
Батыс Қазақстан облыстық кардиологиялық орталығында 61 жастағы пациентке міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жоғары технологиялық медициналық көмек – аортокоронарлық шунттау операциясы сәтті жасалды.
Пациенттің айтуынша, орталыққа түскеннен кейін дәрігерлер жан-жақты тексеру жүргізіп, операцияға дайындаған.
– Зерттеу нәтижесінде жүрекке баратын екі тамырымның толық бітелгені анықталды. Дәрігерлер дер кезінде ота жасап, қазіргі таңда жағдайым жақсарып келеді. Жазылып, қалпыма келіп жатырмын. Кардиохирургия бөлімінің дәрігерлері мен барлық медицина қызметкерлері өте білімді әрі білікті. Ешқайда барудың қажеті жоқ. Осындай күрделі оталар өзіміздің облыстық кардиологиялық орталықта МӘМС аясында тегін жасалады. Соның арқасында ем алып, сауығып шығуға мүмкіндік бар, – дейді пациент.
Кардиохирург Ильяс Иралиннің айтуынша, науқас облыстық кардиологиялық орталыққа жүректің ишемиялық ауруы және тұрақсыз стенокардия диагнозымен жеткізілген.
– Пациентке толық диагностикалық тексеру жүргізіліп, аортокоронарлық шунттау операциясы жасалды. Ота сәтті өтті. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы тұрақты, оңалту шараларын қабылдап жатыр. Бұл жоғары технологиялық медициналық көмек МӘМС жүйесі аясында тегін көрсетілді , – дейді кардиохирург Ильяс Иралин.
Айта кетейік, аортокоронарлық шунттау – жүрек бұлшықетіне қан ағымын қалпына келтіруге бағытталған жоғары технологиялық операциялардың бірі. Мұндай операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында сақтандырылған азаматтарға тегін көрсетіледі.
Жылдың басынан бері Батыс Қазақстан облыстық кардиологиялық орталығында МӘМС есебінен 190-нан астам операция сәтті жасалды. Бұл өңір тұрғындарына жоғары технологиялық медициналық көмекті тұрғылықты жерінен шықпай-ақ, тегін алуға мүмкіндік беріп, жүрек-қан тамырлары ауруларын уақтылы емдеуге және пациенттердің өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді. Автор:«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының бас сарапшысы Сымбат Жанабергеновн