Балғын қазіргі қазақ поэзиясындағы ең сыршыл, мұң мен махаббатты, жалғыздық пен үмітті нәзік иірімдермен өре білетін ақындардың бірегейі. Оның жырларындағы әрбір жол біз айта алмай жүрген ішкі үнсіздіктің жаңғырығы іспеттес. Ақын оқырманды жұбатып қана қоймайды, оны өзінің ең шынайы, ең қорғансыз сәттерімен бетпе-бет жолықтырады. Балғынның жырларлары жаңбырдан кейінгі топырақ иісіндей аңқыған тазалық пен күзгі жапырақтың соңғы діріліндей нәзік мұңның қоспасы дер едім. Балғынның поэзия әлемінде жүректер өледі, уәделер көміледі, бірақ сол күйреген әлемнің ішінен ертеңгі күнге деген үзілмейтін бір сәулені жылт етіп тұрады. Автор бізге бақытты болуды емес, бақытқа барар жолдағы адамдық қалпымызды жоғалтпауды үйретеді. Балғын өлеңдерінің әрбір жолы метафораға толы һәм философиялық түйіндеуге шеберлігі басым.
Тағдыр тартып алған соң ойыншығын,
Жылап бара жатыр ма жасық үміт…
Автор адамның үмітін кішкентай баланың ойыншығына теңейді. Бұл жердегі «ойыншық» біздің ең аңғал сенімдеріміз, армандарымыз. Тағдыр оны тартып алғанда, адамның ішіндегі сол «бала» (сенім) өледі. «Жасық үміт» тіркесі үміттің әлсіздігін емес, оның тағдыр алдындағы дәрменсіздігін көрсетеді.
Біз түннің күнәсін көтердік…
Күн күлсе жараса қалатын,
Көлеңкелеріміздей…
Бақытты болуға тырыстық.
Мұндағы қарама-қайшылық (антитеза) өте сәтті шыққан. Түн құпияның, күнәнің, шынайы бет-бейненің уақыты. Ал, күн жұртқа көрінетін сыртқы келбет. Автор адамдардың көлеңке сияқты екенін айтады. Олар тек жарық түскенде ғана бақытты болып көрінуге тырысады. Бірақ ол бақыт тек уақытша маска ғана…
Неліктен жүректер өлгенде,
Көңіл айтпаймыз,
Табытын көтермейді ешкім.
Бұл өлеңнің ең кульминациясы. Физикалық өлім болғанда бәріміз жиналып, аза тұтамыз. Ал адамның ішіндегі сезімдері, сенімі, махаббаты яғни, жүрегі өлгенде ешкім байқамайды. Автор қоғамның рухани соқырлығына назар аудартады. Біз сыртқы формаға мән береміз де, ішкі рухтың қазасын елемейміз.
Балғынның табиғат пен адам тағдырын егіз өрген, бояуы қанық, бірақ тынысы мұңды лирикалық кезекті өлеңіне тоқталайық.
Үлгереміз бе, құшаққа қысып?
Үлгереміз бе, сүюге?
Өлеңнің басталуының өзінде үлкен экзистенциалдық үрей жатыр. Автор «үлгереміз бе?» деп сұрақ қою арқылы адам өмірінің шектеулі екенін, сүюге де, бақытты болуға да уақыттың тым аздығын ескертеді. Бұл жолдар оқырманды «ертең кеш болуы мүмкін» деген ойға итермелейді.
Ұзату көштің соңынан ерген,
Ұяң бойжеткен сияқты.
Бұл өлеңдегі ең әдемі теңеулердің бірі дер едім. Қырдағы қызыл қызғалдақтың тез солатынын ақын жат жұртқа кетіп бара жатқан бойжеткеннің қоштасуымен шендестіреді. Көктем өтіп барады, көш жылжып барады, ал қызғалдақ сол көштің соңында мұңайып қалып бара жатқан қазақ қызының бейнесін көз алдымызға әкеледі. Бұл жерде табиғат пен салт-дәстүр астасып кеткен.
Қауырсын пілте Қағбаны айналып,
Жасап жатқандай мінәжат.
Автор қарапайым дала гүліне қасиетті мағына береді. Қызғалдақтың қауызын «Қағбаға», ал оның желмен тербелуін мінәжатқа балайды. Бұл табиғаттың әрбір бөлшегі Тәңірге тағзым етіп тұр деген терең пәлсапа. Гүлдің нәзіктігі оның рухани тазалығын көрсетеді.
Қауызында оның жатыр ойланып,
Бір сүйкімділік, бір азап.
Уысы алтын, уыты шырын…
Осы жолдарда ақын өмірдің шындығын ашады. Сұлулық бар жерде міндетті түрде мұң мен азап бар. «Уыты шырын» деген тіркес – оксюморон. (қарама-қайшы ұғымдардың бірігуі). Яғни, махаббат та, сұлулық та адамға әрі ләззат, әрі сыйлайды. Қызғалдақтың қысқа ғұмыры оның ең үлкен азабы, бірақ сол қысқалық оны сүйкімді етеді.
Ғұмырың неткен келте еді сенің,
Күнәсіз күлгін періштем.
Ақын гүлмен емес, өзінің ең таза сезімдерімен, мүмкін ерте кеткен асыл армандарымен қоштасып тұрғандай.. Көктемнің соңғы күнінде қызыл шоқ болып жанып, солып бара жатқан қызғалдақ бұл жалған дүниедегі барлық әдеміліктің өткінші екеніне қойылған нүкте.
Балғын Раштың әрбір өлеңінен біз өзімізді, өзіміз де мойындауға қорқатын ішкі «менімізді» көреміз. Балғын қазіргі қазақ поэзиясындағы жас лирик. Ол өмірді әдемілеп көрсетуге тырыспайды. Ол – детальдардың философы. Қарапайым қызғалдақтың қауызынан «Қағбаны» көру немесе тағдырды «ойыншық тартып алған қатал тәрбиешіге» теңеу тек үлкен ойшылдың қолынан келетін іс. Адамның мына жалғандағы жалғыздығын, қарызы мен парызын ол биік пафоспен емес, нәзік мұңмен жеткізеді. Оның стилі – заманауи мұң. Ол көне бейнелерді жаңаша, тіпті модернистік тұрғыда сөйлетеді. Оның өлеңдеріндегі метафоралар соншалықты тірі, сіз оны тек оқымайсыз, оны визуалды түрде көресіз және сезінесіз. Ол бақытты болуға тырысқан ұрпақтың ішкі трагедиясын, уақыттың қаталдығын жырлай отырып, бізді адамдық қалпымызды сақтауға шақырады. Ол жүректі тіліп тұрып емдейді. Оның поэзиясы рухымыздың тазаруы үшін қажетті ең биік әдебиет.
Қуаныш Қожабайұлы
Әдебиеттанушы, ғалым