Біз бесінші сыныпта оқып жүргенде, көктемнің осындай кезінде ауылда үлкен той болатын. Ауылдан алыс емес Көктөбе деген жер бар. Сол жерде аламан бәйге болады десе, кәрі-құртаң, кемпір-шал, бала-шаға демей, бәрі сонда ағылатын. Бір топ баланы К-700-тың телешкесіне салып апарады. Рульде темекіні бұрқыратып Дәйс Марат жездем отырады.
К-700 ауылдың өрт сөндіретін, қыста жол ашатын негізгі көлігі еді. Ол кезде қатты боран соғып, алыс-жақын мал ауылдарына жол жабылып қалатын. Сонда осы К-700-бен қарды аршып, жол салатын. Қазір ғой халық Ырғызға дейін еркін шығып кете береді, ал ол кезде Манасбайдың басы шөпке толы еді. Ол жақта марқұм Олжас тұратын. Қойшылардың ішіндегі институт бітіргені жалғыз Олжекең. Адал жігіт еді. Кез келген уақытта үйінің жанында 3-4 трактор қаңтарулы тұратын. Қойшылар мен тракторшылар сол үйге соғып, у-дан ұрттап алады да, тракторларын ысқыртып Қамысшағыл, Боранқұл, Жабағылытабанға қарай тартып кететін. Жабағылытабан жайлауында Жәзи ағаның Сәбит пен Ғабит балалары отыратын. Ауылда Жазушылар одағында болған бір ескі әзілді осы кісілерге теліп айтатынды жақсы көретін. Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповке қатысты «Мынауың қай ит?» деген әңгімені бұрмалап, былай дейді:
Жәзи аға балаларын таныстырып: Мына балам — Ғабит, мына балам — Сәбит, — деп жатса керек. Сонда үйге Темірханы кіріп келеді. Шалдар әзілдеп: Е-е, мынауың қай ит? — деп қалжыңға басыпты.
Соңғы рет Сарбастөбе жайлауында отырдық. Әкем совхоздың 300 қошқарын бақты. Таңнан кешке дейін өзім бағатынмын. Таңертең бір күлше нан мен шалап салып беретін. Оны түске дейін жеп-ішіп қоясың. Сосын сағыз тересің, шөп тасып бара жатқан тракторлерге қарай шабасың, өлген киіктің мүйізін тересің. Қошқарлардың мүйіздері қышып, тарс-тұрс сүзісіп жататын. Ішінде өзіміздің де 40 шақты қой-ешкіміз бар. Атпен алыстау жүресің. Әйтпесе, ат-матыңмен оңдырмайды. Менің астымда кертай болатын. Қошқарлардан сәл-ақ биік. Кейбір қошқарлардың мүйізі көзіне қарай ішке қарай өседі, оны кешке әкем екеуміз темір арамен кесетінбіз. Бір жолы әкеме: Бүгін малды өзің бағып келші, мен құдықтың басын тормен (сеткамен) қоршайын. Әйтпесе, қошқарлар моторды қиратады, — дедім. Әкем келісіп, бағып кетті. Мен сарайдан алюминий торды алып, кешке дейін құдықты әдемілеп қоршадым. Бірақ екі-үш күн өтпей-ақ, қошқарлар әлгі тордың быт-шытын шығарды. Әкем менің бетімді қақпайтын, істеймін дегеніме қарсы келмейтін. Сонда бәрін біліп тұрса да, үндемепті. Кейін: Қирататынын біліп едім, тек бетіңді қайтармайын дедім, — дейді.
Кейде моторда бензин таусылып қалады. Ондайда 300 қошқарды қолмен суарамын. Әкем менің осы еңбегімді көріп, «сары моторым» деп ат қойған еді. Шеген құдықтың тереңдігі 1,5 метрдей, суы жақын болған соң аса қиын болмайтын.
Кейін студент болып, көшеде жігіт-қыздармен қыдырып жүргенімде, арт жағымнан біреудің: Қожабайдың сары моторы, оқудан келдің бе, әй? — деп саңқ ете қалмасы бар ма! Естімеген болып кетіп бара жатсам, әлгі кісі: Сары мото-о-ор! — деп айғайлайды. Ұялғаным-ай! Сөйтсем, мал ауылдағы көршіміз екен. Үйге келіп әкеме: Қыздардың көзінше бұлай айтпасыншы, ұяламын, — дедім. Әкем бір тойда әлгі кісіге: Ол жігіт болды, ұялады, енді айтпа, — деп ескертіпті. Өзі айтып келді.
Әкем совет үкіметінің адамы. Бізді сол үкіметті мақтап өсірді. Идеология мен саясаттан хабары жоқ. «Өскенде әскерге барасыңдар, сало жейсіңдер, ол ағзаға жақсы болады», — дейтін. Өзі Владивостокта әскерде болғанда жепті. Бұрындары түрлі сары газеттер болды ғой. Соларда не жазса, соған
сенетін.
Қуаныш Қожабайұлы