МҰҚАҒАЛИ МЕН СӘКЕН ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ КӨРІКТЕУ
ҚҰРАЛДАРЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

МҰҚАҒАЛИ МЕН СӘКЕН ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ КӨРІКТЕУ
ҚҰРАЛДАРЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Ақпанова Ғ.К., Елеусизова Ғ.И., Кадырменова А.С.
Петропавл қ.,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті

Мұқағали Мақатаев пен Сәкен Сейфуллин шығармашылығын әдебиет саласында да, тіл білімі саласында да қарастырған ғалымдар баршылық. Мысалы, әдебиет саласында Ж.Өтейұлы Мұқағали Мақатаев поэзиясының көркемдік ерекшелігін зерттесе, Шөмшекова Т. Сәкен Сейфуллиннің лирикасын зерттей келе, кандидаттық диссертациясын қорғаған болатын. Ал тіл білімінде: А.Носкова «Мұқағали өлеңдеріндегі анафора мен эпифораның қолданылуы», А.Әмірбекова «Концептілік құрылымдардың поэтикалық мәтіндегі вербалдану ерекшелігі (Мұқағали Мақатаев поэзиясы бойынша)», Қайыпбаева А. «Тұрақты тіркестердің поэзия тіліндегі қолданысы (Мағжан, Сәкен, Ілияс шығармалары бойынша)» атты диссертациялар қорғалды. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Мұқағали мен Сәкеннің поэзиясындағы көркемдегіш құралдардың қолданысы деп алып отырған тақырыбымыз қазақ тіл білімінде белгілі бір дәрежеде әлі де зерттеуді қажет етеді.
Троп және айшықтау түрлері кез келген көркем шығарма мәтінінің негізгі стилистикалық компоненті болып табылады.
Қазақ тіл білімінде зерттеушілердің басым қөпшілігі троптар мен айшықтау түрлерін тек мәтінді көркемдегіш стилистикалық құрал ретінде ғана қарастырып жүр. Сол себепті осы уақытқа дейін троп түрлерінің мәтін түзімге қатысы ескерілмей келеді.
Кейінгі жылдарға дейін метафора, метонимия, қайталама сияқты стилистикалық құралдар әдебиеттану ғылымының зерттеу нысандары деп түсіндіріліп келсе, мәтін стилистикасының қалыптасуы мен дамуына байланысты аталған тілдік бірліктердің мәтінде стильдік қызмет атқаратын стилистикалық құралдар екендігі анықталды. Троптар ең алдымен абзац, күрделі синтаксистік тұтастық сияқты мәтін бірліктерінде стилистикалық қызмет атқарады. Метафораның және басқа да көркемдегіш құралдардың мәтін не өлең жолы құрылымындағы қызметін анықтауда троптардың мәтіндегі стильдік қызметі, көркемдік, бейнелілік мүмкіншіліктері, сонымен қатар мәтін семантикасына қатысы ерекше болғандықтан соңғы уақытта көптеген ақынжазушыларымыздың тіл байлығының көркемдік ерекшеліктерін әдебиеттану ғана емес, тіл білімі тұрғысынан қарастыру көптеп кездеседі.
Мысалға Мұқағали Мақатаев және Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығын да алсақ, қос ақынның да кез келген тәсілді пайдаланғанда өзгеге ұқсамайтын өзіндік түрлері, жаңалықтары жеткілікті. Көркем шығарманың жаны да осы образды сөздерден тұрады десек, ал көркем образы жоқ, тілі нашар туынды шығарма болмайтыны секілді, Мұқағали мен Сәкен жырлары да осы көркемдегіш құралдармен, көркем образды сөздерден тұрып терең мағынаға, мазмұнға, жаңаша формаға ие.
Сондықтан қос ақын да көркемдеу құралдарының барлық түрін орынды жерінде шеберлікпен қолдана отырып, өлең текстерінің көркемдік ерекшеленуіне, жетілуіне, білімділік пен ақындық қабілетін аянбай жұмсау арқылы өзінің жүйріктігін танытқан.
Әрине, көркемдіктің, көркем образ жасаудың басты құралы — сөз. Олай болса, сөздің мағыналық тереңдігі мен сыр сипатының шегі болмайды. Поэзиялық шығармада сөз суретін, сөз образын жасауда контекстегі өзімен қатар келген сөз, екінші сөзбен үйлесіп, үндесіп, сөз тіркестерімен көркемдік мағынаға, әсерге бөленіп құлпырады. Ендеше осы суретті сөз – образын жасағанда, көремдегіш компоненттерді қолданғанда бір заттың немесе құбылыстың ұқсастығын, сипатын екінші бір нәрсеге баланып, ауыстырып, немесе бір-бірімен салыстыра отырып суреттеуден, бейнелеуден туады десек, Мұқағали мен Сәкен өз шығармаларында, контекстің ішінде жеке сөзден, сөз тіркесінен тұратын көркемдегіш құралдар арқылы эстетикалық тұтастыққа негіздеп өзгеше бір сәулетті көркем әлем жасағанын көреміз. Сондықтан да зерттеуіміздің нысаны ретінде Сәкен және Мұқағалидың өлең жолдарын, сол шумақтарда қолданылған көркемдегіш құралдарының тіл білімі жағынан ерекшеліктерін алып отырмыз.
Метафора. Қазақ тіл білімінде метафора құбылысы біршама қарастырылған. Метафора – сыртқы не ішкі белгілеріндегі ұқсастыққа қарап, бір зат атауының басқа бір зат атау болуына байланысты сөз мағынасының ауысуы. Мағына ауысуының бұл тәсілінің негізінде ұсатыу заңдылығы жатыр.
Әрбір ғалым, әрбір ұлттың ғалымы бұл мәселені зерттеуде өзінің сипататау аспектісін таңдап, өзіндік зерттеу пәнінің негізін қалыптастырады. Метафора туралы А.Байтұрсынұлынан бастап, Қ.Жұмалиев, З.Ахметов, Б.Хасанов, Ә.Болғанбаев, Ғ.Қалиев, Р.Барлыбаев сынды ғалымдар жақсы ғылыми пікірлерін білдірген еді. Кейінгі кезде де бұл тақырыпқа байланысты көптеген ғылыми диссертациялар жазылуда. Солардың ішінде, әсіресе, А.Сыбанбаеваның, А.Қазанбаеваның, И.Мұратбаеваның т.б. еңбектерін атау орынды болмақ. Бұл ғылыми зерттеулерде метафораның көркем шығармадағы қолданысы, концептуальдық сипаты, термин жасаудағы қызметі сияқты күрделі мәселелер қызметі сияқты күрделі мәселелер тілге тиек етіледі.
Көркем шығарма тілінде кездесетін метафоралардың түрін бірнеше топқа бөлуге болады. Соның бірі – дәстүрлі метафоралар. Дәстүрлі метафоралардың мағынасы халықтық таным мен түсінікке, ой-өрісіне, тұрмыс-салтына тығыз байланыста болады. Жеке авторлық қолданыстағы метафоралар жеке авторлық дүние болмысын бейнелі қабылдауын танытады. Қазақ поэзиясына осының екеуі де тән десек қателеспейміз [1: 4].
Халықтық метафоралардан басқа ақын-жазушыларымыздың шығармаларында авторлардың өз қолтаңбаларынан жасалған терең ойдың нәтижесіндей, бойына үлкен тәжірибеден туған ақыл жинақтаған нақыл сөздер мен метафоралық қолданыстағы атаулар да мол кездеседі. Соның дәлелі ретінде Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріндегі метафоралық қолданыстарды келтіруге болады:
Тығып ап тұмсықтарын мамығына, Айдын – төсек, аспанды жамылуда.
Арша, шырша, жартастар жағадағы
Сұғынып, бәрі көлге табынуда, –деп, аққулардың тұрағы –
айдын көлді төсекке балап, құстардың, тіпті олардың ұйықтау процесінің киелілігін сырлы сезіммен сипаттай келе, өзіндік айрықша авторлық метафора жасаған [1: 254]. Жоғарыдағы айдын сөзі тура мағынасында, ал төсек сөзі ауыспалы мағынада берілген. Тағы да:
Ақ төсек – апппақ айдын, аққу – бала, Жаралы аққу секілді жаттың ба, ана?..
“…Мына жатқан “Жетім көл”, мына аққуды
Өз қолыммен өлтірдім, аттым жаңа…” [1: 260].
Мұнда керісінше ақ төсекті айдын көлге ұқсастырып, ал аққуды баламен салыстырады. Аққу мен баланың өміріндегі параллельдерді жүргізе отырып, біздерге, оқырмандарға бала мен аққудың тазалығын, пәктігін, қарапайым ақ төсек пен ақ айдынның теңдігін көрсетіп, шығарманы одан да жақсы түсіне білуге, рухани құндылығын ұғынуға себін тигізеді. Осы мысалда керісінше төсек сөзі тура, ал айдын сөзі ауыспалы мағынада қолданылып, аққу тұрағы – айдын көлдің киелілігіне күшейтпелі шырайда тұрған аппақ сын есімі арқылы экспрессивтік мән берілген. Ал Сәкен Сейфуллинде:
Қап-қара күшті дене – құйған шойын, Топшылы, тау бүркіттей, бұғы мойын.
Қайраты,күшіменен таң қаларлық
Цирктің шыққан бүктеп талай дөйін– деп, тура мағынадағы «күшті дене» сөздеріне экспрессивті әсер беру үшін ауыс мағыналы сөздер (құйған шойын) қосып, жанды метафора құрған [1: 94]. Өлең талабынан тәуелдік жалғаулары түсіп, заттық ұғым (құйған шойын) анықтауыштық қатынастағы сөздерден құрылған. Ал
Мұңымды жұртқа айтпаған саған шақтым,
Жүрек – от, көңіл – дария, халім нашар, — деген өлең
жолдарындағы тура мағынада берілген зат есімдер (жүрек, от) мен ауыспалы мағынадағы зат есімдер (от, дария) түзілуінен метафора түріндегі тұрақты тіркес жасалған [1: 73]. Тәуелдік жалғауларды түсіріп, ықшамдау — өлең талабынан туған. Заттық ұғымдар да (от, дария) анықтауыштық бірлікте пайдаланылған.
Ал келесі мысалдарда тура мағынадағы зат есімдер (түбектей айнала тау, темір кісен, сусын) мен ауыспалы мағынадағы зат есімдерден (берік қорған, қылған «сый», исі аңқыған сары қымыз) метафора жасалса да, біріншісі –тей жұрнағы арқылы жасалған теңеу, әрі эпитет, екіншісі де эпитет арқылы әрленсе, ауыспалы мағынадағы зат есімдердің бірі – эпитет арқылы (берік қорған), екіншісі – анықтауыштық қатынастағы тіркесте сый деген сөздің кері мағынада қолданылуы арқылы жасалған (қылған «сыйы»). Ал үшінші мысалда метафораның екі бөлігі де тура мағынадағы сөздер арқылы жасалып, екінші бөлігіне неғұрлым экспрессивтілік беріліп, автор қымыз сөзіне сырлы эпитет жасаған:
Түбектей айнала тау – берік қорған. Қаптаған тау мен тасты қара раман.
Бурабай жағасында Оқ жетпес шың,
Жағалай сол жерге кеп әскер қаонған [1: 46].

Суық тас, темір құлыпты қамау үйі, Шолаққа темір кісен – қылған «сыйы». Тас үйде, есік құлыпты, қолда бұғау, — Тордағы торғай құстай тұтқын күйі [1: 95].

Сусыны — исі аңқыған сары қымыз, Шалдыққан тәнге шипа дәрі қымыз.
Күшейед, біраз ішсе қаны толад,
Ілмиген қан жоқ, сөл жоқ арығыңыз [1: 104].
Ал Мұқағали Мақатаевтың шығармаларында да біршама метафоралар кездессе де, өзіндік стилі, қылқаламы танылатын төмендегідей авторлық метафораларды байқауға болады:
Не сыйласын, несін берсін ел маған?!
Тұрсақ екен елім де аман, мен де аман.
Таулар – менің таусылмайтын бақытым,
Ал ырысым – ұланғайыр кең далам [1: 104], — деп, зат
есімдерді тура (таулар, ырысым)және ауыспалы мағынадағы (таусылмайтын бақытым, ұланғайыр кең далам) есім сөздерден метафора түзіп, бірінші ауыспалы мағынадағы зат есімді тәуелділік мағынасында қолданып, Отанына, туған өлкесінің тауларына деген махаббатын оларды таусылмайтын бақытқа теңеу арқылы білдірген. Ал өзінің ырысының кеңдігін ұланғайыр кең далаға теңеп, қазақ діліне, ойлау әрекетіне тән құбылыстарды, яғни ерекше отансүйгіштік қасиетін, ұлтымызға тән жомарттықты метафоралар арқылы зор сүйіспеншілікпен сипаттап, қандай тамаша метафоралар жасады десеңізші! Қос ақын шығармаларында окказионал метафоралардың басым болып, әр ақын өзіндік дара ойлау әрекетінен санасына сіңген көріктеу құралдарын өткізіп, жаңаша, тың окказионал тіркестер тудырғанын көреміз.
Сонымен, Мұқағали мен Сәкеннің поэзиясындағы метафора – ұлттық тілдегі өзіндік күрделілігі бар, әр түрлі ұлттық бояуға қаныққан категория. Метафораның дамуынан, оның жеке автролық қолданыс аясынан ұлттың дамуын, тілдің даму көрінісін аңғарамыз. Себебі, тілдегі ұлттық сурет, әлемдік сурет, адам интеллектуалдылығы үнемі шексіз, қарқынды дамуда болады. Қазақ тіліндегі метафоралар – мән мен түрдің бірлігі ретінде халқымыздың рухани жан дүниесінің айнасы. Авторлар туындыларында кездесетін метафоралардың белгілі бір және әр түрлі жағдаяттарға байланысты көп туындағанын байқадық
[1: 12].
Теңеу. Әдеби тілге үстеме мағына беріп, оның көркіне көрік қосатын, сол арқылы әдеби шығарманың мазмұнын құнарландырып, пішінін ажарландыратын көркемдеу құралдарының бірі – теңеу (орысша – сравнение). Мұнда суреткер заттың, құбылыстың ерекше белгілерін көрсетпей, оны басқа затпен, құбылыспен салыстыра суреттейді.
Қай теңеуді алмайық, суреттеліп отырған нәрсені не құбылысты тура біздің көз алдымызға әкеліп, олар туралы дәл, нақты ұғым қалыптастырады. Бұл ретте теңеу белгісіз затты белгілі затқа айналдырып, шығармадағы авторлық идеяға қолма-қол көркемдік шешім тауып тұрғандай. [1: 217].
Сонда бұлар туралы оқырман түсінігі айқындалу үстінде тереңдейді де, өнер туындысының эстетикалық әсері күшейе түседі.
Теңеулер тек қана –дай, -дей, -тай, -тей жұрнағы арқылы ғана жасалмайды, бейне, секілді, сияқты, тәрізді деген сөздер арқылы жасалған теңеулерді де кездестіруге болады. Мысалы Сәкен Сейфуллинде: Қалың топ-топ, алшақ-сирек, Жасыл қамыс дестесі:
Бейне қолмен салған ирек Көлдің жасыл кестесі [1: 24].
Бұл өлең жолдарында ақын «қолмен ирек салғандай» немесе «қолмен ирек салған сияқты» деп айтудың орнына өлең жолдарынның әсерлілігін күшейту үшін күрделі теңеу қолданып, сөз шеберлігін орынды жұмсап тұр.
Талай сорлы жер мен көкке
Сен тәрізді жылаған;
Көздің жасын төгіп текке, “Мені де ал!” деп сұраған [1: 30].
Мұнда да сен сияқты, сендей деп қолданудың орнына өлең өлшеміне де, әсерлілік мәніне де сәйкес келетін тәрізді септеулік шылауы арқылы жазылған. Мұндай теңеулер көмекші сөздердің қызметі арқылы беріліп, өлең жолдарында әр түрлі реңк үстейді және ақындардың сөз қолданыстарындағы орнықтылықты көрсетеді.
Алдыңғы өлең шумақтарындағы келтірілген теңеулер күрделі, структуралық құрылымы сан алуан, әрі ерекше ойды білдіріп, бейнелі суреттер жасау құралы ретінде қызмет атқарады.
Жоғарыдағы өлең жолдарынан аңғаратынымыз: барлық теңеулер есімшенің -ған, -ген жұрнақтары жалғануы арқылы жасалаған есімшелерден жасалған.
Мұқағали және Сәкен – перифраздарды шебер қолданып, өз шығармаларына дәстүрлі көрінетін шеберлік қылқаламмен бірге өздігінше авторлық, қайталанбас мағына, тек қана осы ақындарды ғана танытатын қайталанбас ерекше тіркестер жасаған болатын. Метафора, метонимия, эпитет, т.б. тәрізді тіл құралдарының перифраздық контекст түзуге қатысуын көрсетіп, семантикалық жағынан қарастырғанда сөздердің тың мағынасын тудырып жасаған.


Әдебиеттер:

1. Қирабаев С. Сәкен Сейфуллин. Монография. 2 томдық. – Алматы, Жазушы, 1991. – 297 б.
2. Кәкішұлы Т. Мағжан – Сәкен. – Алматы, Қазақ университеті, 1999. – 449 б.


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *