Дулат Исабеков Сүйекші

 

 

 

Повесть

 

 

Желтоқсанның ызғарлы күндері де басталды міне. Суық түсіп, даланы қырау көмгелі Үндеместің сарыбы қайта қозып, сүйек- сүйегі сырқырап, кей күндері күн шыққанша жылы төсегінен тұрғысы келмей жатып алатын болды. Өзінің анадан шыр етіп туып, азан шақырып қойған аты Тұңғыш болса да, былайғы жұрт оны ауыз ашпас тұйық мінезіне қарап Үндемес атап кеткенді. Бұл қосалқы ат өзіне қашан тағылды, кім тақты – ол жағын ешкім де, тіпті, Тұңғыштың өзі де білмейді. Осы бір кішігірім шаһарға ол қашан келді, қайдан келді – оны да сұрап- біліп жатқан бір жан жоқ, бар білетіндері – жалаңаш денесіне киген түйе жүн шекпені қысы-жазы үстінен бір түспейтін қушиған молашы шал. Өзгелерге ол тек мола қазумен ғана күн көріс жолына түскен бір бейбақ боп қана елестейді жəне осы бір кəсіпті тағдыр оның маңдайына өшпестей етіп жазғандай, анадан туғанда басқалар секілді би, болыс болуды емес, молашы болуды көксегендей көреді. Ол жасының нешеде екенін де білмейді, есептеп те көрген жоқ. Бұл жарық дүниеде аз жасады ма, көп жасады ма, рахат көрді ме, бейнет көрді ме, бағы ашылған ба, соры қайнаған ба, бұл жағын да ойлап- толғамайтын секілді. Мынау қан базардай құжынаған адамдар тіршілігінде дəулет бар, мансап бар, талас бар, тартыс бар, қайғы бар, сүйініш бар-ау деген сезім оның миына ешқашан кіріп-шыққан емес. Ол ештеңеге қызықпайды, ештеңеге жанталасып ұмтылмайды, еш уақыт опынбайды. Ертемен

 

тұрып қолына кетпені мен күрегін, сүйменін алып, қала сыртындағы қорымға қарай ілбиді. Келген бетте сол баяғы бір қалыпты қимылмен жайбарақат жер қазуға кіріседі. Өзекті жерде өлім бар, бұ қаладан күніне екі-үш адам ақырет сапарға аттанып тұрады. Бұған ол да əбден үйреніп алған. Күніне қазатыны үшеу, əрі кетсе төртеу. Азаннан кешке дейін осы қимылмен-ақ бітіріп тастайды. Сонан соң əр молаға өзі жатып көріп, тар болса үңгіп, белгісіз марқұмға іштей «иманды бол» айтады да, үсті-басының шаңын қағып, ымырт үйіріле үйіне қайтады. Мұны шаһардағы көп адам біледі, ал бұл олардың бір де бірін танымайды. Бірақ, мұны білетіндердің ешқайсысы осы бір адамның өзгелер сияқты қайғы-қуанышы, күйініш-сүйініші, мұрат-мақсаты бар болар-ау деп ешқашан ойлаған емес.

Білетіндері сол баяғы Үндемес қана. Өзгелер үшін бұл ауырмайды, сырқамайды, қатын-балам болса екен деп тəңірден тілемейді де, осылай ілбіп жүріп ақырет сапарға аттанғандардың ақтық орнын екі-үш күн бұрын дайындай береді. Жəне кім болса ол болсын хан ба, қара ма, мүсəпір ме, кісəпір ме, жас па, кəрі ме оған бəрі бірдей. Қара жер бəріне жетеді, тек марқұмның артында қалған ағайын-жұрағаты қалай дейді, бұл солай етеді. Онысына алақан жайып ақы да сұрамайды, кім не берсе соны алады, аз берсе налымайды, көп берсе көпсінбейді.

Кəрілік те жетіп қалған-ау, əлде түнгі аяз жерге тоң қатырып өткен бе? Ол күректі табанға салып ырғап қалғанда, жүзі тасқа тигендей тық ете қалды. Бар салмағын салып тағы да ырғап көріп еді, сол жамбасы зырқ етіп, аяғынан жан кетіп қалғандай болды. Денесі түршігіп келе жатқан секілді. Кеше қазып кеткен шұқыр топырағының бетіндегі қырауды ысырып жіберіп, сылқ отыра кетті де, жамбасын уқалады. Кəрі денесі жылы төсекті аңсады. Бірақ жылы оранып жатар уақыт бар ма? Тым болмаса үшеуін бітіру керек. «Қыс та түсті-ау, – деді ішінен ол, екеу қазармын, ал үшеу… ай, ай қиын болады-ау».

 

Күн көтеріліп, əлсіз жылудан жер беті жылт-жылт етіп ери бастады. Ол түрегеліп, сүймені мен қатты жерді екі-үш түйгенде мұз-жарғақтар жарпа-жарпа боп жан-жаққа ұшып түсті. «Тоң қалыңдай қоймаған екен, – деді ол күбірлеп, онысы жақсы болды. Бүгін үшеуін бітірсем»…

Сəлден соң денесі қызып, жамбасының шаншуы да қайтты. Үш- төрт сүйем өткеннен кейін жұмсақ топырақ басталып, əрі қарай қазу жеңілдеді. Бір аттам аралықта да айырмашылық бар.

Кешегі жердің топырағы қасаңдау еді, мына аранікі борпылдақ екен. «Əсте, бейшараның мінезі жұмсақ шығар». Кісі бойына жеткен соң құбыла жақ шеттен ақым бастап кеулей қазды.

Моланың қиыны осы. Əуелгіде бір жамбасыңа жатып қисая қазбасаң оңтайға келмейді.

Бір сағаттай уақыт өткенде ақым да бітуге таянып, ол сыртқы үйге шықты, бетінің терін сүртіп қараңғы көрге үңіле қарады. Енді бір түсуден артылар тірлік қалған жоқ.

Осы сəт сырттан ат тұяғының дүсірі естілді. Дүсір оның дəл төбесіне кеп тоқтады да:

  • Көр нұрлы болсын, – деген қоңыр дауыс естілді
  • Айтқаныңыз келсін. – Тұңғыш ернін күбір еткізіп, орнынан тұрды. Кеудесі моладан көрінбейді. Мойны қылтиып, көзі шүңірейіп, жігіт ағасы боп қалған мұртты кісіге «не айтасың» дегендей тесірейе қарап тұр.
  • Бүгін таң сыз бере інім қайтып еді.
  • Иманды болсын. Ұнаса мына біреуі дайын. – Тұңғыш атты кісіге бір, ақымға бір қарады.
  • Бұл жерге су үймелейді-ау деймін, ойпаң екен. Басқа жерден қазуға болмай ма?
  • Құдайдың жерін жаралай беріп қайтеміз.

 

  • Өлгенді құдай кешірер. Анау бір төбенің басынан қазсаңыз қайтеді. – Атты кісі жез сапты қамшысымен беткей жақты көрсетті. – Сол жердің топырағы құрғақ болар.
  • Ал мынаны кім алады?
  • Бір бұйырған алар. Қазылған көр далада қалмас.

Тұңғыш түнеріп төмен қарады. Бəрі өстеді. Жер таңдап, мүрде таңдап күпірлік жасайды. Төбе не, ойпаң не? Бұ жерге де су үймелейді. Ағып өткен судан көп болса зəктер, бірақ ақымға жетпейді ғой.

  • Күйген қышпен төрт қатар ғып өрсе марқұмға сыз тимейді. Бесікке жаңа бөлеген баладай құп-құрғақ жатады.
  • Өлім үстінде айтыспайық, пəруəрдігер. Тілегімді орындаңыз. Ақысына бір ісек атадым.

Тұңғыш ойланып қалды. Əке-шешесінің əруағына құран оқытсам дегені ойына сап ете түсті.

  • Бір тілегіңді нəмақұл демейін. Жарайды. Мынаны бітіріп болған соң кірісейін.
  • Тəңір жарылқасын сізді. Мұртты кісі атын кейін бұрып жүріп кетті. Тұңғыш еңкейіп, моланың ішкі үйіне енді. Бүкшиіп жүріп табанын тереңдетуге кірісті. Əлгі күннің жылуына бойы үйреніп қалғандықтан ба, ақым мұп-мұздай боп денесін түршіктірді. Ол келте сүйменмен аумағы жарты кездей жерді тез-тез түйгілеп шықты. «Су үймелейді дейді. Нағылған су.

Топырағы құп-құрғақ. Қандай жақсы жер!»

Бос топырақтың шаңын бұрқыратып келте күрекпен сыртқы үйге лақтырды. Ақымның тар тесігінен түсіп тұрған болмашы жарық бұрқыраған қою шаңнан əлсіреп, бұрыш-бұрышты қараңғылық басты. Ол шұқырдан шығып, жұмсақ топырақ үстіне отырып демалды. Күн жылып, қатқан жер шылқылдап ери бастапты. Айналаға қарады. Тірі жан жоқ. Мелшиген меңіреу қабірлер. Олар да əр басқа. Бірінің күмбезі күнге

 

шағылысады, екіншісі аласа жай күмбез, үшінші біреудікі кесек қорған, төртінші біреудің қабірі жай төмпек қана. Енді бір бейшаралардың қабірі ортасына омырылып, сəңірейіп тұр. Кім біледі, бір заманда ол анау күмбезді зираттан да сəулетті болған шығар. Бірақ оған енді ешкім сенбейді, өткен істің бəрі өтірік, бəрі жалған.

Дөңес жерден екінші қабірді бастап кіндікке жеткізгенде ине сұғып алғандай жамбасы тағы шым ете түсті. Не болған бүгін, бұрын шаншу қадалғанмен жылы көрпеге оранып, дел-сал боп бір терлесе таңертең құлан-таза сауығып кететін еді ғой, əлде, кəрілік деген құдай атқырдың жеткені ме? Көп отыра берсем денем құрысып қалар деп ол орнынан тұрды да, жамбасын қолымен басып бойын түзеді, сонан соң күндегі əдетінше шұқыр ішіне секіріп түсіп еді, сол жамбасын əлдекім суырып əкеткендей көзінің оты жарқ етіп, бүк түсіп жатып қалды.

Жілік-жілігінің арасынан əлдекім сым өткізіп, бір ұшын миға тартқандай басы зырқырап, есеңгіреп кетті.

Сəлден соң есін жиды. Жамбасының шаншуы бағанағыдан қайтайын депті. Етпетінен түскенде сүйеулі күрекке жығылып шекесінен қан аққан екен, ол дымқыл, саз топырақпен араласып қанды балшық боп қатып қапты. Ол орнынан көтеріліп кіндік бойы қазылған шұқырдың екі ернеуіне сүйеніп біраз тұрды. Салмақ салса-ақ жамбасы зар қағады. «Қап, деді ол іштей, біткен екем. Үшеу түгіл, екеуін де қаза алмайтын болдым-ау! Сорлы басым-ай, секіріп нем бар еді!»

Ол тырмысып жүріп моладан əрең шықты. Күрегін алуды əлгінде ұмытып кеткен екен, қайтып түсуге қиынсынып ішінде қалдырып кетті. Көзіне жылы төсек елестеді. «Жоқ, – деді ол іштей, бұл болмайды. Тым болмаса екеуін, кешке дейін тым болмаса екеуін».

Үндемес күннің əлсіз жылуына бөксесін тосып, қырындай жатты. Жылылық денесіне жағып барады. Өстіп жатып

 

ұйықтап кетіпті. Көзін ашқанда түс ауып қалған екен. Тісі тісіне тимей қалшылдап барады. Мана жатқан кезінде күн ашық еді, аспанды бұлт торлап, батыстан ызғырық соғып тұр екен. Сызға тиген оң жақ иығы мен жамбасы алдырмай қапты. «Біткен екем, – деді ол күбірлеп, болған жерім осы екен дə. Қайтейін».

Ол буыны сытырлап орнынан тұрды, шекпенін қымтана түсіп, анау төменде, шағын қаланың бір түкпіріндегі өзінің кішкене үйіне қарай ілбіп қозғала берді. Жайшылықта сүт пісірім уақытта баратын үйіне бір сағатта əзер жетті. Мал түсірген бе, жел түсірген бе, терезе орнына тығылған жастық жерге домалап, аядай сызтамның іші азынап тұр екен. Терезені қайта бітеді. Үй ішін көрдегідей қараңғылық басты. «От жағу керек- ау!» Бірақ, оған отты қайдан тапсын. Көршілерден барып əкелейін деп еді, сүйегін сүйретіп қуыс үйіне құр сүлдері əзер жеткенде қайта шығуды қиынсынып, көз көрмесе де қол үйренген жердегі көрпелерін қалың етіп салды да, үстінен киіз жамылып тарс бүркеніп жата кетті. «Шіркін-ай, ыстық қоламта болар ма еді, – деді ішінен. Суырып алғандай шаншу таппа тыйылар еді-ау». Бұрын жамбасы ауыра қалса кір шүберекке қоламта орап, шаншу қадалған жерге басып жата қалатын, таңертең сен көр, мен көр құлан-таза айығып шығатын-ды.

Қазір оған шама қайда, əл қайда. Марқұм əкесі де солай ететін еді. Сəлден соң бойы жылынайын деді. Таң атқанша тырп етпей осылай жылы бүркеніп шықсам сауығьп кетермін деп көзін жұмды. «Емнің үлкені – жылы төсек, тыныш ұйқы». Бұл қайдан есіме түсіп жатыр? Ə, ə, əкем марқұм айтушы еді-ау. Иə, ұйықтап алайын. Бірақ, ол қанша тырысса да неге екені белгісіз көз іле алмады, басы ию-қию шуға толып, ойына қай-қайдағы бір оқиғалар орала берді. Бірде жартысы бітпей қалған мола, бірде үй ортасында шоғы қып-қызыл боп шытырлай жанып жатқан сексеуіл, онан соң буы бұрқырап тұрған жас сорпа, енді бірде сонау-сонау кездердегі əке-шешесі елес берді. «О, бейшаралар, – деді ішінен. О, бейшаралар»… Кеше əке-шешесі түсіне кіріпті.

«Дəметіп жүр-ау. Пұлым жетсе бір мал алып, құран оқытып

 

жіберейінші. Бүгін тым болмаса екеуін де бітірмегенімді көрдің бе». Сол жақ қырына аунап түсті. Ұйқы атаулы аунап түскен сəтінде шашылып қалғандай мүлдем қашып кетті. Осы сəт жылымшы бір нəрсе самайдан өтіп, құлағына жетіп тоқтады.

«О, тоба, мұным не бұл, жылағаным не тағы?». Ол жасын сүртейін деп еді, киіз ашылып, енді-енді беті қайта бастаған шаншуым қозып кетер деп қозғалмай жата берді. «Қой, жыламайын. Өлі əруаққа да, тірі əруаққа да жылаған жақсы емес».

Ол қайғылы балалық кезінің сонау бір сəттерін есіне алды.

* * *

Оның бала болса болғаны рас шығар, бірақ, балалық шағы болған жоқ. Əкесі Қомша алдында мал, басында бақ, артында арқа сүйер туысы болмаған соң көп өмірін кісі есігінде жалшылықта өткізіп, жасы жер ортасынан ауып бара жатқанда бір жетім қызға қосылып, екі жылдан кейін перзент сүйді…

Сəбидің дүниеге келгенін екі қоңсы кемпірден басқа ешкім білген жоқ. Қолынан келер өзге кəсібі жоқ Қомша малды ауылдардың қырық-елу құлаш құдығын қазып, ел аралап кеткен-ді. Түн жарымы ауа үйіне келгенде жас нəрестенің иісі бұрқ етіп, сол иістен ет-жүрегі езіліп, босағаға сүйеніп тұрып қалды. Əйелі тез көтеріліп, ортадағы көмулі шоқты ашып қалғанда үй ішіне қызғылт жарық түсіп, ауыр жұмыстан шаршап-шалдығып келіп тұрған өз күйеуін көрді де, қуанғаннан күлімсіреп төмен қарады.

  • Көп кешіктіңіз ғой.
  • Құдық терең болды. Атын кім қойдыңдар?
  • Сізді күтіп отырмыз. Қомша төрдегі бесікке келіп, жабулы көрпені жаймен ысырды да, пысылдап ұйықтап жатқан нəрестенің маңдайынан ұзақ иіскеді. Ортадағы шоқтың беті қарауытып, үй іші күңгірт тартып бара жатыр. Қомша от басындағы əйелінің жанына келіп, жерде жатқан көсеумен

 

шоқтың көзін тағы ашып қойды. Қызғылт жарық түндікке барып тірелді.

  • Тұңғышымыз ғой. Атын Тұңғыш қояйық.
  • Айтқаныңыз болсын.
  • Көрші-қолаңдарға қазан астың ба?
  • Сізді күтіп отырмыз. Пышаққа ілінер мал қайда? Ертең шақырып жіберейік. Бір ай төккен терім Тұңғышымнан садаға.

Əйелдің жүзіне күлкі үйірілді. «Пышаққа ілінер мал қайда?» – деп айтуын айтса да ерімнің көңіліне қаяу тастап, қу жоқшылықтың тақілетін тағы есіне салдым-ау деп іштей өкініп, əрі зеку естіп қалар ма екенмін дегендей қипақтап қалып еді,

«бір ай төккен терім Тұңғышымнан садаға» деген сөзді естігенде, ерінің бұл жолы бұрынғыдай емес, олжалырақ оралғанын сезіп, іштей қуанып қалды.

Отты тағы көсеп жіберді. Үй іші жап-жарық боп, бесікте жатқан баланың қызыл шырайлы жүзі көрінді.

Қомшаның екі басы үшеу болып, тіршілік тауқыметі бұрынғыдан ауырлай түсті. Ол өзгелер үшін шөп орды, құдық қазды, мал бақты, басқа жұмыс болмай қалғанда ерсі көрмей арқан да есті, тезек те терді. «Қатыным бар, балам бар. Қатын болса түсінер, бейкүнə бала не білсін, жоқ дегенді ұғар ма? Одан аяған шыбын жаным шырқырап көрге кіре қойсын.

Осылайша, тіршілік қамымен қарбаласып жүріп ашты-тоқты өмірдің тоғыз жыл артта қалғанын Қомша аңғармай да қалды. Əйелі бұдан кейін екі құрсақ көтерген-ді, бірақ, алғашқысы үш айлығында шетінеп, одан кейінгісі іштен өлі туды. Бұл оқиға екеуінің қабырғасын қақыратып, он жасқа қартайтып кетті, əйтсе де жарлының жалғыз жұбанышы – жаратқан ғой, екеуі

«тəңірі маңдайға не жазса соны көрерміз, одан пенде қашып құтылған ба? Жалғыздың ғұмырын алладан жыламай тілейік» деп өздеріне-өздері басу айтып, көз жасын əрең құрғатқан.

 

Құдай бір адамның соңына қашанғы құрық алып түсе берсін, ақыры олардың тілектері қабыл боп, əйелі бір ұл туды, енді міне, бұлардың шаңырағына тағы бір қуаныштың құсы келіп қонғандай болды. Кеше Қомша ауылдың молдасы Бəдіғұлмен сөйлесіп көріп еді, жарықтық, əулие кісі екен ғой, мұны жылы қарсы алып, биылдан бастап балаң менен оқи берсін дегенді айтты. Ақы да сұрамады. «Ер мойнында қыл арқан шірімес, бірде болмаса бірде қайтар» деді. Қомшаның төбесі көкке жетіп, үйіне құстай ұшып келді. Молдекем ақы сұрамағанмен түк таппағандай құрқол баруды басына ар санап, баласын оқуға апарғанда қазығына бір қараны көнімді сатсам да байлармын-ау деп бекінді. Оқуға үш ай қалды, оған дейін екі құдық қазса екі қой неге таппайды? Қорада бір бұзау, үш қой бар. Бəрін сатса қалай да бір қараның басын құрайды емес пе? Іздегенге сұраған, арада екі-үш күн өткенде көрші ауылдың ескі құдығы құлап, жаңасын қазатын кісі іздеп жүр екен деген хабар келе қалды.

Бұл өңірдің құдығы кемінде отыз-қырық құлаштан кем болмайды. Қолына кетпен ұстаған жанның бəрі қазуын қаза алар-ау, бірақ оны шегендеп, тастай өріп тастайтын шебер ілуде біреу-ақ. Осы хабар жетісімен Қомша кетпені мен сүйменін арқалап əлгі ауылға жетіп келді. Оның шеберлігін жұрттың бəрі біледі, «əдейі іздеп келдім» дегенде басы Тілеуберді бай болып қатты қуанып, «құдықты жақсы бітірсең бір емес екі қой аласың» деп уағда байлады. Көктен іздегені жерден табылып, Қомша қасына бір серік алды да, жатпай-тұрмай жұмысқа кірісіп кетті. Жиырма жеті күн дегенде барып саз балшыққа жетіп, жиырма сегізінші күні сынаптай жылтырып су да көрінді-ау, жарықтық! Ол арқанды тартып қалды – су шықты деген белгі. Шыңыраудан қарағанда инедей боп қылдырап көрініп тұратын серігі лезде жоқ болды, қуанышын басқаларға айтуға кетті. Сəлден кейін құдық басына адамдар үйме-жүйме жиналып қалды. Түйемен жеткізілген Сырдың сексеуілін арқанға байлап, төмен түсіріп жатыр. Қомша таңертеңнен бері қазған жерін өріп шықты да, тізеден су кешіп жүріп тағы да

 

жарты құлаштай тереңдетті. Ол құдықтан шыққанда кеш батып қалған еді. Жиналған жұрт қаумалап ортаға алып, құдықтың тез біткенін, құдай бұйыртса екі-үш жылға шейін суы сыр бере қоймайтынын, Қомша сынды шеберге тағы біреуін қаздырып алса құба-құп боларын айтып, мақтасып жатыр. Бірер күн болып, демалып қайтарсыз деген жұрт сөзіне көнбей, қатын- баласына асығып, тырнағы ілініп жүрген Қомша тиесілі екі қойын жетектеп, жеті түнде ауыл иттерін абалатып үйіне тартты. Үйде аунап-қунап бір жетідей əл жиған соң басқа бір бай ауылына барып, екінші құдық қазуға кірісті. Жиырма құлаштай тереңдікте əлі дымқыл тартатын түрі жоқ қасаң топырақты сүйменмен түйгіштеп жатып ол баласы жайлы тəтті ойға берілді. «Балам оқуды бітірсе, пəленшенің ұлы ғұлама молда екен, оқу атаулының түбіне жетіпті» деп жұрт гуілдеп жүрсе.

Оған жақсы жерге құда боп, келіншек əперемін, жұмыртқадай ақ отау тігіп беремін. Келін айналайын азанмен тұрып, маған сəлем береді, «ата, құманда жылы су бар» деп иіліп тұрады.

«Көсегең көгерсін, қарағым, өмірлі бол» деп ақ батамды айтамын. Еһ, дүние-ай!»

Арқан дір ете қалды. «Бұ несі? Көмекші жігіт сусын алып келу үшін жаңа ғана кетіп еді ғой, құс боп кеткені ме шіркіннің!» Ол жоғары қарады. Үш жігіт төне түсіп, қарқылдап күліп тұр. Оның денесі дір ете қалды.

  • Ей, не керек сеңдерге?
  • Көр тышқандай ін қазып көрген күнің құрсын!
  • Ах-ха-ха!
  • Еһ-еһ-еһ…
  • Ей, шық бермен. Сусының бар ма?
  • Əйтпесе құдығыңнан су алып бер.
  • Бұл нағылған тəлкектерің, менде нелерің бар?

 

  • Өй, шықсаңшы өзің, мə, ұста арқаннан! Қомша арқаннан ұстауға сескеніп, тепкішекпен жоғары шықты. Бейтаныс жігіттер. Аттарының ер-тұрмандары мен киімдеріне қарағанда, еріккен бай балаларына ұқсайды. Үшеуі де бозаға мас боп апты, ауыздарынан уыт иісі аңқиды.
  • Иə, құдық қашан бітеді?
  • Амандық болса он шақты күнде бітіп қалар.
  • Немене, оған шейін біз қаталап өлеміз бе?
  • Құдай сақтасын, ескі құдық бар ғой.
  • Ал, бозаң бар ма?
  • Мырзалар-ау, менде боза қайдан болсын. Қазір серігім айран

əкелер.

  • Айран? А-ха-ха-ха! Айран дейді! Үшеуі де қарқылдай күлді.
  • Сен көп сөзді қой, – деді маналы бері дес бермей тұрған сұлу мұрттысы, – біздің білмейтініміз жердің астында. Қатыныңның жас екені рас па?
  • Не деп тұрсыз, мырзалар?
  • Қатыныңның жас екені рас па деймін?

Қомша не деп жауап қайырарын білмей үнсіз тұрып қалды. Сəлден соң:

  • Оны неге сұрадыңыздар? – деді ақырын ғана қатқыл үнмен.
  • Жас қатынды неге сұраушы еді. Ах-ах-ах!..

Үшеуі жер жаңғыртып тағы күлді. Қомшаның ашуы келейін деді.

  • Мырзалар, мен сіздер секілді ерігіп жүрген жан емеспін, сіздер тойып секіріп жүрсіздер, мен тоңып секіріп жүрмін.

 

Өздеріңіздей дəулет менде жоқ, қолымнан келері міне, мынау, құдық қазып жан бағамын. Тəлкек көтерер кісі мен емес.

  • Мəссаған! Тəлкек көтермейді! Енді кім көтереді, мен бе? Көр… көр тышқанның айтып тұрған сөзін қарай гөр. Жарайды, қойдық. Бар, ініңді қаза бер. Түссеңші енді!
  • Өзім-ақ асықпай түсемін ғой, сіздер қайта беріңіздер.
  • Қорқып тұр. Біз саған түкте істемейміз, түсе бер.

Қомша əлденеден секем алып, төмен түсті. «Əлгі баласы түспегірдің де кете қалғанын қарасаңшы». Ол құдық түбіне жетіп, сүйменін қолына алды. «Олар неге кетпей тұр? Мені тəлкек еткеннен не қызық тапты екен?»

  • Ей, бері қара, – деген дауыс жоғарыдан саңқ ете қалды. Қомша басын көтерді. Сол сəтте үстіне шүмектеп жылымшы су құйылды.
  • О, əкеңнің!..

Қомша қолына сүйменін алып, тез-тез жоғары көтерілді. Ол шыққанда еріккен үшеудің ішек-сілесі қатып күліп тұр екен, шыққан бойы шалбар бауын байлап тұрған сұлу мұрттың жағасынан ала кетті.

  • Байдың баласы болмақ түгіл патшаның ұлы болсаң да жер қаптырайын, мазағыңа төзетін мен емес!
  • Өй-өй, мына көр тышқан атжалман боп кеткен бе, қайтеді-ей!

Қомша сұлу мұрттың кеудесіне бүркіттей қонжиып, алқымын езіп жібергенде, ол өлердегі сөзін айтып, «енді тимеймін, көкетай» деп безек қақты. Екі жігіт қарап тұрсын ба, ұмар- жұмар боп жатқан екеуге жетіп келіп, Қомшаны аударып түсірді. Опай-топай алыс басталып кетті. Үйілген сары топырақ құдық ішіне сауылдай төгіліп жер астынан шыққандай ақ тозаң аспанға көтеріліп жатыр.

 

Шыртиып киінген сері жігіттер барқыт бешпенттерінің рəсуə болғанына да қарамай үшеуі үш жақтан жабылғанымен, жалғыз құдықшыны ала алмай «ой, əкеңнің» деп ызаланумен жүр.

  • Сүйменді, сүйменді əкел! – деді құдықшының астында шаң қауып жатқан барқыт бешпенттің бірі.

Қомшаның жүрегі су ете қалды. «Шынымен бе? Шынымен мына үшеудің ойы бұзылғаны ма, бір мені тым құрыса матап байлап кетуге шамалары жетпеген соң сүйменмен соқпақ па? Астапыралла!»

Ол орнынан атып тұрып артына жалт қарады. Манағы құдық ішіне шүмектеткен жігіт сүйменді көтеріп, ұруға оңтайланып кеп қапты. Қомша жалт бергенде ауыр сүйменнің салмағынан өзін-өзі ұстай алмаған жігіт əлі шаңы бұрқырап жатқан жиырма құлаш құдыққа өкіріп құлап түсті. Төбелес пышақ кесті тыйыла қалды. Үшеуінен ес кетіп, құдыққа үңілді, будақтаған шаңнан ешнəрсе көрінбейді, тек ыңырсыған дауыс қана естіледі. Əлгі жігіттің бірі сол сəтте «ой, бауырымдап» сарнап қоя берді де, атына отырып ауылға қарай шаба жөнелді.

…Жігіттің мойын омыртқасы үзіліпті, сол күні жұлдыз шыға жантəсілім етті. Ол осы ауылдың атақты байы Доскейдің үш күннен соң үйленгелі отырған ортаншы баласы екен.

Қомшаның келешек өміріне армандай боп, ту алыстан сəуле шашып, оның əйеліне де, өзіне де ұйқы бермей алға сүйрелеген балдай тəтті үміт жел үрлеген шамдай лып етіп сөнді де, бұдан былайғы тіршілік жолын қараңғылық басты. «Бай баласын құдыққа итеріп өлтірді» деген жаладан қара басымды арашалап қалармын деп бөтен ауылдың ақсақал, қара сақалдарының шешімін күтіп бір жеті аллаға жалбарынумен жатты. Бірақ, үміт зая болды. Ол байдың ұлын өлтірген қандықол боп табылды, оған куə – əнеукүнгі екі жігіт. «О, қу құдай, маған енді құдық қазып күн көруді де көпсінген екенсің ғой!» деп аһ ұрғанда, оның екі көзінен жас пырт етіп ытқып кетті.

 

  • О, бейбақ, – деді төрде отырған шал үнсіздікті бұзып, – осылай боларын білмеп пе ең. Мұсылман мұсылманның өлтіргенін көрмек түгілі естіген жоқпыз, сенің қалай дəтің барды?
  • Ақсақалдар-ау, өлтірген мен емес, түсінсеңіздерші, жіксіз күйіп барамын ғой. Үй бетін көрмей құдық қазып тапқан өнімсіз қаржыма қарап отырған қатын-балам бар, соны аясаңыздаршы түге!
  • Доғар. Қанды қолыңды қатын-балаңның обалын айтып жуа алмайсың. Бүгін кісі жібертеміз, жаны ашыса ауылыңның əкімдері айыбыңды төлеп алып кетер, жаны ашымаса өзің төлейсің, қолыңда малың жоқ екен, аманат тапсырасың, ер құнын өтеп болған күні аманатыңды қайтып аласың. Салған айыбымыз отыз түйе, отыз жылқы, отыз сиыр……………………………………………………………………….. Қомша кеткен

кісілердің жақсы хабармен келуін екі күн, екі түн бойы кірпік ілмей ұзақ күтті. Бастарына төнген қара күнді естігенде баласы мен əйелі не күйде болды екен? Оған бəрінен бұрын бататыны осы. Ақыры сарыла күткен кісілер де оралды. Шерəлі бай көнбепті, «Қомша дегенді керек десең танымаймын да, көрінген дуананың айыбын өтей беретін далада шашылып жатқан малым жоқ, пісіріп жесеңдер де мейілдерің, аманатқа баласын бере берсін» депті.

Қомшаның көз алдындағы дүние төңкеріліп жүре берді де, сылқ етіп құлап түсті.

Арада екі күн өткен соң үш айдан кейін оқуға бермек болған тоғыз жасар баласын қолынан жетектеп əкеп аманатқа тапсырып, кеудесі өксікке толып кете барды. Туған үйінің босағасына қай кезде қайтып ораларын да, жат жұрттың арасына неге, не үшін келгенін де, қоштасып жатып бетінен сүйген сəтте əкесінің не себепті көзіне жас алғанын да толық аңғара алмай, əйтеуір бейтаныс жерде қалып бара жатқанын ғана сезген баланың жасқа толы көздері жəутеңдеп, «көке-е!» деп еңіреп қала берді. «Тірі болсам жазға дейін жетермін,

 

ұлым!» деп көкірек шері мен қайғысын баласына байқатпауға тырысып, əке сырт айналды да, тез-тез басып жүріп кетті.

***

Жаз өтіп, күз келді, бірақ, қайта оралған əке болмады. Сонау беткейден бері құлаған сары жолдан қылтиған қара көрінсе де

«əкем бе екен» деп екі көзі төрт болып, тумай жатып жалғыздық жапасын шеккен қаршадай аманат бала тірі жетім, кісенсіз тұтқын боп жол тосумен жата берді. Сол жолдан көрінген қараның басқа емес Қомша болуын аманат бала былай тұрсын, Доскей де тағатсыздана күтті. Бұл баланы қолда ұстап отыра бергенде не табады, одан келер пайда қайсы? Бала етіп асырап алатындай ол перзентке зар боп отырған жоқ, барымташы, сойыл соғар етіп баулиын десе оның да ретін таба алмады: қанша дегенмен кеудесінде мейіздей қатқан кегі бар жат бала емес пе, ес білген соң елін тауып, оған жіберген еңбегі зая кетумен тұрмай өзіне қарсы шауып жүрсе қайтеді?

Ортаншы баланың қалың малына өткізген қоралы қой, қыруар дүние бар, тым болмаса соның ізі жабылсын деп салған айыбын төлеп, аманат баласын алып кетер не əке, не шеше, не бір ағайын-туыстарының осы кезге шейін ат іздерін бір салмауы оның ашуын келтірді. Кей түндері əкелік мейірімі ұстап, «өлер бала өлді, отқа тамызар майы жоқ, жерге қараған тақыр кедей екенсің, лағынан айырған киіктей тірі жетім етіп не табам, ал балаңды» деп аманатты апарып тастауды да ниет етіп көрді.

Бірақ, бұлай етсе кек заңы, құн заңы бұзылып, өзін өлген баласының əруағы алдында, намысын кегі кеткен жауы алдында жығып берген боп шығатынын ойлап, «маған керегі мал болса, саған керегі жан екен, сен жанды қиғанда мен неге малды қимаймын, кімді кім жеңер екен, жата бер солай» деп ол да Қомшаның артынан екіншілей кісі жібертпей қырсығып, ол қырсықтығы сырттай да, іштей де ызаға айналып, тым тырыс жатып алды. Ең бастысы, көз ашқалы жайлауға таласып, ала көз боп келе жатқан жəне осыдан үш жыл бүрын қырық шақты

 

жылқысын барымталап алып кетіп, көрер көзге зорлық жасаған менмен Шерəліге «пісіріп жесеңдер де мейілдерің» деген өз аулының баласын апарып беріп əлсіздік көрсеткісі келмеді. Қайыршысы түгілі қасы болса да бала сол ауылдың баласы ғой, оның мейірімсіздігі мен қатыгездігіне жұмсақтық жасап, тағы жеңілмек пе? Жо-о-оқ, ол бола қойма-ас! Күтіп бағармын, келмесеңдер, жарық дүниеде малай боп өткендер аз ба, бұл да солардың бірі боп жүре берер».

Жерге алғаш қар түскенде Шерəлі ауылынан хабар да жетті. Жан түршіктірер суық хабар. Арқа сүйер дəулетті ағайын-туысы жоқ Қомша байғұс жар құлағы жастыққа тимей, қайтсем баламды қолыма аламын деп зыр қағып жүріп зорығып, басқа бір бай ауылының құдығын қазып жатып, сол құдықтың түбінде мəңгілік көз жұмыпты. Мұны естігенде Доскей селт ете түсті.

Өзгелерге сыр білдірмей түйіліп біраз отырды да, жұмған аузын ашпаған бойы орнынан тұрып кетті. Тек шығып бара жатып, үнсіз отырған басқаларға жайлап бұрылды да: «Мұны балаға айтпай-ақ қойыңдар» деді. Босағадан сыртқа аттай бергенде аманат бала қарсы ұшырасып: «Ата, көкем келе ме?» деп жəудірей қарады. Доскейдің ішкі дүниесін əлдеқалай бір сезім аралап өтіп, тұла бойын ду еткізді. «Жоқ, бұлай тұра беруге болмайды, кəрі көзге сенім бар ма, жас шығып кетіп жүрсе…

Сорлы бала, – деді ішінен, енді сені қайтсем екен?» «Иə, жақында кеп қалар» деп айтқалы аузын аша бергенде өзімен ілесе шыққан үлкен ұлы: «Атаңның басы. Əкең мүрдем кетті», – деп қойып қалды. Доскей жалт бұрылып, баласына оқты көзімен ата қарады. «Мұншалықты тас жүрек боп туылармысың» деді ішінен. Сөйтті де, шырқырап жылаған баланың дауысын естігісі келмей, ауыл сыртына қарап тез-тез басып жүріп кетті. Қолындағы қамшысын қыса ұстап келеді.

«Қайдан білейін. Тірі жанға мал табылар деп ем, жанашыры жоқ жалғыз екен дə. Бүйткенше абақтыға айдатқаным жөн екен-ау. Сорың құрғыр сор бақта…»

 

Дəл желке тұсынан дүсір естілді. Қуып жеткен баласы екен.

  • Əке, мұныңыз не? – деді ентігіп.
  • Не боп қалды?
  • Жау алдына өзіңізді жығып бергелі жүрсіз бе?
  • Жау кім?
  • Шерəлі. Кеше малымызды барымталады, бас көтеріп кек қайтара алмадық. Туысымызды өлтірді, тағы отырмыз аманат құнын ала алмай. Ертең кеп шаңырағымызды ортаға түсіріп, от басын ойран етеді. Сол ма енді жетпегені?
  • Сонда не істе дейсің маған?
  • Жұмсақтықты қойыңыз. Əкесі бауырымызды өлтірген баланы еліне қайтарып, тағы масқара болғалы жүрсіз. Сіз кешірсеңіз де, інімнің əруағы үшін мен кешпеймін. Ертең құлағына ен салып, мал соңына жібертемін. Өйтпесек, жұрт алдында абыройдан жұрдай боламыз, ел бізді тыңдаудан қалады.
  • Солай де.
  • Солай, əке. Əлгі отырған кісілердің бəрі сіздің бұл мінезіңізге наразы боп қалды.
  • Мейлі, білгеңдеріңді істеңдер. Бірақ, баланы ұрып-соғушы болмасын. Ол бейбақтың күнəсі жоқ. Ен саламын деген есерлігіңді қой, аманат бала екенін онсыз да танырмыз.

Сөйтіп, Тұңғыштың Тұңғыш аты жойылып, Аманат бала атанды да, он жасқа жетер-жетпес шағында малай боп мал соңына түсті. Бір жыл ішінде ол өз атын өзі ұмытып, «атың кім?» десе

«Аманат» деп жауап беретін болды. Мейірімсіз тағдыр түк таппағандай бейкүнə, дəрменсіз баланы осылайша тумай жатып тəлкекке айналдырды.

***

 

Бой-бой боп терлеп кетіпті. Жамбасының шаншуы қойған-ау, шамасы, сол жақ қырына аунап түскенде де ауырсынған жоқ. Сəл салқындайын деп бетін ашты. Жылыға үйреніп, терлеп жатқандықтан ба, суық ауа мірдің оғындай арғы-бергісінен өтіп, қарып түсердей болған соң киізді қайта жаба қойды. «Жастығы құрғыр тағы түсіп кеткен екен-ау, – деді ішінен. – Əйтпесе, мұншалықты ызғар соға қоймас еді. Мейлі, түсе берсін.

Орнымнан тұрсам тер қатып, тағы бір арылмас бəлеге душар болармын. Ұзамай таң да сыз беріп қалар. Ұйқым қайда кеткен сірə? Əке-шешем нағып бүгін көзіме көп елестеп жатыр? Тым болмаса жұмасына бір рет отқа май тұтатпай кетіппін-ау, өлі əруақтар дəметіп жүр ғой жарықтық. Бүгін тым болмаса біреуін де бітіре алмағанымды қарасаңшы. Бұ күндегі жұрт айтқан уəдесіне жетуді де ұмытып барады. Берем деген нəрсесін əні- мінімен сөз бұйдаға салып, ақыры жоқ қылады да, əруақ ақысын ұмытады, о, алла, өзің сақтай гөр! Өзім барып сұрамаушы ем, ертең екі-үш тиесілі кісіге жолығайыншы, бір малдың басы құралса қан шығарып, құран оқытып жіберейін. Əке-шеше құдайдан перзентті неге тілейді дейсің?!»

***

Ол анасының кескін-келбетін де анық білмейді. Ана дегенде көзіне бар елестететіні – тəңірдің жазғанына əбден мойынсұнып, қандай ауыртпалық болса да бəрін қабақ шытпай үнсіз көтеруге көндіккен, еріне, баласына деген ақ тілегін өз ғұмырынан да артық санайтын жұдырықтай ғана əйел. Үлкен үйге не керек болса – отау үйге де сол керек, жыртық шаңырақ астындағы осы екеуінің көңілі жыртық болмасын деп əкесі айлап, апталап мал табудың жолына кеткенде анасының мұны қыса құшақтап еркелететіні, даладан дүбір естілсе «əне, əкең келді!» деп елең ететін сəттері есінде мəңгі қалыпты. Құдай-ау, содан бері қанша жыл, бірақ соның бəрі дəл кешегідей, қүні кеше ғана болып өткендей. Бай да емес, хан да емес, қайыршы болсаң да тіршілік шіркіннің қаңтардың тоқты тоймас қысқа

 

күніндей зу етіп өте шыққанын байқатпас өзіне лайық қызықшылығы жəне бар екен-ау! Құдіретіңе болайын қайран бес күн жалған-ай, десеңші!

Анасы жайлы ойлағанда артта қалған өмірінің сонау бір түкпірінен осы бір шуақты сəттер алыстағы жұлдыздай сəуле шашса, одан кейінгі бір сəт сəуленің бəрін өшіріп, кеудесіне өксік пен қасірет құйып өтеді.

***

Ақпанның үскірік атқан боранды шағы. Ірі қарадан жылқы болмаса қалғандары қолға қарап тұр. Доскейдің үлкен ұлы Үкітай жылқышыларды шетінен боқтап, қырып кетердей боп жүр. Кеше он бір бие аязда қалып, арам өліпті, жиырма шақтысы үшті-күйді жоқ, не қар астында қалғаны, не ұрының айдауында кеткені белгісіз. Қаңқу сөзге қарағанда, бір топ жылқыны Шерəлінің жылқышылары айдап кетті деген сыбыс бар.

  • Иттің ғана балалары, жылқы бақпай ай бағып жүрсіңдер ме? Табыңдар ертеңге дейін, таппасаңдар жерге тірідей көмемін! – деп ызалы айғайға басты.

Былай шыққан соң қасындағы Өмекейге:

  • Бұл Шерəліге қашанғы жем боламыз, құдай-ау! Кеудемізде намыс бар еркекпіз бе, езбіз бе? Бүйтіп тірі жүргеннен қара жерге кіріп кеткеннің өзі жақсы ғой, – деп күйінді. – Қашанғы басынады, қашанғы басындыра береміз. Ойбай-ау, бірдеңе десеңдерші, жалғыз мен бе осы бас қамдарыңды ойлап отқа түсе беретін?
  • Мен не дейін. Досекеңмен ақылдасу керек қой.
  • Біз ақылдасқанша ол бəрімізді қу кедей ғып бітер. Малымызды барымталайды, үндемейміз, бауырымызды өлтіреді, үндемейміз, ертең қаңғыртып жібереді, тағы үнсіз кете бермекпіз бе? Ер құнын өтемей əне бір аманат баласын тастап

 

тағы қорлап отыр. Ішіме намыс сыймай барады. Өңшең бөрік киген қатындар! Ана аманатын ат құйрығына байлап, есігінің алдына сүйреп апарып тастаймын. Өш алудың, кек қайтарудың бастамасы осы болсын, ермесеңдер жалғыз барамын, жалғыз!

  • Бейшара баланы бүйтіп қорлағаннан не түседі?
  • Ішімдегі ащы ызаның көбігі төгіледі. Ол иттің күшігі қайда жүр? Ей, Аманат! Үстіне иленбеген ақ теріден қаудырлақ келте тон киген жұдырықтай бала тай қорадан жүгіріп шықты.
  • Аға, апам келді ме?
  • Келер сенің апаң! Əуелі өзің бері кел.

Бала жасқана басып, Үкітайдың қасына жақындады. Қолында өзінен биік сабы бар ағаш күрек. Бір жылдан асар-аспас уақыттың ішінде көңілі жасып, зеку мен боқтауға мойынсұнған. Қаудыр тонының етегіне жабысқан садыраны нəзік саусағымен тазалап, мырзасынан əмір күтіп, үнсіз төмен қарап тұр.

  • Қалай, ауылыңа барасың ба?

Баланың қуаныштан екі көзі от шашып, жүзі жайнап шыға келді.

  • Барамын! Барамын, аға, барамын!..
  • Ей, сақау! – деді Үкітай қора тазалап жүрген бір атшыға. – Тез кел мұнда, арқан ала шық!
  • Үкітай, бұл шының ба сенің?
  • Қазір ойнайтын уақыт жоқ.
  • Обалын қайтесің?
  • Обалын жанашырлары ойламағанда мен қайтейін.

«Сақау» деп шақырған кісі арқан алып жетіп келді.

  • Байла мынаның қолын!
  • Түсінбедім, миза?..

 

  • Байла деймін, тас керең!
  • Кімді… кімді дейшіз?
  • Ой миғұла сақау, баланың деймін!

Жас бала қорыққаннан екі көзі алақандай боп, кейін шегіне берді.

  • Көке… көкетай… Не істемексіз мені. Байламаңызшы, жалынамын, айтқаныңыздың бəрін істеймін…
  • Мыйза-ау, жаш баланың жазығы жоқ қой…
  • Өй, нəлеті, сен де басынған екенсің, қарның тойған екен бай жылқысының қартасына. Мə саған ендеше! – Үкітай қолындағы дырау қамшысымен атшының басынан тартып жібергенде оның шекесінен қара қан бүрқ етіп, қар үстіне отыра кетті.

Жерде жатқан арқанды алып, Үкітай үйінді қардың үстінде жан далбасамен өрмелеп бара жатқан баланы етегінен тартып алды да, шырқыратып қолын байлай бастады.

  • Үкітай? – деді маналы бері əзер шыдап тұрған Өмекей олардың қасына жетіп келіп. – Қоя бер баланы!
  • Не дейсің? – Ол Өмекейге тесіле қарады.
  • Қоя бер деймін.
  • Неге?
  • Баланың жазығы жоқ.
  • А-а, солай ма? Бəлкім, інімді құдыққа сен итеріп өлтірген шығарсың да, бұл күшіктің əкесін ұстап бере салған боларсың, əйтпесе, неге мұның жазығы жоқ дейсің?
  • Қылмысты жасаса əкесі жасады, ол балада не кінə бар. Босат! Шырылдатпа жетімді! Кек қайтарудың жолы мұндай болмайды.

Осындайда пана болар кісі табылғанына қуанған бала қырғидан қашқан торғайдай жүгіріп кеп Өмекейдің етегіне жармасты.

 

  • Көкетай, тимесінші маған, қой деңізші. Айтқаныңыздың бəрін істеймін…

«Менің айтқанымның бəрін істеп не көгертерсің, жазған бала-а! Мен саған не айтармын, қаршадай боп сен не тындырмақсың.

Бесіктен белі шықпаған балаға азап сыйлардай бұл неңді алып еді, о, сұм өмір!»

Өмекейдің ет жүрегі езіліп кетті. «Обалыңның бір ұшы менде жатқанын сезбейсің-ау, байғұс, – деді ол ішінен. Сол кезде шындықты айтсам мұндай күйге түспес те едің. Жалтарып айтып, құдай алдында бір күнəға батсам, сенің қазіргі күйіңді ойлап қабырғам тағы қайысады. Əкеңнің қу тақыр екенін біз қайдан білейік. Шерəлі ауылынан деген соң жерден жеті қоян тапқандай бəріміз өре тұрып, одан есемізді бір қайтарайық деп ойлап қалмадық па? Қолдан келер не амал бар? Шындықты енді айтқанда маған кім илана қояды, мына тұрған елірме есерлер өзіме жабылмай ма? О, бейшара бала!»

Өмекей Тұңғыштың маңдайынан сипап, арқасынан қақты.

  • Қорықпа, саған ешкім де тимейді. Көктем шықсын, сонда апаң да келеді. Жылама, көп жыласаң олар келмей қояды, білдің бе?
  • Білдім.
  • Енді жыламайсың ғой?
  • Жыламаймын, – деді ол өксігін баса алмай тұрып.
  • Бар, жұмысыңды істей бер.

Жат адамдардың арасынан бір жанашыр тапқанына қуанып, бала көңілі көтеріліп, қораға қарай жүгіріп кетті.

  • Бəрің жаусыңдар, бəрің, шеттеріңнен! – деді Үкітай дəрменсіз айқайға басып. – Сенгенім сен едің, енді сен де жауымның маңдайынан сипадың. Не боп барады бұ дүние! Жалғыз барамын, жалғыз! Шерəлінің отанына тым болмаса бір ойран саламын. Доскей ауылынан да бір еркек табылады екен ғой деу

 

үшін барамын. Өлсем өлігім сонда қалсын! Өңкей жасық немелер! Жылайын десең еркек басыңа мін, жыламайын десең ішің қазандай қайнап барады, бас көтерер бір жан жоқ.

Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете бермек бəрі де. Ал, отырыңдар, от басында омалып!

Үкітай үзеңгіге аяқ сала бергенде:

  • Жол болсын! – деген Доскейдің салмақты үні естілді. Баласы жалт бұрылып əкесіне қарады да:
  • Бүгіннен қалдырмай жинап бер жігіттеріңді. Əйтпесе, өзім аттанамын, – деді.
  • Қайда аттанбақсың?
  • Кеше ғана бір үйір жылқыңды айдап кеткен Шерəлінің ауылына.
  • Жылқыны айдап кеткен Шерəлі емес, боран. Өліктері табылды. Əй, балам-ай, – деді ол күрсініп. – Сенде бар ыза, сенде бар намыс өзгеде жоқ деп ойлайсың ба? Жалғыз шауып не тындырмақсың, көп боп барып не бітірмексің? Бүкіл ауылыңды жиғанда, Шерəлінің жарты ауылынан аса алмайды. Ақылмен істе, құр шабынғаннан түк өнбейді. Күштінің аты күшті. Ес жияйық, іргелі ел болайық.

Доскей жайлап басып келіп, ағаш бұтайтын дөңкенің үстіне отырды. Қабағы тым салыңқы. Ар жағында шығара алмай тұрған бұдан да маңызды бір түйткіл бар сияқты. Бəрі де үнсіз. Əке қолындағы қамшының сабымен шашылған ағаш жаңқаларын бір жерге жинап, қайта шашып жіберді.

  • Əке, не болды? – деді Үкітай оның қасына келіп ақырын ғана.
  • Өмекей, – деді Доскей ұлының сауалына жауап бермей.
  • Құлағым сізде?
  • Əкең үйде ме?

 

  • Үйде.
  • Малдарын шашыратпай жинап отырсын. Боран басылып, қар қатып, уақ мал жүретіндей болған кезде Қабантауға көшеміз.
  • Не дейсіз?
  • Екі жігіт қосарлана сұрады.
  • Сол. Шерəліге жайлау тарлық етіпті. Болысекем бүгін осылай шешті. Күштінің аты күшті.
  • Қорлық қой, қорлық қой бұл, əке-ау! – Ұлы терісіне сыймай ат жалынан құшақтап тұрып, еңкілдеп жылап жіберді.

Тұңғыштың көз алдында сол бір сəт əлі тұр. «Доскей ауылы көшетін бопты» деген хабарды естіген соң, өзгеден күтер үміт жоқ байғұс ана ақ қар, көк мұзға қарамай кештетіп осында жетті. Көшер мезгіл көктемге салым болса да, ызалы Доскей қыстың қырауында-ақ кереге жығып Қабантауға өзгелерден бұрын аз ғана адаммен өзі кеткен. Мұндағы мал-жанның бəріне бас боп қалған Үкітай кір жуып, кіндік кескен жерден біржола кететін болғанына іші қан жылап, «ит ашуын тырнадан алады» дегендей ауыл адамдарының екі аяғын бір етікке тығып, бөріктіріп жүр.

  • Айдаңдар! – деді ол ақырып. – Көштен қалып қоятын болдық қой, кеуделеріңде жандарың бар ма, пəдеріңе нəлеттер! Əй, боқмұрын, нағып тұрсың сүмірейіп, шығар тайларды!
  • Ағатай… енді апам қайтіп табады мені?..
  • Онда менің жұмысым жоқ, айда малды! Жас бала көзінің жасын кілт тыйып, жыңғыл қораның есігін айқара ашты.

Жылқылардың дүбірін естіп, тықыршып тұрған тай-жабағылар сыртқа лап қойды. Осы сəт жас баланың құлағына анасының таныс дауысы естілгендей болды. Жабырқау көңіл селт етіп, ол артына жалт қарады.

  • Менің Тұңғышым осында ма екен, айтыңыздаршы?

 

  • Сен оның кімі едің?
  • Анасымын. Жер түбінен жаяулатып жаңа жеттім. Баламның қайда екенін айтыңыздаршы, құдай үшін! Аман ба, менің жарығым?

Тұңғыш қолындағы құрығын тастай беріп, «апа-а!» деп анасына қарай құстай ұшты.

  • Құлыным!.. Құлыным! Жарығым, жалғызым, бар екенсің ғой, сені де көреді екенмін ғой, шүкірім!..

Анасы еңіреп жылап, бір жылдан бері көрмеген перзентін ыстық құшағына қысып, екі бетінен алма-кезек сүйе берді.

  • Иісіңнен айналдым-ау, шыбыным. Тумай жатып мұндай күйге түсердей не жазып едік, қу құдай! Екі көзің жəудіреп, осында қалғаның есіме түскенде шықпаған жаным ғана жүрмеді ме мен сорлының. Тірі жетім болған көкешім менің!
  • Апа… апа, са… сағындым ғой сізді. Неге келмей кеттіңдер?
  • Жыламашы, жыламашы, күнім. Келдім ғой, міне.
  • Енді… енді үйге алып кетесің бе?

Анасының өзегі өртеніп, бұрынғыдан да қатты егілді.

  • Жоқ… жоқ, құлыным. Көктемге салым келемін, сонда алып кетемін.
  • Қалмаймын, қалмаймын. Үйге алып кетші, апатай. Көкем… көкемнің өлгені рас па?
  • Жоқ. Оның жұмыстан қолы тимей жүр, шыбыным. Көктемде ол да келеді. Сені атқа мінгізіп алып кетеді.
  • Неге бүгін алып кете бермейсің? Бұлар мені боқтайды, ұрады. Қалдырмашы, апатай!..

Баласына қандай жауап, қандай алдау айтарын білмей ананың буын-буынынан дəрмен құрып, тəлтіректеп кетті. Тірі жетім боп, аманат қалған баласын қайтсем құтқарып аламын деп,

 

байғұс ананың жылу сұрап бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Əке-шешесі ерте өліп, кісі есігінде қалған сорлының байқап қараса бөліп бере қояр жанашыр жақындары жоқтың қасы екен. Бұрын көріспеген ағайындар басқа түскен қайғыны салған жерден бөліп кете алмай, «ойласайық, өзгелер не дейді екен. Көктемге шейін шыдай тұр, мал басы көбейсін, сонда келерсің. Сорың құрғыр, қарап жүрмей кісі өлтіріп несі бар?

Жала дейді, неғылған жала? Шөптің басы жел тұрмаса қимылдамайды. Сөйт, көктемде кел» деп құрғақ сөзбен шығарып салды. Ендігі бар үміті жамағайындарда ғана.

«Көктемде келемін» деп баласын жұбатып тұрғаны да сол.

«Мені бүгін неге алып кетпейсің?» деп тұрған баласына мұның бəрін қайтіп айтып жатсын, айтқанменен ол түсінер ме? Өзі кеткен соң бала көңілі бұрынғыдан да жетімсіреп, жасып қаларын ойлап тұрған ана екі өкпесін қолына алып, осында жетуін жеткенмен енді қайтып ажырасудың жолын таппай, бауыры езіліп, қабырғасы қайысты. Осылай боларын күні бұрын сезіп те еді, келмей жүргені де сондықтан, бірақ, Доскей ауылы көшетін болған соң ана жүрегі қойсын ба, шыбын жаны шырқырап жолға шыққанын өзі де білмей қалған жоқ па? Енді не істейді, қолдан келер шара қайсы? Ұлының шырқырап қалған үні құлағынан кетер ме, сол дауыс жатса-тұрса маза беріп, көмейінен ас өткізіп, кірпігін айқастырар ма? Осы кезде Үкітайдың: «Ей, айдаңдар! Əлгі Аманат баланы жер жұтып кетті ме?» – деген айбарлы дауысы естілді. Ана жүрегіне біз сұғып алғандай денесі тітіркеніп кетті. Үкітай бұларға жақындап келіп, үңіле қарады.

  • Сен кімсің, қайдан жүрген қатынсың?
  • Мен Тұңғыштың анасы едім, мырза. Бір иіскеп кетуге келдім.
  • Е-е, с-солай де? Мұның да жоқтаушысы бар екен ғой.
  • Мал екеш малдың да иесі бар, адамның жоқтаушысы неге болмасын, мырза. Сіздерге аманат болғанымен менің ішімнен шыққан балам ғой.

 

  • Аманат құнын қашан өтейсіңдер?
  • Бар болса жалғыз баладан аяп отыр дейсіз бе, мырза. Бар дүние оның бір жылағанынан садаға кетсін!
  • Олай болса дүние жинаған күні келерсің. Əй, боқ мұрын, мін атқа, тұра беретін уақыт жоқ.
  • Апа, апатай, бермеші мені, алып кетші бірге! – Ол анасына тығыла түсті.
  • Бар… бара ғой, күнім. Көктемде… көктемде кеп ап кетемін. Шүкірім, шыбын жаным əшейін. О, ж-жаратқан құдай, қу құдай!..
  • Ел көшіп жатқанда сұңқылдап жылағандарыңды доғарыңдар. Жібер баланы! – Көкетай, жіберіңізші мені ауылға. Кейін қайтып келемін ғой…
  • Не дейді мына күшік? Мін атқа тез. Бол!
  • Жалынам, көкетай!..
  • Өй, нəлеті, жабыса қалуын қарашы. Бері кел бермен!

Үкітай ат үстінен еңкейіп, баланы ана құшағынан суырып алды да, сүйреп апарып аттың үстіне қарулы қолымен отырғыза салды.

  • Ұста тізгінді! Жүр тез!
  • Апа-а-а!
  • Құлыным!..

Көшкен елдің малын айдап, шырқырап бала кетті, көшкен елдің жұртында көкірегі қарс айырылып, жападан жалғыз ана қалды.

* * *

Қақаған қыс ортасында ірге көтеріп, ауа көшкен ызалы Доскейдің əбігерлі ауылы жаңа қонысқа у-шу, ырду-дырдумен

 

жайғасып жатқанда Үкітай ұшты-күйді жоқ боп шықты. Уақытша лыпа қып салынған қораны қарады, ат та жоқ, ер- тұрман да жоқ. Жылқышылардан сұрағанда олар мандытып ештеңе айта алмады, тек, түнеу күнгі сақау ғана: «Аш-шу ішейдің алдында көйіп ем. Мыйзаекем жылап отыйған. Сұйауға батылым жетпеді», – деп күмілжіді. Доскейдің жүрегі су ете қалды. «Сол жаққа кетпесе нағылсын! Жеті түнде адасып кетер ме екен сорың құрғыр. Адаспай жол тауып барған күннің өзінде де аман қайтуы екі талай-ау?»

Ол аз-кем үнсіз тұрып қалды. Қабағы қатулы. Қою қастарын бір-екі қосып-жазып алды да: «Жиналыңдар тез! Өмекей де

жетсін», – деді. Ақ үйдің ағаш есігін тез ашып, ішке кірді. Ортада сытыр-сытыр етіп сексеуіл жанып жатыр. Ол шөкелей отырды да түтінсіз жанып жатқан жуан-жуан сексеуілді бір-біріне қағыстырып жіберіп, балуан саусақтарын жылуға тосты.

«Шынымен қартайғаным ба? Ақ қар, көк мұзда елді абыржытып, бала-шағаны суыққа тоңдырып… Көктемге шейін мені ешкім қуған жоқ еді ғой, азап айдады ма, ажал айдады ма? Қырсық мінезден не таптым? Шерəлінің несі кетті, күлген үстіне күліп жатыр-дағы. Аманат баланың шешесі келген дей ме? Салт емес, қолында баласы да бар көрінеді-ау! Бейшара-ай!.. Үкітай қайда кетті екен? Шынымен Шерəлі ауылына ма? Бұ бала аман қайтса жақсы, мертігіп қайтса қайтіп шыдарсың, тірі жанбыз ғой… Шерəлі екеуміздің арамызда дау жүр еді, енді кеп сойыл араласпақ па? Ол қашан бітпек, кімді кім жеңбек? О, Алла! Əлде баламның айтып жүргені жөн бе екен? «Не ел боламыз, не жер боламыз» деп отырып алсам, мынау шуылдап жүрген жұрт мені жалғыз тастамайтын еді ғой. Əке-шешемнің сүйегі жатқан ата мекеннен безіп, ол аз болғандай қыс ішінде үдере көшіп… Əсте, қартайған шығармын осы…»

  • Не болды, байеке-ау? От басында отырғаның қалай? – деген бəйбішесінің үні оның ойын бөліп жіберді.

 

Ол жаймен басын көтеріп, жартысы жанып біткен сексеуілдерді жоғары ысырды да, орнынан тұрды. Үкітайдың жайын бəйбіше білмейді. Бір жақты болғанша оған естіртпеңдер деген өзі.

Ортаншы ұлы құдыққа түсіп қайтыс болғаннан бері уайымшыл боп біткен. Балалары көз алдында жүрмесе көмейінен ас өтіп, кірпігі айқаспайды.

(Бұл кітап телеграмдағы «қазақша кітаптар» арнасынан алынды)

  • Жай ғой, – деді Доскей баяу үнмен. Мал жайын байқап келейінші.

Сүт пісірімдей уақыт ішінде Өмекей бастаған он шақты жігіт атқа қонып, Шерəлі ауылына суыт жүріп кетті. «Өмекей, – деген Доскей оның тізгінін ұстап тұрып. – Есің бар ғой, жігіттерді күшке жіберме. Онымен ештеңе өнбейді. Көшпей тұрғанда бір сəрі, енді керегі жоқ. Үкітайды қуып жетіңдер. Ашуынан қайтсын. Көнбесе, байлап алып келіңдер. Қалғанын өзім сөйлесем. Ал, жолдарың болсын!» Топты Өмекей бастағанмен жол бастаушы Салық сақау. Құдай қырсығына алып қақтығыса кетер сын сəт туса оның қайрат көрсетіп, жағадан ұстасары шамалы, бірақ боранды далада одан асар жер танығыш ешкім жоқ, алдың күні Қабантауға жұрт үдере көтерілгенде де көштің алдын осы бастаған.

  • Бастарыңды бұға бермей, тың тыңдай жүріңдер, – деп қояды Өмекей жол бастаушының соңынан үнсіз желіп келе жатқан жігіттермен қапталдасып. – Кім біледі, адасып кетті ме?..
  • Мыйза-екем бұл жейден адаспайды, – деді Салық алаңдамай тез жүре берейік дегенді аңғартып.
  • Ескі жұртқа соғайық. Жолымызда ғой. Бой жылытып алмасақ болмас, – деді Өмекей.

Кеше кешке шыққан он жігіт сар желдіріп отырып ескі жұртқа таң атқан мезгілде əрең жетті. Қарсыдан соққан қарлы боран ат

 

үстіндегі жоқшылардың аяқ-қолын қарыстырып, əбден титықтатып кетіпті.

Қас-қабаққа мұз қатып, ауыздағы түкірікке дейін мұздаған. Ескі жұрт көзге оттай ыстық басылды. Үйреніскен қора-қопсының орнын көріп, иісін сезген жылқылар оқыранысып сала берді.

Жігіттер аттан түсіп, ескі тамға кіргенде Салық жылқышы табалдырықты тəуетіп: «Жайықтық, – деп кемсеңдей жөнелді. Мыйзакемнің отау үйі еді ғой. Талай иет төйіне де шығып ем.

Əлі өзгеймепті жайықтық». Ол ішкі үйге аяқ салды да сол бойы жансыз адамдай қалшиып тұрып-тұрып, «Өм-еке!» деп шыңғыра айқайлап, есінен айырылғандай екі көзі алақандай боп шегіншектей берді.

  • Не болды! Не көрдің сонша!

Өмекей бір сұмдыққа тап болғандарын сезіп, ішке тұра ұмтылды. Сол сəтте көз алдындағы дүние қарауытып, жер шайқалғандай тəлтіректеп кетті. Үйдің қақ ортасында ақыреттей суық қара жерде үстінде жалғыз ғана жұқа көйлегі бар жансыз əйел жатты. Жігіттер лап қойды. Əйелдің денесі серейіп қатып қалыпты. «Астапыралла, бұ нағылған əйел!

Көйлекшең жатқаны несі? Иесіз жұртқа неғып келген?» деп абыр-сабыр боп жатқанда, өзгелерді киіп-жарып ортаға Өмекей де үңілді. «Сорың құрғырай, – деді сыбырлап, еріксіз сорғалаған көз жасын орамалымен сүртіп, – жұртта қалған соң үйіне жете алмайтынын білген екен ғой! Бейша-а-ра!»

  • Танушы ма едіңіз?
  • Танимын. Алдың күні сыртынан көргем. Аманат баланың анасы ғой.
  • Обал-дағы-ай!
  • Бейшара-ай!

Өмекейдің есіне əлдене түскендей селт етіп, жігіттерге үрейлене қарады.

 

  • Қолында нəрестесі бар еді ғой!?

Қарбаласып жүріп ешкім байқамапты, төргі күңгірт бұрышта əлдене қараяды. Салық жылқышы өзгелерден бұрын ентелей жетіп, қарайған нəрсені қолына көтеріп алды.

  • Нəйесте ғой мынау. Өм-еке-ау, нəйесте ғой!.. Садағаң кетейін- ай… Анасы байлық киімін шешіп ойап тастапты. О, бейша-й-ай! Екеуі де жүйтта өліпті-ау!

Ол нəрестені ораған киім-кешекке маңдайын тигізіп, дауыс шығарып еңкілдеп жылады. Бəрі де көзіне жас алды. Салық жылағанын кенет шорт үзіп, үнсіз қалды. Аяз қақтап, жер беттенген қара қошқыл жүзіне қуаныш жүгіргендей айналасындағыларға бір қарап алды да, баланың бетін тез-тез аша бастады.

  • Сүйінші, сүйінші! Өмеке! Бала… бала тиі екен! О, жайатқан, о құдиеті күшті құдай! Əні, дем алып жатый. Қайаңызшы, пыс- пыс етеді.

Салық жүгіріп кеп баланы Өмекейдің алдына тосты. Өмекей нəрестені қолына алып, бетіне үңілгенде ол дабыр-дұбырдан талықсып жатқандықтан ба көзін болар-болмас бір ашты да қайта жұмды. Денесі жылы екен. Өмекей ауыр бір күрсінді.

«Құдайға шүкір, құдайдың мұнысына да шүкір. Көрер күні бар екен де бейшараның. О, алла, кеше гөр. Не боп барады бұл! Енді жалғыз анасының да өлгені ме бейбақтың? О, алла, о, алла-а…»

Жұртта қалған ескі-құсқы шүберек пен ана киіміне оралған кішкентай бір жүрек лүп-лүп соғып жатыр. Бір тіршілік үзіліп, бір тіршілік жалғасыпты, бір өмірдің жолында бір өмір құрбан бопты.

Жамағайын Доскейдің айтқанынан шыға алмай көп ауылдың бірі боп оның соңынан амалсыз ерген Өмекейдің көңілі екі-үш күннен бері мына жетім жұрттай құлазып жүрсе, аманат бала обалының бір ұшы өзінде жатқанын іштей мойындататын ауыр

 

бір сезім жатса-тұрса көкейінен бір кетпей, адамдық арын күн сайын түрткілеумен келген-ді. О баста жасаған қиянатымды қайтсем ақтаймын, қайтсем өтеймін деп іштей арпалысып, азапқа түсіп жүргенде бейбақ баланың соңғы тірегі, соңғы сүйеніші – анасының жан түршігерлік өлімінің үстіне түсіп, қылмысына қылмыс қосылып, күнəсі ауырлай түскендей болды. Қолында жатқан шалажансар сəби мен жазда жалақ, қыста тулақ боп мал соңында жүрген аманат баланың бір кезде өзі жасаған қиянаттың бейкүнə құрбандары екенін, олардың əке-шешесінің өлімі де, өздерінің сөз жоқ қайғылы болашағы да, бір үйдің шаңырағының ортаға құлап, ойран болуы, бəрі-бəрі де өзінен басталып, өзіне тірелгенін ол жақсы түсінді. Өздерінің ақ түтек боранда атқа қонған мақсаттары Үкітайды іздеу болса да жол-жөнекей алдың күні жұртта қалған осы бір панасыз бейшараның күні не болғанын ойлап, жеткенше шыдамы таусылды. «Ескі жұртқа соғайық, бой жылытып алмасақ болмас» дегенде көкейіндегі шешпек болған түйткілі де осы еді. Сол түйткіл осылай шешіліп, ауылдан аттанып шыққанда жүрегінің алыс түкпірінде сумаңдаған сұп-суық күдігі шынымен-ақ расқа айналды.

…Жаңа қыстаққа жаңа қоныс тепкен шағын ауылдың бес-алты адамы Қабантаудың басынан алғашқы мола қазып, бейтаныс бір əйел мен үйге жеткізгенше шыдай алмай жолда жан тапсырған нəрестені қатар қойып жатқанын Тұңғыш білсе де олардың кім екенін сезген жоқ. Бар білетіні – ұнжырғалары түсіп, күбір-күбір сөйлескен жұрттың өзіне əдеттен тыс жиі-жиі көз тастап, белгісіз бір аянышпен қарайтындары ғана. Ал анау, ақсақ жылқышы елден ерекше неге жылап жүр, «шыйағым-ай, үйге аман жеткенде адам боп кетей ме ең… бала қып асыйап алаймын деп қуанып ем, бейшалай-ай» деп сарнай беретіні несі? Туыстарының біреуі болған-ау шамасы? Өмекей ағай менің басымнан неге сипайды, көзіндегі жасы несі? Шерəліні өлтірмек боп жалғыз кеткен Үкітай бір аяқ, бір қолын үсітіп, өлімші хәлде адасып қайта келгенде де бұлай қобалжымап еді ғой…

 

Бəрін ол кейін, бір ай өткен соң білді. Құлындағы дауысы шығып шыңғырып жылағаны есінде. Жалаңаяқ, жалаңбас анасы мен туғалы көрмеген інісінің бірі үлкен, бірі кіші моласына қарай шырылдап жүгіргені есінде. Қуғыншыларға қарасын көрсетпей молаға жетіп жығылғаны есінде. Ана моласының тас боп қатқан топырағын тырналап, саусағынан қан аққаны есінде. Артынан келген адамдардың көтеріп əкеп атқа отырғызғаны есінде. Əрі қарай не болғаны жадында жоқ.

Арада бір жылдай өткен соң оның Тұңғыш аты да Аманат аты да жойылып, Кеңкелес атанды.

Кеңкелес бала… Кеңкелес ағай… Кеңкелес кісі…

Талай жайлау ауысты, талай қыстақ қаңырап қалды. Мың жасайтын Шерəлі де өлді, дұшпанынан кек ала алмай, іштей тынып Доскей де көз жұмды. Екі атадан қалған екі бала əкелері тындырмағанды өздері тындырардай, өзекті жанға келмей қоймайтын өлім нақ бір бұларды айналып өтердей бір-біріне бұрынғыдан бетер өшіге түсті. Бірақ, Кеңкелес үшін мына дүниеге құдық қазып, мал бағу, сəті түссе тоя тамақ ішіп, ұйқысы қанып оянудан басқа мақсат та, қызық та жоқ. Өзгелер сияқты ол күлмейді, күлдірмейді, қымыз ішіп, қызара бөртіп жүргісі де, бозбала боп қызға қырындағысы да келмейді. «Бұл мағынасыз тіршілік қашан бітеді, қашан ел қатарлы мен де қатын алып, түтін түтетем?» деген сұрақ жапан далада жалғыз айлап-жылдап жүрсе де санасына бірде-бір рет келген емес. Ол жағы ойына кіріп те шықпайды. Оған енді бəрібір. Дүние төңкерілсін, жер-əлемді топан су қаптаса қаптай берсін, тек алдындағы бір үйір жылқы көзден таса болмаса, мал жайлаудан түскенде күні-түні қазатын қырық құлаш құдығы орнында тұрса болғаны. Марқұм əкесі сияқты төгілген терінің ақысын да сұрамайды, қатын алып, нəресте сүйіп, молдаға бала оқытамын

 

деп əуреленбейді де. Тек… иə, тек мырза-екем оның кей уақта Қабантауға барып, анасы мен інісінің моласын бір көріп қайтатынын білмесе, басқа не уайым бар?

…Кеңкелес отыз бір жасында Үкітай ауылынан кетті. Ее, ол есінен шықпайды ғой, қалай шықсын!

Аласапыран көктемнің кезі еді. Кеңкелес жылқы бағып жүріп ат үстінде қалғып кетіпті. Кенет əлдекім: «Əй, Тұңғыш, Тұңғыш!» деп айқайлағандай болды. Ол басын көтеріп алып жан-жағына қарады. Тірі жан жоқ. Қайта көз жұмды. «Ойбай-ау, сен маған қарамайсың ғой. Танымай тұрмысың!» деген дауыс тағы естілді. Анасының үні ғой! Қайдан естіліп тұр?! Ол ұйқысын ашып, ерге жөнделіп отырды. Əдеттегідей құлағы шуға толып, басы айналды. «Барайын, барайын. Шақырып тұр ғой». Ол ештеңеге алаңдаған жоқ, жылқы лағып кетер деп ойламады да, атқа қамшыны басып-басып жіберіп, көш жердегі Қабантауға қарай шаба жөнелді…

Қайтып келгенде жылқының бірін де таба алмады. Қас қарайып, көз байланғанда ауылға келді. Тура Үкітайдың есігінің алдына кеп аттан түсті. Ошақ басында жүрген қатын-қалаштар шу етіп үйге тығылды.

  • Сұмдық-ай, көзі қызарып, беті түтігіп кетіпті!
  • Құс келетін кезде жындылық қозады деуші еді…

Кеңкелес оларды өкшелеп кеп, босағаның сыртына тоқтады.

  • Мырза-екемді шақырыңдар, – деді гүр етіп. Осы кезде іштен Үкітайдың өзі де шықты.
  • Ей, сен қайдан жүрсің, жылқы қайда нəлеті!
  • Қорада. Анау, шеткі қорада. Қамап қойдым. Бəрі түгел.
  • Не деп тұр-ай, мына кеңкелес! Жылқыны қораға қамағаны несі?

 

  • Сенбесеңіз көріңіз. Бəрі түгел. – Ол Үкітайға қарап ыржия күлді. Үкітайдың көзі аларып, бір-екі адым кейін шегінді де, шеткі қораға қарай жүгіре жөнелді. Артынша жер беттеніп қайтып келді.
  • Жігіттер, ау, жігіттер! Ұстаңдар, байлаңдар мына жындыны?
  • Мырза, мырза, сенбейсіз бе? Жылқының бəрі түгел еді ғой. Жаңа ғана айдап кіргізгенмін. Бəрі түгел!
  • Ойбай, ойбай ғана кеңкелес-ай! Бір үйір… бір үйір жылқы жоқ! Қайда, қайда құрттың бəрін, айт жаныңның барында!
  • Сойып жедім. Түгел, бəрін, бірін қалдырмай. – Кеңкелестің түсі бұзылып оған жақындай берді. Ашудан жарылып кетердей боп тартып жібергелі қамшысын көтере берген Үкітай оның кісі жерлік мына түрінен шошып, кейін ығыса берді. Осы кезде жігіттер де жетіп кеп, Кеңкелесті əп-сəттің ішінде байлап тастады.

…Жылқыны Шерəлі ауылының жігіттері барымталап кетіпті. Ол үш күн бойы байлаулы жатты. Суға салынған қыл шылбыр

əбден кеуіп, сүйек-сүйекті сындырып барады. Осы кезге шейін

нəр татқан жоқ, есіктен бір адам бас сұғып қарамады. Есі жиылып қапты. Алдың күні не істеп, не қойғанын біле алмады. Бар білетіні жылқылардың жоғалғаны ғана. «Байланғаны несі? Ұрмай ма? Сындырып бара жатқанын қарашы. Оһ-о-о! Ұрған жақсы ғой. Тамақ берсін, сонан соң ұрсын, қанша ұрса да ұра берсін. Байлағаны несі… Оһ-о-о! Ұрғаны жақсы еді-ау!» Осы кезде іргенің киізі түріліп, ішке бозамық жарық түсті.

  • Əй, əй, Кеңкелес, – деді əлдекім сыбырлап. – Қайның ашты ма? Ол дауыс шыққан жаққа мойнын бұрды. Сақау жылқышы екен.
  • Иə, – деді Тұңғыш.
  • Мен саған ет əкелдім. Сүйегі жоқ. Бір түииін қалдыймай же.

Əйтпесе, миза мені өлтиеді. Мақұл ма?

 

  • Мақұл.

Ол керегенің көзінен екі кесек піскен етті тастай салды да, ізім- қайым жоқ болды. Тұңғыш аунап жүріп əзер жетті. Етті жеп бола бергенде сықырлап есік ашылды да əлде кім лып беріп ішке кірді.

  • Тұңғыш, қайдасың? – деді келген адам сыбырлап.
  • Мұндамын. Өзің кімсің?
  • Өмекеймін ғой.
  • Жылқы табылды ма?
  • Оны қайтпексің, жазған. Табылғаны құрысын, ертең сені Үкітай ат құйрығына байламақшы.
  • Ат… ат құйрығына!..

Кеңкелестің көзі қарауытып кетті. Өзге білмесе де ат құйрығына байлап сүйреткеннің азабын ол жақсы біледі. Дүниеде адамға көрсетілер барлық-барлық жаза атаулының ішінде дəл осылай жан қинаудан өткен сұмдықтың жоқ екеніне бұл байғұстың былтырғы қыс көзі жеткен. Үйірден он төрт бие бөлініп кетіп, өлігі табылғанда асау қара төбелдің құйрығына байланып, күн батқаннан ел ас-су ішіп болғанша аппақ қардың тозаңын бұрқыратып, тəңірдің тағы бір тəлкегіне айналмады ма. Онда шыбын жанды тек қар сақтап қалды ғой. Үйтіп қалған жаның да құрысын. Екі жеті бойы өлі мен тірінің арасында есеңгіреп жатты. Қазір ғой жер қара. Сүт пісірім сүйретілсе бір жапырақ бейшараның құдай-ау, несі қалмақ! Онсыз да мұрнының ұшына кеп тіреліп тұрған жаны ауылды бір айналғаннан-ақ шығып жүре береді ғой.

Кеңкелестің денесі дірілдеп, көзі жасаурап кетті. «Ат құйрығына байланасың» деген сөз мірдің оғынан да қатты тиіп, күні бойғы денесін сығып өлтіріп бара жатқан кепкен қыл шылбырдың азабы жай əшейін ойыншық боп қалды.

 

  • Енді… енді не істейміз, көкетай-ау?!
  • Өшір үніңді, жазған! Айқайлама, біреу-міреу естіп қойып жүрер. Қимылдамай жата тұр солай. Өмекей қонышынан пышақты суырып алып, қыл шылбырды бырт-бырт кесіп жіберді.
  • Ал, кідірме. Қаш!
  • Қаш?! Қайда?
  • Басың ауған жаққа.
  • Көкетай-ау, мырза-екем… мырза-екем өлтіреді ғой мені.
  • Сорың құрғыр, қашып өлдің не, осында жатып өлдің не, бəрібір. Енді бөгелме. Ал, құдай жолыңды оңғарсын. Бол, тез! Кеңкелес өң мен түстің арасындағы адамдай мең-зең боп үнсіз тұрды да, кенет басын көтеріп, Өмекейге бір, даладағы меңіреу қараңғылыққа бір қараумен болды.
  • Көкетай, мырза-екем біліп қойса сізді… сізді ұрмай ма?
  • Ол жағын уайымдама. Өз басыңды алып қаш. Тірі болсақ бір жерде кездесерміз, кездеспесек сыртыңнан тілеулес боп жүрермін, маңдайыңнан соры арылмаған бейшара. – Соңғы сөзді айтқанда Өмекейдің үні қалтырап шықты. – Қош бол!

