«ӘДІЛ СҰЛТАН» ЭПИКАЛЫҚ ЖЫРЫНДАҒЫ СӨЗЖАСАМ ТҮРЛЕРІ
Қазақ тілінің тарихи кезеңдерге байланысты аз да болса, өзгеріп отыратыны айдан анық. Көне және ортағасыр жазба ескерткіштер тілінде сөзжасамның морфологиялық тәсілі болды, бірақ әр сөз табының сөз тудырушы жұрнақтары санаулы ғана. Қазіргі сөзжасам мен көне және ортағасыр жазба ескерткіштерінің сөзжасам жүйесін салыстырғанда, қазіргі қазақ тіл жұрнаққа өте бай. Арада бірнеше ғасыр өтсе де, олардың әр кезеңінің тілдің сөзжасам жүйесінің қалыптасуына да, сөздік қордың баюына да үлес қосқандығы байқалады. «Әділ сұлтан» эпикалық жырының қазақ халқының тарихы мен тілін зерттеуде алатын орны ерекше. Біз өз зерттеуімізде осы еңбектерді пайдалана
отырып, олардағы сөздердің жасалу табиғатын, даму сипатын және сөзжасам процесін зерттеуге арқау еттік.
Кілт сөздер: тіл тарихы, сөзжасамдық жұрнақтар, аффикс, суфикс, өнімді жұрнақ, эпикалық жыр.
«Әділ сұлтан» эпикалық жыры Ресейдегі Санкт-Петербург университеті ғылыми кітапханасының Шығыс бөлімінде № 493 болып тізімделген қолжазба кітаптың орта ғасырлардағы жыраулар, айтыскер және әншілер шығармаларының ана тілімізде топтастырылған бізге жеткен жинағы екені анықталды. Қолжазба 65 парақтан немесе 130 беттен тұрады. Беттері түгел, қағазы ақаусыз, өте жақсы сақталған. Ескі дәстүрмен, әрбір парақтың соңында келесі парақтағы басқы сөз жазылып отырады. Қолжазбаны құрастырушы шығармаларды қалауынша көшіріп, жинаққа түсірген. Қолжазба кітап тақырыпсыз, бірінші парақтың екінші бетінен бірден жырмен ашылған. Ішкі тақырыптар есебіндегі жырларды тізімдеу сөздері шығармалар мәтіндерін бөліп, қызыл түсті сиямен жазылған. Жырлар сегізінші парақта аяқталған соң, 8–13-парақтарда тақырыбы көрсетілмей «Әділ сұлтан» эпикалық жыры келтірілген. Бұл жыр орта ғасырлық шығарманың қазақ топырағында жасалған жинақтағы нұсқасы – біздің заманға жеткен бірден-бір жыр бөлігі. Шығармада Әділ сұлтанның зайыбының көрген түсін баяндаумен және оны жорумен ашылып, Әділ сұлтанның қапаста өмір қызығымен қоштасқан жырымен аяқталады.
Әр дәуірде жазылған сөзжасамдық нұсқаларда айырмашылықтар болатыны белгілі. Бұл әрине, қазақ тілінің тарихи кезеңдерге байланысты аз да болса, өзгеріп отыратыны айдан анық. Көне және ортағасыр жазба ескерткіштер тілінде сөзжасамның морфологиялық тәсілі болды, бірақ әр сөз табының сөз тудырушы жұрнақтары санаулы ғана. Қазіргі сөзжасам мен көне және ортағасыр жазба ескерткіштерінің сөзжасам жүйесін салыстырғанда, қазіргі қазақ тіл жұрнаққа өте бай. Арада бірнеше ғасыр өтсе де, олардың әр кезеңінің тілдің сөзжасам жүйесінің қалыптасуына да, сөздік қордың баюына да үлес қосқандығы байқалады. Тілдің сөзжасамдық жүйесінің толығып, отыруы, сөзжасамдық заңдылықтардың тілде орнығып қалыптасуы баяу болса да, тіл дамуында үнемі болып отыратын құбылыс екені даусыз.
«Әділ сұлтан» эпикалық жырының қазақ халқының тарихы мен тілін зерттеуде алатын орны ерекше. Біз өз зерттеуімізде осы еңбектерді пайдалана отырып, олардағы сөздердің жасалу табиғатын, даму сипатын және сөзжасам процесін зерттеуге арқау еттік. Жазба ескерткіштер тіліндегі сөзжасам қазіргі қазақ тіліндегі сөзжасам процесімен салыстырыла қаралады.
Синтетикалық тәсіл арқылы жасалған сөзжасамдық тұлғалар. Жазба ескерткіштерде сөз тудырушы амалдардың синтетикалық, аналитикалық және лексика- семантикалық тәсілімен жасалу жолдары кездеседі. Түркі тілдері, оның ішінде қазақ тілі қосымшалы тіл болғандықтан, синтетикалық тәсіл туынды сөз жасауда үлкен қызмет атқарды. Синтетикалық тәсіл арқылы жасалған туынды түбірлердің мағынасы оның құрамындағы негіз сөзге байланысты. Негізгі морфеманың мағынасы туынды түбірдің мағынасына арқау болады. Сондықтан оның мағынасы мен туынды лексикалық мағына байланысты болады.
Синтетикалық жолмен есімдерден есім сөз жасайтын жұрнақтарды топтасақ, төмендегіше беруге болады:
1. -Лық//-лік//-лұқ//-лүк//-луқ, -лығ//-лүг//-луғ; Бұл жұрнақ түркі тілдерінің барлығында да өнімді жұрнақ саналады. Ғалымдар оны түрліше этимологиялайды: біреулер іл етістігінен, ал көп зерттеушілер «лық толы» дегендегі лық сөзінен шығарады. Сөзжасамдық бұл формант әсіресе, туа түбір зат есім атауларына көбірек жалғанады. Э.В.Севортянның көрсетуінше, бұл пікірді алғаш рет өзінің «Ұйғыр тілінің грамматикасы» деген еңбегінде А.Боровков ұсынады да, кейін «Башқұрт тілінің грамматикасы» деген еңбегінде Н.К.Дмитриев қайталайды. «Дәл осы «толы» мағынасында армян тілінде де лық тұлғалы сын есімнің болуы мәселені қиындата түседі және лық сөзінің сөз тудырушы -лиг жұрнағына қатысын ашу үшін әлі де
болса қосымша деректер керек сияқты», дейді Э.В.Севортян. Жазба ескерткіштерде бұл жұрнақтың фонологиялық варианттары негізінен, есім түбірге үстемеленетін 1) дерексіз мәнді атауыштық ұғым берген; 2) қатысты сындық ұғым; 3) іс-әрекет атауын, кәсіп иесін; 4) белгілі бір жерге, мекенге қатыстылықты; 5) заттың неге арналғанын білдіреді «Әділ сұлтан» эпикалық жырында бірде есімшеге, бірде туынды есім сөзге жалғанады: Әділ сұлтан жауға түшіп қалғанлықларындан хабар берділер […] мен өзім жарлылықтан көремін… (Әділ сұлтанның жау қолына түсіп қалғанын хабарлады […] мен өзім жарлылықтан (кедейліктен) көремін…) [1, 11].
ХІV ғасырда жазылған ескерткіштерде -лық жұрнағы негізгі түбірлерге жалғанумен қатар, туынды түбірлерге жалғанып да жаңа сөздер жасайды. Яғни -чы формалы зат есімге, — лы және -сыз формалы сын есімге, сондай-ақ -мақ формалы етістікке жалғанып, -чы-лық,-лы- лық, -сыз-лық, -мақ-лық формасында әртүрлі ұғымда жұмсалатын туынды зат есімдер жасайды. Сол секілді -чылық жұрнағының тарихи фонологиялық өзгеріске ұшыраған -шылық формасы Абай мәтіндерінде көптеп қолданылған. Р.Сыздықованың пікірінше, бұл жұрнақ екі күйде кездеседі. Мұнда да жаман-шылық, әуре-шілік сияқты көптеген сөздерге жалғанғанда, екіге ажыратылмайтын тұтас жұрнақ болып келеді және Абай бұл тәрізді жұрнақтарды актив қолданған.
Қазіргі қазақ тілінде қазақ даласындағы ел басқару жүйесінің өзіндік ерекшелігіне сәйкес туған лауазым атаулары бар. Олар да осы -лық//-лік, -дық//-дік, -тық//-тік жұрнағы мен туа түбір зат есімдердің бірігуінен жасалған туынды зат есім түрінде кездесіп отырады: хандық, патшалық, сұлтандық, бектік және т.б.
Осы -лық//-лік, -дық//-дік, -тық//-тік аффикстерінің қазіргі қазақ тілінде сын есімнен туынды зат есім жасау процесінде –лы-лық//-лілік, -дылық//-ділік, -тылық//-тілік түрінде күрделеніп жұмсалған фактілері кездеседі. Мысалы: айқындылық, көркемділік, өжеттілік және т.б. [2,116]. Сонымен қатар, жазба ескерткіште кездеседі, мыс.: Әділім ғарқ олжалы болғанда ер шырағы […] ат мініп жасаулы жау қаруын сайлады… (Әділім қарқ-олжалы болғанда ер шырағы […] ат мініп, жау қаруын сайлады…) [1, 44]. Қазіргі түркі тілінде жеке- жеке, әр басқа функцияда қолданылатын -лығ пен -лы жұрнақтарының ХІ-ХІІ ғғ. әдеби ескерткіштерінде атқаратын қызметі мен білдіретін мағынасында өзара алмасу, яғни бірінің орнына екіншісінің қолда-нылып келу реттері жиі байқалатындықтан, біз қарастырып отырған жазба ескерткіш тіліндегі бұл жұрнақтың өте көне аффикс деп түйіндейміз
2. -Сыз//-сіз: Сөзжасамдық бұл жұрнақтың шығу тегі, тарихтық жағы тіл білімінде жалпы түрліше түсіндіріледі. Сол ретте оның привативтік мәнде, -лы жұрнағына қарама- қарсы мағынада жұмсалатыны да жиі сөз болады. Ол өзінің басқа сөзге жалғанымдық мүмкіндігінің кеңдігіне қарамастан, семантикалық реңкі жағынан түркі тілдерінде жалпы шектеулі жұрнақтар қатарында қаралады. Көбінесе бірыңғай мәнде келіп отырады. Осы арада көңіл аударатын нәрсе: -сыз//-сіз форманты бір өзінде әрі етістік, әрі есім сипаты – екеуі бірдей сақталған етістік негізді есіммен, есептік сан есіммен, сын есіммен сөзжасамдық қатынасқа түсе алмайды. Ол тек белгілі бір нақты затты және грамматикалық жақтан таза зат сипатындағы құбылысты білдіретін есімдерге ғана жалғанып жаңа сын есім жасайды [3,346].
«Әділ сұлтан» жырында: Турылқысыз қара үйге ту көтермек не керек…(Туырлықсыз қара үйге ту көтермек не керек…) [1, 12].
Бұл аффикс ескі қыпшақ жазба ескерткіштерінде -сыз//-сіз, -суз//-сүз: тәңір ішісіз
«тәңір ісіңсіз», еч йамансыз «еш жаман-сыз», арық «таза, күнадан арылған» – арықсуз «таза емес, арылмаған» формасында қолданылады [3, 27].
-Сыз жұрнағының табиғаты жайында Э.В.Севортян былай дейді: «-сыз аффиксі өте ертеден келе жатқан өнімді көрсеткіш», олай бола тұрса да тіліміздегі қазіргі қолданысы шектеле бастады. Бұл жұрнақ кейде өзінен кейін басқа да қосымшаларды қабылдай береді [2, 122]. Ә.Керімұлының пікірінше, -сыз жұрнағы көне түркі тіліндегі -сыра жұрнағымен мағыналас болып келеді. Мысалы, қаған-сыра «қағансыз қалу», уруғ-сыра «ұрықсыз қалу».
«-Сыра состоит из словообразовательного именного аффикса -сыр = -сыз с отрицательным привативным значением и глаголообразующего аффикса -а», деген Р.Радловтың пікірі
дәлелді [4, 55]. ХІ-ХІІ ғғ. жазба ескерткіштер тілінде -сыз//-сіз жұрнағы – қатыстық сын есім жасауда өнімді қызмет атқаратын жұрнақтардың бірі. Бұл аффикс -лы//-лі аффиксіне мағыналық жағынан қарама-қарсы, яғни бұлар зат, құбылыс бойында белгінің жоқтығын, болмайтындығын білдіреді. Бұл туралы қазақ тіл біліміндегі болымдылық-болымсыздық категориясын зерттеуші ғалым Т.Әбдіғалиева болымсыздық белгі қатыстық сын есімдер арқылы да берілетінін, «бұл ретте -сыз//сіз жұрнағының қызметі кең» екендігін атап көрсетеді [4, 11].
Ұқсату, салыстыру, теңдестіру мағынасында «Әділ сұлтан» эпикалық жырында -дай//- дей, -тай//-тей жұрнағы өзгеріссіз қолданылған, мыс: …қобағы мұрын қиғаш қас бетін айдай балқытып көзін судай толқытып…(…қобағы мұрын, қиғаш қас, бетін айдай балқытып, көзін судай толқытып…) [1, 15].
-Дай//-дей аффиксі үстеу сөз табын жасауда кеңінен қолданылады. Зат есім, сын есім, сан есім және есімдік түбірлі сөздерге қосылып, әр мәнді үстеулерді жасауға қатынасады. Осы аффикстің шығуы жайында түркология ғылымында әртүрлі пікір бар. Мәселен, Н.К.Дмитриев мұны дек формасымен байланыстырады. Ал А.Н. Кононов бұл жұрнақтың негізін көмектес септігі-нің формасынан іздестіреді. Сонымен қатар, Ж.Денидің осы аффикстің тенг//денг (тен) сөзінен шықты деген пікірін қуаттайды. Шынында да, осы соңғы пікір дұрыс тәрізді, өйткені -дай//-дей жұрнағының жалғанған сөзімен беретін мағынасы бір нәрсемен теңестіру, салғастыра айту болса, мұның о бастағы негізі тең сөзінен шыққандығы шындыққа жанасады. -дай//-дей жұрнағы түбір сөзден кейін араға басқа бір тұлғаны салып барып жалғанады: Онда жігіттерді бүгінгідей доктор қарамайтын (М. Әуезов). Қазіргі қазақ тілінде бұл жұрнақ кейде -дайын//-дейін түрінде де қолданылады. Бұл өте көне құбылыс тәрізді: Жаздай көрмедім // жаздайын көрмедім. Соңғы қолданыс көбінесе ауызекі тілге тән болып келеді. Бұл жайды А.Н.Кононов арнайы көрсеткен болатын. Қарайым тілінің заңдылығы бойынша осындай қолданысты К.Мұсаев та көрсетеді [2, 332].
Қазіргі қазақ тілінде -дай көрсеткіші осылайша жалаң аффикс түрінде қолданылады:
қыстай, бүтіндей, ақшалай және т.б.
Етістіктен етістік жасайтын жұрнақтар. Ескі қазақ тілінде жазылған ескерткіштерде қолданылған етістіктен етістік сөз жасайтын жұрнақтар қазіргі қазақ тіліндегі етіс категориясы ретінде қарастыруға болады. Өйткені бұл жұрнақтардың ескерткіштердегі қолданымы қазіргі қазақ тілімен бірдей болып келеді. Оларды жазба ескерткіштердегі қолданымы мынадай:
1. -Л, -ыл//-іл//-ұл//-ул жұрнағы қазіргі қазақ тіліндегідей ырықсыз етіс жұрнағы ретінде кездеседі. Бұл жұрнақ өзі жалғанатын етістік негізінің мағынасына істің істелетінін, бірақ, оны кім істейтінін білдірмейтінін, демек, оны жүзеге асырушы адамның (субъектінің) көрінбейтінін аңғартатын мән үстейді: …ер шырағы екі көз жұмылыңқы көрінді… (…ер шырағы екі көз жұмылыңқы көрінді…) [1, 51].
2. -Ын//-ін жұрнағы өзі жалғанатын етістік негізінің мағынасына амалдың (істің) шарпуы я нәтижесі субъектінің (істеушінің) өзіне тиетінін, демек, субъект өзі үшін жүзеге асыратынын білдіретін мән жамайды [5, 250]. Ол қазіргі қазақ тіліндегідей өздік етіс жұрнағы ретінде кездеседі, мысалы: …қара шекмен жабынған қу ағашқа табынған мінген атын матаған атасының атауына шошқа сойып атаған… (…қара шекпен табынған, қу ағашқа табынған, мінген атын матаған, атасының асына шошқа сойып атаған…) [1, 54].
Қазіргі қазақ тіліндегі өздік және ырықсыз етістердің аффикстері ретінде -н, -ын//-ін және -л, -ыл//-іл жұрнақтары танылады. Әдетте осылардың алдыңғылары өздік, соңғылары ырықсыз етістерге жатқызылады. Соған қарамай, олардың бірі-біріне омоформа болып келетін жағдайы да жоқ емес. Яғни, -н, -ын//-ін аффикстілер ырықсыз, -л, -ыл // -іл аффикстері – өздік етіс қызметін атқаратын кездері болады [3, 280]. Бұлай болудың себебі түпкі негіздердің тұлғалық ерекшеліктерінен келіп шығады. Мысалы, ал, бөл, сондай-ақ, байла, майла, т.б. негіздерінде л дыбысы бар сөздерге жоғарғы екі етістің -н, -ын//-ін жұрнақтары қосылады. Ал-ын, бөл-ін, байла-н, майла-н және т.б. ретіне қарай өздік те, ырықсыз да етіс болып қолданылады.
3. -Ш, -ұш//-үш//-ыш//-іш; -c, -ыc//-іc//-ұc//-үc жұрнағы әрі есімнен етістік тудыратын, әрі етістіктен етістік тудыратын бір омоним форма. Ортақ етіс -c, -ыc//-іc жұрнағы арқылы негізгі етіс формасынан (етістік негізінен) жасалады. Бұл жұрнақ негізгі етістікке амалды (істі) кемі екі я онан да аса субъекті қатысып жүзеге асыратындықты білдіретін мән үстейді, демек, бірнеше субъектінің қатысы арқылы жүзеге асатын амалды білдіреді [4, 289]. Жазба ескерткіште негізгі етістіктерге жалғанып ортақ етіс жасайды, мыс.: …омырауын салқытып иісін жұфар аңқытып сыбыр сыбыр сөйлесіп сыңқылдасып күлішіп… (…омырауын салқытып, иісін жұпар аңқытып, сыбыр сыбыр сөйлесіп, сыңқылдасып күлісіп…) [1, 161].
Қазіргі қазақ тілінде -c, -ыс//-іc жұрнағы ортақ етіс тұлғасы ретінде танылады. 10 томдық «Қазақ тілі түсіндірме сөздіктерінде» де солай белгіленіп жүр. Шынында, оның негіздері сабақты етістік болып келетін сабақты етістіктердің бұл жұрнақтармен айтылуы мен қолданылуы салт етістік негіздерден өзгеше. Сөйле мен сөйле-с, төбеле мен төбеле-с, құшақта мен құшақта-с, сүй мен сүй-іс және тағы басқаларды жүгір-іс, күл-іс тәрізділермен салыстырса да, мағына айырмашылықтары айқын танылады. -С етіс жұрнағы жалғанып тұрып, не ортақ, не көмектес, тіпті көптік мәннің өзін де бермейтін етістіктер бар. Мысалы: жайла-с-ып отырды; көңлі жайла-с-ты дегендердегі жайла-с мағынасы жағынан жайла-н екеуі – синонимдер.
4. -Тыр//-тұр, -дыр//-дұр, -кіз//-күз, -т жұрнақтары жазба ескерткіште өзгелік етіс жасайтын жұрнақтар болып келеді, мыс шүлдір шүлдір сөйлеген сөйлегенін адам білмеген
атқа амал үйреткен ат артына арба сүйреткен… […] бетін айдай балқытып, көзін судай толқытып, омырауын салқытып иісін жұфар аңқытып сыбыр сыбыр сөйлесіп сыңқылдасып күлішіп… (…шүлдір шүлдір сөйлеген, сөйлегенін адам білмеген, атқа амал үйреткен, ат артына арба сүйреткен… […] бетін айдай балқытып, көзін судай толқытып, омырауын салқытып, иісін жұпар аңқытып, сыбыр сыбыр сөйлесіп, сыңқылдасып күлісіп )
[1, 54-61].
Қазіргі қазақ тіліндегі өзгелік етіс жасайтын жұрнақтар – әртүрлі. Біріншіден, -ғыз//-гіз,
-қыз//-кіз бен -дыр//-дір, -тыр//-тір жұрнақтары жиі қолданылады. Екіншіден, кез-келген етістік түбіріне жалғана беретін бұл жұрнақтар ал-дыр, ал-ғыз, жаз-дыр, жаз-ғыз сияқтанып, бірінің орнына екіншісі жалғана береді. Үшіншіден, бұл екеуінен өзгелері түбір талғап жалғанады. Соған қарамай, түрлі жұрнақты өзгелік етіс тұлғалы етістіктер сол өзінің сабақты етістік мәнін сақтайды, объектілері де сол қалпында қалады. Өзгеріс субъектілер тұрғысынан туындайды. Мысалы: кітап оқы, хат жаз тәрізділерде: ол кітап оқыды делініп, субъекті бастауыш ол сөзі арқылы, объектісі кітап (-ты) деген тура толықтауыш болып беріліп, әрқайсысы өз нақтылығында грамматикалық көрініс табады. Түбір етістіктердің оқы-т, жаз- дыр немесе жаз-ғыз болып өзгелік етіске ауысуы іс-әрекет пен субъектілік қатынаста, әсіресе бұлардың грамматикалық берілуінде көрсететін өзгерісіне сай жаңалық барын білдіреді. Оқы деген тәрізді оқы-т, етістіктерінде омонимдер тобына жатады. Дұға оқы, өмірден оқы т.б. мағыналары болуына сәйкес, алдыңғы екеуі соңғы екеуінен ерекшелігі бар. Оқы- өзгелік етістігі де сол ерекшеліктерді сақтай отырып: газет оқы-т-пады немесе газет оқы-т-ады дегендер мен ұстаздар оқы-т-ады т.б. салыстырып та мағыналық қана емес, сөйлем құрылымындағы, сондай-ақ субъекті-объекті арқылы қатынастырып, ұқсастығы мен айырмашылығын аңғаруға болады. Қазақ тілінің тарихы мен қазіргі дамуы жағдайында етістіктер маңызды орын алады. Бұл жайында ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында түркітанушы ғалымдардың еңбектері жарық көре бастады [4, 8].
Сан есімдердің көнелігіне байланысты тілдегі барлық сан атауларының қалай жасалғаны анық көріне бермейді. В.В. Виноградов орыс тіліндегі сан атаулары зат есім мен сын есімнен бөлініп шыққан, — дейді. Түркологтарда да осы пікір кездеседі, Н.А. Баскаков:
«Сан есімдер – есімдерден бөлініп шыққан сөз табы, олар сын есім, үстеу сияқты белгі мағынасын білдіреді», — деген. Сан есім құрамында кездесетін көне қосымшалар -ыз/-із (сегіз, тоғыз), -ты/-ті (алты, жеті). Бұл морфемалардың этимологиясы белгісіз. Қосымша сөзде жиі кездесетін элемент, бірақ ол басқа сандарда қайталанбайды. Ал сан есім сөздердің құрамында кездесетін басқа жымдасқан морфемалардың түп негізі белгілі сөзге барып
тіреледі. Н.К.Дмитриев кейбір жеке сөздердің этимологиясына келсек, алтмыш (алпыс), етмеш сөздері алт, ете (жеті) сөздерінен -мыш, -меш жұрнақтары арқылы жасалған, ол алғаш он дегенді білдірген болу керек. К.Мұсаев кейбір сан атаулары этимологиясы тұрғысынан күрделі сан есімдерден шыққан, мысалы: алты-мыш, йет (и) –миш, сексен (секиз он), тохсан (тоғуз он) дейді. Ә.Хасенов осы пікірді қуаттай отырып былай дейді: «мыш-міш формаларын айқындауда еске алынуға тиісті бір жағдай бар. Ол қазіргі чуваш тіліндегі реттік сан аффиксі
–меш. Мәселен чуваштарда бірінші, оныншы сияқты формалар перемеш, вунамеш түрінде қолданылады. Бұл түрік тілдерінің басқа ешбіреуінде жоқ. -мыш аффиксі өте көне аффикс» [6, 23].
Есептік сандар нақтылы сандық ұғымды білдіреді, нақтылы сандық ұғымдарды атайды. Сан есім сөз табының негізін есептік сандар құрастырады. Олар сан есімнің басқа семантикалық топтарының жасалуына да негіз болады. Есептік сандар ішкі құрылысы жағынан сан алуан. Есептік сандарда көзге түсетін ерекшелік олардағы сандық қатарлар. Сандық қатарлар сандардың белгілі дәрежесіне байланысты. Мысалға бірлік, ондық, жүздік, мыңдық, миллион, миллиардтар сияқты сандық қатарларды көрсетуге болады. «Әділ сұлтан» эпикалық жырында бірліктер мен ондықтардың қатары орын алған.
Есептік сандардың қатарының аттары – тілде ертеден келе жатқан сандық атаулар. Олардың жасалу ізі бірлі-жарым жағдайда ғана диахрондық аспектіде байқалғаны болмаса, қазір олар негізгі түбір ретінде танылып жүр. Есептік санның сөзжасамында нақтылы сандардың аты жасалады. Нақтылы санның аты жасалу – тек есептік сандарға ғана тән ерекшелік. Сан есімнің басқа семантикалық топтарында нақтылы сан атаулары жасалмайды. Сан есімнің семантикалық топтарында үстеме мағына қосылады [6, 35].
Қазақ тілінде, сол сияқты басқа түркі тілдерінде болжалдық сан ғана жасайтын арнайы өзіндік аффикс жоқ. Болжалдық сан есім жасауда есептік сан есімге -дап, -деп, -тап, -теп, — лап, -леп аффиксі қосылып, одан болжалдық сан есім жасайды. Бұл тәсіл арқылы жасалатын болжалдық сан есімге сандардың қайсысы болсын, негіз бола береді [6, 92]. Жазба ескерткіште алпыстап сақтау жаратты. Жетпістеп сақтау жаратты. Алпыстап, жетпістеп яғни
-тап, -теп аффикстері арқылы жасалған.
Есім сөздерден қимыл атауын жасайтын аффикстер. «Әділ сұлтан» эпикалық жырында туынды түбір етістіктердің басым көпшілігі түбір морфемаларға жұрнақтар жалғануы арқылы жасалады. Тегіне қарай есім негізділер деп топтап, оларды етістік негізділерден бұрын сипаттау қажет болады.
Туынды түбір етістікке негіз болатын есімдердің ішінде зат есімнің орны ерекше. Зат есімнен басқа сан есім, сын есім, үстеу және есімдіктерден де етістік жасалады. Ескі қазақ жазба үлгілеріндегі қолданылған жұрнақтардың құрамын төмендегіше көрсетуге болады:
1. -Ла//-ле жұрнағы жазба ескерткіштер тілінде 1) іс-әрекет немен, қандай құралмен іске асатынын білдіретін туынды етістіктер жасайды: Aлты жасқа келгенде алтмыслап сақтау айыртты, жеті жасқа келгенде жетмістеп сақтау айыртты… (Алты жасқа келгенде алпыстап нөкер ертті, жеті жасқа келгенде жетпістеп нөкер ертті…) [1, 53-54].
-Ла//-ле жұрнағының фонетикалық варианты. Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінен бастап, ол тек із, ал, үн сөздерімен ғана тіркеседі де, басқа уақыттың бәрінде де -ла//-ле формантымен алмасып келеді. Осы сияқты басқа сөздермен, яғни әрі бір буынды, әрі ұяң з дыбысына аяқталатын басқа түбірлердің өзімен де -да//-де емес, -ла//-ле формасы тіркеседі: сөз – сөзле, тез – тезле және т.б.
Ескі қыпшақ жазба ескерткіштерінде -ла//-ле жұрнағы ерік «и» – ерікле «иле», ес «ес» –
есле «есле ал», хор «қор» – хорла «қорла», хормат «құрмет» – хорматла «ұрметте», ховат
«қуат» – ховатла «қуатта», йай «жаз» – йайла «жайла», қыш – қышла «қыста», балуқ
«балық» – балуқла «балық аула» және т.б. есім сөздеріне болсын, етістік түбірлерге болсын ең көп жалғанатын өнімді жұрнақ болып табылады. Хұсрау-Шырын ескерткішінде ат деген түбірге -ла жұрнағының жалғануы арқылы жасалған атла сөзі «атқа мініп сапар шегу», және
«бір жаққа аттану» мағынасында қолданылған.
Қазіргі қазақ тілінде соңы з дыбысты «сөз», «жаз» түбірлерінен -ле аффиксі арқылы жасалған сөйле-, жайла- сияқты етістіктерді атауға болады. Мұндай қазіргі қазақ тілі морфонологиясына үйлеспейтін тарихи дәстүр: а) соңғы дыбыстары түсіріліп: қозы-қозда-, ұры-ұрла-; ә) соңына дәнекер дыбыс үстеліп барып: ер-ертте-, зер-зертте- және т.б. варианттарында кездеседі.
Осы топтағы туынды түбір етістіктер Н.К.Дмитриев «…үнемі сабақты етістік болады»,
– дегеніне келе бермейді. Бұл аффикстердің грамматикалық қызметі, яғни септіктердің меңгерілуі немесе салт етістік мәнінде жұмсалуы «олар сабақты етістік те, салт етістік те бола береді», – деген Н.Катановтың пікіріне сәйкес келеді.
Мысалы, Б.Юнусалиев пен А.Зайончковский т.б. ғалымдардың пікірінше, қазіргі қазақ тіліндегі бау-ла мен бай-ла формаларының ілкі түбірі ба- тарихи тұрғыдан түбірлес те, тұлғалас та болатын етістіктер қазақ тілінде әрқайсысы өз алдына дербес сөздер болып табылады. Біз бұлардың жалпытүркілік архетипін бағ сөзі ретінде қарауымызға болады. Нольдік көрсеткіштер ғ – у – й (тағ – тау, сигир – сиыр, мүгіз –мүйіз), сондай-ақ й – д – з ( аяқ – азақ – адақ, құй – құдық, жаз – жай және т.б.) фонемалары көне тілдердің халық, ұлт тілдері болып саралана дамып тармақталуында өзара қандай қатынаста екендігі көне және ортағасыр тіл фактілерінен белгілі. Осы екі түбір -ла аффиксімен бау-ла және бай-ла болып, екеуі де сабақты етістіктерге айналады. Қыпшақ-бұлғар тілдерінде бұлар түбірлес те тұлғалас болуына қарамай, әрі қарай мағыналық дамуында да, аффикстермен қосылып, көптеген жаңа сөз жасауда ерекше кең қолданыс табады. Өзге туыс тілдерді қойып, қазақ тілінің өзіне ғана жүгінгенде, баула мен байла-ның одан арғы сөзжасамнан орын алуларын бір ғана түбірмен нақты көрсетуге болады. Қазіргі қазақ тілінде бай- (бай-ла) болып түпкі ортақ түбірі ба- дегеннен өрбіген сөздердің саны жетпістен асады. Бір көзден шығып жатқан қайнар бұлақ іспеттес ба- түбірі -й мен -у жұрнақты түрлерінде бай-, бау- негіздері арқылы екі арна жасайды. Үндестік заңына сәйкес екеуіне де -ла жұрнағы қосылып, бай-ла және бау- ла деген тұлғалас етістікке айналады [2,257]. ХІ-ХІІ ғасырлардағы жазба ескерткіштерінде есім сөзден етістік жасайтын -лан//-лен, -ла//-ле жұрнақтары белсенді қолданыста болған. Туынды түбір етістіктің көпшілігі есімге етістік қосымшаларының синтетикалық тәсілі арқылы жасалған [4,8].
2. -Лаш//-леш, -лас//-лес, -дас//-дес жұрнақтарымен келген сөздер екі немесе одан да көп субъектінің ортақ іс-әрекетін білдірген. Бұл жұрнақтар -ла-ш//-ле-ш, -да-ш//-де-ш аффикстерінен құралған құранды жұрнақтар болса керек. Мысалы: …шынашақдан алтын йүзік алышып мұңын бірдей мұңдашып, сырын бірдей сырлашып әуелгідей ғалтақ күн біз енді сұлуны құшар ме екенміз. (…шынашақтан алтын жүзік алысып, мұңын бірдей мұңдасып, сырын бірдей сырласып, әуелгідей еркін күн, біз енді сұлуды құшар ма екенбіз.) [1, 61].
Қазіргі қазақ тіліндегі -лас//-лес жұрнағы -ла және -с құрамды күрделілігіне қарамай, осы тұтас қалпында есімдерден етістік жасалатындарды қамтиды. Мысалы, ақыл-да, дос-та деген сөздердің ілкі етістіктері жоқ. Жау-лас лексемасының жау-ла түрі бар. Сондықтан да бұл лексеманы (жау-ла-с) туынды етістіктен жасалған етістік деп тануға тиіспіз. Алдыңғы аталған жұрнақтардың да жасалу жолы – осы сияқты. Бірақ олар қазіргі қазақ тілінде сол түбірлерден -лас//-лес қалпында бір тұтастыққа айналған.
3. -Ал, -ай, -ар жұрнағы зат есімнен етістік жасайды. Бұл жұрнақ жазба ескерткіштердегі кейбір сөздерге жалғанып, субъектінің сапалық өзгерісін, қимылға ауысуын білдіріп, салт етістік жасаған, мыс өлеріңні білімге қартайғанда менім қарағым қараңғыда
алдымда лаулап жанған… (өлеріңді білмеген, қартайғанда менің қарағым, қараңғыда алдымда лаулап жанған ) [1, 55].
А.Ысқақовтың пікірінше, -ай (-ей, -й) жұрнағы -а//-е қосымшасы іспеттес. Қазіргі қазақ тілінде бұл жұрнақ арқылы жасалған кеңей, мұңай, қартай, қарай және т.б. етістіктермен қатар, оның көне екендігіне айғақ болатын ұлы(ы)ғ-ай (ұлғай), сары(ы)ғ-ай (сарғай) сияқты байырғыланып кеткен етістіктер бар. -Р, -ар//-ер жұрнағы да – көне, мардымсыз қосымша. Оған: жас-ар, жақс (ы) -ар сияқты үйреншікті сөздермен бірге, қосымшаның көнелігіне айғақ боларлық: ұз-ар (ұз-ын, ұз-ақ), қыз-ар (қыз-ыл, қыз-ғылт) секілді сөздер де бар [5, 245].
-Ай мен -ал жұрнақтары төркіндес болса керек. -Ад, -ал, -ай аффикстерінің мағыналық жақындығы, А.Есенқұлов -ад аффиксінің «ет» сөзінен қалыптасқандығын (құтад-құт ет, йоқад-йоқ ет) айтады [6, 198].
Қимыл атауынан зат атауын жасайтын жұрнақтар. -у жұрнағы арқылы жасалған есімдер де өте сирек. «Әділ сұлтан» эпикалық жырында -у жұрнағы арқылы жасалған есімдер де өте сирек, мысалы: …ат мініп жасаулы жау қаруын сайлады…(…атқа мініп, жасаулы жау қаруын сайлады…) [1, 53].
Қазіргі қазақ тілінде -у тұлғалы таза зат есімдік сипаттағылар, терминдік, атаулық тиянақтылығы бар: тұсау, қадау, сұрау, қыстау және т.б. Қазіргі тіліміздегі қимыл есім мен (-у) -шы//-ші жұрнағынан түзілген байырғы туынды зат есімдерге қарағанда, кейінгі, жаңа мәнді термин зат есімдердің әлдеқайда көп болуы кеңес дәуірінде ой-пікірдің, ғылымның, өндіріс пен өнеркәсіптің, мәдениеттің, өнер-білімнің өркен жаюына орай олардың жұрнақ қабылдамдық қабілеті, яғни сөзжасамдық қатынасқа түсу мүмкіндігі арта түскендігін көрсетеді: оқушы, жүргізуші, қанаушы т.б. [2, 175].
-У жұрнағымен қатар есім сөз жасайтын -мақ//-мек жұрнағы да кездеседі, мысалы:
…турылықсыз қара үйге ту көтермек не керек, туғаны жоқ жалғызға сопайып жалғыс шапмақ не керек…(…туырлықсыз қара үйге ту көтермек не керек, туғаны жоқ жалғызға сопайып шапмақ не керек…) [1, 42].
ХІ ғасырдағы түркі тілінде, ХІІІ-ХІV ғғ. қыпшақ жазба ескерткіштер тілінде -мақ//-мек жұрнағы арқылы жасалған етістік инфинитиф қызметін атқарса [5, 3], одан кейінгі ескі қазақ жқ тілінде -у тұлғасы қимыл атауын білдіретін өнімді жұрнаққа айналған.
Ескі қыпшақ жазба ескерткіштерінде етістіктің тұйық рай формасы түбір сөзге -мақ//- мек жұрнағы жалғану арқылы жасалады: ағрымақ немесе ағырмақ «ауру», ағырғамақ
«ашырқану», алдамақ «алдау», йарашмақ «жарасу», йашырмық «жасыру» т.б. Кейде бұл жұрнақ мақсатты келер шақ мағынасын да білдіреді, мыс.: Мені көрмеке аз қалды (мені көрмекке аз қалды). Тейішлі едік тас болмаға (Құрып кетуге тиісті едік), Керті көңіл біле өз йазуқын айтмаға (Шын көңілмен өз жазығын айтпаққа керек). Жұрнақ соңындағы қ дыбысы армян колониясының тілінде х дыбысымен алмасып айтылады. Мақсатты келер шақ формасында жұмсалғанда ол дыбыс кейде айтылмай немесе жазылмай түсіп қалып та отырады [3, 221].
Қазіргі қазақ тілінде (-у) -ыл//-іл, -л тұлғалығы арқылы қимыл есімнен қалыптасқан зат есімдер мағыналары жағынан нақталы атаулық мән алған, терминдік деңгейдегі сөздер болып келеді: тосқауыл, шабуыл, жортуыл, торуыл және т.б.
-Ңкі, -іңкі//-ыңқы, жұрнақтары «Әділ сұлтан» эпикалық жырында қазіргі қазақ тіліндегідей қолданылған. Бұл жұрнақ етістіктерге жалғанып, олардан сол сөздердің негізгі лексикалық мағыналарымен байланысты туынды сын есімдер жасайды, мыс.: …торының құйрықы ту түбінден кесіліңкі көрінді… садақ толған сай кез оқ шашылыңқы көрінді…(…торының құйрығы ту түбінен кесіліңкі көрінді… садақ толған сай кез оқ шашылыңқы көрінді…) [1, 59].
Қорыта айтқанда, «Әділ сұлтан» эпикалық жырының сөзжасам жүйесінде әр сөз табының сөз тудырушы жұрнақтары аз кездеседі. Қазіргі қазақ тілінің сөзжасамы мен «Әділ сұлтан» эпикалық жырының сөзжасам жүйесін салыстырғанда, синтетикалық (морфологиялық) тәсілдің мейлінше зор қызмет атқарғандығын көруге болады. «Әділ сұлтан» эпикалық жырында тілдік деңгейлерді барынша қарастыруға тырыстық. «Әділ сұлтан» эпикалық жыры зерттелмеген тақырып болғандықтан, оны барынша терең зерттеу келешектің үлесі деп ойлаймыз.
Пайдаланылған әдебиеттер
1 Исин А.И. «Әділ сұлтан» эпикалық жыры, Алматы, 2001. – 300 б.
2 Керімұлы Ә. Ескі түркі ескерткіштері тіліндегі сөз жасайтын жұрнақтар (ХІҮ ғ.), Түркістан, 2005. – 422 б.
3 ҚССР Тіл білімі институты. «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі», Алматы, 1989. – 750 б.
4 Ескеева М. «Көне түркі және қазіргі қыпшақ тілдерінің моносиллабтық негізі», Алматы, 2007. – 511 б.
5 Оралбаева Н. «Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімнің сөзжасам жүйесі», Алматы, 1988. – 540 б.
6 Есенқұлов А. «Көне түркі жазба ескерткішіндегі қосымшалар» Алматы, 1976. – 422
б.
Казахский язык связан с историческими периодами. В истории языка такие разделы науки о языке как словообразование и морфология представляют особый интерес. Каждый раздел науки о языке имеет свою систему, отражение которой представлено в современном казахском языке. Эпическая поэзия «Адиль Султан» имеет особое место в изучении языка и истории казахского народа. Автор в статье рассматривает единицы языка, обозначающие характер природы, созидания для изучения процессов словообразования и морфологического строя.
The Kazakh language is connected with historical periods, it is obvious to change a little. In ancient and medieval writings, word formation and morphological method causes a word, but each word of the class suffixes a little. The modern building and the inscriptions of the ancient and medieval building, in comparison with the existing system of extensions of the Kazakh language, is very rich. Several centuries later, the language of each stage of their assembly system contributed to the formation and enrichment of vocabulary. Epic poetry «Adil Sultan» has a special place in the study of the language and history of the Kazakh people. We use this in our research papers, their words, the nature of the nature of creation, development, and were the subject of the process of word formation.