын да білдіре алады. Қу қар тіркесі қарғыс мәнінде айтылады. Қарсөзінің жағымсыз эмоцияны білдіретіні белгілі болды. Бұл сөз сондай-ақ тілімізде «ұры-қары» қос сөзінде, «қасқиған қардан туады, салпиған нардан туады», «жаман адам жақсы болмас, қанша қыдыр дарыса да, жақсы адам жаман болмас, қанша тұрып қарыса да» тіркестерінде кезігеді [5, 527].
Қоғамдық сана жаңғырған сайын тіліміз де түрлене түседі. Соның нәтижесінде ескі сөздер ұмытылып, өз мағыналарын жоғалтып, жаңа мағыналық сипатқа ие болып жатады. Яғни сөз мағынасының актив қатардан пассив қатарға өтуі оның мағынасының тарылуына байланысты. Бірқатар сөздер байырғы мағынасынан алшақтағанымен, қазіргі тілімізде жаңа мағыналық сипатта кең қолданыс тапқан. Жазушының өзіне ғана тән сөз тіркесіне «Кеден кеден болды, кедергі неден болды?» жатқызуға болады. Мұндағы кеден сөзі қазіргі тілімізде «таможня» сөзінің баламасы ретінде қолданылып жүр. Енді осы кеден сөзінің мағынасына зер салсақ, түркі тіліндегі тамға, таңба деген сөзден шыққан, сонда бұл жердегі кеден деген сөз кедергі сөзінің синонимі ретінде алынған деуге болады. Себебі «таможня» сөзінің баламасы ретіндегі кеденнің негізгі мағынасы заттардың, адамдардың, көліктердің өтіп кетуіне кедергі жасау дегенді білдіреді.
Суреткер драмаларында аламан сөзі жиі қолданылады:
Амандыққа сәні жоқ
Қалғанға да күн қараң, Ноғайлыны шауыпты.
Кесескені қыпшақ дейді
Жаланып кепті ит қазан,
Аттан, тұрма, тез қолдан,
Тарт ілгері, Аламан(Әуезов М. Шығ. жинағы,181 б.).
«Аламан Аламан
Жеңілді жау, Аламан»(Әуезов М. Шығ. жинағы,195 б.).
Академик Р. Сыздық аламан сөзінің мағынасын «жауынгер, әскер, батыр» деп көрсетеді [6]. Осы сөздің негізгі мағынасы – «жиын, топ». Жиын, топ, көптің бірігуі біртебірте «үлкен» мағынасына ауысқан. О баста аламан сөзі әскерге қатысты, соғысқа байланысты сөз болғанында күмән жоқ. Аламан сөзі Доспамбет жырларындағы:
Тебінгінің астынан
Ала балта суырысып
Тепсініп келгенде…, –
деп келетін өлең жолдарындағы ала балта тіркесімен түбірлес. Этимологиялық сөздікте де осылай жазылады, бұл сөздің шығу төркіні жайлы С. Аманжолов бан немесе ман тұлғасын Аристовтың «жер», «ел» деген сөз деп жобалайтынын көрсете отырып, мұның түбірі «ал» етістігі болуы керек деген пікірді қуаттайды. М. Қашқари бұл сөздің «тектес, тәрізді, сияқты» (парсыша) деген мағынаны білдіретінін айтады. С. Аманжолов араб тілінен енген -ман аффиксі әу баста «адам» мағынасында қолданылып, кейін жұрнаққа айналған болуы керек екенін ескертеді. Бұған мысал ретінде шабарман, аламан (аларман) сөздерін келтіреді [7]. І. Кеңесбаев «Аларманға алтау аз, берерменге бесеу көп»; «алты аласым, бес бересім жоқ» деген фразалардағы аларман, берермен, аласы, бересі сөздерінің түбірі ертеден келе жатқан ал, бер етістіктері екендігін айтады [8]. Чуваш тілінде ал, ала қол деген қолданыстар бар. Қол сөзі «әскер» ұғымын білдіретіні мәлім. Сол себепті аламан сөзі ал немесе ала – «қол» (әскер) мағынасындағы екі сөзден құралған күрделі сөз деп топшылауға болады [9]. Түсіндірме сөздікте аламан сөзі былайша сипатталған: «АламанІ зат. көне. а) Көпшілік, бұқара. Аламанға жел бердік, аса жұртты меңгердік. ә) Әскер, қарулы топ. Аламан болып, мылтық асынудан өзге қолдан келері аз. Аламан ІІ: Аламан бәйге. Ат 100 шақырым қашықтыққа дейін шабатын бәйге. Аламан-тасыр а) алды-артына қарамайтын тасыр-тұсыр. АламанІІІ зат. зоол. Егіске үлкен зиян келтіретін ұсақ кеміргіштер тобына жататын тышқанның түрі. Аламан құлақ. Үлкен құлақ. Аламан ІV зат. Бүркіттің ақиығы, алғыр тұқымы» [5].
Сонымен қатар аламан асыр, аламандап, аламандық, аламанша деген сөздерге де түсінік берілген [5]. Оның бәрін тізіп жатуды жөн көрмедік. М. Әуезов қолданысындағы аламан сөзінің синергетикасы аса жағымды, халыққа жеңістің келгенін, яғни жаудың жеңілгенін паш ету мақсатында қолданылған. Бүгінгі күні бұл сөз аламан бәйге (үлкен жиын, бәйге) тіркесінің құрамында кезігеді. Ал «тарт ілгері, Аламан» дегендегі аламан сөзі адамға қатысты айтылған.
Алаш. Матай, Тобықты болып тұрған күніңде атыстық, шабыстық. Бұл ісің алты алашқа әйгілі болды. Бартольд алаш сөзі жайында былай дейді: «Ахмед в двух битвах развил калмыкского предводителя Тайчы-Эсэня; его подвиги навели на калмыков такой страх, что они дали ему прозвание Алача или Алачи, т.е. «убийца» [9, 29]. Алаш сөзінің төркіні туралы Абай да жазады: «Әмір Темірдің нәсілінен шыққан қазақ ханы Ахмет қалмақты көп шауыпты, көп қырыпты. Қалмақ рақымсыздығына қарай, мынау бір алашы болды ғой!» – депті «жан алушы болды» дегеннің орнына. Сондықтан ол кісі Алаша хан атаныпты… Сонан соң сол хан бұл атты қалмақ қорыққанынан қойды ғой, енді сіздер шапқан уақытта «алашы, алашы» деп «ұран, сүрен» салыңыз деп бұйырып, бұларға айғай салғанда, көп жанның айғайымен «алаш, алаш» деп кетіпті [9, 30]. Алаш сөзінің этимологиясы туралы С. Сейфуллин былай дейді: «Қалай болғанда да «алаш», «алаша» деген сөздер – бір сөз, қалмақ, моңғол тілінде «кісі өлтіргіш», «қанқұмар», «жау» деген сөз екендігі дұрыс және «алаш» деген қазақ атанған рулар қазақ болмай жүргенде қолданылған. «Алаш» деген сөзді ұран қылып алған ел өзінің атын «алаш» деп атайтын болған» [9, 30]. Қырғыз тілінде алаш сөзі қазақтың әскери ұраны ретінде түсіндірілген. Өзбекше алаш – «сабау», моңғолша алач – «жендет, қанішер», қалмақша – «қанішер». В. Радлов: «алаш – бүкіл қазақ халқының ұраны, түбірі – ал деген етістік», – деп көрсетеді [9, 30]. Алаш сөзі қазақ тілінде «ел, халық» деген мағынада қолданылады. Түркі-моңғол тілдерінде ал етістігінен өрбіген алаш (алуға тиісті), албан (алым-салық), алға (алақан) деген сөздер де бар. Адамның дене мүшесінің бірі – қол сөзі ауыспалы мағынада «әскер» дегенді білдіреді. Кейбір түркі тілдерінде (мысалы, чуваш) қол сөзі ал немесе ала тұлғасында кездеседі. Осы ал (ала) сөзінен жұрнақтардың көмегімен «әскер», «жасақ», «ел шапқыш» тәрізді мағыналарда жұмсалатын алаш, аламан сөздері жасалған болуы керек. Сонда алаш сөзінің түбірі – ал (ала), — ш(ы) аффиксі етістіктен есім тудыратын жұрнақ болса керек [9, 30].
Әбден ұмытылып, қолданыстан шығып қалған сөздердің қатарында қызылбассөзін атауға болады.
Жүрісімді сұрама, Қасасқан жау қызылбас,
Қанқор Қазан қол бастап
Шауып кетті қиятты! (Әуезов М. Шығ. жинағы,180 б.).
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде қызылбассөзі «қазақ эпостарында суреттелетін басқыншы жау елдің аты» деп сипатталған [5, 553]. Он төртінші ғасырда қазақтар парсыларды «қызылбастар» деп атаған. Бұл сөзді қолданудың өзі – тарихи деректерге сүйенудің нәтижесі. Мүлде ұмыт болған атауларды қолдану М. Әуезов драмаларында өте сирек. Ең жиі ұшырасатын құбылыс – түбір күйінде айтылмаса да, туынды түбір құрамында сақтаулы сөздерді қолдану.
ҚОРЫТЫНДЫ
М.Әуезов драмаларындағы кейіпкер тіліндегі байырғы сөздердің қолданылу ерекшелігін зерттей келе, оларды төмендегіше бөлуге болатынын анықтадық:
– әбден ұмытылып, қолданыстан шығып қалған сөздер: әреке,қызылбас,қар т.б.
– қазіргі кезде жаңа мағынаға ие болған көнерген сөздер: аламан, кеден, аламан асыр, аламандап, аламандық, аламанша, тамға, таңба т.б.
Жазушы көне қабатқа жататын, қазір де мағынасын жоғалтпай, кейде тіпті тілдік жаңа мәнге ие болған сөздерді, дәстүрлі көне сөздерді қолдануда кейбір мағынасы күңгірттенген сөздерге өзі түсінік беріп, оқырманын хабардар етіп отырады. Яғни бабаның көзіндей болған сөздерді жас ұрпаққа жеткізе білу – автордың негізгі мақсатының бірі болғанына шүбәміз жоқ. Көркем ойлаудың ұлттық бояуын терең сіңірген бұл сөздер – жазушының тілдік тұлғасын даралайтын тілдік таңба.
ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Санат, 2002. – 360 б.
2 Зекенова А. М.O. Әуезовтің драмалық шығармалары тілі лексикасының квантативтік стильдік сипаты: филол. ғыл. канд. … дис.: 10.02.06. – Алматы, 1992. – 147 б.
3 Болғанбайұлы Ә., Қалиұлы Ғ. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. — Алматы: Санат, 1997. – 256 б.
4 Диалектологиялық сөздік. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2007. — 800 б.
5 Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. — 708 б.
6 Сыздық Р. Сөз құдіреті. – Алматы: Санат, 1997. — 224 б.
7 Аманжолов С. Вопросы диалектологии и истории казахского языка. – Алматы:
Санат, 1997. — 608 с.
8 Кеңесбаев І. Қазақ тіл білімі туралы зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1987. – 352 б.
9 Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі. — Алматы: Наука, 1966. — 240 б.
А.С. Кушкимбаева
Особенности употребления исконно казахских слов в пьесах М.Ауэзова
Актюбинский региональный государственный университет им. К.Жубанова,
г.Актобе, Казахстан
В статье рассматриваются особенности употребления исконно казахской лексики, отражающей национальный менталитет, в драматических произведениях М.Ауэзова с позиции антропологического подхода. Язык и национальная психология являются важными элементами национально-культурных ценностей, формирующих национальное бытие и мировоззрение казахского народа. М. Ауэзов изучал народную литературу. Драматические произведения автора содержат упоминания о традиционных развлечениях казахов, церемонии кыз узату, игре алтыбакан. В драмах писателя охвачены все жанры драматургии: и трагедия, и комедия, и драма. Исконные слова, составляющие основной словарный запас языка и отражающие его богатство, получили широкое употребление в произведениях писателя. Характерной особенностью стиля повествования автора, позволяющей слушателю понять значение исконного слова, является употребление устаревших слов наряду с их вариантами под новым значением.
A.S. Kushkimbaeva
Peculiarities of using native Kazakh words in the plays by M.Auezov
K.Zhubanov Aktobe Regional State University,
Aktobe, Kazakhstan
The article examines the peculiarities of using native Kazakh vocabulary as a reflection of the national mentality in the dramatic works by M.Auezov in terms of an anthropological approach. Language and national psychology,being an important part of national-cultural values, form the national existence and worldview of the Kazakh people. M.Auezov studied folk literature. The author’s dramatic work includesdifferent traditional Kazakh entertainment, “Kyz Uzat” ceremony, “Altybakan” game. The writer’s works cover all genres of drama: tragedy, comedy and drama. The native words, that make up the main vocabulary of the language and reflect its richness, are widely used in the writer’s works. The author’s narrative style, which allows the listener to understand the meaning of the native word, is characterized by the use of obsolete words along with their variants expressing a new meaning.