ТЕРМИНТАНЫМДАҒЫ ЗАМАНАУИ КОГНИТИВТІ ЗЕРТТЕУЛЕР
Мақалада терминтанымдағы заманауи когнитивті зерттеулер қарастырылады. Терминтанымдағы заманауи когнитивтік зерттеулер ұсынатын идеялар дәстүрлі терминтаным теориясымен салыстырмалы сипатта талданады. Терминтанымдағы когнитивтік көзқарастарды зерттеуде ең алдымен дәстүрлі терминтаным жетістіктері басшылыққа алынуы тиіс. Өйткені термин мен ұғым, термин мен концепт, ұғым мен концепт арақатынасы, термин кәсіби ойлау нәтижесі тұжырымы, терминдік жүйенің динамикалық сипаты, терминнің ерекше семиотикалық кеңістіктегі белгілі бір білім мен ісәрекет саласындағы күрделі таным мен қарым-қатынастың нәтижесі екендігі, ұғым мен концепт арасында үздіксіз байланыстың болатындығы дәстүрлі терминтанымда жанжақты қарастырылды. Қазіргі терминтанымдағы заманауи когнитивтік зерттеулер аталған теориялық және практикалық жетістіктерді тек терминтаным аясында емес, пәнаралық ғылымдар шеңберінде зерделенуі тиіс деп тұжырымдалады.
Кілт сөздер: когнитивтік терминтаным, термин, ұғым, концепт, когнитивтік зерттеу, дәстүрлі терминтаным, семиотикалық кеңістік.
КІРІСПЕ
Соңғы онжылдықта когнитивті лингвистиканың даму аясында когнитивті терминтануға қатысты бірқатар еңбектер пайда болды. Алайда, терминнің когнитивті сипатын қарастыруда, еңбек авторлары, когнитивті терминтану когнитивті лингвистика мен антрополингвистика негіздеріне сүйенеді, өйткені ол, әсіресе, адам миының жұмыс механизмін зерттеу бойынша, ақпаратты қайта өңдеу және оны қабылдау үдерісінің ерекшелігі тұрғысынан көпқырлы зерттеулер жасауға мүмкіндік береді деген фразалармен шектеледі. «Терминтануда бұл маңызды мәселеге айналады, өйткені, қандай да бір термин құрамындағы концептіні құрылымдағанда жаңа бірліктердің пайда болуын немесе оларды барынша ой елегінен өткізіп барып жасауға мүмкіндік пайда болады» [1, 20-29]. Бұл жағдайда когнитивті терминтану терминологиялық концептілерді зерттеу деген мағынада ұғынылады. Термин жүйесі материалдары бойынша «адамның ми қызметінің жұмысын жанжақты қарастыратын зерттеулер» кездеспеді. Термин жүйесінде жаңа бірліктердің пайда болуын зерттеудің когнитивті әдістеріне сүйенбей-ақ, дәстүрлі терминтануда жақсы қарастырылған, терминжүйенің құрамына толыққанды ене қоймаған бірліктерді (термин алды, термин тәрізді, термин үміткер) жіктеудің негізінде, сонымен қатар, ғылыми мәтінде әлі терминологиялық атау ала қоймаған атауыштық бірліктердің қолданысын және олардың анықтамаларының қалыптасуын дәстүрлі мәтін талдау негізінде болжауға болады. Концептіге осы мақсатпен жүгіну мұндай болжам жасауды тек қиындата түспек.
А.Х.Азаматова, дәстүрлі терминтану тілдік таңбаны талдау аясынан шыға алмады, ал терминтанудағы когнитивті көзқарас оның шекарасы мен пәнаралық байланыстарды кеңейте отырып, оны «ашық» ғылымға айналдырады деген тұжырымдама жасайды. Бұндай құбылыс өз кезегінде заманауи тіл білімінің антропоцентристік парадигмасымен байланысты «экспансионизм» атауына ие болды. ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында тіл білімі тарихында антропоцентризмнің күшейе түскендігін көрсете келіп, автор терминтанымдағы жаңалықтарды когнитивтік терминтанымның ең маңызды сұрағы яғни, «жалпықолданыстағы сөздің терминге айналуы, төл немесе шет тілінің сөздерінен саналы түрде жаңа лексикалық бірлік жасау, ғылымның басқа салаларынан немесе басқа тілдерден сөздерді қабылдау сияқты құбылыстармен байланысты» терминнің пайда болу мәселесін қарастырумен байланыстырады.
Когнитивті терминтанымның заманауи мәселелеріне автор «терминология дамуын саналы түрде басқаруды», оны халықаралықтандыру мен ұлттандыруды да жатқызады. Терминтанымның көрсетілген аспектілерінің бірде-бірі жаңа емес, өйткені олар терминдерді не құрылымдық жағынан, не атауыштық бірліктердің қолданыс ерекшеліктерін зерттеу жағынан бір-бірімен тығыз байланысты. Бұл мәселелердің барлығы дәстүрлі терминтану зерттеулерінде басты назарда болды.
Терминтанымда қалаған нәрсені шындыққа айналдыруға ұмтылу, когнитивті бағыттағы жаңашылдықты қалайда негіздеу оның даму тарихын бұрмалауға алып келеді. Терминтаным ешқашан тілдік таңбаларды термин жүйені толықтыру тәсілдерінен, термин теориясының ғылыми білім жүйесімен байланысынан, ғылым мен қоғам тарихынан, ғылымдардың өзара байланысынан, тілдік және ғылыми байланыстардың болуынан және өзге де тілден тыс факторлардан бөлек қарастырған емес.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Дәстүрлі терминтанымға қарағанда когнитивті терминтаным ең алдымен, «адам тәжірибесі мен қызмет ерекшелігін көрсететін тілдік құрылым мен менталды құрылым қатынасы мәселесін, тілдік білімнің қарапайым және ғылыми, ассоциативті-бейнелі, рационалды-логикалық сияқты әртүрлі типтерінің көрінісін қарастырады» деп тұжырымдайды ғалым Е.И.Голованова [2, 5]. Алайда тілдегі білімнің әртүрлі типтерінің көрінісі мәселесіне дәстүрлі терминтаным да үнемі назар салып келеді. Қарапайым және ғылыми білім арасындағы байланыс сөз бен термин арақатынасы мәселесі аясында, термин жасаудағы тілдік метафора мен метонимияның рөлі, сонымен қатар, терминдердің тек ғылыми, оқу ғана емес, көркем әдебиетте де бейтерминдену және қолданыс үдерісінде қарастырылды.
Білімді жеткізудің ассоциативті-бейнелі түрін пайдалану терминнің экспрессивтіэмоционалдығы туралы пікірталастан көрініс тапты, ал логикалық-тілдік (рационалдылогикалық) қарым-қатынастар (ұғымдар мен терминдер жүйесін жасаудың иерархиясы, ғылыми классификация мен анықтама мәселелері, ғылыми білімді морфологиялық және сөзжасамдық тілдік құралдар арқылы категориялау және т.б.) тұрғысынан зерттелетін тілдік таңбаның терминге айналу мәселесі ғылыми ұғымдарға, олардың жасалу ерекшелігі тек қана ғылыми анықтамаларда емес, менталды құрылымдағы әлі термин мәртебесін алмаған тілдік бірліктер пайда болатын мәтіндерге негізделеді.
Е.И.Голованова терминтанымның когнитивті теориялар ықпалымен құрылған маңызды идеяларына төмендегілерді жатқызады:
1. Термин және ұғымның арақатынасына деген көзқарастың өзгеруі, терминтаным айналымына «концепт», «концептуалды құрылымдар», «білім форматтары» ұғымдарын енгізу арқылы бұл қатынасты тереңірек ұғыну.
2. Терминнің когнитивті қызметінің маңызды екендігін мойындап, (дәстүрлі терминтанымдағы терминнің атауыштық немесе анықтамасының болу қызметімен салыстырғанда) оның ішінен аса маңызды бағыт-бағдар беру қызметін бөліп көрсету.
3. Терминді кәсіби таным мен кәсіби қызмет үдерісіндегі динамикалық құрылым ретінде қарастыру.
4. Термин және өзге де арнаулы бірліктерді белгілі бір білім мен қызмет саласының ерекше семиотикалық кеңістігіндегі когниция мен қарым-қатынастың өзара күрделі байланысының нәтижесі ретінде ұғыну.
5. Терминді рационалды-логикалық тұрғыдан түсіндіретін тұжырымдамадан бас тарту, оның тек ғылыми білімді ғана емес, қарапайым және кәсіби эмпирикалық білімді бейнелейтінін де мойындау қажет.
6. Терминнің мазмұндық дамуы мен жасалу үдерістері туралы ғылыми көзқарастарды тереңдету: арнаулы білімді жинақтаушы концептіден оны теориялық тұрғыдан жинақтайтын ұғымға қарай.
7. Концепт пен ұғым арасында үздіксіз байланыстың болатынын мойындау: арнаулы ұғымдар концепт негізінде жалпының, белгілі бір білімнің бір бөлігі ретінде құрылады, ұғымның мазмұны ғылымның дамуы мен оның жалпы мәдени өзара қарым-қатынасы үдерісінде концепт мазмұнына біртіндеп қосылып, ол өз кезегінде ұғымның әрі қарай дамуына әсер етеді [3,14].
Аталған идеялардың терминтаным үшін қаншалықты жаңа екендігін жан-жақты қарастырып көрейік:
1. Когнитивті лингвистикада концептіге көптеген анықтамалар береді, ал «бұл ұғымның мазмұны әртүрлі ғылыми мектептер мен жекелеген ғалымдардың тұжырымдамаларында айтарлықтай өзгешеліктерге ие» [4,21-25], сол себепті когнитивті терминтаным бойынша сараланған жұмыстардан байқағандай, бұл категорияның мазмұнды екіұштылығы терминологиялық ұғым мен концепт, термин мен ұғым арақатынастарын терең түсінуге кері әсерін тигізген жоқ. Концепт ғылымды сипаттайтын өнім ұғымынан өзгеше адам санасында объективті түрде өмір сүретін перцептивті-когнитивті-аффективті құрылым деп есептеген А.А.Залевскаяның [5, 39] пікірін негізге алатын болсақ, терминнің концептіге ешқандай қатынасы жоқ деген қорытынды жасауға болады[6, 13].
2. Сонау ХХғ. 80-жылдарынан-ақ зерттеушілер термин кәсіби ойлаудың, мамандықты кәсіби меңгерудің, ғылыми қарым-қатынастың маңызды құралы деп терминнің когнитивті қызметін атап көрсеткен болатын [7, 3]. Термин – кәсіби ұғымды бейнелейтін және атайтын, ғылыми және кәсіби-техникалық нысандарды меңгеру мен тану үдерісінде және олардың қарым-қатынасында қолданылатын белгілі бір арнаулы мағынасы бар сөз немесе бағыныңқы сөз тіркесі [8, 5].
3. Термин жүйелердің динамикалық сипаты «дәстүрлі терминтанымда» жанжақты қарастырылды. А.А.Реформатский жалпыхалықтық сөздердің терминденуі мен бейтерминдену үдерісі туралы былай дейді: «Терминология бір жағынан – жабық, екінші жағынан – қарапайым тілмен үздіксіз қарым-қатынаста болатын сала». Кез келген қарапайым сөз белгілі бір ғылым саласының затпен дәл үйлесім тауып, арнайы сөздікке енгізілу жолымен термин бола алады. Екінші жағынан, кез келген термин белгілі бір затпен дәл болған үйлесімділігін жоғалтып, қарапайым сөзге айналуы мүмкін [9,164]. Орыс тілінің саяси-экономикалық терминологиясының қалыптасу ерекшелігін зерттеген Т.И. Панько: «оның құрылымы (саяси-экономикалық терминологияның) – сандық өсім мен сапалық өзгерістердің құбылмалылығы, біртіндеп толығып отыратын күрделі жүйе. Саясиэкономикалық терминология өз ішінде дискретті тұйық екендігіне қарамастан қозғалыстағы жүйе. Ол экономикалық ұғымның бұрынғы мағыналарын жаңа мазмұнмен толықтырып, өз құрамына қосты» деп терминологияның өзгермелі жүйе ретіндегі ерекше тұстарын да атап өтті [10, 63].
4. Ерекше семиотикалық кеңістіктегі белгілі бір білім мен іс-әрекет саласындағы күрделі таным мен қарым-қатынастың нәтижесі ретіндегі термин сипатында жаңалық жоқ. Атап өткеніміздей, білімнің белгілі бір саласындағы терминдердің арақатынасы, олардың коммуникативтік қызметі дәстүрлі терминтанымда да күмән тудырмаған. «Атауыштық таңба ретінде терминдердің ерекшелігі олардың тек ерекше семиотикалық кеңістікте, яғни белгілі бір кәсіби іс-әрекет кеңістігінде коммуникативті және когнитивті маңызды заттарды, құбылыстарды, қатынастарды белгілеу үшін жасалынатындығында жатыр»[11,21]. Ғалым Ш.Құрманбайұлы бұл туралы былай деп жазады: «Кез келген ғылым саласында жаңа ұғым пайда болған сайын бір жаңа термин дүниеге келеді. Ол термин сол ғылым саласындағы ұғымдар жүйесінен тиісті орын алып, терминологияның мүшесі ретінде орнығады» [12, 69].
5. Терминшілер көптеген терминжүйелердің жалпыәдеби тіл сөздерінің қайта қаралу негізінде қалыптасатыны туралы аз айтып жүрген жоқ. Қарапайым және кәсіби білім мен тәжірибе негізінде пайда болған терминжүйелердің тығыз байланысы тарихи терминтанымдағы еңбектерде біршама қарастырылды [Кутина 1964; 1966, Трубачев 1966, Сороколетов 1970, Герд 1981, Гринев]. Қарапайым және эмпирикалық білімнің өзара байланысы ешқашан жоққа шығарылмаған, бірақ терминшілер әрқашан сөз ғылыми және кәсіби ортаға ауысқанда белгілі бір ғылым саласының маманы үшін ғылыми шындық пен ғылыми танымды жіктеу құралына айналады, алға ілгерілеушілік жолындағы білім заттар мен құбылыстардың табиғатын терең түсінуге ықпал етеді. Терминнің рационалдылогикалық түсіндірмесінен бас тартуға болмайды, себебі термин мәселесі – ол ең алдымен тілдік-логикалық мәселе. Логика – ойлаудың заңдары мен формалары, пайымдаулар мен қорытынды шығару туралы ғылым. Логикасыз толыққанды танымның болуы да мүмкін емес.
6. Когнитивті терминтаным «термин мазмұнының қалыптасуы мен даму үдерістері туралы ғылыми көзқарастарды тереңдетуге ықпал етеді деген пікір: концепт арнаулы білімнің өздігінен жалпылануынан оның ұғымның теориялық жалпылануына дейін» тұжырымы, ең алдымен дәстүрлі терминтанымдағы жақсы зерттелген ұғым категориясына сүйену керектігіне алып келеді. Ғылымның әртүрлі саласындағы зерттеушілер ғылыми концепт мәселелерін қарастыра отырып, оның жаңа еместігін атап өтеді. Концептуализмнің негізін салушыларға ортағасырлық ғалымдар Т.Гобсс, П.Абеляр және тағы басқа ғалымдарды айтуға болады [13,128]. Концептуализм концептілерді өз бойына заттардың маңызды белгілерін жинақтаған және оны пайдалануды саналы түрде жасайтын, өзекті ақпаратты қамтитын әмбебап ретінде қарастырады. П.Абеляр концепт деп белгілі бір затқа қатысты ұғымдар байланысының бір көзқарасқа шоғырлануын атады [14, 119]. Концепт болмысын бұл тұрғыдан қарастырсақ, оның құрылымынан кездейсоқтық байқалмайды.
7.«Ұғым мен концепт арасында үздіксіз қарым-қатынас бар» деген тұжырымдама анық нәрсе. Білім мен таным әрқашан өзара байланыста болатынын ешкімде, ешқашан теріске шығармаған.
ҚОРЫТЫНДЫ
Қорыта айтқанда, терминтанымдағы заманауи когнитивтік зерттеулер дәстүрлі терминтаным идеяларын дамытып, толықтырып, оларды антропоцентрлік үлгі бойынша жаңаша сипатта қарастыруға ұмтылып отыр. Терминтанымдағы когнитивтік көзқарастарды зерттеуде ең алдымен дәстүрлі терминтаным жетістіктері басшылыққа алынуы тиіс. Өйткені термин мен ұғым, термин мен концепт, ұғым мен концепт арақатынасы, термин кәсіби ойлау нәтижесі тұжырымы, терминдік жүйенің динамикалық сипаты, терминнің ерекше семиотикалық кеңістіктегі белгілі бір білім мен іс-әрекет саласындағы күрделі таным мен қарым-қатынастың нәтижесі екендігі, ұғым мен концепт арасында үздіксіз байланыстың болатындығы дәстүрлі терминтанымда жан-жақты қарастырылды. Қазіргі терминтанымдағы заманауи когнитивтік зерттеулер аталған теориялық және практикалық жетістіктерді тек терминтаным аясында емес, пәнаралық ғылымдар шеңберінде зерделеуі тиіс.
ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Закирова Е.С., Швецова Е.В. Анализ термина с позиции когнитивного подхода//Известия МГТУ «МАМИ». Серия Гуманитарные науки. -2013. 1(15). –Т.6. –С. 27-
31.
2 Голованова Е.И. Введение в когнитивное терминоведение: учеб. Пособие. –М.: Издво «Флинта»: «Наука», 2011. -224 с.
3 Голованова Е.И. Когнитивное терминоведение: проблематика, инструментарий, направления и перспективы развития//Вестник Челябинского государственного университета. -2013. -№24 (315). Филология. Искусствоведение. –Вып. 82. С. 13-18.
4 Попова З.Д., Стернин И.А. Когнитивная лингвистика. –М.: Изд-во «АСТ ВостокЗапад», 2007. -314 с.
5 Залевская А.А. Психолингвистический подход к проблеме концепта//Методологические проблемы когнитивной лингвистики. –Воронеж: Изд-во Воронеж гос. Ун-та. 2011. С. 39.
6 Хижняк С.П. Когнитивная проблематика в общей теории термина [монография]. – Саратов: ИЦ «Наука», 2016. -172 с.
7 Головин Б.Н. Проблема поянтийной и предметной соотнесенности лингвистических терминов//Термины в языке и речи. –Горький: Изд-во Горьк. ун-та, 1985. –С.3-12.
8 Головин Б.Н., Кобрин Р.Ю. Лингвистические основы учения о терминах. Уч. Пособие. –М.: Изд-во «Высшая школа», 1987. – 105 с.
9 Реформатский А.А. Мысли о терминологии//Современные проблемы русской терминологии. –М.: Изд-во «Наука», 1986. С. 163-198.
10 Панько Т.И. Формирование русской политэкономической терминологии//Современные проблемы русской терминологии. –М.: Изд-во «Наука», 1986. – С. 63-79.
11 Исакова С.С. Когнитивті терминтанымның басты мәселесі – тіл мен білім//Терминологиялық хабаршы. №2(48). 2014. -19-27 б.
12 Құрманбайұлы Ш. Қазақ лексикасының терминденуі. –Алматы: «Ғылым». 1998. -208 б.
13 Крюкова Г.А. Концепт. Определение объема содержания понятия//Известия Российского государственного педагогического университета им. А.И.Герцена. – 2008. №59. –С. 128-135.
14 Неретина С.С. Слово и текст в средневековой культуре. Концептуализм Абеляра. – М.: Изд-во «Гнозис», 1994. -216 с.
Қ.Т. Алтайбекова1, С.С. Исакова2, С.Н. Саменова3
Современные когнитивные исследования в терминоведении
1Жезказганский университет им. О.К. Байконырова, г. Жезказган, Казахстан 2Актюбинский региональный государственный университет им. К.Жубанова, г. Актобе, Казахстан
3Карагандинский государственный университет им. Е.А. Букетова,
г.Караганды, Казахстан
В статье рассматриваются современные когнитивные исследования в терминоведении. Идеи, представляющие современные когнитивные исследования в терминоведении, анализируются в сравнении с теорией традиционного терминоведения. Исследования когнитивных представлений термина должны руководствоваться, прежде всего, достижениями традиционного терминоведения. Традиционное исследование рассматривает особенности соотношения понятий и концептов, непрерывную связь между понятиями и концептами, значение термина и понятия, термин и концепт, понятие и формулировку результатов профессионального мышления, динамический характер терминологической системы, результат сложного познания и общения в специфическом семиотическом пространстве. Согласно современным когнитивным исследованиям термина, теоретические данные и практические достижения должны рассматриваться не только в рамках терминоведения, но и в контексте междисциплинарных наук.
K.T. Altaybekova1, S.S. Issakova2, S.N. Samenova3
Modern cognitive research in terminology
1 О. Вaikonurov Zhezkazgan University, Zhezkazgan, Kazakhstan
2K. Zhubanov Aktobe Regional State University, Aktobe, Kazakhstan 3E.A. Buketov Karaganda State University, Karaganda, Kazakhstan Тhe article deals with modern cognitive research in terminology. Ideas representing modern cognitive research in terminology are analyzed in comparison with the theory of traditional terminology. Studies of cognitive representations of the term should be guided, first of all, by the achievements of the traditional term. Traditional study examines the features of correlation of notions and concepts, continuous relationships between concepts and concepts, the meaning of the term and the concept, the term and concept, the concept and formulation of the results of professional thinking, the dynamic nature of terminal system, the result of complex cognition and communication in specific semiotic space. According to modern cognitive studies of the term, theoretical data and practical achievements should be considered not only within the terminology but also in the context of interdisciplinary sciences.