АБАЙ «ҚАРА СӨЗДЕРІНДЕГІ» АДАМИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР МӘСЕЛЕСІ
Мақалада Абай «Қара сөздеріндегі» адами құндылықтар туралы сөз қозғалады. Ойшыл ақынның қара сөздеріне талдау жасау арқылы ондағы адамгершілік құндылықтар тұрғысындағы тұжырымдарға пікір беріледі: Абайдың қара сөздеріндегі гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ойлары дін туралы пікірлерімен бірігіп, тұтас бір қазақ халқының философиялық концепциясын құрайды. Абайдың кара сөздері сондай-ақ жалпы адамзат баласына ортақ асыл сөзге айналды.
Абай шығармаларының халық пен мәдениетті жақындастыратын қуаты ашылып, рухани жағынан жетілген кемел адамға жетудің жолы көрсетіледі. Абайдың қара сөздерінің кім үшін болса да, тәрбиелік мәні зор. Әйтсе де білімге ұмтылушы жастар үшін айрықша құнды. Өйткені ғылым да, өнер де жастар үшін.
Кілттік сөздер: адами құндылықтар, қарасөз, сыншыл ақын, кемел адам, қайрат, ақыл, жүрек бірлігі, есті адам.
КІРІСПЕ
Жастар тәрбиесін дұрыс жолға қойған қоғам дамуға бейім болса, олардың тәрбиесіне мән бермеген ұлттың құлдырауы заңдылық болып табылады. Қандай да бір ұлттың өркендеуі мен құлдырауы жас ұрпақтың рухы мен санасына, алған тәлім-тәрбиесіне байланысты екені баршаға мәлім. Жас буынға мейірімділіқ таныту — ұлтымыз бен отанымызға қызмет ету жолында жасалатын маңызды қадам. Ел көсемі Н.Ә. Назарбаевтың «2019-жастар жылы» деп осы жылды ерекшелеп белгілеуі де жас ұрпақтың елжанды, бәсекеге қабілетті, іскер болып өсуіне бағытталған алғышарттар болып саналады. Шынымен де кез келген халықтың болашағы, оның өміршеңдігі ұлттық болмыс пен ұлттық рухы кемелденген, жақсы тәрбиеленген ұрпақтың қолында болатыны даусыз.
Осы ретте түрік халқының ойшылы, ақыны Фетхуллах Гуленнің: «Жастар — күш-қуат және парасаттың бүршігі. Жақсы тәрбиеленіп, бағыты дұрыс көрсетілгеннің арқасында қиындықтарды жеңген Геракл сияқты жүректерге жарық беріп, әлемде тәртіп орнататын күшке айналады,» — деген сөзі жас өркеннің бойында болуы тиіс адами құндылықтар тұрғысында айтылған пікір.[1,154]
Әрбір халықтың тарихи өмірінде қол жеткізген ең құнды дүниелері – рухани және адами қасиеттері, моральдық нормалары, ұлттық құндылықтары бар. Ұлттық тәрбиенің негізін ғасырлар бойы қалыптасып келген асыл рухани құндылықтар және биік ізеттілік пен моралдық тұрғысындағы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жататын, адамның адамдық қасиетін нығайтып әрі асылдандыра түсетін, халықтың даналық өмір-салтынан туындап отыратын бұлжымас ережелер мен қағидалар құрайды. Қазақы дүниетаным, ақыл-ой, тағылымдық ұлағат ғасырлар бойы шыңдалып қалыптасты. Отаншылдықты қалыптастыруда атабабаларымыздың ұлағатты ойлары мен тәлімдік тәрбиесінің атқаратын орны ерекше. Ал ұлы Абай «Қара сөздеріндегі» адами құндылықтар мен толық адам болу тұрғысында айтылған ғажайып даналық әлемі жастар білуге, ұғынып сезінуге тиіс құнды дүние деп білеміз.
Абай «Қара сөздері» — оқырманға адами құндылықтың мәнін ұғындыратын, жеке адамның даму көрсеткішінен сол ұлттың дамып-өркендеу деңгейін тануға болатынын анық байқататын құнды дүние. Абайша ойлана алсақ — ұлттың әрбір өкілі өзіне сын көзбен қарап, ішкі жан дүниесі нұрланып, «адамзатты сүюі» керек. «Қара сөздер» оқырманын тұңғиық ойға батырып, ішкі әлемінде рух байлығын, терең парасаттылық пен өзгелерді сыйлау қажеттігінің құндылығын танытуға бағытталған Абай әлемінің бір бәйтерегі іспетті кемел қазына. Ойшыл Абай даналық ойларымен жаңа бір дүниенің есігін ашады, оқушы ақын ойларына ілесіп, сол бір асыл дүниені танығанша «Қара сөздерді» парақтайды, Абай танымының биіктігіне тағы да куә болады.
Адам баласының ойлау көкжиегі сан түрлі. Кей сәтте ол үшін бұрынғы таныс зат жұмбаққа айналса, ал білмейтін беймәлім нәрсе тіпті жанына жақын көрініп, «осыны қалай білмедім?» деп, таңғалатын сәттер де кездеседі.
Адамның бүгінгі күні ертеңі үшін жұмбақ болып, беймәлім зат белгілі нәрсеге айналып, өзіңе мәлім нәрсе құпия ретінде қабылданатын сәттерде Абайтану әлемі терең мұхитқа айналып, оны түсініп тану тіпті қиынның қиынына айналады. Ал әңгіме Абайдың қарасөздері тұрғысында болса, оны ұғыну, талдау биік шыңға өрмелеп шығудан кем емес.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Әлемдегі кез-келген халықты алып қарасақ та ең алдымен тәлім-тәрбиеге, білімге, адамгершілікке үндейді, болашақ ұрпақтың өн бойына рухани азық сіңіруге тырысады. Өйткені тәлім-тәрбиенің, адамгершілік қасиеттердің адам өмірінде алар орны ерекше. Атақты ғұлама ғалым, әлемнің екінші ұстазы Әл Фарабидің де «Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы» деген аталы сөзі бар. Осыдан-ақ тәрбиенің адам өміріндегі маңызын көруге болады. Осы тұрғыдан келгенде қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының қарасөздері халыққа ерекше тәрбие береді, адамгершілікке үндейді. Оңайдан қиынға қарай, жақыннан жыраққа қарай, қызықты, күлкілі жайдан үлкен толғаулы қорытындыға қарай біртіндеп жетектейді. Мұның барлығы адамзатты адамгершілікке жетелеу мақсатында еді. Енді ақынның бірнеше қара сөздеріне көңіл аударып көрелік.
Қазақ поэзиясының шыңы – Абайдың қарасөздерін қайталап оқығанда бұрын байқамаған көп мағлұматқа кенеліп, таңғалатын сәттерді бастан кешіресің.Қарасөздерді жазып отырғанда Абайдың өзі де жалған өмірдің көп сыры мен қырын көз алдына елестетіп, өз басындағы жағдайды осы дүниелікке арқау еткен болар деп ойға қаласың. Әрине, Абай әлемі, ақынтану көптеген сыншы ғалымдардың тақырыптарына айналып, үлкен қазынаға айналды. Сол зерттеу, ізденістерді оқи отырып, Абай туралы біраз нәрсені білетіндей болып көрінесің. Ал шын мәнісінде Абайдың алтын қазынасына тағы бір көз жіберіп қарасаң, сен еш нәрсені де білмейтіндей болып шығасың. Абай әлемі туралы зерттеу сан түрлі мақалалар, монографиялар, сыни еңбектер жариялаған авторлардың үлесінде қалып, талантты ақын, философтың мол дүниесі саған жұмбақ көмбедей өзіне қызықтырып, кең дарияның үстіндегі қалтылдап, жағаға асыққан жалғыз қайықтыалыстан шақырғандай, өзіне ынтызар қылады екен. Біз бүгін осыны байқадық.
Данышпан ақынның өзі де «Бірінші сөзінде»: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, тартыстық…» дей келіп, қалған өмірді қалай өткізу туралы өзіндік ойын ортаға салады. Ел бағу, мал бағу,ғылым бағу, сопылық құрып дін бағу не балаларды бағу тәрізді міндеттердің бәрін сараптай келе, «ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, оқысын» деген тәлімгерлік қызметін танытты [2]. Ал Абайдың «ермегі» көпке азық, жастарға тәлім-тәрбие насихатына айналды, «ақ қағаз» жастарға адами құндылықтарды көрсетіп-танытатын данышпандық кілт ретінде ғасырдан астам уақыт адал қызмет жасап келеді.
Қара сөздің шебері ақын Абай ақылын біреуге міндеттемей, жай әңгіме айтқан адамша мысал келтіре отырып, ненің жақсы, ненің нашар екенін елеусіздеу түрде сыпайы жеткізе білген. Данышпан ақын«Екінші сөзінде» қазақ халқының өзінде жоқ жаңа нәрселерге мысқылдай қарап, сол халықтан үйренудің орнына «үй төбесіне қамыс салған сарт, отырықшы ноғайды «бакалшік»,» орыс ойына келгенін істейді»деген мінеп, шенеп айтқан сөздерін мысалға келтіре отырып, сарттың , ноғай және орыс халқының қол жеткізген жетістіктерін : шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып , өздерін танытқан істерін мақтан тұтып, қазаққа өзгеге күлгенше солардай болуға ұмтылу керек деген ұлағатты сөзін ұсынады [2].
Абайдың «Қара сөздерін» оқып отырғанда, елін шын сүйген кемеңгер жанның келбеті анық аңғарылады. Баласына жаны ашыған ата-ана жақсы болсын деп, оған қаттырақ сөйлейді. Сондағы ниеті-балам дұрыс болсын деген ой. Сол тәрізді Абай өз халқының адал перзенті ретінде «Қазақ бір-біріне қаскүнем, бірінің тілеуін бірі тілеспейді, рас сөзі аз, қызметке таласқыш, жалқау» деп, қазақтың нашар қасиеттерін көрсете келіп, олардың осындай болуының сырын «Үшінші сөзінде» дәлелдеп береді [ 2]. Бұдан құтылудың жолы ретінде жастарға білім алуды, ұлықтарға халыққа адал қызмет етуді ұсынады. Болыс болып сайланған адамдарға Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Әз Тәукенің «Жеті жарғысын» білмек керек деген парасатты ойын танытады. Бұл арада Абайдың қазақы заңдық, құқықтық қағидаларды жетік білгенін аңғарамыз.
Абайдың қарасөздерінде өмірлік қағидалар өзіндік тәжірибе арқылы танылады. Ақынның «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі» деген сөзі дүниенің рақатын сезінбеген, бос нәрсеге мақтанып, есіл өмірді қор қылған жандарға білдірген жан ашуы сипатты.Ондай пенделерге автор «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ-өнерсіз иттің ісі» деп, «…өз қайратыңа сүйеніп еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» деген қамқорлық ақылын айтады.
Абай — сыншыл ақын. Ол «Қара сөздерінде» қазақтың кейбір мақал-мәтелдерін сынай отырып, сол қанатты сөздердің мән-мағынасын талдап береді. Кейбір қазақтың бірлікті ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақпен байланыстырып, бірлікті тек осы дүниелерден іздейтініне сын көзбен қарап, «бірлік-ақылға бірлік» деген тұжырым жасайды. Ал «Ырыс алды-тірлік» мақалын талдай отырып, «тірліктің болуы кеудеден жанның шықпағандығында ма, жоқ, бұл нағыз тірлік емес», көкірегі, көңілі ояу жан ғана ырыс әкеле алады деген данышпандық ой айтады [2]. «Күлтеген» жырында сипатталған мәңгілік ел болу көрінісі — бүгінгі күннің де басты идеясы. Ел бірлігін аңсап, Қазақстанды мәңгілік елге айналдыру-қазақ халқының басты мұраттарының бірі. Ал осы ұлы идея Абай қарасөздерінде де кездеседі. Халқымыз үшін бірлік пен татулықтың орны қандай екенін ұлы Абай жан-жақты көрсетіп берді. Абай қазақтың нашар мінездерін көрсетіп, одан қалай ажырау жолдарын да көрсетіп береді. «Осы мен өзім қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді» деп, өзіне сауал қоя отырып, «Тоғызыншы» қарасөзінде «бойларынан адам жақсы көрерлік я көңілге тиянақ қыларлық бір нәрсе тапсам керек еді»дей келіп, ащы ызасын ақ қағазға төгеді. Жан ашуы шырқау шегіне дейін жетіп, «Мен өзім тірі болсам да анық тірі емеспін… Осылардың ызасынан ба… білмеймін, сыртым сау болса да ішім өліп қалыпты»деуі ақынның өз халқын шын сүйгенін, сүйе тұрып келеңсіз мінездеріне шын күйгендігін аңғартады [2]. «Сын түзелмесе, мін түзелмейді» деген халқымыздың ғибратты сөзі Абай ойымен өз үндестігін тапқандай. Философ ақынның әр қарасөзінде қазаққа аса қажет мағыналы ой-тұжырымдар жиі кездеседі.
«Оныншы» қарасөзін оқып отырғанда, көркем сөз иесінің қазақ үшін баланың орны қандай екенін айта келіп, перзент сүюдің, оны қалай асырай білудің мәнін көпшілікке ұғындыруға тырысқанын аңғарамыз. Ақын балаға артық уәде беріп, алдап, күнәға батқаннан гөрі сол баланың болмағанының өзі дұрыс емес пе дегендей пікір танытады. Бұл арада да ойшыл ақынның бала тәрбиесіне ерекше назар аудару қажеттілігін, бала өмірге келмей тұрып оны қалай тәрбиелеп асырауды алдын-ала ойлау керектігін әр қазақтың санасына құюдың амалын іздестіргені аңғарылады.
Осы сауалдың жауабын «Он бесінші» қарасөзден табуға болады. Абай ақылды кісі мен ақылсыз кісінің мінез құлқына жан-жақты талдау жасай отырып, есті адамның келбетін былай танытады: «Есті адам орынды іске қызығып құмарланып іздейді, айтса құлақ , ойласа көңіл сүйсінгендей болады»,«есті әр нәрсеге қызықпайды, көңіл қалағанымен іс жасайды», «есті ақылды қолдан жібермей ізденеді екен». Ал бұдан әрі есті кісі болудың талабы ретінде «күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасына бір, ең болмаса, айына бір өзіңнен өзің есеп алуды» ұсынады [2]. Бұл — ақынның данышпандық тұжырымы. Өзіне-өзі сыни көзқараспен талап қоя білген адамның өз мұратына қол жеткізері анықекенін ойшыл ақын осылай ұғындырады.
Ал ақынның «Он жетінші» қарасөзінен алар ұлағатымыз — қандай сәтте де адам баласы қайрат, ақыл, жүрек бірлігіне сүйену керектігі. Абайдың қарасөздерінің тәлім-тәрбиенің қайнар көзі ретінде адам баласына берер ғибраты, жақсылығы мол. Аталмыш қарасөздерді мұқият, көңілге түйіп оқып шықсаңыз, талай ғажайыпты сезініп, небір асыл дүниеге қол жеткізгендей болғаныңызды аңғарасыз. Ақынның өзі айтқандай, «естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады». Қазақ үшін Абай қарасөздерінің құдіреті мен қасиеті ерекше. Әр адамға есте ұстау қабілетін дамыту туралы Абай жазып қалдырған «Отыз бірінші» сөздің орны аса маңызды деп білемін. Аталмыш сөзді білімгерлердің оқу мен тәрбие үдерісінде, өмірлік тәжірибеде қолданулары да қажет деп ойлаймын. Сонымен ақынша айтсақ, «Естіген нәрсені ұмытпауға төрт түрлі себеп бар: — «көкіректің байлаулы, берік болуы; — сол нәрсені естігенде… көңілденіп, тұщынып, ынтамен ұғу; — сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту; — ой, кеселді нәрселерден қашық болу» [2].
Абай «Қара сөздерінің» тәрбиелілік, рухани, философиялық, адамгершілік маңызы жыл өткен сайын арта түсіп, қазақ халқының ескермейтін құнды қазынасына айналды. Ұлы ақынның дана ойларынан жинақталған аталмыш туындыны қазақтың ақсақалдары мен жас жеткіншектеріне дейін бір мезгіл қолға алып сырына кенелсе, қазақтай кемел халықтың көп жетістікке қолы жетер еді. Бұл рухани қазына түнгі жолаушыға дұрыс жол сілтеген Темірқазық жұлдызы іспеттіжас қазаққа берері мол құнды дүние болып қала бермек. Тағы да Фетхуллах Гуленнің «Егер ақын естігендерін елестетіп,, ойының дұрыстығын ақыл елегінен өткізе алса, содан соң шабыттан туған сырлы ойлар сөйлем болып өрілгенге дейін ой бастапқы күйінде сақталса, бұл шығарма ұзақ уақыт оқылатын болады» деген сөзінің шындығына сөз жеткіздік [1, 55].
Талантты абайтану ғалым Қ.Өмірәлиев: «Абай қарасөздерінде адамгершілік тақырыбы жан-жақты, шынайы ашылады» деп бағаласа [3, 51], әдебиет сыншысы М. Мырзахметов: «Ойшыл ақын Абай «Қарасөздерінде» нағыз кемел адам болудың жолдарын көрсетіп, оған қол жеткізудің жолдарын танытады. Кемел адам шам сияқты, өзі жанып түгесілсе де, басқаларға жарық шашып кетеді. Абайдың өзі-кемел адамның нақ үлгісі» деген пікірін
білдіреді [4, 65]
Біз әдетте таныс сияқты болып көрінген бұл еңбектен өзімізге беймәлім болған талай сауалдың жауабын таптық. Өмір осылай, құпия зат таныс болып, өзіңе мәлім нәрсе жұмбақ болып қала бермек.
ҚОРЫТЫНДЫ
Табысты кәсіпкер, он тоғыз жасында алғашқы миллионын тапқан ресторатор Қ.Шонбайдың «Екінші болма» атты кітабында өмірде бар қиындықты жеңіп, өз ісінің шебері болудың сыры мен қырын баяндай келіп, тоқырап жүрген сәтінде «Бір күні қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың «Мықты болсаң, өзіңді жең» деген сөздері есіме түсті. Расында да, солай екен. Кітабымызды мінсіз нұсқа түрінде жазуға талпынуымыз керек, екінші болмауымыз керек екен» деп, дереу қолға алдым» — деп жазады [5, 9] Сонымен бірге Қуаныш кәсіпкерлік бизнесінде Абайдың «Ұқсап бақ!» деген сөзін пайдаланып, аталмыш сөздің мағыналық сипаттамасын «Ұқсап бақ дегеніміз — сол образға жанасатындай сәйкес жүрістұрыс, әдет қалыптастыру» деп, осы сөздің бизнесте жеңіске қол жеткізуде көмектескенін баяндайды [5, 27].
Ұлы ақынның қарасөздерінде ізгі ниеті — қазақ баласының кәсіпкер болып, өзге елге танылуын армандаған тілегі — ойшыл ақын сөздерін өз іс-әрекетінде пайдаланған бүгінгі егеменді Қазақстанның іскер, сөзі мен ісі үйлескен жас ұрпағының бір өкілі — Қ.Шонбай кітабында сабақтасқандығына біз де қуандық.
Абайдың қара сөздерінің кім үшін болса да, тәрбиелік мәні зор. Әйтсе де білімге ұмтылушы жастар үшін айрықша құнды. Өйткені ғылым да, өнер де жастар үшін. Адамның қолын бақытқа жеткізетін ілім-білімді игеру де жастардың ғана қолынан келетін іс. Қартайған адам қанша ұмтылса да, өндірері аз болмақ. Сондықтан білімге ұмтылған жастар ұлы ақынның бұл айтқандарын берік есте сақтауы қажет.
ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1. Гулен Ф. Ғұмырлық өлшемдер. — Алматы: «Көкжиек-Б» баспасы, 2018. -240 б.
2. Абай. Қара сөздері. — Алматы: Өнер,2006.-124бет.
3. Өмірәлиев Қ. Абайдың нақыл сөздері. — Алматы, 1958. – 151 б.
4. Мырзахметов М. Абайдың адамгершілік мұраттары. — Алматы, Рауан, 1993. — 139 б.
5. Шонбай Қ. Екінші болма! Жеңіске жетудің қазақша жолы. – Алматы, 2018.
А.С. Муктарова
О проблеме человеческих ценностей в «Словах назидания» Абая
Университет Кайнар, Алматы, Казахстан В статье рассматриваются человеческие ценности в «Словах назидания» Абая. Анализ Слов поэта дает представление о моральных ценностях. гуманистические, образовательные, социальные идеи Абая, соединяясь с постулатами религии, образуют целостную философскую концепцию казахского народа.
Работы Абая раскрывают силу сближения людей и культур и показывают, как зрелый человек может достичь духовного возрождения. Слова Абая содержат огромный воспитательный потенциал. Особую ценность они представляют для молодого поколения, в руках которого ключ к образованию, науке и искусству
A.S. Muktarova
About the problem of human values in the «Book of words» Abay
Kainar University, Almaty, Kazakhstan
The article deals with human values in the «Book of Words» by Abai. Analysis of the words of the poet gives an idea of moral values. humanistic, educational, social ideas of Abai, connecting with the tenets of religion, form a holistic philosophical concept of the Kazakh people.
Abay’s works reveal the power of bringing people and cultures closer together and show how a mature person can achieve spiritual rebirth. Abai’s words contain tremendous educational potential. They are of particular value for the younger generation, in whose hands the key to education, science and art