О. БӨКЕЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ЕҢБЕКТЕРДЕГІ КӨРІНІСІ

Н. Жұмай1, С.Ж.Тәжібаева2
1Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты, Астана, Қазақстан, nurmiraali@mail.ru 2Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ф.ғ.д.,, Астана,
Қазақстан, nurmiraali@mail.ru

О. БӨКЕЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ЕҢБЕКТЕРДЕГІ КӨРІНІСІ

Бұл мақалада қазақтың белгілі заңғар жазушысы Оралхан Бөкей шығармаларының ғылыми еңбектердегі көрінісіне шолу жасалады. Нақтылап айтқанда, Оралхан Бөкей шығармашылығына арналған қазақстандық ғалымдардың ғылыми еңбектері, соның ішінде кандидаттық диссертациялар талданады. Алайда, О. Бөкейдің барлық шығармалары бұл зерттеу жұмыстарында толық қамтыла алған жоқ. Осыған қарамастан, О. Бөкей шығармалары, повестері мен әңгімелері жекелеген ғылыми мақалалар мен зерттеу жұмыстарында әр қырынан қарастырылды. Бұл мақала осындай еңбектерді жинақтап, О. Бөкей шығармашылығын тани түсуге бір қадам жасауға септігін тигізуге тырысады.

Тірек сөздер: Оралхан Бөкей, ғылыми зерттеу жұмыстары, тілдік тұлға, тілдік құралдар, кейіпкер бейнесі

Жарты ғасырлық ғұмырында жасындай жарқ етіп өте шыққан, қазақтың классик жазушыларының бірі, әрі бірегейі – Оралхан Бөкей (1943-1993). Ешкімге ұқсамайтын қалам иесі өзгелердің туындыларынан өзгешеленіп, дараланып тұратын бірқатар шығармаларды дүниеге әкелді. Сол туындылары әлі күнге дейін кітап сүйер оқырманның қолынан түспей, ізденуші-зерттеушілердің ғылыми нысанына ілігіп келеді. «Мұзтаудың мұзбалағы» атанған жазушы Оралхан Бөкейдің қаламынан төгілген туындылардың әрқайсысы жеке-жеке зерттеулерге нысан бола алатын құндылықтарға толы.
О. Бөкейдің шығармалары әртүрлі ірілі-ұсақты ғылыми зерттеулердің өзегі болып келді. Аталған мақалада сол жұмыстарға шолу жасай отырып, талдау жасау мақсаты көзделді.
Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары қазақстандық ғылым да ғалымдар да жаңаша бетбұрыспен, жаңа екпінмен, үлкен ықыласпен ғылыми жұмыстарды жүргізе бастады. Осы кезеңде танымал жазушы Оралхан Бөкей туындыларын ғылыми зерттеу жұмысының нысаны ретінде қарастырған жүйелі де көлемді еңбектер 1993 жылдан 2006 жылдар аралығында көптеп жарыққа шыққандығын байқаймыз. Осындай еңбектердің бірі — филология ғылымдарының докторы, профессор Жанат Әскербекқызы Аймұхамбетованың
«О. Бөкей прозасындағы мифологизм мәселесі» атты 1999 жылы Астана қаласында қорғалған кандидаттық диссертациясын атауға болады [1].
Бұл жұмыста Оралхан Бөкейдің «Қар қызы», «Атау керек», «Сайтан көпір», «Жетім бота» сияқты повестеріндегі аңыздық желілер, мифтік, символдық бейнелерді анықтап, басқаша айтқанда мифологизм бағытында толық талданып, сипаттама беріп, сол арқылы қазақ әдебиетіндегі мифологизм бағытын қалыптастыруға үлкен үлес қосты. Зерттеуші Ж.Ә. Айтмұхамбетова О. Бөкей прозасындағы анимизм және кейіптеу, мифтік құбылушылық, түс көрудің мифологиялық астарлары ұғымын жан-жақты саралай келіп, жазушының адам мен табиғат байланысын көрсететін көркемдеу құралдарын шеберлікпен берген. «Атау кередегі» жансыздың жандыны беруі, «Айпара-анадағы» даланың бірде батырға, бірде балаға теңелуі, «Сайтан көпірдегі» Алтай қысының сан түрлі «сезімдері», «Алтыбақандағы» Күн жарықтықтың мұртынан «күлуі», «Құм мінезіндегі» «адам мінезді» құм бейнесі т.б. ғылыми негізде сараптама жасалған. О. Бөкейдің табиғат пен адамды егіздің сыңарындай етіп берген кейіпкерлері – Бархан мен құм, Қиялхан мен қарағай, Ақтан мен күллі табиғат үндесі анимизм мен кейіптеу ұғымдарын сипаттауда басшылыққа алынған. Ғалым назар аударған Оралхан Бөкей шығармаларындағы мифтік құбылушылық Ф. Кафка мен Ш. Айтматов туындаларымен салыстырыла берілген. Мәселен, «Ш. Айтматовтың «Ақ кеме» повесінде бала кемедегі әкесіне жету үшін балыққа айналуды армандап жүрсе, О. Бөкей повесіндегі Ерік судың арғы бетіндегі ақ боз атты қызға жету үшін араға айналуды тілейді» [1,16].
Түс көрудің мифологиялық астарларына қатысты зерттеуші Ж. Айтмұхамбет О. Бөкей шығармаларында кездесетін түс көру мен оны жору жолдарына тоқталады. Мәселен, «Жасын» әңгімесіндегі Қиялханның түсі, «Мұзтау» повесіндегі Ақтанның, «Құм мінезіндегі Барханның», «Ардақ» әңгімесіндегі Ардақтың, «Бәрі де майдандағы» Ақан мен оның анасының түстері, сонымен қатар «Қар қызындағы» үш жігіттің, «Сайтан көпірдегі» Аспанның түстері кейіпкер психологиясын ашуға мол мүмкіндік беріп тұр [1,18].
Жалпы алғанда, бұл зерттеу жұмысы жазушы Оралхан Бөкейдің қаламгерлік дара тұлғасын, жазушылық шеберлігін, тілдік болмысын терең тануға жасалған кешенді ізденістердің бірі болды.
Осы 1999 жылы жазушы О. Бөкей шығармалары тағы бір ғылыми жұмыстың нысанына ілікті. Құралай Темірбекқызы Жанұзақованың Алматы қаласында қорғалған «Оралхан Бөкеев прозасындағы романтизм» атты кандидаттық диссертациясы 1970-1990 жылдарда проза жанры бойынша ерекшелене білген жзушы О. Бөкей туындыларындағы романтизм мәселелерін жан-жақты қарастырды [2].
Аталған зерттеу жұмысында ізденуші Қ. Жанұзақова жазушы О. Бөкей шығармаларындағы романтикалық бейнелеу тәсілдері, сол шығармалардағы роматизмнің көркемдік ерекшеліктері, бұл туынды өзара үндес келетін өзге шығармалармен салыстыра отырып, О. Бөкей шығармаларына тән ерекшеліктерін айшықтау сияқты көптеген мәселелерді біріздендірді. Зерттеу жұмысының бірінші тарауы жазушының көркемдік дүниетанымын айындауға негізделген. Онда зерттеуші жазушының алғашқы туындыларын соңғыларымен салыстыра отырып, О. Бөкейдің дүниетанымына әсер еткен факторлармен бөліседі. О. Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлыным», «Жасын», «Мұзтау» секілді туындыларындағы Ақтанның «ертек адамның ең соңғысы» болуы, Асан шалдан кейін «ауылдың бар әңгімесінің, қарттығының мәңгілік келмеске кетуі», «ширек ғасырдан бері жақ ашпаған» шешесінің сөйлеп кетуі т.б. зерттеуші тарапынан әсерлі талданады. Жазушы шеберлікпен қолдана білген максимализм әдісін зерттеуші Қ. Жанұзақова да дәл тауып, О. Бөкей кейіпкерлерінің басты ерекшелігі ретінде көрсете білген. Атап айтқанда, Бура – «Қазақбай ауылының ең соңғы түйесі», Кербұғы – «он сегіз салалы оқыстан жаралар хайуанның ең ақыры», Асан шал мен Ақтан – «ертек адамның соңы», Гүлия – «қазақ үшін ең ақырғы Ақжүніс, ең ақырғы Баян, ең ақырғы Жібек», Қоңқай – «дүние жүзіндегі қатыгез әрі мықты шал», Ақбота – «адам күші мен табиғат тылсымын қанды шайқасқа жібермей, қоршап, қорғап жүрген жалғыз жанашыр, жалғыз сақшы жұмбақ қыз» деп береді [2,10].
Жалпы алғанда, Қ.Т. Жанұзақованың бұл зерттеу жұмысы жазушы О. Бөкей шығармаларындағы кейіпкер бейнесін толық ашуға мүмкіндік беретін тәсілдердің бірі – романтизм мен реализм тұрғысынан сараптама жасалған көлемді еңбек болып табылады.
Жоғарыда келтірілген зерттеушілер сияқты сол 1999 жылы зерттеу еңбегі жарияланған ізденушілердің бірі – Г.Ж. Жәлелованың профессор Н. Габдуллиннің жетекшілігімен қорғалған «Концепция личности в прозе О. Бокеева» атты Алматы қаласында қорғалған кандидаттық диссертациясы [3].
Бұл диссертацияда жазушы О. Бөкейдің шығармалары тілдік тұрғыдан саралана келіп, жазушының шығармаларында кездесетін тұлға концепциясын кейіпкерлер бейнесін ашуда қолданылған көркем сөз шеберінің жеке қолданыстағы тілдік бірліктерін талдап көрсетеді.
Осы сарындас келесі бір ғылыми жұмыс – Ө. Көзбековтың 1998 жылы Алматы қаласында қорғалған «О.Бөкеев прозасының поэтикасы» атты кандидаттық диссертациясын қарастыруға болады [4].
Белгілі ғалым, әдебиеттанушы Б. Майтановтың жетекшілігімен қорғалған бұл ғылыми зерттеу өз кезеңінде ғылыми ортада жоғары бағаланған еңбектер қатарынан табылды. Мәселен, ғалым Т. Кәкішұлы бұл жұмысты жоғары бағалай келе, «автордың әбден қалыптасқан әдебиетші» екендігін мойындаған [5,6].
Бұл ғылыми зерттеу жұмысының тиянақтылығын, жүйелілігін белгілі ғалым Ш. Құрманбайұлы «Толғаулы тіл» атты жинағында да атап көрсетеді [6,364].
Зерттеуші Ө. Көзбековтың ғылыми еңбектері «Оралханды оятқан оғлан» атты жинақта жүйеленіп берілді [7].
Зерттеуші Өскенбай Көзбеков жазушы Оралхан Бөкей шығармаларындағы реалистік сипатты анықтау барысында автордың өз сөзіне жүгіне отырып, талдау жасайды. Нәтижесінде жазушы шығармаларының кейіпкерлері бір–біріне ұқсамайтын, ішкі әлемі ерекше тұңғиық сырларға толы екендігін көрсете білді. Мәселен, «Қар қызындағы» тракторшының бейнесін ашуда реалистік жағдайлар анық берілген. Жазушы мұнда тракторшы жігіттердің еңбек жолын сипаттай отырып, шығарманың идеялық-
философиялық терең ойына назар аудартады, яғни бір жұмбақ бейнені талмай іздеуі ерекше суреттелген. Бұл повестегі жас жігіттердің совхозға шөп жеткізу мақсатымен шаруашылық сапарға шығуы, жол қиындығы реалистік тұрғыдан суреттеліп берілсе де, Нұржанның сол сапарға шыққандығы негізгі мақсаты – шөп жеткізу емес, Қар қызын көру екендігін байқатады. Ал шығармадағы романтикалық сипат шығармадағы Нұржанның Қар қызымен кездесетін тұстарында анық көрінетіндігін зерттеуші атап өтеді [4,9].
Сондай-ақ А. Рамазанованың «Қазіргі қазақ повестеріндегі адам мен табиғат мәселелері /70-80ж/» деген тақырыпта қорғалған кандидаттық диссертациясында (Алматы, 1993ж.) адам мен табиғат жайы ғылыми зерттеудің негізгі нысанына алынып, О. Бөкей шығармаларында көзделген экологиялық мәселелерді сөз етеді [8].
Мұнда зерттеуші О. Бөкей повестерінде қозғалған адам мен табиғат қарым-қатынасы мәселесінің көркемдік шешім табуы, экологиялық тақырыпты игеруі, жазушының көркемдік әлемі мен айшықтары, қаламгердің экологиялық тақырыптағы шығармаларының ұлттық ерекшеліктері, сол шығармаларда айтылған аңыздар мен мифтердің пайдалану жолдарын түсіндіреді.
С.Ш. Айтуғанованың «Адам және табиғат концепциясы шағын прозада» атты кандидаттық диссертациясында (Алматы, 2000ж.) М. Әуезов, Ә. Кекілбаев, М. Мағауин, О. Бөкей сияқты заңғар жазушылар туындыларындағы адам мен табиғат қатынасын ашудағы заман шындығын беру дәстүрі жан-жақты сөз болады. Мәселен, О. Бөкейдің туындыларында кездесетін жануарлар образы арқылы қазіргі адамдар бойындағы кейбір маңызды құбылыстарды, өмір, адамдар мінезі, тағдыр соқпағын ашып беруде тек тілмен ғана емес, үнмен, ыммен білдіру шеберлігін зерттеуші ретімен талдай білген. Осы орайда С. Айтуғанова: «Жалпы әдебиеттегі адам мен табиғат, адам психологиясына талдау жасау туралы сөз болғанда О. Бөкей шығармашылығына соқпау мүмкін емес…Тұнып тұрған табиғаттың бәрі, психологияның бәрі Оралханда. Оның әңгімелері мен повестерінде адам жанын бірден баурап әкететін бір құпия бар. Себебі, жазушы өз кейіпкерлерінің ісәрекетінен гөрі, олардың ішкі әлеміне, жан-дүниесіне көбірек үңіледі. Жазушы өзінің жаны таза, сезімтал, жақсылыққа жаны құштар кейіпкерлерінің ішкі сезім буырқанысын қоршаған орта табиғатпен байланыстыра, астастыра алады. Оның кейіпкерлерінің шетінен асқақ арманға құлаш ұрған, арманшыл, қиялшыл болып келетіні де, олардың ой-толғаныстарының көбіне табиғат суретімен астарласып, астасып жататындығында болса керек. Табиғаттың төл перзенті адам сол табиғат иісін сезініп-түйсінген кезде оның арманшыл-қиялшыл болмауы мүмкін де емес қой. Мұндай кейіпкердің болмысын табиғатпен байланыстыра суреттеу арқылы таныту О. Бөкейдің шығармашылығының бір ерекшелігі», — дейді [9, 20].
Жалпы алғанда зерттеуші С. Айтуғанова О. Бөкейдің өзге де ғылыми жұмыстарға арқау болған повестерін емес, «Бура», «Кербұғы» сияқты туындыларын қарастыра отырып, табиғат пен адам үндестігі, қайшылығы, адам бейнесін берудегі табиғаттың қызметіне қатысты психологиялық жағдаяттарды толық талдап түсіндіреді.
Зерттеуші Бахтыгүл Шерімқызы Баймусаеваның «Проблема воссоздания стиля оригинала /на материале переводов произведений О. Бокеева, О. Сарсенбаева, С. Елубаева на русский язык/» деген тақырыпта академик С. Қирабаевтың жетекшілігімен 1994 жылы Алматы қаласында қорғалған кандидаттық диссертациясы да классик жазушы О. Бөкей шығармашылығына арналған ғылыми зерттеу жұмыстарының бірі болып табылады [10].
Бұл жұмыстың өзге ғылыми жұмыстардан ерекшелігі көркем әдебиет теориясы мен практикасының негізгі де маңызды мәселелерінің бірі түпнұсқа стилінің аудармада сақталуына негізделуінде болса керек. Аталған жазушылардың прозалық туындыларының қазақ тілінен орыс тіліне аударылу барысында туындайтын түпнұсқа стилінің сақталу мәселелерінің бұл зерттеуге дейін қарастырылмауы осы жұмыстың өзектілігін, әрі маңыздылығын танытады. Б. Баймусаева Оралхан Бөкей шығармаларының орыс тіліне аударылуы барысында жазушы тілінің бай екендігін, жазушы стилінің ерекшеліктерін, жазушы туындыларында лиризм, романтикалық көтеріңкі екпін, ерекше бай тілмен сипатталған образдар әлемі, жазушының өзіне ғана тән сөйлем құрылымдары жайында сөз етеді. Аудармашы А. Ким аударған О. Бөкейдің «Человек – олень», «Снежная девушка» повестері мен «След молнии», «Ардак» әңгімелері, О. Мирошниченко аударған «Крик» повесі, Б. Момышұлы аударған «Бура» әңгімесі, Е. Домбровский аударған «Кербугы», Р. Сейсенбаев аударған «Камчигер», А. Малаеев аударған «Что оставил Тока», «Веретено Кулпаш» сияқты туындылар бұл зерттеу жұмысының нысанына алынған. Осы зерттеу жұмысы барысында аудармада түпнұсқа тіліндегі диалогтың, ырғақтың және психологиялық талдаудың берілу жолдарына, басты идеяның сақталуы, шығармадағы авторлық концепцияның сақталуы, ішкі идея мен мазмұнның сыртқы стилде боямасыз сақталуына басымдық берілген. [10,5].
Жазушы Оралхан Бөкей шығармаларын ғылыми жұмысының нысанына айналдырған тағы бір еңбек – Нұрсұлтанқызы Жазираның «О.Бөкееев шығармаларындағы бейвербалды амалдар» деген тақырыпта профессор Ф.Ш. Оразбаеваның жетекшілігімен 2006 жылы Алматы қаласында қорғалған кандидаттық диссертациясы [11].
Аталған ғылыми жұмыста жазушының бейвербалды амалдарды пайдалану шеберлігі, сол арқылы қалыптасқан стильдік ерекшеліктері сияқты мәселелер сөз болады. О. Бөкей шығармаларының кейіпкерлері мен олардың ішкі жан–дүниесін ашуда, психологиялық жайкүйін сипаттауда бейвербалды тәсілдерді қолдану ерекшелігін талдау бұл зерттеу жүмысының негізгі мақсаттарының бірі болды. Сонымен қатар бейвербалды амалдардың ұлттық мәдени негізін де жазушы шығармаларынан көрсетіп, бейвербалды синонимдер, омонимдер, антонимдер, сәлемдесу мен қоштасу кезіндегі, тыйым ретінде қолданылатын бейвербалды амалдарды жазушының туындыларынан келтіре отырып, толық талдайды. Мәселен, кейіпкерлердің ішкі жылылықтың көрінісі ретінде қол алысып амандасуы, қауыша құшақтасуы, күлімсірей қарап маңдайынан сүюі – ұлттық тәрбие мен мейірбандылық көрінісі болып табылады. «Қайдасың, қасқа құлынымдағы» — Ораш, «Өлірадағы» — Қойшы, «Елең-алаңдағы» — Зарлық, «Құм мінезіндегі» — Бархан, «Өз отыңды өшірмедегі» — Дархан, «Сайтан көпірдегі» Аспан сынды кейіпкерлер бейнесін жан-жақты ашуда, оларды әр қырынан сипаттауда жазушы шеберлікпен қолданған бейвербалды әдістерді зерттеуші Нұрсұлтанқызы Жазира жақсы талдап көрсетеді.
Айгүл Ғалиқызы Сембаеваның «Көркем шығармалардағы эмоционалды-экспрессивті лексика (О. Бөкеев шығармалары бойынша)» еген атпен 2002 жылы Алматы қаласында қорғалған кандидаттық диссертациясы жазушы Оралхан Бөкей шығармаларының эмоционалды-экспрессивті лексикасының қолданылу ерекшелігін көрсетуге бағытталды.
Зерттеуші жалпы тіл білімінде қарастырылып отырған эмоционалды-экспрессивті лексикаға талдау жасай келіп, О. Бөкей шығармаларының көркемдік деңгейін айшықтауға тырысады. Сонымен қатар О. Бөкей шығармаларындағы эмоционалды-экспрессивті лексиканың ауызекі сөйлеу тілінде және жазушының ішкі ойын беруде қолданған әдіс-тәсілдері назарға алынған. Зерттелініп отырған лексика бойынша лексико-грамматикалық және стилистикалық тәсілдер анықталған [12].
Осы жоғарыда келтірілген ғылыми жұмыстардан өзге жазушы О. Бөкейдің өмірі мен шығармашылығына қатысты көптеген, әрқилы естеліктер, жекелеген мақалалар, очерктер, ғылыми практикалық конференция материалдары т.б. жарияланды. Ешкімге ұқсамайтын ерекше қалам иесінің әр туындысы жеке-жеке ғылыми зерттеулердің нысаны бола алады, өйткені Оралхан Бөкей өшпес тақырыптарды ту еткен өлмейтін туындылар туғызған ерекше талант иесі еді. Әдебиет майталмандары, сыншы, тілші-ғалымдар М. Қаратаев («Төртаған туынды»), С. Қирабаев («Табиғатпен туыс талант»), Р. Нұрғали («Қазіргі драма»), Н. Ғабдуллин («Уақыт сыры»), Ә. Кекілбай («Өмірстанға тағы бір саяхат»), Д. Исабеков («Бүгінгі шындық – ертеңгі тарих»), Р. Сыздықова («Сәйкестік») т.б. жазушы О. Бөкей және оның шығармашылығы туралы сүбелі еңбектер жариялады.
Осылайша, қазақстандық зерттеушілер қайталанбас қаламгер Оралхан Бөкей шығармаларын жан-жақты, атап айтқанда, әдебиеттану, стилистика және тілдік ерекшеліктері тұрғысынан зерттеді. Алайда, бұл жазушы шығармалары толық зерттеліп болды дегенді білдірмейді. Әлі де болса ғылыми зерттеулер нысанына ілінбеген жазушы Оралхан Бөкейдің шығармалары және сол туындыларда орын алған түрлі тілдік құбылыстар, тілдік мәселелер жетерлік. Бұл сарындас әдеби-сыни еңбектер де өз алдына жеке бір ізденулерді қажет етеді. Жинақталған материалдарға сүйене отырып, О. Бөкей шығармашылығының зерттелуін бірнеше салаға бөліп қарастырған жөн деп ойлаймыз: а). ғылыми еңбектерде көрініс табуы; ә) әдеби сыни еңбектерде бағалануы; б) аударма саласындағы еңбектер (аударылған туындылары бойынша); в) естеліктер, очерктер (жеке өміріне қатысты). Бұл мақала тек заңғар жазушы Оралхан Бөкей шығармаларының ғылыми жұмыстар нысанына ілініп, көптеген зерттеулерде қарастырылғанын көрсету мақсатын көздеді. Жазушының орыс және ағылшын тіліне аударылған шығармалары, ондағы тілдік құбылыстар, түпнұсқа тілінің, бояуы мен стилінің сақталу мәселелері әлі толық зерттеу керектігін көрсетеді. Мәселен, жазушының «Кісі-киік», «Өліара», «Айпара ана», «Ардақ», «Бура» т.б. туындылардың аудармадағы жай-күйі, ондағы түрлі тақырыптарға қатысты реалиялар мен лакуналар, тұрақты сөз тіркестері, жер су атаулары мен мифтік сарындар және басқа да көптеген тілдік құбылыстардың өзге тілдердегі сипатын анықтау – тыңғылықты зерттеуді талап етеді. Болашақ еңбектерімізде жазушы Оралхан Бөкейдің басқа да салалар бойынша қарастырылған түрлі жұмыстарға талдау жасалады.
Табиғат тылсымы мен адам сезімінің тұңғиығына тереңдей білген Оралхан Бөкейдің әр теңдессіз туындысы әлі де талай ғылыми жұмыстарға нысан бола беретіні сөзсіз.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Аймұхамбетова Ж.Ә. О. Бөкей прозасындағы мифологизм мәселесі. Астана, 1999.
– 24 б.
2 Жанұзақова Қ.Т. Оралхан Бөкеев прозасындағы романтизм. Алматы, 1999. – 27 б. 3 Жалелова Г.Ж. Концепция личности в прозе О. Бокеева. Алматы, 1999. – С.25 Көзбеков Ө. А. О. Бөкеев прозасының поэтикасы. Алматы, 1998. – 22 б.
4 Шортанбаев Ш. Ұстаз. Ғалым. Азамат. //Айқын.-2013.-17 маусым. — 6 б.
5 Құрманбайұлы Ш. Толғаулы тіл. Астана, Мемлекеттік тілді дамыту институты,
2014. – 372 б.
6 Көзбеков, Е.А. Оралханды оятқан оғлан /Ескенбай Көзбеков; құраст. Г. Искакова.
Алматы, Мемлекеттік тілді дамыту институты, 2013. — 228 б.
7 Рамазанова А. Қазіргі қазақ повестеріндегі адам мен табиғат мәселелері. /70-80ж/. Алматы, 1993. — 25 б.
8 Айтуғанова С.Ш. Адам және табиғат концепциясы шағын прозада. Алматы, 2000. –
25 б.
9 Баймусаева Б.Ш. Проблема воссоздания стиля оригинала /на материале переводов произведений О. Бокеева, О. Сарсенбаева, С. Елубаева на русский язык/. Алматы, 1994. – 24 б.
10 Нұрсұлтанқызы Ж. О. Бөкеев шығармаларындағы бейвербалды амалдар. Алматы, 2006. – 29 б. 11 Сембаева А.Г. Көркем шығармалардағы эмоционалды-экспрессивті лексика (О. Бөкеев шығармалары бойынша). Алматы, 2002. – 24 б.

Н. Жумай, С.Ж Тажибаева
Отражение творчества О.Бокея в научных трудах

В данной статье проводитcя анализ научных работ, посвященных исследованию творческого наследия казахского писателя О.Бокей. В статье проводится анализ исследований, посвященных изучению литературного наследия современного казахского классика. Исследованию твочества О.Бокей посвящены ряд диссертационных работ, монографий, статей, в которых дается анализ многогранного творчества писателя. Ряд произведений талантливого казахского писателя переведены на русский и английский языки и представляет интересный объект исследования. Однако творчество писателя не было исследовано как предмет переводоведения и, тем самым представляет перспективу для казахстанского переводоведения.

N. Zhumai, S.Zh Tazhibayeva
Reflection of the oeuvre of O. Bokey in the scientific works

The article is devoted to the analyzes of the research of the literary heritage of the Kazakh writer O. Bokey. A number of dissertations, monographs, and articles are devoted to the study of O.Bockey’s literary works. A number of novels, stories written by a talented Kazakh writer have been translated into Russian and English and represent an interesting research perspective. However, the writer’s works have never been studied as a subject of Kazakh translation studies with respect to translation theory and practice.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *