ҚАРУ-ЖАРАҚ АТАУЛАРЫНА БАЙЛАНЫСТЫ КӨНЕРГЕН СӨЗДЕР («Эпостық жырлар» негізінде)


ҚАРУ-ЖАРАҚ АТАУЛАРЫНА БАЙЛАНЫСТЫ КӨНЕРГЕН СӨЗДЕР («Эпостық жырлар» негізінде)

Әскери қару-жараққа қатысты көнерген сөздердің жалпы зерттелуі қазақ тіл білімінде ерекше әрі маңызды орын алады. Көнерген сөздердің этимологиялық жағынан зерттелуі тілдік қорымызды тың мәліметтермен толықтара түседі. Эпостық жырларда кездесетін қару-жараққа қатысты көнерген сөздердің этимологиясы тереңінен зерттеліп, бірнеше ғылыми этимологиялық сөздіктер, ғылыми материалдар пайдаланылды. Жырда кездесетін қару-жараққа қатысты көнерген сөздердің этимологиялық төркінін зерттеу барысында қазақ тілінен басқа түркі тілдерімен салыстырып, көне түркі тіліндегі варианттарымен салыстыра зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Көнерген сөздердің аталған жырдың лексикалық қабатында алатын орны мен маңыздылығы зерттелді.

Түйін сөздер: Әскери қару-жарақ, этимология, этимологиялық сөздіктер, көне түркі тілі, лексикалық қабат.
КІРІСПЕ
Халықтың әлеуметтік, экономикалық, саяси-мәдени өміріне, адамдардың өндірістік қызметіне қатысты туындайтын өзгерістердің бәрі ең бірінші сөздік құрамға келіп өз әсерін тигізеді. Қоғамның даму үдерісінде болған өзгерістер лексикада өзіндік ізін қалдырып отырады. Сонау ерте кезден қолданылған заттар мен құбылыстар, ұғымдар мен түсініктер көне заманнан қазірге дейін белгілі және әлі күнге дейін қолданыста. Ал біраз заттар мен құбылыстардың ұғымдардың ескіріп, қолданыстан кетуіне байланысты сол ұғымды білдіретін сөздер көнеріп сирек қолданысқа түседі.
Қазақ ғалымдары Ғ.Қалиев пен Ә.Болғанбаев өздерінің бірлесе жазған еңбектерінде көнерген сөздердің көнеру процесі кенет бірден бола қалатын құбылыс емес, әуелі қолдану жиілігін бәсеңдетіп, пассив сөзге ауысады да, соңынан жаңа ұрпақтың біреуіне жеткенмен кейінгілерге емін-еркін жете алмай, түсініксіз болып ұмытыла бастайтынын айтады. Аталмыш ғалымдар,көнерген сөздердің көнеру сипаты мен тілдегі қолдану ерекшеліктеріне қарай архаизмдер мен историзмдер болып екі салаға бөліп қарастырады.Архаизмдер халықтың күн көріс тіршілігіне, салт-сана тұрмысына, әдет-ғұрпына, дүние танымына қарай әр дәуірде өзгеріп, басқаша сөздермен ауысып отырған немесе ескіріп біржола қалып қойған сөздерді жатқызады. Қазақ тілінде архаизмдердің мынадай түрлерін атап көрсеткен:
1. Мата-кездеме атауларына байланысты архаизмдер;
2. Салт-сана, әдет-ғұрыпқа қатысты архаизмдер;
3. Киім-кешек, ыдыс-аяқ атауларына қатысты архаизмдер;
4. Діни ұғымға байланысты архаизмдер;
5. Үй тұрмысына, мал атауларына қатысты архаизмдер;
6. Әр түрлі ұғымға байланысты архаизмдер; 7. Жалпы түркі тілдеріне тән архаизмдер [1, 174].
Тарихи сөздер қатарына«дәуірі өтіп, сол ескі заманның өзімен қоса жоғалған сөздерді тарихи сөздер деп» көрсетеді. Тарихи сөздерді бірнеше топқа бөліп қарастырады:
1. Әкімшілік, ел басқарумен байланысты туған тарихи сөздер (хан, ханша, ханзада, тақ, тәж, бек, бекзада, патша, аға сұлтан, болыс, старшын, би, қазы, құл, елубасы т.б);
2. Әскери атақ пен қару-жараққа байланысты тарихи сөздер (садақ, жақ, жебе, қорамсақ, оқшантай, сауыт, қалқан, айбалта, найза, дулыға, адырна, кіреуке т.б);
3. Кеңес тұсында пайда болған тарихи сөздер (нарком, губком, совдеп, рабфак, отарба, тоз, кедейлер комитеті, партия ұясы, қызыл әскер, қызыл отау, қосшы, өзара салық, БК(б) П, ұя хатшы т.б) [1, 175].
Қазақ тілінде кездесетін қару-жараққа байланысты көнерген сөздерді көбінесе халық ауыз әдебиетінен мол кездестіреміз. Әсіресе, эпостық жырлар тілінде садақ, жебе, қылыш, көбе, қорамсақ, шоқпар секілді қару-жарақ атаулар көптеп ұшырасады. Бұл аталмыш сөздер қазақ қоғамының тарихында басынан кешірген дәуірлерінің, басып өткен даму жолының, тілде қалған, санамызда сақталған ізінің куәгерлері. «Қазақ эпостық жырларын» нысанға ала отырып, жырларда кездесетін қазақ қоғамындағы қару-жарақ атауларына байланысты көнерген сөздердің этимлогиялық түп төркініне, мағыналық ерекшеліктеріне, және басқа түркі халықтарында қолданылуына зер салдық.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Ең алдымен, біз, аталмыш топтағы көнерген сөздерге тоқталмас бұрын «қару-жарақ» сөзінің мағынасын ашып көрсетуді жөн санадық. «Қару-жарақ» сөздердің мағынасын ашу халықтың тұрмысында, тіршілігінде қасиеттті саналатын құралдың орнын анықтауға өз септігін тигізеді. Қару-жарақты лингвистика жағынан зерттеуші тілші ғалымдар бұл екі сөздің өзара айырмашылығы бар екенін айтады. Айтып отырған «қару» сөзінің бастапқы түбірі «қар», демек бұл «ұстау, қармау» деген ұғымды білдіріп, қолға ұстайтын соғыс құралы дегенді білдіреді. «Жарақ» сөзіне қатысты айтылып жүрген пікірлер сан түрлі:
М. Қашқари өзінің «Диуани Лұғат-ат түрк» еңбегінде: «Йарық-жарақ сөзі жалпы түркі тілінде жауынгерлердің қарсыластарынан қорғану мақсатында шайқас кезінде киетін сауыт, қалқандардың барлығына қолданылатын ортақ атау» — деп ой айтады [2, 35].
Ғалым Р.М.Ұзақова: «Орыс тілінде қолданылатын «вооружения» және «доспехи» атауларын қазақ тіліне өзгеріссіз тура мағынада аударғанда, «қару-жарақ» және «сауытсайман» деген мағынаны білдіреді. Демек, қару-жарақ тақырыбын зерттеуші кез келген ғалым зерттеушілер «қару» мен «сауыт» сөзін жеке дара алмайды, «қару-жарақ» сөзін жалпылама соғыс құрал-саймандардың ортақ атауы деп қарастырады [3, 6].
Сонымен, «қару» мен «жарақ» сөздерін екі қырынан қарастырып, екеуі екі түрлі мағынаны білдіретін сөздер екеніне көз жеткіздік. Батырлардың қару-жарағы деген, біріншіден, соғысу құралы, екінші бір жағынан қорғаныс құралы екенін анықтадық. Дегенмен бұл сөздер соғыс құрал-саймандардың ортақ атауы ретінде қолданылады.
Қазақ эпостық жырларында «найза» сөзінің қолданылуы көптеп кездеседі. Найза – жырда жиі кездесетін түйреу құралы. Нысанға алып отырған батырлар жырларында «қарағай найза», «найза», «күміс найза», «қоңыраулы найза» түрлері бар.
Қарағай найза сымбатты,
Күшіген жүнді көп оқты [БС,41Т: 16].
Беліне байлап болатты,
Қарына найза іледі [БС, 33Т: 78]. Қоңыраулы найза қолға алып,
Алдына дабыл өңгеріп [БС, 40Т: 429].
Найза парсы тілінен енген тарихи көнерген, ұш жағы істік темірден жасалған, ағаш сабы ұзын соғыс құралы [ҚӘТС, 11Т: 456]. «Найза полеолит дәуірінде пайда болады да, оның қолданысы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске дейін жалғасады. Әскери қару ретінде кең тараған кезі – темір дәуірі. Қазақ жауынгерлері мен батырларының да қаруы шашақты, темірден үшкір ұшы болған [4,44]. Найзаның атпа найза және де аша найза деген ежелгі екі түрі бар болған деседі. Атпа найза соғыс құралы, сонымен қатар аңшылыққа да қолданған. Мұндай найза түрін батырлар садаққа салып атқан деседі және садақтың шығуына негіз болған көрінеді. Аша найза болаттан екі айыр етіп соғылып, қарсы келе жатқан жауды шаншып аттан құлату үшін қолданған екен. Т.Байжанов найза лексемасының шығуын түркі тілдері негізінде түсіндіреді [5, 12]. Айтуынша, найзағай,нажағай сөзінің гомогенділігімен не болмаса сол заттың атқаратын қызметіне қатысты түсіндіреді, яғни, найза тығу, найза салу, найза шаншу, т.б. Бұлардың барлығы тесу, түйреу іс-әрекеттерін көрсетеді. Дегенмен, түркі тілдерінде найза сөзінің бірізді қолданылмауы оның иран тілінен шыққандығымен байланыстыруға болады. Бұл пікірді К. Юдахиннің «Киргизско-русский словарь» еңбегінен кездестіреміз: «Найза ир. Копье, пика; найза сал» [6, 347].
Түйреу қаруының екі түрі бар. Біреуі – найза, екіншісі – сүңгі. Бұлардың өзара айырмашылығы жасалуында болса керек. Сүңгі батырдың бес қаруының бірі болып саналады. Жырда батырлардың жауына қарсы сүңгіні қолданылуы төмендегідей сипатталады:
Кейін қарай жүгіріп,
Қанжығадай ақ сүңгі [БС, 40Т: 430].
«Сүңгі» сөзінің жасалу жолы мен этимологиясы жайында ғалым А.Ж.Мұқатаеваның зерттеулерімен толықтай келісуге негіз бар. Ғалым «сүңгі» сөзін етістіктен жасалған есім сөздер қатарына жатқызады. Құрылымы жағынан «сүңгі» сөзі түркі тілдер тобынан, содан ол қазақ тіліндегі -ғы, -гі, -қы, -кі, өнімді жұрнақтар негізінде жасалған деп топшылайды. Мәселен, шал+ғы, үс+кі, ұң+ғы. Мұндағы туынды түбір қатарында ұң, үс, шал етістіктері қатысады. Демек, сүңгі сөзінің алғашқы түпкі негізі – тесу, түйреу деген сөздермен қатысы бар екенін аңғарамыз. Тілдегі сүңгі етістігімен «суға сүңгу», яғни бір нәрсенің ішіне ену деген сөзбен де байланыстыра қарауға болады [7, 53-56].
Қару-жараққа қатысты кездесетін жиі сөздердің бірі «жебе». Мысалы«жебе» сөзі жырда:
Алты қырлы ақ жебе
Сынып еді белінен,
Бадана көзді ақ сауыт
Сөгіліп еді жөнінен,
Септете кейін келеді [БС, 44Т: 111].
Ғалым Т.Байжановтың айтуынша, «жебе» сөзі түркі-монғол тілдеріне ортақ термин деген ой білдіреді. Мұндай әскери терминдердің екі тілде де ұшырасуы өзара мәдени-сауда, экономикалық қарым-қатынастар негізінде пайда болған дей келе: «Значительное число этих терминов такого рода имеет близкие по значению параллели монгольском языке… дзебежебе (стрела). Трудность определения принадлежности подобных слов к тому или иному языку понуждает нас определять их как общее тюрко-монгольское достояние»,- деп пайымдайды [5, 39]. «Жебенің» қазақ тіл білімінде семантикалық мағынасының кеңи түскендігі туралы ғалым: «Иногда наблюдается обратное явление, т.е. расширение семантики заимствованных слов на почве казахского языка. Так, слово «жебе» в персидском языке употреблялось в значении «доспех, броня». В казахском же языке жебе – полисемичное слово: 1.стрела, 2.наконечник стрелы, 3.стальное проволочное заграждение, сооружаемое на пути движения вражеских войск, 4. броня, доспех, 5.перен. герой, смельчак, храбрец», – деген ой білдіреді [5, 38]. Батырлар жырына келетін болсақ «жебе» сөзі ғалым Т.Байжанов көрсеткен екінші мағынаға (2. наконечник стрелы) сай қолданылады.
Садақ оғын салатын сауыты не болмса қабы «қорамсақ» деп аталады. Бұл сөз де қолданыстан шығып, көнерген сөздер қатарына жатқызылады. Қорамсақтың жасалуы жайлы көптеген дерек көздерінде қалың көннен жасалады да, ішіне көлденең екі қатар етіп, соған жебелер кірісін төмен қатарлап қояды екен. Жырда ол былай сипатталады:
Қорамсаққа қол салды,
Қозы жауырын оқ алды [БС, 44Т: 151].
Жалпы «қорамсақ» сөзі монғол тілінен енген сөздер қатарына жатады. Монғол тілінде «хоромсого» деп кездеседі. Ғалым Қ.С.Ахметжанов бұл туралы: «Көшпелі халықтарда XII ғасырдан бастап оқ қабының матадан (барқыт, парча, т.б.), теріден, көннен жасалған жалпақ болып келетін түрі қолданыла бастады. Аталмыш оқ қабының бұл түрі «қорамсақ» деп аталады. Кей кезде қазақ халқы «қорамса, қорам» деп атаған», — дейді [8, 60].

ҚОРЫТЫНДЫ
Қорыта айтқанада, «Эпостық жырларда» ұшырасатын қару мен жараққа қатысты сөздерде қазақ этносының түрлі тарихи және мәдени байланыстары, этникалық даму процестерінің ерекшеліктері көрініс тапқан. Эпостық жырларымызда кездесетін қаружараққа қатысты көнерген сөздердің шығу тарихы мен мағыналық даму табиғаты тек өз тілімізде ғана емес, сонымен қатар туыстас түркі және туыстығы алыс монғол тілдерімен де тығыз байланыста екендігін аңғардық. Сол көне сөздердің мағынасын ашу барысында басқа да тілдердің лингвистикалық дерек көздерін пайдалану қажеттігі туындайды. Сөздердің шығу тарихына мағынасына үңілу тек лингвистика қана емес, этнографикалық, географиялық, тарихи зерттеулер мен материалдарды қарастыруды қажет ететін қызықты әрі күрделі сала. Ата-бабаларымыздың терең дүниетанымы мен ой- тұжырымдарының анық көрінісі болып саналатын мағынасы күңгірт сөздерді шашпай, жоғалтпай бастапқы қалпында келер ұрпаққа жеткізу – біздің тарих және ел алдындағы үлкен борышымыз!

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1. Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. Оқулық. – Алматы, 264 бет. – 2006.
2. Қашқари М. Түрік сөздігі. 3-кітап. Ауд. А. Егеубай. – Алматы: Хант, 1998. – 600 Б.
3. Ұзақова Р.М. Қазақ фольклорындағы қару-жарақ көрінісі: филологя ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация авторефераты. – Алматы, 2010. – 26 б.
4. Сүлеймен М. Қазақтардың әскери-қару жарағы. // http://www.info-tses.kz/publicidadweb/
5. Байжанов Т.Б. История военной лексики: филология ғылымдарының докторы диссертациясын алу үшін авторефераты. – Алматы, 1993. – 43 Б.
6. Юдахин К. К. Киргизско-русский словарь. В двух книгах. Около К 43 40 000 слов. – Фрунзе: Главная редакция Киргизской Советской Энциклопедии, 1985. Кн. 1. – 504 с.
7. Мухатаева А.Ж. Основные типы личного оружия батыра (по материалам казахского эпоса). // Международный журнал экспериментального образования. – № 8. – А., 2014.– C.
8. Ахметжанов Қ.С.Жараған темір кигендер: Батырлардың қару-жарағы, әскери өнері, салт-дәстүрлері. – Алматы: Дәуір, 1996. – 240 Б.
9. Бабалар сөзі. Жүз томдық. – т. 33. Батырлар жыры. – Астана: Фолиант, 2006.
10. Бабалар сөзі. Жүз томдық. – т. 41. Батырлар жыры. – Астана: Фолиант, 2007. – 446
Б.
11. Бабаларсөзі.Жүзтомдық. – т. 40. Батырларжыры. – Астана: Фолиант, 2007.–432 Б.
12. Бабалар сөзі. Жүз томдық. – т. 44. Батырлар жыры. – Астана: Фолиант, 2007. – 496
Б.
К. Кенжалин1, К. Маликов2, А.Байбосын3
Архаизмы связанные с названиями оружия (на основе эпосов)
1,2Евразийский национальный университет им.Л.Н. Гумилева г.Нур-Султан, Казахстан
Общее исследование архаизмов, связанные с военными снаряжениями занимает особое и важное место в казахской лингвистике. Исследование архаизмов со стороны этимологии заполнит словарный запас нашего языка новыми сведениями. Архаизмы связанные с военные снаряжениями которые встречаются в эпических романах, были глубоко исследованы, а так же используются в нескольких научно-этимологических словарях и научных материалах. В ходе исследования этимологического корня этих архаизмов, были проведены сравнительный анализ с другими тюркскими языками. Была исследована важность архаизмов в лексическом слое вышеупомянутого эпического романа.

K. Kenzhalin1, K. Malıkov2, А. Baibosyn3
Archaic words referring to the names os weapons (on the basis of epics)
1,2L.N.Gumilyov Eurasian National University
Nur-Sultan, Kazakhstan The researching of ancient words about military weapons took important role in linguistics. The etymological researching of ancient words updated our lexicon with new information. In epos founds a lot of words about weapons and etymology of ancient words researched deeply, several scientific etymologic dictionaries and used several materials. While researching etymology of archaic words in the poem that related to weapons, we researched comparing with the variants of Turkish languages, except kazakh language. It was investigated about importance of ancient and lexical properties words in the epos.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *