ӘЛЕМНІҢ ПАРЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БЕЙНЕСІНДЕГІ «ӘЙЕЛ» ҰҒЫМЫ

ӘЛЕМНІҢ ПАРЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БЕЙНЕСІНДЕГІ «ӘЙЕЛ» ҰҒЫМЫ

Халық даналығы мен рухы оның мақал-мәтелдерінде көрсетіледі, ал өзге халықтың мақалдарын білу тек тілді жақсы меңгеруге ғана емес, сонымен қатар халықтың мінезі мен дүниетанымын түсінуге де мүмкіндік береді. Фольклористикалық, әдебиеттану және лингвистикалық тәсілдемелерімен қатар лингвомәдени тәсілдемесі пайда болған. Бұл тәсілдеме тілдің кумулятивті қызметі идеясына негізделеді, онда ұлттың тәжірибесі мен дүниетанымы сақталады. Сондай-ақ, зерттеушілер тіл мен танымның арақатынасының мәселелерін зерттейтін когнитивтік лингвистикаға ерекше назар аударуда.

Түйін сөздер: тіл, мәдениет, мақал-мәтелдер, халық даналығы, дүниетаным.

КІРІСПЕ
Неміс филологы, философ, тілтанушы, немістің классикалық гуманизмінің көрнекті өкілі Вильгельм фон Гумбольдтың негізгі концепциясы мынадай болып келеді: «Өмірде адам, тіл, ойлау және дүние (әлем) дегендер болады. Олар бір-бірімен тығыз байланыста болады. Тіл адам мен дүниенің арасындағы аралық нәрсе. Ол – адамды сыртқы дүниемен байланыстырушы. Тіл – халық рухының сыртқы көрінісі, халық ойының, дүние тану дәрежесінің көрсеткіші. Халық тілі – оның рухы, халық рухы – оның тілі. Бұл екеуі тепе-тең, Тіл – адамның рухани әрекетінің өнімі емес, әрекеттің тура өзі» [1, 112].
Қандай да бір қоғам мен ұлт танымында ерекше бағаланып, санасында көп талқыға түскен адам баласының өзіне тән ерекшеліктерін тілдік құралдарын қарастырсақ, олардың қоғамда қалыптасқан ұлттық болмысын ерекшелейтін көрсеткіштері екенін байқауға болады. Бұл тілдік құралдарға фразеологиялық тіркестер, поэтикалық образды сөздер, мақалмәтелдер жатады.
Мақал-мәтелдер негізінен дидактикалық мақсатта қолданылады, себебі мақалдар өсиет, бір нәрсеге үйрету, ақыл-ой айту сипатына ие, адам баласына дұрыс пен бұрысты айыруда жол көрсетеді, әрі бағыттайды. Өмірдің әр алуан құбылыстарын ой мен ақыл сөздер арқылы суреттей отырып адам баласын тәрбиелейді және оның өмір, дүние құбылыстары жайында пікірін қалыптастырады. Бұл арада мақалдар тәлім-тәрбиелік және танымдық қызмет атқарады. Сонымен, мақалдар ұлттық мәдени дүниетанымындағы тілдің негізгі дереккөздерінің бірі болып табылады.
Мақалада екі тілдегі мақал-мәтелдерді когнитивтік және лингвомәдени тұрғыдан талдау әдістері, оларды сипаттамалық, салыстырмалық және салғастырмалық жақтан талдау тәсілдері қолданылды.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Зерттеудің мақсаты — әйел тақырыбына байланысты қазақ және ағылшын мақалмәтелдеріндегі ұлттық мәдени кеңістігін сипаттай отырып, екі тілдегі мақал-мәтелдерді салыстыра қарастыру.
Ағылшындар “А good wife and health are man’s best wealth” дейді. Ал қазақ халқы
«Бірінші байлық– денсаулық, екінші байлық– ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық» немесе «Үш тәтті: жан тәтті, жар тәтті, мал тәтті» дейді. Екі халықтың да айтар ойы бір екені аңғарылады. Ең алдымен адамға денсаулық керек, «Дені саудың — жаны сау» екендігі бәрімізге мәлім. Одан кейінгі байлық өмірлік жар, ана екендігін білдіреді. Жаулық дегеніміз – әйелдердің бас киімі. Оны ақ түсті матадан немесе ақ жібектен тігеді. Жаулықты кимешектің сыртынан тартады. Ол тарту тәсіліне қарай қарқара, күндік деп аталады. Қазақстанның әр облыстарында жергілікті қалыптасқан дәстүрге қарай жаулықты әр түрлі үлгіде тартады. Ал үшінші байлық қазақ халқының көне заманнан қастерлеген төрт түлік малы. Мысалы,
«Байбөрі деген бар екен,
Байбөрі малға бай екен,
Төрт түлігі сай екен…» («Алпамыс батыр» жырынан).