Үш күн бойы байлаулы жатқан Кеңкелес сал-сал болған денесін əзер жинап, қою қараңғылықтың меңіреу түкпіріне қарай шайқатыла басып жүріп кетті. Өзгелер секілді ата-ананың ыстық мейірімін көріп өсуге, ойнап-күлуге, бозбала боп жар сүйіп, түтін түтетіп өз алдына шаңырақ құруға қақы бар бір пенденің бүкіл болашағы мен ғұмырын, бар қызығын жұтып, оның анау жұдырықтай денесін сығымдап-сығымдап, бұдан былайғы кешер ғұмыр, сүрер өміріндегі бар жақсылығын сылып алған қарғыс атқыр аманат тұзағы пырт-пырт кесілген қыл шылбырмен бірге көрпелдеш қамайтын қараңғы үйде қала берді. Бірақ ол бостандық алдым екен деп ойлаған жоқ, жиырма екі жыл бойы мойнына сор боп мінген аманат бəлекеті əйтеуір

 

артта қалды-ау деп қуанған жоқ. Мына қараңғылықтың ар жағында не бар, ертеңгі таңы қалай атпақ, тураған еттей боп зу ете шығатын қып-қысқа өмірдің енді былайғысында жаны шықпаған кеудесін тағы қайда сүйретеді, алда не күтіп түр? Ол мұның бір де біріне көз жіберіп ой тоқтатпады, тоқтатуға шамасы да болған жоқ, тіпті өзінің қайда кетіп бара жатқанын да білмеді.

* * *

Бет алды құла дүз, қанша жүргені белгісіз. Əйтеуір бір кезде аяғынан əл кетіп, қалжырап сұлық түсті. Сол бойы талықсып ұйықтап кетіпті.

…Бас жағынан əлдекімнің бір қалыпты созылта, əндете салған дауысы естілді. Өңі екенін, түсі екенін ажырата алмай біраз жатты. Тұла бойы суықтан қалшылдап барады. Бас жағындағы сарнаған дауыс бұрынғыдан анығырақ, күштірек естілді. Ол жайлап көзін ашты. Көкпеңбек боп ашылған тұнық аспанды көрді. Күн де көтеріліп қапты. «Апырмау, бұл не? Қайда жатыр? Жылқылар қайда? Мынау кімнің дауысы, қайдан шығып жатыр?»

  • Аш көзіңді, жи есіңді. Қайдан жүрген жансың?

Тұңғыш басын көтерді. Иығында ала қоржыны бар бір кемпір өзіне төне қарап отыр екен. Қолы күсті, киімі алба-жұлба, қайыстай боп қатып қалған қара қошқыл жүзінен ыстық- суыққа əбден көнбіс боп алған кейпі байқалады.

Тұңғыш есеңгіреп кетті.

  • Апа… сіз… сіз менің апамсыз ба?
  • Қайдағы апа, бейшара! Мен диуанамын. Басыңда отырғаныма көп болды. Өлгелі жатқан бір сорлы екен деп жаназаңды шығарып отыр ем, талқаның таусылмаған екен, көзіңді ашып, тілге келдің. Қайдан жүрсің, қайда барасың?
  • Қашып келемін. Барар жерім жоқ.

 

  • Жақын туысың бар ма еді?
  • Құдай жалғыз, мен жалғыз.
  • Мұндай күйге қалай түсіп жүрсің? Шеш үстіңдегі киімдеріңді, сонан соң айтарсың. Мыналарды киіп ал, тісің тісіңе тимей барады ғой.

Диуана қоржынынан ескі-құсқы киім алып Тұңғышқа берді.

  • Көп жасаңыз, шеше.
  • Көп жасап қайтемін, «иманды болыңыз» де.
  • Иманды болыңыз. – Ол тас лақтырым жердегі су қазған жыраға барып киініп келді. Кемпір ақ таяғына сүйеніп сол қалпы қимылсыз отыра кетті.
  • Өзің қаншадасың?
  • Отыз бірдемін. Өзіңіз ше?
  • Менен бір мүшел жас екенсің.
  • Қойыңызшы!.. Бір-ақ мүшел ме? Сіз менің шешем сияқтысыз ғой.
  • Еһ, басқа түскен ауырлық кемпір етпек түгілі ет қып езіп жіберер. Өзің де жер ортасына жеткен адам сияқтысың.

Жетімдік пен жоқшылықта күнің өткен бір бейбақсың-ау, шамасы?

  • Ып-рас, тауып айттыңыз. Əкемнен тоғыз жасымда, шешем мен інімнен…

Тұңғыш өткен оқиғаның бəрін түп-түгел айтып берді. Сол азапты күндерді басынан кешіп жүргенде терең сезіне қоймаған қайғысын, өзге біреуге алғаш рет жыр ғып айтып беріп жатқанда, өз ғұмырының қасіретті екенін, анадан бейкүнə боп туып, сорлы боп өскенін тұңғыш рет сезініп, екі көзінен пора- пора жас ақты. Диуана да ебіл-дебіл боп жылады.

 

  • Менің де күйеуім, балам бар еді. Екеуі де аштан өлді. Көз алдымда өлді. Ыңырсып жатты-ау, жарығым… «нан» деп елегізіп айтқан үні құлағымнан кетпейді. Он бір күн бойы нəр татпады. Аштық өтіп, аузы-мұрнынан қара су ақтарылды да жатты. Күйеуім бір нəрсе іліге ме деп қаңғып кетіп еді, түк таппаған соң өлгелі жатқан қатын-баласын көргісі келмей есік алдына келіп, босағаға сүйеніп отырып жан тапсырыпты.

Екі пақыр көз жастарын тыя алмай ұзақ отырды.

  • Апа, мекен жайыңыз бар ма? – деді əлден соң Тұңғыш диуананың көндей қатқан бетіне қарап.
  • Бар. Алыста. Енді осы жерден қайтамын. Ел аралап өтетініме жеткенше қыс та түседі. Соңғы күйеуім жарымжан. Ол да диуана еді, аяқ-қолы сал боп қалды, енді кəріп боп үйде отыр байғұс. Менен басқа ешкімі жоқ. Ол жүріп-тұруға жарайтын кезде күн көріс те тəуір еді. Дауысы саңқ етіп, «Ақ диуана-а» деп сарнай жөнелгенде бір үй емес, қоңсылас екі-үш үй қайыр- садақасын бірден ап шығып беретін. Батаны да төгілдіріп айтатын еді. Енді міне, бар ауыртпалық маған түсті. Оған келгенде жұрт та жомарт еді, ал менің тапқаным оның тапқанымен салыстырғанда, қайда-а, түйенің бір қылғығанындай-ақ! Тісің-тісіңе тимей қалшылдап барасың ғой, мə, мынаны жамылып ал. – Диуана қоржынының бір басынан ескі шекпен алып Тұңғышқа берді.
  • Иманды болыңыз апа. Сіз болмасаңыз өліп қалғандай екемін ғой.
  • Мені де құдай айдап келген шығар. Ал, енді не істемексің, қайда бармақсың?
  • Басымның ауған жағына.
  • Ім-м… Жалшы боласың ба?
  • Иə.

 

  • Сен оны қой. Орақтан қашқан – жыраққа, бір тепкіден шығып бір тепкіге түсіп қайтесің. Одан да менімен бірге жүр.

Диуанашылық етесің.

  • Диуанашылық?!
  • Неменесіне шошисың? Диуанашылық – құдай сүйген кəсіп, құдай жолы. Өзім үйретемін, бір айдың жүзінде өз бетіңше ел аралайсың. Беталды қаңғығаннан не шығады?
  • Айтқаныңыз болсын, апа.

Тұңғыш үш ұйықтаса түсіне кірмеген мүлде жат, мүлде жаңа кəсіпке – диуанашылық жолына осылай түсті. Диуана əйелмен танысқан күні түні бойғы суықтан денесі қалтырап, жүруге жарамады. Сонан соң ауыл шетіндегі бала-шағасы көп бір жесір əйелдің үйіне үш күн қонып əл жиды, оңалып алды. Шиеттей балалар əуелгіде екі диуанадан қорқып үрпиіскенімен ала қоржынның іші күлше-құртқа, өрік-жаңғаққа толы екенін, диуана деген аты болмаса олардың да өздері көріп жүрген адамдардай екенін біліп, бірте-бірте бойлары үйрене бастады.

Диуана жатқан үйдің əйеліне екі қадақтай ұн, жарты қадақтай мұз қант беріп, дəліздегі алашасын сұрап алды да, ертең жолға шығамыз деген түні қоржын етіп тігіп Тұңғыштың басына қойды.

Ертең ол диуанашылық жолға түседі! Бұдан бірнеше жыл бұрын молдадан дəріс алып, «кімсің – Қомшаның молда баласымын» боп шыға келетін тоғыз жасар бала, отыз бір жасында иығына қоржын асып, қолына ақ таяқ ұстап ел-елден қайыр сұрайды.

«Бір үй қалса диуананың көңілі күптігей», бар ауылдың итін абалатып, əр үйдің босағасы алдында «ақ диуана» деп сарнап тапқан-таянғанын қоржынға жинайды. Ақша ма, нан ба, киім бе, құрт па бəрібір, бергенін ала береді Тамақтың жегенін жейді, артылғанын жетім-жесірге үлестіреді, жыртығы жоқ киім болса

 

базарға барып өткеніне сатады. Торғайдың шоқығанындай тістеп-тырнақтап жиналған ақша тер сіңген орамалға түйіліп, шидем-шекпеннің қалтасына түседі. Сол ақша ақ қар, көк мұз үш ай қыста жан бағуға, бала-шағаң болса өзің жеті-сегіз айдан кейін қайта оралғаныңша солардың ыстық қауметіне, күнделікті талшығына жетеді. Ал, Тұңғыш кім үшін қайыр сұрайды? Əуелі құдай, сонан соң өз қарақан басы үшін. Өзіне қарағанда əкесінің арып-ашып тапқан табысы да қадірлі екен ғой. Ол марқұм əйелі мен баласы үшін отқа да, суға да түсті, сөйтіп жүріп көз жұмды. Бірақ, көзін ашқаннан көңілі бəсейіп, жаны жасып, жігері майырылған Тұңғыш өмірдің мұндай бұлталаңдары жайлы ойлаған да жоқ. Оның бар ойы – ертеңгі жол, үш күннен бері диуана үйреткен түсініксіз шұбыртпа сарнау. Соны қайткенде де ұмытпауы керек. Жол қандай?

Азапты ма, алыс па, сол жолдың бітер кезі болар ма, біткен күннің өзінде əрі қарай не істейді? Өмір бақи ит абалатып, қайыр сұрай бере ме, «отын – олжа, су – қорлық», азаннан қара кешке дейін ақтап жүріп, қоржын толған соң қонаға жай сұрап, əр үйдің қас-қабағына қарап осылай кезе бере ме, əлде екі қолға бір жұмыс, жан бағатын басқа кəсіп іздей ме? Тұңғыш бұл жағын да ойлап жатпады. Диуаналық өмірдің он шақты күні артта қалып, əуелгіде жаны шошыған кəсіпке еті үйреніп, тілі жаттыға бастады. Диуана əйел оны жанынан тастамай баули берді. Кейде «Ақ диуананы» өзі айтпай Тұңғышқа жүктеді.

  • Үйрен. Мен қашанғы қасыңда боламын, – дейді ол оңаша шыққанда, – дауысың жердің астынан естілгендей көмескі, ұялмай сампылдап қоя беру керек. Сөзін ұмытып қала бересің. Жаңағы үйдің иесі қайырды сүлесоқ, көңілсіз берді. Міне, былай айт.

Ол сөз бен сөздің арасын бөлмей біркелкі əндетіп қоя берді.

  • Ақ дүу-сс, ақ диуана, е, алла, жақсылығыңды аяма, жеттім дегенде жығылма, толдым дегенде төгілме-е алла, мұсылманға ақ ниетіңді аяма-а… Аяма-а деген кезде даусыңды созып тұру

 

керек, ал сен «аяма» деп күңк ете түсесің, оныңды қасыңда тұрған мен де естімей қаламын. Қане «аяма-а-а» деп созып айтшы.

  • Ая-ма.
  • Əлі де соза түс.
  • Ая-ма-а.
  • Міне, сəл жөндем шықты. Енді дауысыңды көтере түс.
  • Ая-ма-аа-а!
  • Бəрекелді! Өстіп айту керек. Енді он шақты күнде жап-жақсы диуана боп шыға келесің. Құдай сүйген өнерді пенде сыйлау керек. Қазір тағы сен айтасың, жүр.

Арада он шақты күн өткенде Тұңғыш сампылдап қоя беретін болды. Бұрынғыдай қымсынуы тыйылып, дауысы ашыла түсті. Диуанадан мақтау естіген сайын көңілі бір өсіп, келесі үйге барғанда оны тоқтатып қойып дарбазадан кірген бетте-ақ өзі бастап жүре беретінді шығарды. Аманат кезіндегідей емес, енді оның өміріне күлкі араласты, диуанадан мақтау естіп көңілі көтерілді. Ол бұл кəсіпті бірте-бірте ұнатып, ертеңгі таңның атуын кей түндері асыға күтетін де болды. Бір күні диуана:

  • Екеуміз екі ажырайық, – деді ақырын ғана. – Қосарланып жүрген соң жұрт тыжырынып қалады. Арамызға сүт пісірімдей уақыт салып аралап отырайық. Ауыл сыртында кездесерміз.

Елді азар қылсақ бізден кейінгілерге қиянат болады.

***

Арада бір жарым ай өтіп, жас диуана өз бетінше ел аралап, жаңа кəсіптің жөн-жосығын айыра білетін болды-ау дегенде, диуана кемпір екеуінің екі ажырасар кезінің жеткенін айтты. Оң-солын танығаннан бері жат кісі атаулыдан алғаш рет шын мейірбандық, шын жанашырлық тапқан Тұңғыш мойны қатса да қанаты қатпай, дүрмегінен көз жазып жалғыз қалған соң бір

 

қырғидан жан сауғалаған бейшара торғай секілді көзі қарауытып кеп бірінші кездескен диуананы паналай кетіп еді. Ол диуана кемпірмен осылайша қосарланып жүре бермейтінін, ерте ме, кеш пе оның қанатының астынан шығып, өз бетінше бөлініп кете барарын білетін-ді. Бірақ, «ажырасармын-ау» деп ойлаған сайын бүкіл жарық дүниеде жалғыз өзі ғана қалатындай күні бұрын жаны құлазып, жетімдік жапасын нақ бір енді шегетіндей іштей үгітіліп, мүсəпір халге түсетін Тұңғыш, диуананың аузынан «енді айырлысайық» деген суық сөзді естігенде тырнағының астына əлдекім ине сұғып алғандай бір селт ете түсті де, басын тұғжитып, төмен қарап отырып қалды. Пəлен деп тіл де қатпады, көкпеңбек дерменені бырт еткізіп сындырып алып, жер шұқылай берді. Əлгінде өздері аралап шыққан ауыл сыртындағы төбе басында екеуі ғана, бірі отыр, бірі осы жерден еліне кетуге ниет етіп, жаңа танысының разылық үнін күтіп тұр.

Сəлден кейін диуана таспадай тартылған жалғыз аяқ жолға түсіп Тұңғыштың көзі көріп, құлағы естімеген түу алысқа сапар шегеді. Бір жусан мен бір жусанның арасында қыбыр-қыбыр етіп ешкі сауым уақыт жүрген мына бір байғұс құмырсқа секілді, ол да жер түбіндегі өтеніне өнімсіз жүріспен қимылдай береді. Мейлі, қанша өнімсіз болсын, ерте жетсін, кеш жетсін, мейлі, əйтеуір ол өз отбасына кетіп барады емес пе. Ал өзі отырған төбенің қай жағына құларын да, кең дүниенің қай түкпірін бетке ұстарын да білмей, жер ортасы осы боп шөгіп қалған бейбақтың ендігі мақсаты, ендігі əрекеті, ендігі күйі не болмақ? Басына қандай қара күн туса да ебіл-дебіл еңіреп жылаумен ғана тынған, қайғырғанмен қабырғасы қайысып, ой толғауға өресі жетпей өскен Тұңғыш дəл осы сəт өз өмірінің қор өмір екенін, тіпті, ес біліп, етек жапқалы диуанашылықпен ыстықаумет тауып келе жатқан мына диуана кемпірдің өзінен əлдеқайда бақытты екенін алғаш рет ой жіберіп, бордай үгітілді. Кепе болсын, шайла болсын, түтіні қисық шықсын, түзу шықсын, алыс болмақ түгілі ғұмыр бойы жете алмайтын жер

 

шеті болсын, əйтеуір өтенім бар деп көңілге тоқ, жанға медеу санап жүрер жаман шаңырақ, қара қазанның тірі пендеге бой тұмардай қажет екенін, демеу екенін ұғынды.

  • Байғұс-ау, қашанғы тұрамын, басыңды көтеріп разылығыңды берсеңші, – деді диуана оң иығындағы қоржынын сол иығына ауыстырып.

Тұңғыш сонда барып басын көтеріп, қарсы алдындағы диуанаға қарады.

  • Жасаған жақсылығыңыз Алладан қайтсын. Иманды болыңыз,
  • деді ол күбірлеп. Сөйтті де қайтадан төмен қарады.
  • Алла бұйыртса ұшырасармыз, бұйыртпаса ана жалғанда жолығармыз. Құдай жалғыз, диуана жалғыз. Ел кездеспей далада қалсаң молаға түне, əруақ жүрген жерден жын-жыбыр, бəле-жала аулақ жүреді. Жалғыздың жары құдай. Жалғыз жатар кезің көп, ұйықтар алдында иманыңды үйіріп жат.

Иманы үйірілмеген пендені ана дүние қабыл етпейді.

  • Оны… оны білмеймін ғой.
  • Айтпаған екенмін ғой саған. Міне, былай:

 

Жаттым, жаттым жан аула, Тұрғыза гөр иншалла!

Тұрғызбасаң иншалла, Лə иллаһа иллалла!

 

  • Көрдің бе, қиын ештеңесі жоқ. Қане, қайталап айтшы. Тұңғыш аузын аша алмады.

Осы төрт жолды үйретемін деп диуана сүт пісірімдей кідіріп қалды.

 

  • Ал, қош бол енді.
  • Қош… қош болыңыз, апа!..

Диуана жүре берді де кері бұрылып кеп:

  • Мына кебісті сен кие ғой, – деді ескі-құсқыны сатып, күйеуіме деп алдың күні Сайрам базарынан алған кебісті Тұңғышқа ұстатып. – Нəсіп болса жолдан тағы алармын. Жер сыз, табаныңнан сыз өтіп ауырып қаларсың, байғұс, мына аяғыңдағы жыртылып бітіпті ғой.
  • Көп жасаңыз…
  • «Иманды болыңыз» де.
  • Иманды болыңыз…

Диуана жүріп кетті. Тұңғыш төмен қараған күйі, қала берді. Жусан сабағымен шұқылап отырған қара күрең кебу топыраққа кенет əлдене тырс-тырс тамып, бір түйір балшық топырақ пайда болды, сонан соң екінші, үшінші…

Тұңғыш олардың неден, қалай пайда болып жатқанын да сезбей дымқыл тартқан күрең топырақты ары-бері аударыстыра берді, аударыстыра берді.

***

Батыс та жоқ, шығыс та жоқ, түстік те жоқ, теріскей де жоқ, аспан асты жер қуыс, елден ел, жерден жер кезіп, ол осылайша он бес жыл бойы диуанашылық күн кешті. Қоржынның екі басы мың толып, мың босады. Байлаудағы төбеттер шынжырын үзіп кетіп талай талап, талай жазылды. «Аш иттің артын сұқ ит жалайды» дегендей, тырнақтап жиған ақшасын ұры-қарылар тонап, көп ажалдан əзер қалды. Ел іші ала-құла, жаман да бар, жақсы да бар. Баламды қорқыттың деп талай мейірімсіздердің ауылдан қуып, ит айтақтаған кездері де болды, оның жаман шекпені желбіреп, бас сауғалап қашқанына, есірік төбеттердің ортаға алып тұс-тұстан тартқылаған сəтте, есі шығып

 

ербеңдегеніне, қарқ-қарқ күліп тұрған кісəпірлердің бірталайын да көрді. Бірақ, диуананың несібесі ел ішіне шашылған, ол елден безбеді, ертесіне қайырымды біреуге кездесіп, əлгісінің бəрін ұмытады. Ұмытпасқа шара да жоқ, оның бəрін кек тұта берсең диуана бола алмайсың.

«Диуана болармын» деген ой бұрын оның үш ұйықтаса да түсіне кірмесе, енді оған еті үйреніп, əбден бауыр басып, өзге кəсіпті ұмытқан шағында «мұны қоярмын» деп əсте ойлаған жоқ-ты.

Есігінің алдына келген диуананы ешкім қумайды, еш мұсылман оның маңдайынан шертпейді. Бай бол, кедей бол, жарлы бол, жесір бол – диуанаға барыңды бересің, қуыс үйден ол құры шықпауы керек, қайыршыдан да бетер отқа қараған сорлы болсаң бір жапырақ таза шүберек беріп құдай деген пендеге жол сілте, батасын ал, бата ешқашан көптік қылмайды. Бірақ, диуаналардың жазылмаған бұл заңын əманда орындай беретін жұмыр басты пенде ме? «Атаңа нəлет, өзім де ақтап кеткелі отырмын. Бұлардың қайсыбірін жарылқарсың, бірі кетсе бірі келеді. Пақыр ғой деп мүсіркейсің, қазбалап көрсең өзіңнен өткен бай» деп ашу үстінде қуып жіберетіндер де бар. Кім біледі, ондайлардың айтқаны бір жағынан жөн де шығар, соңғы бір-екі жылы жұт көбейіп, елдің пейілі тарылды, аш- жалаңаштар қаптап, диуаналар шұбырып кетті. Барлық адамның мінездері қандай ала-құла болса, диуаналар да солай əртүрлі, олардың да момыны мен кісəпірлері бар. Бұрын, ел тоқшылық кезде лажы болса ақша, яки бүтін киім сұрап, құрт- май, нан-пан бергеңдерді жақтырмай батасының жартысын жұтып, бетін сипап кете беретін масайған диуаналар енді бір тостақ арпа берген үйге бар білетін батасын қақтап айтатынды шығарды.

Бүгін ол қонатын үй таппады. Барған жерінің бəрі де: «Сорлы, сен түгілі өзіміз жататын орын жоқ» немесе «өзің секілді екеуі жатыр, қайда сыйғызамыз» деп есіктерін сарт жауып, бірі кіргізбеді. Көз байланып, табан жолды көру мұң боп қалған соң

 

Тұңғыш күдерін үзіп, аулақтағы бір жыңғыл қораға келді. Күн жылы, жер құрғақ, қоржынды жастанып, шекпенге оранып жатса бір күнге бəле де алмайды. Ашық даладан гөрі қораның аты қора ғой.

Ол кіріп келгенде ойылған көңге сүрініп етпетінен түсті.

«Астапыралла!» деп орнынан қайта көтеріле бергенде қараңғы бір түкпірден: «Бұ кім?» деп əлдекімнің шошына шыққан үні естілді.

  • Қонатын жай іздеп жүрген диуанамын.
  • Басқа жер құрып қалды ма?
  • Обай-ау, жөн сұрасып тұрар заман қайда, ұста тез! – деген екінші біреудің қарлыққан үні тағы жетті.

Тұңғыштың жүрегі су етіп, денесі мұздап кетті. «Қандай пəлеге тап боп ем тағы. «Ұста!» дегені несі, менің немді алмақ?» Көзді ашып-жұмғанша болған жоқ, еңгезердей екеу жетіп келіп қауқарсыз бейшараны ұмар-жұмар жерге алып ұрды. Тілге келіп, жөн айтуға да мұрша бермеді.

  • Диуанамын деуін қара, аңдушысың ғой. Қазір сазайыңды тартасың ендеше! Əй, Текебай, жина еттерді тез, мынаның артында кісісі болуы мүмкін. Жылдам атқа өңгеріңдер. Оған шейін біз бұны…

Жанталасқан екі ұрыға Тұңғыш ешкі жыққан құрлы болған жоқ, қол-аяғы, аузы-басы байланып отын бұтайтын дөңкедей əп-сəтте домаланып жатты. Келесі бір сəтте атқа өңгеріліп, ішек-қарны солқылдап, белгісіз жаққа үш ұрымен кете барды. Ішқұса боп, қан жылап барады. «Тым болмаса бір ауыз жөн тыңдаса қайтті, шіркіндер! Енді не істемек, қайда апарады, диуана екенімді қоржынымнан-ақ білмей ме? Қораға айдаған қай құдай, ұрлықтарының үстінен түсерімді білсем безіп кетпейтін бе ем жапан далаға. Бір ауыз… бір ауыз сөзімді тыңдамады-ау».

 

Ел ас-су ішіп болғанда жолға шыққан үшеу түн ортасы ауғанда ат тізгінін тежеп, күбір-күбір ұзақ сөйлесті.

  • Атқа жүк қылмай лақтырып кетейік те мына сұмырайды.
  • Тірі қалдырсақ кейін бəле боп жүрмей ме?
  • Атасының басы! Біздің кім екенімізді қайдан біледі. Осы жерден құс боп ұшып барып қуғыншы əкелемін дегенше біздің де, төрт аттың да құрығын ұстай алмас. Тəшкеннің жыныш базарының қай бұрышынан табады. Бір жылқының еті екеуіңе ауыр боп келе жатқан шығар, үшеуміз бөліп артайық.

Ат артына көлденең тастаған Тұңғышты қыса тартқан қыл арқан кенет кілт босап, мұрнының ұшына тірелген жаны жай тауып қалғандай болды. Бір ұшы аяқтан, бір ұшы мойыннан салынып, ат бауырына үңілте таңылған байғұстың енді біраз жүрсе өті аузына құйылып, мойын омыртқасы үзілердей еді. Аузынан қара су ақтарылып өлімші халге жете бергенде алланың рақымы түсіп, «өтірік пе, шын ба?» деп ойланып үлгірмей, бір қарулы қол аттан аударып тастады. Аяқ-қолы шешілмеген диуана кескен дөңбектей жерге гүрс етіп домалап түсіп, жапан далада есінен танып, жалғыздан-жалғыз қала берді…

Жуан жіңішкерсе, жіңішке үзіледі. Талай жуан жіңішкерді, талай жіңішке үзілді. Ілініп-салынып Тұңғыш əлі келе жатыр. Қанша жаным сірі болса да осы жолы біткен шығармын, тым болмаса қара жерден көр тышқанның ініндей бір қуыс бұйырмады-ау деп үмітсіз хәлде жатқанында бір өлтіріп, бір тірілтіп тəлкекке салған тағдыр «өлім оңай, ғұмыр азап, көресіңнің көбі əлі алда» дегендей, тағы бір құтқарушысын сап еткізді. Ертесіне сəскеде мола қазып жүрген бір ноғай сүйекші, оны мазар шетінен тауып алды.

Сүйекшінің үйі шаһардың ең бергі шетінде екен. Үй деген аты болмаса бұғат-бұғаты аңғал-саңғал, есік-терезесі жоқ, бұрыш- бұрышты өрмекшілер қаптаған, əйтеуір, іші қуыс баспана. Есік

 

жанындағы мор ошақтың былтырғы күлі əлі шығарылмапты. Үйдегі бар дүние – бір киіз, бір алаша, бір көрпе, бір жастық.

Жер ошақтағы қазан қақпағының үстінде жұмыртқаның уызымен жамалған сынық кесе, кəрі құман, ағаш қасық, ағаш табақ тұр. Тұңғыш бұған да шүкірлік етті, өлмей тірі қалу былай тұрсын, ол алғаш рет өз еркінше жатып-тұратын тұрақты лыпаға бас сұқты ғой. Сүйекші ендігі жылы табысы мол, басқа жерге кетеді, сонан соң бұл там Тұңғыштың өз үйі, өз өтені болады, өз өтені! Марқұм əке-шешесі мұның өз бетінше түтін түтетіп, аман-есен жер басып жүргенін білсе көрінде бір-бір аунайтын шығар. Жылда құрбан айт сайын бір мал сойып, құран оқытып тұрса əруақтары риза болар еді-ау!

Сүйекшілікті де ол тез үйреніп кетті. Қашан мола қазып көрді дейсің, мұның да түрі мен сыры көп болады екен. Ноғай сүйекші бас-аяғы бір жарым айдың ішінде оны өзі секілді шебер молашы етіп шығарды.

  • Бұл жерге келгенге дейін орыстардың көрін қазғам, – деді ол екеуі кіндікке дейін қазылған шұңқырдың ішінде түскі тамақ жеп отырып. – Олардікі оп-оңай. Кісі бойы тереңдетесің де көме бересің. Олар ақшасын да қолма-қол береді. Ақша қолға нақтылы тиіп отырды бар ғой, түнделетіп те қаза бергің келеді. Ал, қазақтар… түу, ақша беру былай тұрсын ақыңды жейді.

«Əруақты саудаға салу күпірлік» дейді. Кейбір құдайға қарағандары ғана қолыңа не ақша, не шапан ұстатады. Ал орыстар… несін айтасың, олардың жөні бөлек қой. Қазақтар секілді мола таңдап та жатпайды, қазған молаңды ала береді. Əттең, бір араны ашылған неменің кесірі тимегенде… Екеуміз бірдей істейміз, бірдей отырамыз, сүйтіп жүріп ақша бөлуге келгенде бəрін қымқырып қалады, ұрлығын біліп қойсаң беті бүлк етпей «көбісін қазған мен болатынмын» дейді. Тіпті, табыт байлаған су жаңа матаға дейін өзі алады. Бір күні шыдамадым, екеуміз төбелестік те қалдық. Бір-бірімізді сылқылдатып соғып жатырмыз, соғып жатармыз. «Иттің баласы, еліңде кісі

 

өлмейтіндей-ақ мұнда қаңғып неге келдің. Осы көрге қазір тірі көмсем сені ешкім жоқтамайды» деп мені шұқырға итереді. Өзі тарамыс бəле екен, көзі шүңірейіп ештеңеден тайынатын түрі жоқ, тықсырып келеді. Бір кезде қолынан лып беріп шықтым да, сүймен темірге жармастым. «Қазір мен сені…» Сөзімді айтып үлгертпей əлдекім қарымнан шап ете түсті. Қойшы, көп айтып не керек, мола басында ақшаға таласқанымызды сезіп, екеумізді екі жаққа қуып жіберді.

  • Мола қазғаныңа көп болды ма?
  • Он бір, он екі жыл. Жұмыстың ең тынышы осы. Ешкімнен зеку, ұрыс естімейсің. Көріңді қаз да тыныш жат. Ел əйтеуір сені аштан өлтірмейді. Көрінгенге көзтүрткі боп диуанашылық қылғанша баяғыдан мола қазсаң ғой, осы уаққа дейін киіміңді бүтіндеп, там салып алар ең. Көр қазуға жап-жақсы икемің бар екен, диуана боп не табам деп жүрсің? Өзіңнің жасың нешеде қазір?
  • Білмеймін.
  • Білмеймінің қалай?
  • Жас санап жүрген кім бар?
  • Əке-шешеңнен айырылғанда нешеде едің?
  • Білмеймін. Сегіз-тоғызда шығармын.
  • Сегіз-тоғызда… ім… Анда жігіт болғанша, диуана боп біраз жыл. Қырық бес, елулердің арасындасың ғой. Ештеңе етпейді, енді теңеліп кетесің. Сүйекші аштан өлмейді. Бірақ, қазақтар біреуге мола қаздыруды ерсі санап, көпшілігін өздері қазады. Енді-енді ғана үйреніп келе жатыр. Əттең, бəрі бірдей қаздырып, бəрі бірдей нақты ақы төлейтін болса ғой шіркін!

Онда баяғы жерге кетемін деп нем бар. Ендігі жылы тəуекел деп сонда тартам. Қаланың тұрғындары да көбейіп қалған шығар…

***

 

Тұңғыш кішігірім шаһарға осылай келді. Оның диуанашылық кəсібі сүйекшілікпен осылай алмасты.

***

  • О, жаратқан ием, содан бері қанша заман! – деді Тұңғыш ауыр күрсініп. – Қанша заман!.. Не рəт көрдім сенен, жарық дүние?

Жылап туылып, қорлықпен ғұмыр кешіп, жұмсақ төсекке жамбасым бір тимей өтіп барамын. Кетпен көтеруге қайратым жетпеген күні үмітім де сөнеді екен дə. Біреу аш, біреу жалаңаш, біреу тоқ, біреуде жоқ. О, құдіреті күшті құдайым-ай десеңші!.. Бүгін міне, бір құлаш та жер қаза алмадым… Таң да атайын деген-ау. Біреу дүрсілдей ме? Тағы кім опат болды екен?

Сырттан «дыр-рр» деген дауыс, ат тұяғының үйге тақалып кеп тоқтағаны, белгісіз біреудің ерден дүрс етіп түсіп, терезеге тақалғаны естілді:

  • Кім бар-оу?

Тұңғыш үн қатпады. Беймезгіл кезде мазасын алғанына қынжылып, киізді ашуға ерініп жатыр.

  • Кім бар-оу деймін! Тіл қатсаңшы!

Тұңғыш бүркеулі киізді жайлап ашып, терезе жаққа қарады. Астапыралла, əлі түн деп жатса ай-жай боп таң атып қапты ғой! Күн шығып кетпегеніне шүкір.

Терезенің жастығы түскені анық екен. Суық жел азынап соғып тұр. Бір қолымен атының шылбырын ұстаған ұзын бойлы, қаба сақал, шүңірек көз бір шал ішке үңіліп қапты. Жылы төсектен ажырағысы келмей-ақ жатса да Тұңғыш орнынан амалсыз көтеріліп, үстіне шекпенін кие бастады. «Аллаға шүкір, шаншуым қайтқан ғой деймін. Үйге кірмей нағып тұр? Маған сонша тесіліп қалғаны несі?»

Бейтаныс шал шылбырын бұғат ағашқа байлап, есікке қарай жүрді. Тұңғыш етігін киіп, бұрышта тұрған егеу мен кетпенін

 

ала бергенде, киіз есікті желп еткізіп шал да кіріп келіп, оның қарсы алдына тұра қалды. Көзін Тұңғыштан бір сəт алар емес.

  • Қомшаның Тұңғышы сіз боласыз ба?
  • Кіміңіз опат болып еді?
  • Сен мені танымадың ба шынымен?

Тұңғыш сонда ғана басын көтеріп, шүңірейген көздерін алдында тұрған шалға ұзақ қадап тұрды да, үнсіз басын шайқады.

  • О, қу тағдыр! – деді шал күрсініп. – Ерте қартайып, ерте мүжіліп кеткенің бе, байғұс. Мен Өмекеймін ғой.
  • Өмекей дейсіз бе?
  • Иə-иə, Өмекей.
  • Өмеке-ей… Естуім бар сияқты. Кіміңіз қайтыс болып еді?
  • Болыс-екем хал үстінде… Мені саған со кісінің өзі жіберді. Алып келмей оралма деді. Есімі – Үкітай.
  • Үкітай!! – Тұңғыш жай түскендей селт етіп шалға жалт қарады. Еріндері əлдене деп күбірлеп, көз көбесіне көлкілдеп жас үйіріліп: «Аға-та-ай!» – деп баяғы кездегі əдетімен айқайлап жіберіп, иығына гүрс құлап түсті де жас балаша солқылдап жылады.

Өмекей тəлтіректеп барып əзер құламай қалды.

Азынаған ақыреттей суық үйде екеуі ұзақ отырып өткен өмірлерін əңгіме етті. Көп сөйлеген Өмекей, көп тыңдаған – сүйекші. Ол аманат тұсауын сыпырып, қараңғы түнде бет алды құла дүз қашып шыққан сонау кезден күні бүгінге дейінгі аралықты «диуана болдым, ендігі кəсібім сүйекшілік» деп бір- екі ауыз сөзбен айтып тындырды да, тіктеп қарасаң кісі сескенердей сұп-суық, өлі жанарын Өмекейден айырмай мелшиіп отыра берді. Өмекей сөйлеп отыр, сөйлеп отырып бір

 

кездегі өзі аңдамай айтқан жалғыз ауыз сөздің бір бейбақты қандай күйге түсіргенін, енді ол күнəсін бұ жалғанда да, о жалғанда да өтей алмайтынын, тіпті сол күнəсін өтемек боп қолынан келер бар жақсылығын оның отбасына қанша үйіп- төккенімен мына дүниенің қызығы дегенге қарсы алдында отырған адамның селт етпейтінін, ендігі қалған өмірінде оған екі дүниең бір-ақ қадам екенін ұғынып, бойын сұп-суық, үмітсіз, үрейлі сезім аралап өте берді. Үкітайдың Шерəліні ақыры жеңіп тынып, оны бүкіл мал-жанымен өз қоластына қаратып алғанын айтқанда да, енді мақсатыма жеттім бе деп көңілді бір демдегенде, екі-үш жылдың ішінде төрт баласы түгел шешектен дүние салып, қайғыдан күңіреніп отырғанын есіттіргенде де, енді ғұмырының базары өтіп, мазары төнген шағында сонау кездегі бір жарлы шаңыраққа жасаған обалын еске алып, «егер сол бейшара тірі болса тауып кел, жақсылығымды аямайын, дүние деген жалған екен, кешірім сұрайын» дегенін жеткізгенде де ол елең етпеді, мұның бəріне күректің сабы сынған құрлы көңіл бөлген жоқ. Ақ киім жапсаң əруақ боп шыға келетін осы бір қаншырдай қатқан жанның ішкі сарайында тап қазір не жатыр: біреуге деген ыза ма, кек пе, өшпенділік пе – Өмекейге ол жағы да жұмбақ боп қала берді.

Озбыр болсаң бір кезде біреуге жасаған озбырлығыңды өмір бақи еске алмай-ақ ғұмырыңа өзіңше көңілің толып тып- тыныш о дүниеңе аттана берсең, «пəленше өйтпеді-ау» деп былайғы жұрт күңкілдесе де көзіне айтпайды, өйткені сен əлдісің, əлсіздің күңкілін құлағың естісе де көңіліңе құйғың келмейді, өзіңнің озбыр болғаныңды олардың күңкілінсіз-ақ білгенсің, енді өлеріңнің алдында тəубеге келген боп мүлəйімсімей-ақ, асқақ басыңды имеген күйі түк сезбегендей өтуден басқа амалың да жоқ. Бұ жалғанда жапа шеккен шерменде мен мүсəпірлер аз ба, олардың қайсыбірін ойлайсың, қайсыбіріне жақсылық жасап жарылқайсың, олардың бəріне жаның ашыса, өзің де шерменденің біреуі боп шыға келмейсің бе?

 

Өмекей бұл жайлы толғанған, ойлаған сайын шаншудай қадалатын сол бір оқиғаны да, өлі-тірісі беймəлім аманат баланы да ұмытпақ боп талай тырысқан, тіпті, ұмыттым деп өзін-өзі алдаған да. Бірақ, сол қиянатының перезіден кейін жаңғырған қырсық жарадай ұмыттым-ау деген шағында қайта тіріліп, оның азабы барған сайын ұлғайып келе жатқанын сезді. Осының бəрін ол өзінен көріп, ырымшылдығым, уайымшылдығым шығар, əсте сырқат Үкітай олай-бұлай боп кетсе, ел басқара алмаспын деп жүргенінде Үкітай аузынан аманат бала жайлы көңіл толқытар күтпеген сөз естіп, таңданып тұрып қалды. Асарын асап, жасарын жасаған болыс сол бір бейбақты санаулы демі қалғандықтан еске алды ма, əлде төрт ұлының төрт төмпек болғанын зəбір көрген мүсəпірлердің көз жасы-ау деп ойлады ма, əйтеуір сол бір жетімді өзі сияқты оның да ұмытпағанына Өмекей жүрегі жарыла қуанып, ат аяғы жетер жердің бəріне құлаққағыс қып, іздеу салдыртты. Өлдіге санап жүрген аманат баланы ақыры тапты, тапқанына қуанып өзі құстай ұшып жетіп еді, ол қуанышы үндемес сүйекшінің мынадай əуселесін көрген соң су сепкендей басылды. Енді оған пенде атаулының жақсылығы да, рақымы да қажет емес, тіпті,

«мені қалай таптыңыз?» деп сұраған да жоқ, сонан соң Өмекей өз жігіттерінің ойда жоқта бір ноғай сүйекшіге кезігіп қап, жылы хабардың ұшын естігеннен кейін нобайлап осы жерге екі күн жүріп жеткенін айтқан да жоқ.

Маналы бері өзіне сүзіле қарап үнсіз отырған Тұңғыш кенет орнынан ұшып тұрып, іргеде жатқан ұрының мылтығындай қып-қысқа сүймен темірді қолына алды. Сүйекшінің бұл қимылынан шошып кеткен Өмекей де қоса түрегелді.

  • Не болды, байғұс-ау, мұның қалай?
  • Кеше уəде беріп ем. Ұмытып барады екенмін.
  • Ол не уəде?

 

  • Кіндік бойы қазып қойғам. Сəскеге дейін бітіруім керек. Бір қой берем деп еді.
  • Бір қой емес, қалағаныңды берейін, менімен бірге жүр.
  • Жоқ. Уəде бергем, əруақ антын бұзбаймын.
  • Ендеше ертең жүр. Ол «болмайды» дегендей басын шайқады. Ертең құран оқытуым керек. Өмекей үнсіз қалды. Əлден соң барып:
  • Онда күте тұрайын. Елге барған соң əке-шешеңе ас бергіземін, жүресің бе бірге? – деді.
  • Ас дейсіз бе?
  • Иə.

Тұңғыш не деп жауап берерін білмей төмен қарап көп тұрды. Апырау, осы кісі неге мұны жақын тартады, екі күншілік жерден неге іздеп келеді, неге бар жақсылығын аямай тұр?

Мұның да баяғы диуана кемпір сияқты шын əулие болғаны ма? Тұңғыш басын көтеріп, Өмекейге қарап тұрды да:

  • Мақұл, – деп күбір ете түсті.
  • Əп бəрекелді, Алла тілеуіңді берсін!
  • «Иманды бол» деңіз.

***

Тұңғыштың өз өтенінде əке-шешесіне құран оқытып болған соң Өмекей осы ауылдан бір ат сатып алып, қатқақпен біраз жол ұтып қалайық деп таң қараңғысында екеуі жүріп кеткен. Таң атқанша көз ілмей шықса да уəде бұзбаймын деп борша-борша боп терлегенін, жамбасының шым-шым етіп қайта біз сұға бастағанын да елемей, нəр сызбаған бойы сағырдаң жерден ақымды моланы сəскеге дейін қазып бітірем деп əбден титықтаған Тұңғыштың беті қайтқан сарыбы қайта құтырып, түнемеге сандырақтап шықты. Бұдан əрі кешіге беруге ауылдан

 

жаны тынбаған Өмекей сүйекшіні шидем шекпенмен қалың киіндіріп, атқа көтеріп мінгізгендей зорға отырғызып, əупіріммен əрең аттанғанды.

Олар шығысқа қарай созылған қара жолмен қырқа басындағы қорым жанына жеткенде сүйекші атын тежеді. Зират жанынан өткендегі əдетімен Өмекей де тоқтап, дұға қылғандай күбір етіп, бетін сипап қойды. Бұл жерге Тұңғыш талай келген, талай түнеген де. Алғаш қолына күрек алып қабір қазғанда бойын сұмдық үрей билеп, бір-екі ай бойы түсінен шошып оянып жүрген. Енді бəріне үйреніпті, тіпті, қайтып оралар-оралмасы белгісіз жолға кетіп бара жатқанда осы зираттар көзіне оттай басылып, көңіліне аянышты бір қимас сезім ұялатқандай.

«Адам тозаққа да үйренеді» деген рас екен-ау, əйтпесе, қорымды қимау, қорымға бауыр басып, оның сұп-суық сұсты бейнесі көзге ыстық көрінуі деген ойға оғаш, құлаққа жат нəрсе ғой. Бұл қабірлердің көбісін осы қазған, оған бəрі таныс. Кім ақымда, кім лақытта жатыр, – өзгені ұмытса да, бұл есінде, тіпті, қай молада жатқан марқұмның артында қалған жанашыры берем деген уəдесін жұтып, ақырет парызын аттап кетті ол да жадында.

  • Жүрелік, кідіріп қалдық қой, – деді Өмекей ақырын ғана.
  • Сол жаққа сүйегімді сүйретіп қайтемін.
  • Тек, пəтшағар! Жол үстінде олай деме. Жүр тез!

Сүйекші тізгінді босатып, болар-болмас тебінгенде Өмекейдің мініскер аты ілгері қозғала берді.

Артта мұнартып кішкентай қала жатыр. Тұңғыш алғаш келгенде келдің екен-ау деп селт етпеген қала, енді кеттің екен- ау деп елең еткен жоқ, белгісіз жақтан белгісіз боп келіп еді, белгісіз боп кетіп барады. Бұл жоқ болса да таңның атысы, күннің батысы бір тынбайтын күйбең тіршілік тоқтап қалмайды, олар мұнсыз да туып, мұнсыз да өмір сүріп, мұнсыз да дүние сала береді.

***

 

Екі жолаушы екі күншілік жолды үш күн жүріп, түс ауа бергенде ойпаңда жатқан ауыл қарасын көрді. Кеше түскен қырбық қар ой-қырдың бəрін біркелкі ақ шаршыға орапты. Əрбір үйдің төбесінен шыққан түтін тымық ауада оқтаудай тіп- тік көтеріліп, құс ұшар биіктікке жеткен соң тай қазандағы суға тамған бір тамшы қандай бірте-бірте сұйылып, əлдеқайда ғайып боп жатыр.

Туған жер!..

Құл болсаң да, тұл болсаң да кір жуып, кіндік кескен топырақ! Екі атты жолдың төбеден төмен құлар шетіне кеп тоқтады.

  • Ано-оу қарауытқан тауды көрдің бе? Сол – Қабантау. Есіңде шығар, баяғыда ауа көшіп барып едік қой. Онда сенің анаң мен інің жатыр. Үйге жетіп, бел шешкен соң сонда барып құран оқимыз. Ал мына біз отырған ауыл қай ауыл, танисың ба?

Тұңғыш жауап қатпады.

  • Байғұс-ау, шынымен танымай тұрмысың? Бұл өзің өскен жер ғой, Шерəлінің ауылы. Қазір олар Қабантауға көшкен. Таныдың ба енді? Неге үндемейсің, айтсаңшы.

Өмекей сүйекшіге қарағанда оның көзінен парлап тұрған жасты көрді…

  • Қой, жылама. Қайғыны да, қуанышты да жыламай көтеру керек. Міне, өз туған жеріңе келдің. Баяғыда бір білместік өтсе өткен шығар, басы жұмыр пенде емес пе бəрі де. Мені саған Үкітайдың өзі жіберіп отыр, енді бəрін ұмыт. Құдай қаласа өз алдыңа түтін түтетіп, өтен боласың. Əйел əпереміз. Бала сүйесің. Сонан соң шеккен азап, көрген қорлық естен шығып, ел қатарына қосыласың да кетесің. Əйел алғың келе ме өзіңнің?

Ей, жылай бермей айтсаңшы, тілің байланып қалғаннан сау ма?

Өмекей оны сергітпек боп иығынан түртіп қалғанда Тұңғыш аттан гүрс етіп құлап түсті.

 

  • Өй… өй, саған не болған? – Ол қарғып түсіп сүйекшінің басын көтерді. Сол кезде оның аларған жансыз көзін көріп, жуған шүберектей боп-боз боп, орнынан қалшылдай көтерілді.
  • Қу құдай, – деді Өмекей оның жас жуған жүзіне қарап тұрып,
  • соқыр құдай! Бұл байғұсты аманат боп жүргенде неге алмадың, диуана боп итке таланып жүргенде неге көрмедің, қарақшылардың қолынан неге өлтірмедің, сүйекші боп мола қазып жүргенде неге алмадың? Енді бұ бейшараға бір жақсылық жасайықшы дегенде қолымыздан кеп жұлдың да кеттің. О, опасыз жалға-ан!.. Тұңғыштың хабары шыққанда қайтсем де жеткіземін деп аттанған Өмекей ауылға оның сүйегін əкелді. Сырқатының беті бері қарап, далаға кіріп- шығуға жарап қалған Үкітай Өмекейдің аузынан бұл сөзді естігенде «не дейді!» деп сақалы шошаң ете түсті.
  • Ол қайда?
  • Қамыс қораның ішінде.

Үкітай жайлап басып барып, қамыс қорада жатқан өліктің бетін ашты. Баяғы аманат бала. Əкесінен айнымай қапты.

Бейшараның жүзінде реніш те жоқ, қапа да жоқ, талықсып ұйықтап кеткен адамдай жайбарақат жатыр.

  • Иманды бол, пақыр, – деді Үкітай оның бетін қайта жауып. Сонан соң Өмекейге қарап:
  • Ақ жуып аттандырыңдар, – деді – Жігіттерге айт, алыссынбай шешесі мен інісінің қасына, Қабантауға апарып жерлесін.

Алыстан кеп қалар деп күттіретін ағайын-туысы жоқ Тұңғыштың сүйегін ауыл кісілері ертесіне сəскеде шығарды. Оның өліміне ешкім жылаған жоқ. Өмірге өзі қалай тыныш келсе, солай ың-шыңсыз тыныш аттанды. Тек қабіріне топырақ үйіп болғанда күтпеген жерден Өмекей ғана өкіріп жылады.

Оның неге бұлай жылағанын былайғы жұрт түсінген жоқ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *