ЭПИКАЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАРДАҒЫ ҮЙЛЕНУ МОТИВІНІҢ КӨРКЕМДІК ҚЫРЛАРЫН АНЫҚТАУ ӘДІСТЕМЕСІ
Қазақ эпостарындағы үйлену мотив түрлері мен типологиялық ерекшеліктері қай халықтардың болмасын өзіндік қырлары әлі де түбегейлі зерттеле қоймағаны белгілі. Эпостағы жар іздеу және үйлену мотивінің көркемдік қырларын, ондағы сюжеттік желілер мен композициялық құрылымдардың табиғатын ашуда, тілдік, стильдік бояулар мен қолданыстарды анықтауда,жіктеп таратуда негіз етіп аларлық әдістемені анықтап алудың маңызы зор. Себебі әдістемені дұрыс таңдап алмай тұрып, тиісті нәтижеге қол жеткізу қиын. Ғылымда мұндай әдіс-тәсілдердің түрі көп. Жіктелуі де сан-алуан. Аталған әдістерді белгілі бір шығарманы талдап-таразылауға теориялық негіз етуге келгенде ғалымдардың ойлары бір жерден шыға бермейді. Сондықтан да оларды көздеген мақсатқа сай іріктеп, дәл қолдана білу біршама білік пен білімді талап етеді.
Кілт сөздер: эпос, мотив, көркемдеу тәсілдері, салыстырмалы әдіс, типология, троп түрлері.
КІРІСПЕ
Эпостарды зерттеуде тірек боларлық әдістеме мәселесі күрделі дүние. Бұл орайда эпос табиғатын барынша толық ашуға мүмкіндік беретін, бағыттан тайдырмайтын әдісті айқыңдау маңызды. Біздіңше, эпос — көненің көзі болғандықтан, тарихилық қағидатына сүйенбеу мүмкін емес. Халық тарихының көне дәуірлеріне бойлайтын, ғасырдан ғасырларға ауысып келе жатқан құнды әдеби мұраларын талдауда зерттеушілер тарихи-әдістемелік әдісті жиі қолданып жүр. Зерттеу тақырыбымызға орай біз де қалыптасқан бұл үрдістен аттап кете алмаймыз.
Қазақ фольклоры туындыларындағы белгілі бір ұқсас құбылыстарды салыстыра қарастыру ғылымда кеңінен қолданылып келе жатқан тәсіл. Мұның біздің зерттеу нысанымызға да тікелей қатысы бар. Фольклортану тарихындағы мифологиялық, тарихи, антропологиялық, этнографиялық мектептер, ауысып алу теориясы, т.б. ағымдар мен әдістердің негізгі сүйенетіні салыстыра зерттеу тәсілі. Орыстың белгілі фольклорист ғалымы В.М.Жирмунский салыстырмалы әдісті былайша бөлген: салыстыру, тарихи-генетикалық, тарихи-типологиялық және бір-бірімен ауысып алуды анықтайтын әдістер [1].
Әрине, аталған әдіс-тәсілдердің шығарма табиғатын, олардыңұқсас белгілері мен айырым сипаттарын ажыратуға септігі тиетіні сөзсіз. Дегенмен, Б.Н. Путилов салыстыру әдісін жеке бөліп қарастыруды қолдамайды. Оның тұжырымдауынша, бұған барлық ұқсастықтарды тізе беруге болады. Сондықтан фольклордың өзін методикалық тәсіл ретінде айтуға болғанымен, арнайыжүйеленген методологиялық зерттеу әдісі түрінде қарастыруға негіз жоқ.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Салыстыра зерттеу тәсілі түрлі теориялық ағымдарға, ғылыми мектептерге ұдайы қызмет етіп келеді. Сол себепті де барлық дәуірлерге, барлық теориялық ағымдар мен мектептерге ортақ тарихи-салыстырмалы әдіс туралы сөз қозғау мүмкін емес [2, 5-6].
Бұл ретте фольклортануда табысты қолданылып жүрген типологиялық әдіске иек артпау мүмкін емес. Бұл оның поэтика мәселелерімен астасып жатуына да байланысты. Өйткені типологиялық әдістің қарастыру аясы барынша ауқымды. Осыған орай Б.Н.Путиловтың: «Типология как определенная закономерность, можно сказать, буквально пронизывает фольклор на всех его уровнях; система закономерно возникающих и внутренне обусловленных историко-типологических отношений характеризует фольклор в целом (как специфический тип творчества и как совокупность реальных результатов этого творчества) и в его отдельных элементах. Мы вправе говороить, например, о типологии образов, мотивов, сюжетов, художественных средств, о типологии жанров и жанровых разновидностей, о типологии фольклорных процессов и типологии принципов отношения фольклора к действительности (например, о типологии фольклорного историзма), шире — о типологии фольклорного сознания» [3,9 б.], — деген пікірі орынды айтылған деп есептейміз.
Типологияны фольклорға қатысты қолданылуындағы бір артықшылығы оның фольклорлық туындының табиғатына сай келуінде, динамикалық қимыл-қозғалысын, үнемі өзгеріс үстіндегі сипатын ескере алуында. Себебі фольклор халықпен бірге жасасып келе жатқан, үнемі толығып молығып отыратын, ғасырдан-ғасырға өткен сайын қырланып, екшеліп отыратын сөзөнерінің ерекше бір түрі. Оған әр дәуір, әр заман өз ықпалын тигізбей отырмайды. Халық өміріне, оның мәдениеті мен дүниетанымына әсер еткен құбылыстар белгілі бір дәрежеде фольклорлық туындыларға да өз ізін қалдырып отырған. Бұның я үлгілерінің мазмұндық мәнін былай қойғанда, көркемдеуіш 6енелеуіш құралдарына да әсері тимей қоймаған. Осы жағынан алғанда диссертациялық жұмысқа арқау болған тақырыпты жан жақты ашып көрсетуде типологиялық әдістің тарихи типология, құрылымдық типология, т.б. түрлеріне жүгінген тиімді болмақ.
Типологияның зерттеу мақсатына қарай тарихи-диахрондық және құрылымдықсинхрондық болып бөлінетіні белгілі. Ал былайша жіктеу поэтикаға да тән.
Поэтиканың өзі де түптеп келгенде фольклор мен әдебиеттің құрылымдық жүйесі, шығарманың текке, жанрға, жанрлы түрге лайық күрделі өзгеріске түскен көрінісі. Оны зерттейтін ғылым да шығарманың көркемдік формалары мен құрылымы туралы болып шығады. Алайда көркемдік формалар ешқашан да дәуір тудырған мазмұннан, дәстүр табиғатынан бөлек өмір сүре алмайды. Сондықтан да поэтиканың осындай синхрондық аспектісі айналып келгенде диахрондық зерттеумен толысады.
Сөйтіп, зерттеу барысында диахрондық жэне синхрондық, тарихи типология мен құрылымдық типология бір-бірін толықтырып, ойлаған межеден шығуға мүмкіңдік береді. Өйткені тарихи поэтика дегеніміздің өзі «генетикалық поэтика» [4].
Типологиялық зерттеу фольклордағы ұқсастықтарды жай ғана салыстырып қарастыруды мақсат етпейді, ол тарихи-поэтикалық процестің нәтижесінде өмірге келген зандылықтар мен құбылыстардың пайда болу, даму, қайталану себептерін анықтауға жол ашады.
Б.Н. Путилов тарихи поэтика мен тарихи типологияның бір-бірімен байланысып, өзара тірек болатын бес белгісін атап көрсеткен:
Біріншіден, олар фольклорды халық мәдениетінің төлтума саласы, өнердің айрықша түрі деп тануға көмектеседі.
Екіншіден, тарихи поэтиканың жаңа аспектілері мен тың міндеттерін пайымдауға жетелейді.
Үшіншіден, тарихи поэтикаға тарихи типология идеясы жалпыға ортақ қайталаудың заңдылықтарын, типологиялық кезеңдердің ауысуын, типологиялық жалғастық пен байланыстардың сыр-сипатын анықтауды жүктейді.
Төртіншіден, поэтиканың тарихи типологиясымен тамырласболуы тарихи типологиялық жэне бірыңғай құрылымдық талдаудың қажеттігін айғақтайды.
Бесіншіден, фольклордың поэтикасын жалаң форма ретінде ғана, немесе мазмұнды берудің құралы ретінде ғана қарастыруға тарихи типология жол бермейді [4, 21].
Бұдан шығатын қорытынды, поэтика мен типология типтік құбылыстарды анықтап қана қоймайды, солардың пайда болу себептерін, өмір сүру зандылықтарын да қадағалайды екен.
Бұл ретте зерттеуші Ш.Ыбыраевтың фольклорлық туындыны талдауда оны мынадай екі деңгейге бөліп қарастыруды ұсынады:
«І. Поэтикалың тіл.
1. Көркем сөз (ажарлау, құбылту, айшықтау, машықтар,
2. Өлең өрнегі (ырғақ, ұйқас, өлшемдер, т.б.).
3. Стиль.
ІІ. Жанр поэтикасы.
1. Көркем уақыт пен кеңістік.
2. Сюжет пен мотив.
3. Композиция.
4. Көркем образ (жинақтау, даралау, тартыс, т.б. [5, 58]. Қысқаша қайырғанда, «поэтика көркем шығарманың болмыс-бітімін айқындайтын категориялардың жиынтығы ғана емес, ол зерттеудің де құралы мен тәсілі, объектінің өзі ғана емес, сол объектінің белгілерін даралайтын өлшем-пішіндері, шындықты бейнелеудің діңгегі ғана емес, сол шындықтың көркем шығармадағы «заттанған» көрінісі» екендігін ескерсек, аталған тәсілдің жар іздеу мотивінің керкемдік қырларын танып білуде тигізетін көмегі зор болмақ.
Әдетте, эпикалық туындылардың қай-қайсысын алсаңыз да олардың белгілі бір сюжетке құрылатынын байқайсыз. Бұл қасиет осы тектес фольклорлық шығармалардың басты ерекшелігі деуге де болады. Аталмыш сюжеттік желілер болса ғасырлар сүзгісінен өтіп, әбден тұрақтанған. Көбінесе, бұл фольклордың эпос, ертегі секілді жанрларына тән. Оларда оқиғаның басталуы, оқиғаның шиелінісі, шарықтау шегі және сәтті шешілуі секілді өрбу барысы белгілі бір жүйеге бағынған. Соған сай көркемдеу тәсілдері мен өлшемпішіндері де орнығып, дәстүрге айналған. Бұл ретте эпикалық баяндаудың ұлттық ерекшеліктері бой көрсетеді. Демек, барша халықтарға ортақ сюжеттік желілер болғанымен, оның оқиғасын құру, өрбіту және көркемдеу тұрғысынан келгенде, әрбір халықтың тек өзіне ғана тән баяндау ерекшеліктері мен машықты тәсілдері дәстүр болып қалыптасқанын көреміз. Сондықтан да эпос жанрын зерттеушілер шығарма табиғатын тексеру барысында осында сөз болған дәстүрлі тұрақты белгілеріне сүйене отырып, эпостық туындыны талдап таразылап жүр. Эпос оқиғасын мотивтерге жіктеп қарастырушылар қатарына А.Н.Веселовский мен Б.Н.Путиловты жатқызуға болады. Осы айтылған жайттерден шығатын қорытынды, эпикалық туындыларды қарастыру кезінде олардың сюжеттік желісіне соқпай өте алмаймыз. Ал эпикалық сюжет тұтас құбылыс болғандықтан, оның ерекшеліктерін, тарихи қалыптасу жолын, сюжет ішіндегі ауыс-түйістерді, оқиғалардың даму ретіне енгізілетін өзгерістерге негіз боларлық тұрақтанған қағидаларды анықтауда мотивтерге сүйену жемісті болады. Бұл орайда мотивтердің өзінің жанрда атқаратын рөлі қандай деген сұрақ туындайды.
Осыған қатысты ғалым Шәкір Ыбыраевтың мотивтерге қатысты «біріншіден, семантикалық мағынасы жағынан ұқсас мотивтер (кейіпкердің ғажайып тууы, тездеп өсуі, қалыңдық үшін жолға шығуы, т.б.) дәуірі және жанры жағынан бір-біріне сәйкес емес шығармаларда (миф, ертегі, көне эпос, батырлық жыр, лиро-эпос, т.б.) кездесе береді. Бұл жерде мотив көп жанрларға ортақ әлеуметтік астар (фон), сюжетті оқиғалармен, ісәрекеттермен толтырудың дәстүрлі машығы болып табылады.
Екіншіден, мотивтердің мағыналық ұқсастықтары сырттай ғана, ал олардың сюжетке қарап көркемделуі, нақтылы өрнектелуі әр жанрда, әр шығармада бірдей емес. Ендеше, мотив -кез-келген сюжеттің, тақырып пен идеяның, кеңірек алсақ жанрдың өлшем-пішініне, мақсатына икемдеп қолдануға таптырмайтындаяр шағын типтік оқиға. Ол үнемі түлеп отырады.
Үшіншіден, бір-біріне мағынасы жағынан ұқсамайтын мотивтер де тарихи дамудың нәтижесінде пайда болған. Олардың қызметі көбінесе тың деректерді, тіршіліктегі жаңа көріністерді игеру мақсатымен қарайлас. Жалпы типтік сюжеттен ауытқыған жырларда бірегей мотивтер молырақ кездеседі.
Төртіншіден, мотивтердің қызметі екі жақты: әрі дәстүрлі, жаңашылдық сипатта. Анығырақ айтқанда тарихи жаңа мазмұнды дәстүрлі машықтармен игеруде мотив айрықша қызмет шқарады. Мотивтің мағынасы тың деректермен толысып, әлеуметтік ортаға икемделгенімен, оның сюжеттегі семантикалық қызметі сол қалпында қала береді» [5, 244] – деген пікірі мотивтің табиғатын біршама ашып тұр деуге болады. Осында тізбектелген белгілерді негізге ала отырып, қазақ эпостарындағы жар іздеу мотивінің даму барысы мен динамикасын, дәстүрлі және жаңашылдық белгілерін, оның бойындағы дәуір бейнесін, дүниетаным сілемдерін анықтау қиындық тудырмайды.
Сонымен мотивтер табиғатын тереңдеп зерттеген Б.Путиловтың сөзімен айтсақ, «мотив
— сюжет аясында өзінше дербестігі бар, оқиғасы іштей тұжырымдалып жинақталған бүтіннің бөлшегі, яғни толып жатқан оқиғалар тізбегінен құралатын сюжеттің жекелеген қиындысы»
[6, 143].
Жинақтай келгенде, мотивтің сюжет құраудағы рөлі ерекше. Оның нақты қызметтерін Б. Путилов жақсы жіктеп көрсеткен. Ғалымның «Мотив выполняет одновременно по крайней мере три постоянные функции: конструктивную, динамическую и семантическую; он входит в составляющие сюжета, он выступает как организованный момент сюжетного движения и несет свои значения, определяющие содержание сюжета. Но у мотива есть еще одна очень важная функция, обусловленная заложенными в нем способности к изменениям, варьированию, трансформациями, к взаимным замещениям: эту функцию можно было бы называть продуцирующей» [7, 140], – деген пікірі мотивтің табиғатын едәуір аша алған деп санаймыз. Мотивтің осында тізбектелген сипаттарын жар іздеу мотивіне қатысты да қолдануға және табуға болады.
Аталған мәселеге орай көңіл аударуды қажет ететін теориялық жайттердің біріне әрбір халыққа тән ортақ сарындар мен сюжеттік желілер жайы. Әлемдік фольклор тарихында кездесіп жүрген бұл құбылыс туралы да пікірлер әр алуан. Ұқсас мотивтердің түп бастауы бір-бірімен немесе кездейсоқтық па деген мәселеге келгенде, ғалымдардың ойы бір жерден шыға бермейді.
Жұмыстың эпостағы қаһармандықпен үйлену мотиві әлем халықтары фольклорының барлығында дерлік кездеседі. Осындағы бір-бірімен ұқсас, тектес сарындарды халықтар арасындағы мәдени-әдеби ауыс-түйіске жатқызу, біздің-ше, біржақтылық болады. Ал түбі бір тектес, туыстас халықтардың әдеби мұрасы туралы сөз басқа. «Алпамыс», «Қобыланды», т.б. жырларында бұл айқын көрінеді.
Өткен тарихқа зер салсақ, қай халықтың болмасын ауызша әдебиетінің өлең, жыр ретінде пайда болып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жатқанын байқаймыз. Әріге бармай-ақ, әлем халықтарының поэтикалық мәдениетін алсақ, олардың түп-тамыры тереңге бойлап, көне замандарға тірелетініне куә боламыз. Айталық, шумерлердің сына әрпімен жазылған «Гильгамеш» тура-лы эпосы, сурет таңбасымен бедерленген мысыр папирустары, үнділердің Митраға жалбарынған ведалары, Зәрдеш (Заратуштра) пайғамбардың сырлы сарындары, Алланың адамзатқа жіберген қасиетті кітабы — Құранның өзі де өлең түрінде болуы кездейсоқтық емес. Айтылатын ойдың поэтикалық қалыпта болуының өзіндік мәні бар. Ырғақ пен екпіні, буын мен өлшемі бар ой еске тұтқанға жеңіл, ұмытылмай, санада ұзақтан ұзақ уақыт сақталады. Айтылатын ой неғұрлым жүйелі, әлеуметтік маңызы салмақты болса, оған қойылатын поэтикалық талғам да жоғары болуы шарт. Бұл бізді философия мен поэзияның тегінде еншілестік бар, егіз құбылыстар деген ойға жетелейді. Жалпы адам баласының тегі, тұрқы, көңіл күйлері мен сезім сырлары ортақ болғандықтан, бір-бірімен араласып-құраласып, ауыс-түйіс жасамай-ақ бірдей түйінге, тектес ойға дербес жетуі танданыс тудырмайды. Сондықтан әртүрлі халықтар фольклорында кездесетін ұқсас мотивтерді бір-бірінен ауысқан деп біржақты тұжырым жасауға болмайды.
Енді мотивтерді бейнелеу тәсілдеріне келетін болсақ, бұл мәселе әлі күнге жан-жақты талданып, басыбүтін ашыла қойған жоқ. Бұл жерде біз қазақ фольклористикасы туралы сөз етіп отырмыз. Белгілі фольклорист ғалым Ш.Ыбыраевтың сөзімен айтатын болсақ, «өкінішке орай, мотивтің сюжет деңгейінен төмен қарай жіктелуі әлі күнге дейін фольклортану ғылымында сөз болған емес. Біздіңше, мотивтің сюжетке дейінгі қызметі эпостың тілдік, стильдік, көркемдік бейнелеу құралдарының деңгейімен тікелей байланысты. Оның өз құрылымдық жүйесі баржәне ол сөйлем, көркемдік бейнелеу құралдары, баяндау тәсілдерімен қарайлас.
Мағынасы жағынан мотив сюжет аясында жинақталады да, құрылымы бойынша поэтикалық тіл деңгейінде сипатталады. Оның бұл ерекшелігін поэтиканың екі деңгейі — сюжеттік және тілдік деңгейді бір-бірімен жалғастырып жатқан аралық компонент болуынан деп түсінеміз» [5].
Жар іздеу, үйлену мотивінің көркемдік ерекшеліктерін тануда жалпы мотивтерді бейнелеу құралдарының түрлерімен, қызметімен танысқан орынды. Әдетте, шығарма шырайын кіргізіп, сарынның барынша жанды да жинақы, отты да ойнақы, шымыр да ширақ, жеңіл де жүрдек болуы үшін жыршы әртүрлі әдіс-тәсілдерге жүгінеді. Осылардың ішінде табысты қолданылып жүрген тәсілдер қатарына қарама-қарсы қойып суреттеу, бас қаһарманды даралау, ұлғайту (гипербола), қайталау, теңеу, портрет, әсірелеу (гротеск), метафора, көркемдік айқындауыш, астарлау (символ), эпитет, құбылту, мегзеу, метонимия, кішірейту (литота), т.б. қолданылады. Бұлардың барлығы белгілі бір жырда тұтастай қолданыла бермеуі мүмкін. Жырдағы оқиғаның өрбу барысына қарай олар ретімен пайдаланылады. Айталық, сюжеттің өрбу кезеңдерін, кейіпкердің белсенді әрекетін сипаттайтын кезде көркемдік бейнелеу құралдары түйдек-түйдегімен шоғырлана қолданылады. Өтіп жатқан оқиғалардың жанды суретін алдына тосып, тыңдарманын еліктіре, ілестіре отырады.
ҚОРЫТЫНДЫ
Айта келе, аталмыш сарын кездеспейтін бірде бір халық эпосын кездестіру мүмкін емес.
Фольклорлық шығарманың жүйелі сюжетін құруда мотивтер ерекше қызмет атқарады. Қазақ жырларында жиі кездесетін тұрақты мотивтердің бірқатары адамзат дамуында орын алған алғашқы қауым, ру-тайпалық қоғам, феодализм сынды формациялардың ортақтығынан туындаса, ендігі бірқатары тегі бір өмір сүру салты ортақ, әрі тарихиәлеуметтік, экономикалық -жағдайлары ұқсас түркі тектес халықтардың өзара ауыс-түйіс, туыстық қарым-қатынастары арқылы орныққан.
Үйлену мотиві эпостар мен тарихи жырларда, төл және сырттан келген хиссадастандарда қатар қолданылғанымен, онда пайдаланылатын көркемдеу құралдары біркелкі емес. Көтеріңкі леппен желдірте жырланатын эпостарда қолданылатын көркөмдік тәсілдер тарихи жырларда кездескенімен, соншалықты өнімді пайдаланылмайды.Жар іздеу сарынының формаларына, түрлеріне, тәртіптеріне қарап отырып, белгілі бір халықтың әр дәуірдегі тұрмыс-тіршілігін, дүниетанымдық көзқарастарын, мақсат мұраты мен аңсарларын аңдауға болады.
Батырдың жар іздеп, үйлену мотивін бейнелеуде қолданылатын әдіс-тәсілдер бүкіл эпикалық шығармаларға ортақ амалдарға жүгінеді. Жырдың сюжеттік желісін құруда, кейіпкерлердің тұлғасын сомдауда, оқиғаны өрбітуде жырау қалыпты құрылымдарды, дайын үлгілерді, тұрақты сөз саптау үлгілерін кеңінен пайдаланады. Қазақ эпостарында халықтың ерте заманнан бері келе жатқан өмір жолдары, тарихи тағдыры, арман-мұраты, мұң-мүддесі, салт-дәстүрлері туралы жылдар бойы сыр түйген. Жалпы халықтық жырдың басты тақырыбының өзі ұрыс, жекпе-жек, жар іздеу, отау көтеріп, отбасын құру, сондай-ақ көшпелі ауылдың өмір салты, дәстүрі, тыныс-тіршілігі болса керек. Қай эпосты алсақ та, батырлардың бойынан да, ол таңдаған жардың бойынан да жоғары адамгершілік қасиеттерді, дегдарлықты, сөзге тұратын далалық мәрттікті көреміз. Олар үшін адамгершілік қағидаларынан аттау атымен жат.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Жирмунский В.М. Тюрксий героический эпос. Л.: «Наука», 1974. – 727с.
2 Путилов Б.Н. Методология сравнительно-исторического изучения фольклора. — Л.,
1976. – с. 5-6.
3 Историческая поэтика. Итоги и перспективы изучения. — М., 1986. – с. 6; Гацак В.М. Историческая поэтика и фольклор //Историческая поэтика. – М., 1986. – с.293.
4 Путилов Б.Н. Современныё проблемы исторической поэтики фольклора в свете историко-типологической теории //Фольклор: поэтическая система. – М., 1977. 5 Ыбыраев Ш. Эпос әлемі. Алматы: Ғылым, 1993. – Б.336 .
6 Путилов Б.Н. Мотив как сюжетообразующий элемент. //Типологические исследования по фольклору. – М., 1975. 7 Путилов Б.Н. Героический эпос и действительность. – Л., 1988. – 49.
Н.А. Мажиева1, Н.С. Балтабаева2
Методы определения различных особенностей свадебных мотивов в эпических работах
1,2Казахский национальный женский педагогический университет, Алматы, Казахстан
Известно, что типы и типологические особенности свадебных мотивов в казахских эпосах еще не до конца исследованы. В исследовании эпоса важно определить методы, которые можно использовать в качестве основы для поиска художественных аспектов, характера сюжетных линий и композиционных структур, идентификации, распространения и использования языка, стилевых красок и приложений. Потому что трудно получить правильные результаты, прежде выбора правильного метода. Есть много способов в науке. Классификации также разнообразны, когда речь идет о теоретических подходах к теоретическому анализу конкретной работы. Вот почему умение правильно их использовать требует определенных знаний и навыков.
N.A.Mazhıyeva1, N.S.Baltabaeva2
Methods for determining various features of wedding motifs in epic works
1Kazakh National women’s teacher training university, Almaty, Kazakhstan It is known that the types and typological features of wedding motifs in Kazakh epics have not yet been fully investigated. In the epic, it is important to define methods that can be used as a basis for the motives of searching for the narrowed and their artistic aspects, the nature of storylines and compositional structures, identification, distribution and use of language, style colors and applications. Because it is difficult to get the right results before choosing the right method. There are many ways in science. Classifications are also varied. When it comes to theoretical approaches to the theoretical analysis of a particular work. This is why the ability to use them correctly requires certain knowledge and skills.