Халық төрт түліктің әрқайсысының сақтаушы иесі бар деп ұғынып, оларды ойсыл қара, қамбар ата, жылқышы ата, шопан ата, зеңгі баба деп атаған. Қазақ төрт түліктің ішінде түйе мен жылқы малын байлық ретінде де, көлік ретінде де, азық ретінде де қатты қастерлеген. «Нар жолында жүк қалмас» деген мәтел осының айғағы. «Құласаң – нардан құла» дейді. «Ат – ердің қанаты», «Мінсең – көлік, жесең – ет» деп жылқы малын да аса жоғары бағалаған. Сондай-ақ, қой мен ешкі, сиыр малының да өзіне тән ерекше қасиеттері болатынын ұмытпаған.
Әйел алудың қажеттілігі туралы мақалдарда былай делінеді:
• All meat is to be eaten and all maids to be wed /Ең әуелі орын тап, одан кейін келін тап.
• Wives must be had good or bad /Еркекке жүрек керек, әйелге тірек керек.
• It’s better to marry a shrew than a sheep
• A man would not be alone even in Paradise
• A man without a wife is but half a man
Төрт түлігі сай халық әйелді жоғары бағалаған: «Алпыс нарың болғанша, ақылды жарың болсын» дейді. Ағылшындар Every Jack has his Jill/ Апама жездем сай дейді.
«Jack and Jill» – ағылшын тілінде 16 ғасырдан бастап ер жігіт пен жас қыз баланы білдіретін жалқы есімдер. 1567-8 жылдары Элизавета ханымның сарайында қойылған комедияның аты «Jack and Jill». У.Шекспирдің шығармаларында бұл жұп үш рет кездеседі: A Midsummer Night’s Dream, «Jack shall have Jill; Nought shall go ill»; The Taming of the Shrew, «Be the jacks fair within, the jills fair without, the carpets laid, and everything in order?»; Love’s Labour’s Lost, «Our wooing doth not end like an old play; Jack hath not Jill,». «A good Jack makes a good Jill» мақалындағыдай ерлі-зайыптыларды білдіретінін көрсетеді [2].
A man without a woman is like a ship without a sail / Ері жоқ әйел — ескегі жоқ қайық, әйелі жоқ еркек – ауыздығы жоқ ат.
Ұлттық тіл қоршаған дүниені өзінше «өрнектейді», мұның өзі оған қатысты құбылыстардың, процестердің маңызынан туындайды, демек ол аталған халықтың өзіне тән қызмет ерекшелігіне, тұрмыс салтымен ұлттық мәдениетінен бастау алады. Британ аралдарының табиғаты ерекше. Ұлыбританияны Атлант мұхитының Солтүстік және Ирланд теңіздері, Ла-Манш, Па-де-Кале, Солтүстік және Қасиетті Георг бұғаздары қоршап жатыр. Солтүстік бөлігіндегі таулар мен көрікті көлдер өлкесі мұздықтар әсерінен тілімделіп, әр түрлі формаларға ие болған. Демек, ағылшын тілінде әйелі жоқ ер желкені жоқ қайықпен тең деп, қазақ тілінде әйелі жоқ еркекті ауыздығы жоқ атпен салыстырады. Ауыздық сөзі мынадай мағынаға ие:
Ауыздық (бөлшек) — жүгеннің екі сулық арасына бекітілген жылқы аузына кигізілетін бөлшегі.
There is one good wife in the country and every man thinks he has her/ Әркімнің мінген аты – өзіне тұлпар, әркімнің сүйген жары – өзіне сұңқар.
Сондай-ақ, халқымызда «Ердің атын не аты шығарады, не қатыны шығарады», «Атың жақсы болса, бұл дүниенің пырағы, қатының жақсы болса, бұл дүниенің шырағы» деген сөз бар. «Жеті» санын қасиетті санаған қазақ халқында «жеті қазына» деген сөз бар.
Жеті қазына — қазақтың дәстүрлі дүниетанымындағы философиялық түсініктердің бірі. Қазақ халқы «Жеті қазынаға» мына ұғымдарды жатқызады:
1. Ер жігіт
2. Сұлу әйел
3. Ақыл, білім
4. Жүйрік ат
5. Қыран бүркіт
6. Берен мылтық
7. Жүйрік тазы
Ер жігіттің жүйрік аты — қанаты. Қыран бүркіт — қуаты. Құмай тазысы — абыройын асырар сенімді серігі [3, 33-б.].
Behind every successful man is a woman/ Болдыратын да, толтыратын да қатын.
Әйел затының қоғамдағы рөлінің жоғары болғаны, себебі ер адам екі халық дүниетанымында да ел басшысы, отбасының қамқоршысы, асыраушысы ретінде бейнеленеді. Әйел әрқашанда ер адамдардың ақылшысы, балалардың тәрбиешісі болған.
The hand that rocks the cradle rules the world / Әйел бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербейді.
Әйелдің орны туралы «Жұмақ ананың табанының астында» дегені бар. Қазақ қауымында ұрпақ тәрбиесі, оның ішінде қыз баланы тәрбиелеу, негізінен отбасында жүзеге асырылған. Қазақ отбасындағы балалардың ішінде қыз баланың орнын да, жолын да бөлек санаған. «Қыздың жолы жіңішке», «Қызға қырық үйден тыю» дегенде аталарымыз қыз балаға қамқор болу, оның намысын қауым болып ойлау қажеттігін, ғайбат сөзден қорғау керектігін айтқан. Қыз намысы, әдеп-ұят секілді қасиеттерді қыз бойына жас кезден-ақ ұялатқан. Үйдегі ер балаларға «қарындасыңды өкпелетпе», «қарындасыңа қолқабыс ете ғой», «қарындасыңды біреу-міреу ренжітпесін» деп құлағына құйып отырған. Қызды қара жұмысқа жекпеген. Қазақтар «Әкенің жақындығы жездедей-ақ» деп, ананы құрмет тұтқан, оның ролін жоғары бағалаған. Ағылшын халқы қыз баланы ерекше бағалағанын “Your son is your son until he takes a wife. Your daughter’s your daughter the rest of her life” деген мақалдан көруге болады.
Әйелдерді аялау жөнінде былай айтылады:
Let husbands know their wives have sense like them: they see, and smell, and have their palates, both for sweet and sour as husbands have.
Әйел жерден шыққан жоқ, ол да еркектің баласы, еркек көктен түскен жоқ, әйел оның анасы.
Ағылшын халқында “Handle with care women and glass” немесе “Glasses and lasses are brittle ware” дейді. Қыздардың нәзіктілігі шынымен теңеліп тұр. Нәзік жанды, сезімтал әйел заты мен қыз балаға ерекше қамқор керек екені көрінеді.
«Қыздың жолы жіңішке» дегенге мына ағылшын мақал-мәтелдері сәйкес келеді:
• Maidens must be seen and not heard. Maidens must be mild and meek, swift to hear and slow to speak/ Ата тұрып ұл сөйлегеннен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен без. • Common fame is seldom to blame.
• A good reputation stands still, a bad one runs.
• The wife that expects to have a good name is always at home as if she were lame, and the maid that is honest her chiefest delight is still to be doing from morning to night.
• All things come to those who wait/ Отырған қыз орнын табар.
Халқымыз қыз бала тәрбиелеуді үлкендердің, ата-анасының, елге белгілі кісілердің жақсы істерін үлгі ету, тәрбиеге «ұят», «намыс», «ар» ұғымдарын кең пайдалана отырып сендіру, үйрету, жаттықтыру, көтермелеу, мадақтау, мақұлдау, жазалау, тыйым салу, талап қою әдістері арқылы жүзеге асырып отырған.
Қазақ халқының қыз баласына арналып айтылған тұспал сөзде бейнелі — абстрактылы ойдың дамуына әсер етеді. Той-думан ойын-кештерде, күнделікті қарым-қатынас кезінде әзіл-қалжың, жұмбақ ретінде астарлы сөз жиі пайдаланған. «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда», «Ымды түсінбеген, дымды түсінбейді», «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді» деген нақылдары осының кепілі [4].
Әйел – отбасы, ошақ басы. Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір-шапағат көзі – әйел. Әйелдің бұл рөлі отағасының жамағатына, бала-шағаның анаға деген сүйіспеншілігімен, қамқорлығымен, ана жанын қас-қабағынан, жанарынан танығыштықпен нығая, биіктей береді. Әрине, әйел де өзінің аналық борышын ұмытпағанда, әсіресе, ерімен қабағы жарасып, тату – сүйіспеншілікте тұрғанда мәртебесі арта түспек.
Берілген ағылшын мақал-мәтелдерінде әйел – үйдің қазығы мен көркі. Қазақ мақалмәтелдерінде әйел – үйдің қазығы, дәулеті, иесі, көркі, жиғаны, тойы үйінде екенін байқаймыз.
• The wife is the key of the house/ Әйел – үйдің қазығы.
• A house and a woman suit excellently/ Жақсы әйел – үй дәулеті, жақсы шапан — той дәулеті. • A woman’s place is in the house/ Үйді қырық еркек толтыра алмайды, бір әйел толтырады.
• Men get wealth, women keep it/ Сиыр су тастамайды, қатын үй тастамайды. • Men make houses, women make homes/ Ер – елдің иесі, әйел – үйдің иесі.
• A virtuous woman, though ugly, is the ornament of the house/ Әйел – үйдің көркі, еркек – түздің көркі
• The good wife that expects to have a good name is always at home as if she were lame, the maid that is honest her chiefest delight is still to be doing from morning to night/ Еркек – үйдің иманы, әйел – үйдің жиғаны.
• The best furniture in the house is a virtuous woman
• A young wife should be but a shadow and echo in the house
Халық айтса, анық айтады. Қазақта «Жақсы қатын алғанның тойы өз үйінде» деген ғажап сөз бар. Той дегеніміз — қазақ мәдениетіндегі маңызды ұғым. Отбасы, үй, дәстүр сияқты негізгі концептілердің біріне жатады. Той ұғымы қазақ халқы әлемінің тілдік бейнесінде ерекше орын алады. Сондықтан жақсы әйел алғанның тойы өз үйінде деген теңеу бұған дәлел бола алады.
Сонымен қатар, «Қатыны жоқ үй – жетім» немесе «Әйелі жоқ үй – суы жоқ диірмен» деп әйел затының орнын жоғары бағалап, болдыратын да, толтыратын да әйел екенін білдіреді.
Әйелдің үй шаруасына байланысты мақалдар. Ағылшындарда “A woman’s work is never done” немесе әйелдің шаруасы бітпейді деген сөз бар. Үй ішінің көптеген тіршілігі әйел әрекеті мен еңбегіне байланысты жүреді. Ертедегі шаруаның негізі мал өсіру, егін салу болғандықтан осыған қатысты сыртқы жұмыстарды ер адамдар атқарса, тамақ дайындау, киім тігу, жүн сабау, киіз басу, жіп иіріп алаша, кілем тоқу тәрізді әр түрлі тұрмысқа қажетті бұйымдарды тігу, мал сауу, кір жуып үй жинау, жас балалар мен қартайған ана-енесіне қарау сияқты үй ішінің ұсақ-түйек шаруасы түгелдей әйелдер мойнында болады. Әсіресе, ақылды, парасатты, тәрбиесі жоғары әйел тек еріне ғана емес, сонымен бірге бүкіл ауылға да өзінің ықпалын тигізген. Мұндай әйелдер тарапынан еш уақытта ұрыс-жанжал шықпайтын. Үлкенкішіні бірдей сыйлап, қажет жерінде жарасымды әзіл айтып, барлық шаруаны атқарады. Мақалдарда әйелдің шаруасы мен пысықтығы жайлы былай делінеді: «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық, ерте тұрған еркектің ырысы артық» немесе «Әйел тұрмай еркек оянбайды», «Тазалығы қатынның тарағынан белгілі, батырлығы батырдың жарағынан белгілі». Бұл мақалдарды келесі тақырыптарға бөлуге болады.
Қолөнер:
• The foot on the cradle and hand on the distaff is the sign of a good housewife
• Жақсы қатын белгісі – былғары қылар теріні
• Жақсы қатын жүн қарыз алады, жаман қатын су қарыз алады
• Ине-жібі бар әйелдің үсті-басы жыртылмайды
Ас әзірлеу:
• Сиырдың сүті болсын, әйелдің асы болсын
• Азансыз молда болса да, қазансыз қатын болмайды
• Әйелдің бір өнері — ас пісіру
• Бір қатын тамағымен тойғызар, бір қатын қабағымен тойғызар
• Табағы таза қатынның тамағы да таза Мал шаруашылығы:
• Жақсы қатын малға сеп

ҚОРЫТЫНДЫ
Әйел затының қоғамдағы, отбасындағы әлеуметтік-мәдени рөлін екі халықтың мақалмәтелдерінен анық көруге болады. Әйелдің қасиеттерін жоғары бағалап, пір тұтқан. Әйел отбасы, ошақ басы, қазанның жанында отыратын. Әйел — бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербетеді. Ата-бабаларымыз да әйелді құрмет тұтқан.
Берілген мақал-мәтелдерден әйел және еркек затына деген екі менталитеттегі ортақ көзқарас көрінеді. Екі халықтың да айтар ойы бір.
Дүниенің паремиологиялық бейнесіндегі «отбасы», «ер» және «әйел» концептілері кез келген халықтың дүниетанымындағы әмбебап құбылыс, олардың қоғамдағы алатын орны мен отбасыдағы рөлін сипаттауда ортақ көзқарас табуға болады.

ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1. Жиренов С.А. Когнитивтік лингвистика.- Алматы: Абай атын. ҚазҰПУ, 2011.- 112 б.
2. http://en.wikipedia.org/wiki/Jack_and_Jill_(nursery_rhyme)
3. Кенжеахметұлы С. Жеті қазына. — Алматы, Ана тілі баспасы, 2010. 1-кітап. 136 б.
4. Әйел бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербейді.-«Шет шұғыласы» газеті
5. Аяған Б. Сөз мәйегі.-Алматы, 2007
6. Сәмәмбет, М.Қ. Мақалдар.-Қостанай, 2014. 357 б.
7. Кейкін, Ж. Қазақ мақал-мәтелдерінің алтын кітабы.-Алматы: Аруна, 2012 8. Жуков, В.П. Словарь русских пословиц и поговорок.-М.: Русский язык, 2000
9. Әлімбаев, М. Әлем халықтарының мақал-мәтелдері.-Алматы: 2012.
10. Тұрманжанов, Ө. Қазақ мақал-мәтелдері.-Алматы, 2008.
11. Аққозин, М. Қазақ мақал-мәтелдері.-Алматы, 2007.
12. Oxford Concise Dictionary of Proverbs.- Oxford University Press. 2003
13. Oxford Advanced Learner’s Dictionary.- Oxford University Press. 2007
14. Margulis, A. Russian-English Dictionary of Proverbs and Sayings.- Jefferson, North Carolina, London: McFarland &Company, 2000.
15. Oxford Dictionary of Idioms.- Oxford University Press. 2004
А.Е.Абдибекова
Образ женщины в паремиологической картине мира
КГУ имени А.Байтурсынова г.Костанай, Казахстан
Язык и культура выражают мировоззрение и сознание народа, создают взаимный диалог. В каждом языке отражается отношение того этноса к картине мира. Язык посвоему описывает окружающий мир, это происходит из явлений и процессов, которые с ним связаны. Знание пословиц и поговорок того или иного народа способствует не только лучшему знанию языка, но и пониманию менталитета народа. Пословицы не только отображают действительность и выражают ценности и модели поведения носителей определенного языка, но и передают из поколения в поколение культурно-национальные установки и традиции народа.

A.Abdibekova
The image of a woman in the paremiological picture of the world
A.Baitursynov Kostanay State University
Kostanay, Kazakhstan Language and culture express the worldview and consciousness of the people, create a mutual dialogue. Each language reflects the attitude of an ethnic group to the picture of the world. Language in its own way describes the world and it comes from phenomena and processes that are associated with it. Proverbs convey the culture and wisdom of their users; besides, they provide students with a rich source of vocabulary. Proverbs not only reflect reality and express the values and behaviors of speakers of a particular language, but also pass on cultural-national attitudes and traditions of the people from generation to generation.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *