Ауылда Күшікбай деген жігіт бар еді. Елді күлдіргенді, ішкенді жақсы көреді. Сұлу келіншегі болатын. Сол Күшікбай бір жолы аудан орталығына барғанда төбелесіп қалыпты. Ауылға «төбелесті» деген әңгіме жеткенімен, «төбелестен аман қалды» дегені жетпесе керек-ті. Еріккен біреу: «Күшікбай қайтыс болыпты», — деп өсек таратып жіберіпті. Ел ішінде ондай қауесет тез тарайды. Аудан орталығында ауылдың автобусын күтіп тұрған Күшікбайға біреу: «Өй, сені өліп қалды деп еді ғой!» — деп аң-таң қарайды. Мұны естіген Күшікбай бір қулық ойлай бастайды.
Аптасына бір рет Аралдан Қарақұм (Абай деп те атаймыз) ауылына қатынайтын сары автобус бар. Іші әрқашан адамға лық толы болады. Тоқсан алты шақырымдық жолда екі рет дөңгелегі жарылып, алқынып ауылға әрең жетеді. Жол-жөнекей Тоқабай деген ауылға соғып, онсыз да сыймай жатқан халықтың үстіне тағы бір-екі адамды мінгізіп алатыны және бар. Ауылға жақындағанда малшы ауылдардан жолаушылар қосылады. Бірақ, қалай болса да, сары автобустың ауылға жетпей қалған кезі жоқ.
Күшікбай қу ғой, бұл автобустың сырын беске біледі. Көппен бірге мінсе, орта жолда аяқ басар жер қалмайтынын, бір жағынан жұрт танып қоятынын сезеді. Сондықтан бәрінен бұрын артқы жағына барып жайғасуды ойлайды. Ортаға әдеттегідей қап-қап картоп пен пияз, ыдыс-аяқ, тіпті құдалықтың киіттері үйіліп бастайды. Сол кезде ең артында отыратын үш адам заттан көрінбей қалады. Күшікбай жағасын көтеріп, шәпкіні басыңқырап киіп, барынша бүркемеленіп, ешкімге білдіртпей артқа зу етіп кіріп кетеді. Мақсаты өзі туралы елдің әңгімесін естігісі келеді.
Автобус қозғалғаннан-ақ алдыңғы жақтағылар «қайтыс болған» Күшікбайды айта бастайды.
— Әй, пәленшенің баласы Күшікбай дүниеден озыпты ғой, — дейді бірі күрсініп.
— Е, жақсы жігіт еді, — деп қостайды бір кемпір.
— Өзі сондай елгезек болатын, — дейді тағы шал.
— Өнерлі бала еді ғой, — деп бір қатын аяушылық білдіреді.
Мұның бәрін артта бүк түсіп, үндемей Күшікбай тыңдап отырады.
Ауыл іргесіндегі «Сәт сапар» деген жерге тоқтағанда, кондуктор бала жол ақысын жинауға кіріседі. Ол әдетте шопырдың баласы немесе туысы болып келеді. Елдің көзіне ең жексұрын көрінетін де сол ақша жинайтын бишара бала. Ақша жинаған адамды кім жақсы көрсін.
Кондуктор 200 теңгеден жинап, артқы жаққа жақындай бергенде, Күшікбай орнынан атып тұрып, шәпкісін шешіп:
— Е-е, мен жақсы адам екенмін ғой! — депті дауыстап. Сосын қарқылдап күледі.
Өліп қалды деп әңгімелеп келе жатқан адамдары тіріліп кеткеніне шал-кемпір аң-таң. Салден соң:
— Өй, тұқымың жайылғыр! Өй, көктегір! Өтірік екен ғой өлгенің — деп, ақ қарғыстарын, тілегін жаудыра бастады.
(Кейіпкердің атын өзгертіп алдым)
Қуаныш Қожабайұлы