ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ДАСТАНЫНДАРДАҒЫ ДІН МӘСЕЛЕСІ

ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ДАСТАНЫНДАРДАҒЫ ДІН МӘСЕЛЕСІ

Мақалада араб әдебиетінің ХІХ ғасырдағы қазақ кітаби ақындар шығармашылығына ықпалы, әсері туралы айтылады. Кітаби ақын деген атауды қазақ ғалымдары олардың не идеялық көзқарастарын, не көркем әдебиеттік бағыт-әдісін аңғартпайды, кәсібін, кітап бастырып шығарумен айналысқанын ғана аңғартады деген болатын. Орталық Азияда өзге халықтармен қатар, қазақ халқы да «Мың бір түн», «Калила мен Димна», «Антараның ерлік істері», «Ләйлі-Мәжнүн» және т.б. араб әдебиетінің шоқтығы биік інжу маржандарымен таныс болып, осы шығармаларға еліктеуден жаңа шығармалар жазған. Кітаби ақындар ақиқатты, хақ дінді өз шығармаларында жырлау арқылы, ислам дінінің қазақ жерінде тарауына зор ықпал етті. Сонымен қатар, мақалада кітаби ақындар шығармаларының негізгі тақырыбы қазақ еліне дінді, имандылықты таныту дей келе, мұның өзі Құран Кәрім мен Мұхаммед пайғамбардың қасиетті хадистерінің негізінде шыққанын, сондағы діни уағыздардың мәні бар мәселелерді зерделеп пайымдағанын нақты мысалдар арқылы көрсетеді. Демек, бұл кезеңдегі кітаби ақындардың ақиқат пен шындық жолындағы таным-түсініктерінің негізінде жатқан ортақ тағылымды екі әдебиет арасындағы, яғни араб-қазақ әдебиетінің сабақтастығы, байланысы деп түсінеміз. Кітаби ақындар араб әдеби үлгілерінің желісін пайдаланғанымен, түпнұсқадағы қалпын өңдеп, өзінше жаңа мәнерде, ұлттық дүниетаным мен дәстүрге бейімдеп жазған.
Кілт сөздер: араб әдебиеті, қазақ әдебиеті, ислам діні, хадистер, діни аңыздар, кітаби, шайыр, қисса.

КІРІСПЕ

Қазақ әдебиетінің тарихында Шығыс әдебиетінің озық үлігілерінен, діни кітаптардан үлгі, нәр алған, онда суреттелген негізгі мәселелерді қазақ тілінде қайта жырлауға тырысқан кітаби ақындар аз болмаған. Атап айтар болсақ, ХІХ ғасырда ғұмыр кешкен Ақыт Үлімжіұлы, Ғұмар Қарашұлы, Шәді Жәңгірұлы, Тұрмағанбет Ізтілеуов, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Нұржан Наушабаев, Әбубәкір Кердері, Жүсіпбек Шайхисламұлы, Ораз молла сияқты діни медреселерде білім алып, қасиетті Құранды жетік білген ақындардың ең басты тақырыптары – ислам дінінің адамгершілік, имандылық тұстарын дәріптеу болды. Кітаби ақындар ақиқатты, хақ дінді өз шығармаларында жырлау арқылы, ислам дінінің қазақ жерінде тарауына зор ықпал етті.
Араб әдебиетін байланыстыра жазылған шығармалар, жырлар мен қисса-дастандар әсіресе ХІХ ғасырдан күні бүгінге дейін жалғасын табуда. Кеңес өкіметіне дейін көптеген діни тақырыптағы, шығыс, араб үлгісіндегі өлендер жазылды. Кітаби ақындар шығармаларының негізгі тақырыбы қазақ еліне дінді, имандылықты таныту деп білсек, мұның өзі Құран Кәрім мен Мұхаммед пайғамбардың қасиетті хадистерінің негізінде шыққанын, сондағы діни уағыздардың мәні бар мәселелерді зерделеп пайымдағанын, қазақ елінің таным-түсінігіне сәйкес келетіндей етіп түсіндіргенін, қазақ ұғымына тән эпикалық сипатқа көшіріп бере алғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Демек, бұл кезеңдегі кітаби ақындардың ақиқат пен шындық жолындағы таным-түсініктерінің негізінде жатқан ортақ тағылымды екі әдебиет арасындағы, яғни араб-қазақ әдебиетінің сабақтастығы, байланысы деп түсінеміз.
«Кітаби ақындар – шығыс әдебиетінің араб, парсы, түркі тілдес халықтарында бар поэзияның озық үлгілерін өзінше жырлап, қазақ арасына таратып, шығыс тілінде шыққан кітаптар сюжетін қайта өңдеп, қисса-дастандар шығарған бір топ ақындар. Шығыс поэзиясының көрнекті ескерткіштерімен түпнұсқада танысты. Олар Шығыс поэзиясының көркемдік құралдарын өз шығармаларында орынды пайдалана білді» [1, 281]
Кітаби ақындар ХІХ ғасырда өмір сүріп, белгілі бір бағытты нысана етіп, шығыстың әйгілі шығармаларын насихаттаған. Кітаби ақындар романтикалық, батырлық, ғашықтық, діни дастандар мен діни өсиет-нақылдарды дәріптеуші. Арабтың ертегі, аңыз, діни дастандарын қазақ ортасына лайықтап, шығысқа кең тараған «нәзирагөйлік» үлгіні қазақ жерінде дамытты.
ХІХ ғасырда қазақ әдебиеті орта ғасырда негізі қаланған классикалық араб мұсылман әдебиетімен тығыз байланысты болды. Қазақ әдебиеті тарихына «кітаби ақындар» деген атпен кірген ХІХ ғасырда қазақ ақындарының үлкен шоғыры болғаны белгілі. «Кітаби» сөзі шартты түрде болса да, термин ретінде қалыптасқанын әдебиетші ғалымдардың зерттеулерінен көруге болады. Олар Бұхара, Ташкент, Самарқан, Қазан, Уфа сияқты қалалардағы мектептер мен медреселерде білім алып, өз шығармашылықтарында ағартушылық идеяларымен ерекшеленді. Араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгерген кітаби ақындар Шығыс әдебиетінің классикалық үлгілерін қазақ даласында насихаттап, жырлауда айрықша танылады. Б.Кенжебаев кітаби ақындар жайында “Олар екі түрлі мәдениетпен танысып, екі түрлі әдеби дәстүрден нәр алған. Бірі қазақ халқының бұрынғы мәдени байлығы мен әдеби қазынасы, екіншісі мұсылмандық Шығыстың ертедегі әдебиеті”, – деп тұжырым жасайды [2,11].
Қазақ әдебиетінде шығыстық сюжетке шығарма жазып, шығыс тілдеріндегі яғни, араб, парсы әдебиетінің құнды шығармаларын аударушы, байланыстырушы ақындар, «нәзирагөйлік» тәсілді жетік меңгергін кітаби ақындар болды. Кітаби ақындар діни оқуды жетік меңгерген, шығыстың классикалық әдебиетіне қанық, шығармаларында араб, парсы, түрік сөздерін жиі қолданған.
Академик З. Ахметов қисса, хикаяларды әлеуметтік бағыты, мазмұны, идеялық көркемдік құндылығы жағынан саралап, үш топқа бөлген болатын:
Бірінші негізінен дінді уағыздайтын, исламның қағидаларын, діни ұғым нанымдарды насихаттауға бағытталған: «Сал сал», «Зарқұм», «Сейітбаттал» сияқты шығармалар;
Екінші көршілес елдер мен басқа шығыс халықтарының ежелгі аңыз әңгімелері, халық романдары мен поэмалары және классикалық әдебиет өкілдерінің дастандары: «Шаһмаран», «Сейфүлмәлік», «Бозжігіт», араб елінің ертегісі «Мың бір түн».
Үшінші шығыс сюжетіне құрылған, бірақ қазақ әдебиетіне сіңісті болып кеткен «Мұңлық Зарлық» сияқты шығармалар [3, 35].
«Кітаби» деген атау ертедегі христиан діндарлары арасында діни кітап – «Инжіл» ережелерін бұлжытпай орындауды жақтаған, уағыздаған, адамдар жөнінде қолданылған. Оны біздің ХХ ғасыр басындағы ақындарымыз жөнінде қолдану мүлде орынсыз. Кітаби ақындарды діншіл, жазған шығармаларының көркемдік жағы әлсіз, сапасыз деген пікір үстем болып, біраз уақыт зерттеу нысанына алынбағаны белгілі. Кеңес заманында ғасыр басындағы ақындарды менсінбеушілік, жете бағаламаушылық болғандығын, тіпті, шын мәнінде әдебиет болған жоқ деген секілді ұшқары пікірлердің өріс алғанын ғалым Б. Кенжебаев орынды атап өтеді [2, 186].
Осы өтпелі кезеңде өмір сүрген қазақ кітаби ақындар араб тілін жетік меңгергендікден де, араб мұсылман шайырларының еңбектерімен түпнұсқда танысып, онда сомдалған жарқын образдар мен сюжеттерді қазақ тілінде қайта жырлап, әдеби байланыстың өркендеуіне, жандануына өзіндік үлестерін қосты. Осы әдеби байланыс туралы қалам тербеген орыстың белгілі шығыстанушы ғалымы Н.И.Конрад әдеби байланыстың негізгі үш түрін саралап, былай дейді: «Не следует думать, что существуют только две формы проникновения литературы одного народа в литературный мир другого народа – пронивновение в подлинике и в переводе. История мировых литературных связей свидетельствует о наличии и других форм.Одна их таких форм – воспроизведение в творчестве писателя одного народа содержания и мотивов произведения, созданного писателем другого народа. Эта форма получила особое распространение в литературе народов Средней Азии, Ирана и Передней Азии в средние века» [4, 324-325].
Кітаби ақын-жазушы деген атау біздің ғалымдарымыз бұл топқа жатқызып жүрген ақынжазушылардың не идеялық көзқарастарын, не көркем әдебиеттік бағыт-әдісін аңғартпайды, кәсібін, кітап бастырып шығарумен айналысқанын ғана аңғартады. Біздің ойымызша, ұлы Абай негізін қалаған жазба әдебиетті дамытушы ақындар: Ақыт Үлімжіұлы, Ғұмар Қараш,
Ақмолла Мұхамедияров, Шәңгерей Бөкеев, Жүсіпбек Шайхысламов, Ақылбек Сабалұлы, Шәді Жәңгіров, Ораз молда, Молда Мұса, Мақыш Қалтаев, Нұржан Наушабаев, Мәделі қожа, Әсет Найманбаев, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Шораяқтың Омары және т.б. қазақ әдебиетін жанрлық, тақырыптық тұрғыдан байыта отырып, адал махаббат пен адамгершілік идеясын уағыздайтын, халықтың мақсаты мен мүддесін көрсететін шығармаларды дүниеге әкелді. Бұл ақындардың шығармашылығын саралай отырып, профессор Ө.Күмісбаев оларды «кітабилық» сатыда қалып қоймай, өзіндік көркемдік ізденістерімен туындыларын жоғары сапаға көтеріле білген және кітаби ақын деген аясы тарлау терминге тықпалауға болар ма екен деп, бұл ақындардың өлеңдері мен көркем дастандарын «кітабилық» деңгейден анағұрлым жоғары екенін айтып өтеді [5, 58].

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Кітаби ақындардың арасында Қазақстаннан шет жатса да, осы бағытта қарымды еңбек еткен үлкен шығармашылық тұлғалардың бірі – Ақыт Үлімжіұлы. Ақын Ақыт Үлімжіұлы Қытайдың Алтай аймағының Көктоғай ауданында 1869 жылы дүниеге келген. Ауыл молдасынан сауат ашып, зеректігінің арқасында араб, парсы тілдерін жетік меңгерген. Қазан, Стамбул баспаларынан шығатын әдеби кітаптармен танысып, қазақ әдеби мұраларын зерттеуге, дамытуға күш салады. Ақыт Үлімжіұлы Ислам тарихын, мәдениетін жетік меңгерген ақын. Ақын 1907 жылы Алтай және Жайық төңірегіндегі Қажыларға аудармашы болып, Мекке Мәдинеге қажылыққа барады. Меккеге қажылыққа барған ақын сапарластарынан қалып қойып, Арабия, Түркия елдерін бір жылдай аралап діни білімін жетілдіріп қайтады. Сөйтіп 1908-1910 жылдар аралығында ақын араб елдерінде екі жарым жыл тұрып араб әлемі мәдениеті, әдебиетімен кеңінен таныcып өз білімін одан ары жетілдіріп, әлемдегі ең cирек және құнды кітаптарды жинаcтырып, ғылымға деген қызығушылығы арта түседі. Қытай өкіметі аз ұлттарға қысым көрсетіп, қазақтың бетке ұстар азаматтарын түрмеге қамайды. Сондай ауыр азап пен қысымды Алтай қазақтарының аяулы ақыны, ағартушысы, дін ғұламасы Ақыт қажы да бастан өткереді. Ақыры Ақыт Үлімжіұлы 1940 жылы Шыңжаң билеушісі Шың Шысайдың қатал әмірімен Үрімжі түрмесінде азаптап өлтіріліп, көптеген кітаптары мен қолжазбалары өртелген.
Ғалым Р. Бердібаев: Түркістан, Бұхара, Самарқанд секілді шаһарларда оқып біліп алған, араб, арсы, түркі әдебиеттерінен терең тәлім көрген, өздері күні бүгінге дейін «кітаби ақындар» деп аталып келген сөз зергерлерінің творчествосы – қазақ әдебиетінің шығыс әдебиетімен терең тамырлы байланысы барлығын көрсетеді»
Шығыста бір классик жырлаған тақырыпты келесі бір буында тағы бір ақынның қайталап, тың дастан туғызатын дәстүрі, бір тақырыпты бірнеше ақын жырлап өзара шабыт санасуы, жырмен жарысуы, яғни назирагөйлік салты ғасырлар бойы өмір сүріп келгенін, ал назирамен жазылған шығармалар аударма да емес, еліктеу де емес, нағыз қолтума, тың туынды екенін Е.Э. Бертельс пен М.О. Әуезов айтқан.
Көркем әдебиеттегі еліктеу құбылысы туралы шығыстанушы ғалым Е.Э.Бертельс мынандай құнды пікір айтқан болатын: «Разбор этой поэмы убедительно показывает, как неправильно называть назира подражением, ибо самая сущность этого явления отнюдь не в подражании, а в том новом, что поэт выносит тему, причем эти изменения приводят сплошь и рядом изменению всей концепции» [6, 115].
Ал, ғалым М. Әуезов: «Олар біреуінің тақырыбын біреуі алуды заңды жол еткен. Тек алдыңғының өлеңін алмай және көбінеше алдыңғы айтқан оқиғалары негізінде пайдаланса да, көп жерде өз еркімен өзгертіп отырып, тыңнан жырлап шығаратыны болады. Бұлайша, бір тақырыптың әр ақында қайталануы ешуақытта аударма деп танылу керек емес. Ол өзінше бір қайта жырлау, тыңнан толғау немесе ақындық шабыт-шалым сынасып, жырмен жарысу есепті бір салт еді.
Шығыс поэзиясы бұл салтты заңды деп біліп, осы дәстүрге «Назира», «назирагөйлік» – деп атау да берген» – деп назира дәстүрінің шығыс бастау алып, қазақ ақындарының да еліктегенін айта кетеді [7, 150]. Жалпы назирагөйлік дәстүрі бойынша шығарманың жанрлық түрі, мазмұны мен желісін сақтау шарт болмаған.
Шығыс әдебиетінде дәстүрлі тақырыптар бойынша шығарма жазудың өзі екі түрлі жолмен іске асқан:
а) көркем аударма әдісі;
ә) назирагөйлік.
Ал, Ақыт шығармашылығының ауқымды саласы –назирагөйлік дәстүр бойынша жазған қисса-дастандары. Ақыт Үлімжіұлы кітаби ақын. Оған дәлел ақынның 1891-1914 жылдар аралығында Санкт-Петербург, Қазан баспаларынан жарық көрген діни қиссалары. Ақыт Үлімжіұлы жиырма жасында тұңғыш назиралық «Қисами Жиһаншаһ Тамұзшаһұғылы» дастанын одан кейін, «Сейфүл-Мәлік», «Бәдіғұл-Жамал», «Сейітбаттал қазы», «Ахуал қиямет», «Қисами Ғабдүлмүлік» қиса-дастандарымен араб әдебиетін жетік меңгергендігі мен насихаттаушы екендігін де көрсетеді. Ақыт «Қисами жиһаншаһ тамұзшаһұғылы» дастанын арабтың әлемге әйгілі «Мың бір түн» ертегісінің ішіндегі «Жиһаншаның өмірі туралы» ертегінің желісі бойынша жазған.
Ш.Рахметұлының жазуы бойынша Ақыт араб аңыздарының ізімен «Жиһаншаһ» дастанын 18 жасында жазған деседі. Сонда Ақыт қажылыққа бармай тұрып діни сауатының белгілі деңгейге жеткендігін танытып тұр. Ақыт Үлімжіұлы осы сапарында жүріп «Ахиретбаян» («Ахуал-и-қиямет») атты дидақтикалық дастанын жазады. Ақынның бұл насихат дастаны Алланың қасиетті кітабы Құран кәріммен, Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінің желісіне құрылған.
Ақыт қажы Үлімжіұлының «Ахиретбаян» («Ахуал-и-Қиямет») атты дастаны исламдықағартушылық шығарма болып табылады. Дастанның нұсқаларын жинақтап, оны жариялаған Кәкей Жаңжұңұлы шығарма туралы былай деген: «Ғұлама ақын, дін ғалымы Ақыт қажы Үлімжіұлының халыққа кең таралған насихаттық жырларының бірі – «Ахиретбаян». Жырдың екі дүниелікте танымдық және тәрбиелік ғибраты зор» [12, 31].
«Ахирет – бұл араб сөзі – ахирәт». Қазақша мағынасы – «соңы», «ақыры», «ол дүниелік өмір» дегенді білдіреді. Ақынның дидактикалық, насихаттық толғау-дастанының идеялықкомпозициялық желісінде бес мәселені қарастырғанын көруге болады. Олар: біріншісі – ақынның жырды әуелі Аллаға сиынып, оқырмандарына арнайы жырлауы; екіншісі – Алла жаратқан Адам Атадан басталған адамзаттың, пайғамбардың жалғасқан тарихи жолы; үшіншісі – он сегіз мың ғаламның ахирет күні кезеңін, о дүниеге барғандардың фәнидегі ісәрекетіне қарай тозаққа немесе жұмаққа баруын суреттеу; төртіншісі – тозақ пен жұмаққа жеке-жеке сипаттама; бесіншісі – ахиреттің сараптамасына адамдардың дайын болуына арналған ақынның насихаттық өсиет-уағызы. Ақыт ақын дастанын «Бисмиллә» деп бастайды:
«Биссимиллә, ал қолыма тұттым қалам, Жаратқан Рахым-Мәуләм өзің панам.
…Жол салған әуел баста хазірет Адам.
Құлшылық мирас тастап кетпеді ме?…
…Өтіпті әуел баста Адам ата.
Пәнденің Хақтан өзге бәрі қата. Айдаған сан түмен мал бай болсаң да, Бойыңа жапсырасың жалғыз мата.
Қиямет ахуалынан сөз сөйлейін…[15, 507]
— деп дастанды бастаған ақын адамдардың Аллаға құлшылық етуден еш жаңылмауын айтады, себебі фәнидің, яғни бұл өмірдің өткінші екендігін, бақилық, о дүниелік өмірдің ақиқат, шындық екендігін суреттейді.
Махшарда дәптеріңіз солдан келсе, Қайғының сарғаясың дәмін тата. Сол күнде, ей, жаранлар, халің нешік, Ісіңнің қолдан келер атын ата. Ғылыми «фикһиядан» оқып көрсек, Сөзінде біз пақырдың болмас қата. Адамзат жанған отқа өзі түсер, Күнәға оны біле жүрміз бата.
Пенделік күштілігін мұнан байқа,
Намазға ерінеміз ояу жата [15, 507-508].
Ақын бұл шығармасында адамның бұл жалған дүниеден өткеннен кейінгі, о дүниелік яғни, бақилық өмірге өту кезеңін сөз етеді. Шығармадағы діни сауаттылығын ақын «Фикһия» тұжырымдарынан яғни, мұндағы «фикһ – ғылым мен діни білімдердің негізі жинақталған тұжырымдардан алғанын айтады. Құрылар сират көпір үш мың жылдық, Болады жуандыға жалғыз қылдық. Астында қараңғылық жеті тозақ, Адамзат ақыл таппай болар мұңлық. …Өтеді пайғамбарлар атқан оқтай, Тозақта адам тұрар неге тоқтай.
Сиратты көп адамдар көрген шақта,
Тұрады жүруіне көңілі соқпай [15, 538].
Ақыт ақын дастанда фәниден бақиға барғандардың ахиретте «Тозақ» тұңғиығының үстіндегі сират (арабша – «жол») көпірінің үстінен өтіп жатқан кезеңді Алланың кітабы Құран аяттарына сүйене жырлайды яғни, біз одан ақынның араб тілі мен Құранды жетік білгенін аңғарамыз. Сонымен қатар, сират діни ұғым бойынша күнәлілер мен күнәсіздерді ажырататын қиямет қайымның қыл көпірі. Ақын өмірдің шындығын, ақиқатын ислам уағызымен сабақтастырады. Үш мың жылдық сират көпірінің жуандығы қылдай, төменгі жағы жеті тозақ екендігі, барлық пенделердің сол жерден өтіп жатқандығы айтылады. Адам жанының о дүниедегі жай күйін, қандай күй кешетінін баяндайды. Ақын бұл діни ойларын терең діни білім мен шариғат заңдарына сүйене отырып жазғанын шығармада айтып кетеді. Адамның жасаған күнәләрін бұлыңғыр тұманға, қараңғылыққа теңесе, өмірде жасаған жақсылығы мен сауап істерін жарық күнге теңеп суреттеген. Ақын тозақ пен жұмақты дастанда былай деп жырлайды:
Өтеді кейбір адам аттай шауып, Кейбірі аяңдайды қылған қауіп. Күнәсі көп адам мен кәпір – дұшман, Қисайып тайып кетер аяғы ауып. Күнә – жүк боп басады қараңғылық, Өтеді жалғыз қылды қайдан тауып.

Жарық болса көпірді көрер еді, Төмен түсіп құлайды тозаққа ауып.
Күнә – тұман болады, сәуап жарық,
Жарықпенен жол табылар анықталып.
Кейбір адам тізерлеп жығылмасқа,
Еңбектеп жорғалайды жатып алып
Кейбіреу тұяғынан ілінеді,
Аман шықса бір барып тіріледі.
Бұл жалғанда мақтанның бәрі бекер [15, 539].
Сонымен қатар, ақын қисса-дастанында адамдардың осы өмірдегі жасаған сауап істері мен ізгілігі, имандылығы, адамгершілігі үшін сират қыл көпірінің үстінен еш қиналмай өтіп жұмаққа кіргендерін былай бейнеленген:
…Бұл өзі тақауалар құлдық қылған,
Тәуба қып, намаз оқып, ерте тұрған. Алланың не десе де әмірін тұтып,
Тар жерде Құдай үшін жанын қиған. Әр түрлі харам істен нәпсі тиған.
Пір тұтап әуел бастан бір Алланы, Жолдасы бұл пенденің болған иман.
Зәкет, ғұшыр, пітірін тәмам беріп,
Көп малын Құдай үшін қайыр қылған. Махшарда жақсылықты көреді екен, Алланың әміріне түзу тұрған.
Жайлары осылардың жұмақ болар,
Хор құшып, пұрақ мініп, көңілі толар,
Құдайым нәсіп қылып иман берсе,
Дәулет құс адамзатқа сонда қонар [15, 524-525].
Ақыт Үлімжіұлы Құранда негізделген жұмақты өмірдегі шындық пен ақиқат суреттерімен байланыстыра суреттейді. «Жаралған дін күткенге сегіз жұмақ» деп, жұмаққа барғандардың хақтың дидарын көретінін, «Түкірігі бір түкірсе бал боп кетер, бетінен бір өкпенің көңілі өлмес» бес жүз хор қыздарын иеленіп, қартаймай, бір сағатта жетпіс түрлі киім киіп, пырақ атқа мініп, қалаған тамағы үнемі даяр және т.б. жырлайды. …Аят, хадис дәлел көп осыларға, Айтпақ – парыз, ұғатын есі барға.
Құдай сорлы жаратып, қылса надан, Айтқанмен осы сөзден шошынар ма?

Жаранлар, жақсылық қыл жаның үшін, Хажы, зекет парыз-ды малың үшін.
Құлшылықсыз тозақтан құтылмайды. Бәрін де баян қылдым аның үшін.

Нұр толар төрт тарабың бәрін қоршап, Арман жоқ ахиретте нұрға толсақ.
Дидар көріп тәж киіп, пырақ мініп,
Адамда не арман бар, сондай болсақ.

Тәмәм жұрт қайран қалар сондай жанға, «Неткен жақсы жандар!», — деп қалар таңға.
Бұлардың жақсылығын баян қылып,
Періштелер айтады тұрған жанға [15, 523-524].
Дастандағы көркемдік уақыт аясында адамдардың фәнидегі мінез-құлық қасиеттері және соларға о дүниеде берілетін бағалаулар байланыстырылады. Бұндағы көркемдік уақытта адамзатқа тән мәңгілік өмір тұтастығы сипатталады. Бір Алла әмір қылды «құллық қыл», — деп, «Ұжмақ десең әміріме түзу жүр», — деп.
Ойланғанға қонады иман нұры,
«Құдай – бір, пайғамбар – хақ, Құран – шын», — деп [15, 524].
Ақыт ақын адамның Аллаға деген шынайы сенімін, діни сананы сауатты қалыптастыруды уағыздайтын бұл еңбегінің адамгершілік, тәрбиелік мәні орасан зор.
Ақын шығармасында діни уағыздарды, Құдай, Жаратқан Ие, Ғалам ғайып, Ғарыш Ағла, ахирет, сират деген көптеген араб сөздерін қосқан. Бұндағы «Ғалам ғайып – бұл араб сөзі қазақша мағынасы – «көзге көрінбейтін», «көз жетпейтін іс» дегенді білдіреді. Жалпы ақынның кез келген шығармасы «биссимиллә» деп басталады. Бір Құдай қабыл көрді айтқан сөзін, «Моллаларым, ықтияр берсең өзің.
Иннәәлләәһә ләә иүзийғұ әжрәл мұхсинийн, – деп, Бар еді Құрандағы жарлық сөзім» [15, 524].
Мұндағы «Иннәәлләәһә ләә иүзийғұ әжрәл мұхсинийн – Аллаһ игілік істеушілердің сауабын зая қылмайды» деген Құранның «Тәубә» сүресінің 120 аятынан алынған. Біз бұдан ақынның дінді жетік меңгергенін және оның халыққа бұрмаламай уағыздағанын көреміз.
Аллаға құлшылық етуге, намазға тұруға ерінбе. Қанша бай болсаңда бақилық болғанда жұмақты сатып ала алмайсың дейді. Ақын оны шығармада былай деп жырлайды: «Жомартқа жолын берер молла ғарып, Сондықтан жомарт кірер бұрын барып. Молланың жақсылығы сонда тиер», – Деп, – айтқан Хақ, пайғамбар хабар салып.

Күнәға, ей, жаранлар, жүрме батып, Ерінбе таң намазға ояу жатып.
Аямай малыңыз бен жаныңызды,
Ұжмақты жомарт болсаң алшы сатып [15, 524].
Ақын бұл өмірдің ақиқатын, шындығын діни ұғымдармен уағыздай отырып, өзінің бұл шығармасын жай ғана өлең деп қабылдамай, аят, хадис сөзі деп түсініңдер дейді. Өздеріңе қажетті жағын алып өмірді бос өткізбей пайда іске асырыңдар деп уағыз айтады.

ҚОРЫТЫНДЫ

Ғасырлар қойнауынан бастау алатын рухани құндылықтарымызды саралау арқылы өткен күнге жүгіртіп, бүгінімізді саралап, болашақты пайымдау бүгінгі егемен елдің басты міндеті болып табылады. Кеңес үкіметі тұсындағы идеологияның салдарынан қазақ кітаби ақындарының еңбектері жоққа шығарылып, діншіл ақындар деп сынға алынды. Өз заманында еңбектері еленбей келген кітаби ақындар шығармашылығын жан-жақты зерделеу арқылы рухани терең мәніне үңілетініміз мәлім.
Шығыс мәдениеті тарихында рухани құралдың незігі – дін болып табылады. Ислам (арабша – «бағыну») – әлемдегі ең ықпалды діндердің бірі.
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басында өмір сүріп, әдеби ағым болып қалыптасқан кітаби ақындар шығармашылығының негізгі тақырыбы қазақ еліне дінді, имандылықты таныту деп білсек, мұның өзі Құран кәрім мен Мұхаммед пайғамбардың қасиетті хадистерінің негізінде шыққанын, сондағы діни уағыздардың мәні бар мәселелерді зерделеп пайымдағанын, қазақ елінің таным-түсінігіне сәйкес келетіндей етіп түсіндіргенін, қазақ ұғымына тән эпикалық сипатқа көшіріп бере алғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Демек, кітаби ақындардың ақиқат пен шындық жолындағы таным-түсініктерінің негізінде жатқан ортақ тағылымды екі әдебиет арасындағы, яғни араб-қазақ әдебиетінің сабақтастығы, байланысы деп түсінеміз.
Қазақ кітаби ақындарының араб әдебиетін терең білгені, жақсы меңгергені анық, өйткені сол кезеңдегі саяси-мәдени жағдайларға байланысты кітаби ақын-жазушылардың барлығы негізгі білімді орысша емес, арабша алып, араб мәдениетінің қайнар бұлағынан нәр алған.
Араб және қазақ халқының әдет-ғұрпы мен тұрмыс-тіршілігінің, өмір сүрген ортасының, табиғатының айырмашылығына қарамастан, осы екі елдің қоғамдық даму жағдайында және олардың әдебиеттеріндегі кейіпкерлердің бейнесін суреттеуде ұқсастықтар бар. Кітаби ақындар араб әдеби үлгілерінің желісін пайдаланғанымен, түпнұсқадағы қалпын өңдеп, өзінше жаңа мәнерде, ұлттық дүниетаным мен дәстүрге бейімдеп жазған. Ақыт Үлімжіұлының шығармалары да осы үрдістің бір саласы болған.
Қорыта айтқанда, араб әдебиетінің ықпалынан кітаби ақындар шығармаларындағы діни қисса–дастандар қазақ әдебиетінің ұлттық сипатын танытады. Ал, діни–исламдық шығармалар қазақ әдебиетінің дамуына қазіргі және болашақтағы бағдарына да игі ықпалын тигізе береді. Сонымен қатар, араб әдебиетінің үлгілі дәстүрлерін игерген Ақыт Үлімжіұлы ізгілікті, адамгершілікті жырлаған діни–ағартушы бағыттағы ақын. Ол тек назирашы дәстүрді дәріптеген кітаби ақын ғана емес, сонымен бірге өз заманының қиын мәселелерін жырлаған, артына көптеген құнды еңбектер қалдырған ақын.

ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Әдебиеттану терминдер сөздігі. (құраст. З.Ахметов, Т.Шаңбаев). – А.: Ана тілі, 1998. – 384 б.
2 Кенжебаев Б. Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары. –А.: ҚМКӘБ, 1958. –308 б.
3 Қазақ әдебиетінің тарихы. 10-том. ХІХ ғ. екінші жартысы. 5-том. (1850-1900). –А.:
2006. –555б.
4 Конрад Н. Запад и Восток. –М.: Наука, 1966. –518с.
5 Күмісбаев Ө. Терең тамырлар. – А.: Ғылым, 1994. –320 б.
6 Бертельс Е.С. Роман об Александре и его главные версии на Востоке. – М.Л. 1948. – 186стр. 7 Әуезов М. Әр жылдар ойлары. – А.: Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы. 1959. – 555б.
8 Келімбетов Н. Назирашы шайыр. Жұлдыз, 1970. №9, 154-155 бет.
9 Келімбетов Н. Шәкәрім және қазақ әдебиетіндегі назира дәстүрі. Абай журналы.
2005. №4 47-51 б.
10 Келімбетов Н. Шәді ақын. – А.: Жазушы. 1974. – 92б.
11 Бердібаев Р Гүлстанның бұлбұлдары – А.: Жазушы. 1970. – 125-126б.
12 Үлімжіұлы Ақыт. Ахиретбаян (Қиямет-ахуал)/ Жинап, толықтырып, баспаға әзірлеген Кәкей Жаңжыңұлы. Өлгий: Баян- Өлгий аймақтық баспа өндірісі. 1993ж., 48 б.
13 Ақыт Үлімжіұлы шығармаларының толық жинағы. І-ІІ том. Ғылыми қосымшаларын даярлаған, құрастырушы және жауапты редактор Омарова Г.С. –Кония – 2011.

Э.С.Сейсенбиева1, Қ.Қ.Мадибаева2, Б.Ш.Кожекеева3
Вопрос религий в эпике ХІХ века
1,2,3 Казахский национальный женский педагогический университет,
Алматы, Казахстан
В статье говорится о влиянии арабской литературы на творчество казахских книжных поэтов XIX века. Название «книжный поэт» использовалась казахскими учеными не для описания их идеологических взглядов или литературного стиля, а только для их профессии и книгоиздания. В центральной Азии, наряду с другими народами, казахскими народ также написал «Тысячу и одну ночь», «Калила и Димна», «Героические подвиги Антара», «Лайли-Меджнун» и другие. Он познакомился с жемчужинами арабской литературы и написал новые произведения, имитирующие их. Книжные поэты внесли большой вклад в распространение ислама на казахской земле, воспевая истину в своих произведениях. Кроме того, основной темой произведений книжных поэтов является ознакомление казахского народа с религией и моралью, в основе которого лежит священный хадис Священного Корана и пророка Мухаммеда, а также изучение значения религиозных проповедей. Поэты переработали оригинальную арабскую литератуту и написали произведения в новом стиле, отражающем национальное мировоззрение и традиции.

E.S.Seisenbieva1, K.K.Madibaeva2, B.Sh.Kozhekeeva3
The question of the epic of the XIX century 1,2,3 Kazakh national women’s pedagogical university
Almaty, Kazakhstan The article describes the influence of Arabic literature on the work of Kazakh book poets of the XIX century. The name «book poet» was used by Kazakh scientists not to describe their ideological views or literary style, but only for their profession and book publishing. In Central Asia, along with other peoples, the Kazakh people also wrote «one Thousand and one nights»,
«Kalila and Dimna», «Heroic deeds of Antar», «Laili-Majnun» and others. He became acquainted with the pearls of Arabic literature and wrote new works imitating them.Book poets have made a great contribution to the spread of Islam in the Kazakh land, singing the truth in their works. In addition, the main theme of the works of book poets is to familiarize the Kazakh people with religion and morality, which is based on the Holy hadith of the Holy Koran and the prophet Muhammad, as well as the study of the meaning of religious sermons. Therefore, at this stage, on the way to learn the truth and reality of book poets-cognitive literature based on two General concepts between, that is, the Arab-continuity of Kazakh literature, we understand that the connection. The book was used in the network of Arabic literary images, but in the original processed the form, according to its new meaning, national Outlook and traditions.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *