ТІЛ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ
Сақтаган Г.Е.,
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің ІІ курс студенті
Көкшетау қаласы, Ақмола облысы
Қайыржан Т.С.
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі, педагог-модератор
Аңдатпа. Мақалада тіл мен мәдениеттің өзара байланысы когнитивтік және лингвомәдениеттанушылық тұрғыдан талданады. Тіл – жай ғана қатынас құралы емес, ол қоғамның мәдени тәжірибесін, дәстүрін, ұлттық құндылықтарын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін күрделі семиотикалық жүйе екендігі дәлелденеді. Автор тілдік бірліктердің мәдени ақпаратты тасымалдау қабілетін, олардың дүниетаным қалыптастырудағы рөлін қарастырады. Зерттеуде тіл мен мәдениеттің сабақтастығын айқындайтын негізгі когнитивтік тетіктер (концепт, мәдени код, символ, этномәдени семантика) талданады. Мақалада қазақ халқының рухани дүниетанымы тілдегі тұрақты тіркестер, этномәдени атаулар және ұлттық концепттер арқылы қалай көрініс табатыны сипатталады.
Аннотация. В статье анализируется взаимосвязь языка и культуры с позиций когнитивной лингвистики и лингвокультурологии. Доказывается, что язык — это не просто средство общения, а сложная семиотическая система, сохраняющая культурный опыт общества, его традиции и национальные ценности, передающая их из поколения в поколение. Автор рассматривает способность языковых единиц передавать культурную информацию и их роль в формировании мировоззрения.В исследовании анализируются основные когнитивные механизмы, определяющие преемственность языка и культуры (концепт, культурный код, символ, этнокультурная семантика). В статье описывается, каким образом духовное мировоззрение казахского народа отражается через устойчивые выражения, этнокультурные наименования и национальные концепты.
Abstract. The article analyzes the interrelation between language and culture from the perspectives of cognitive linguistics and linguoculturology. It is demonstrated that language is not merely a means of communication but a complex semiotic system that preserves the cultural experience, traditions, and national values of a society, transmitting them from generation to generation. The author examines the ability of linguistic units to convey cultural information and their role in shaping worldview.The study analyzes the main cognitive mechanisms that reveal the continuity between language and culture (concept, cultural code, symbol, ethnocultural semantics). The article describes how the spiritual worldview of the Kazakh people is reflected through set expressions, ethnocultural terms, and national concepts.
Бүгінгі таңда тіл білімі ғылымының алдына қойған мақсаттарының бірі – ұлт тілі және оның мәдениетке қатысты мәселелері мен оның ерекшеліктерін қарастыру болып табылады. Тіл мен мәдениет – қоғам дамуының әлеуметтік азығы. Тілдің әлеуметтік маңызы тіл мен мәдениетті, тіл мен қоғамды бірге алып қарағанда ғана ашылады. Адамның жан дүниесі мен болмысының, мәдениетінің калыптасуына үлкен үлес қосатын халықтың баға жетпес байлығы – оның тілі. Себебі бүкіл бір ұлттың әдет-ғұрпын, дүниетанымын, рухани мәдениетін тек тіл арқылы ғана танып біле аламыз. «Тіл – жұрттың жаны. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт», – деп Халел Досмұхамедұлы атамыз айтқандай, «Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны [1;30]». Ал ұлттың болашағы – ана тілінде. Әр ұлттың тілі – оның бақыты мен тірегі. Тіл мәдени байлықты жасайтын құрал ғана емес, сонымен қатар, ол – мәдениеттің көзі, ұлт өмірінің айнасы екендігі көптеген ғылыми еңбектерде баса айтылып келеді. Тілдің кумулятивтік қызметі арқылы өткен ғасырларда өмір сүрген халықтардың мәдениеті мен жан дүниесінен, даму тарихынан, дүниетанымынан ақпарат ала аламыз. Ұлттық ерекшелік оның санасында, мәдениетінде, салт-дәстүрінде т.б. десек, кез келген халықтың (соның ішінде қазақ, ағылшын) ұлттық мәдениетін танытуда фразеологиялық теңеулердің орны ерекше.
Тіл мен мәдениетті зерттеуші ғалымдар тіл мен мәдениетке, олардың арақатынасына қатысты әртүрлі анықтамалар береді. Осы мәселелер төңірегінде зерттеу жүргізген Т.Ғабитов «мәдениет – халықтың мыңдаған жылдар бойындағы шығармашылығы, онда қауым мен жеке адамның рухани ізденісі, халықтың даналығы мен адамгершілік нышандары жинақталады [2;73]». Адамзаттың рухы мен келбеті, оның ерік-бостандығы мен тарихы, зейіні, философиялық жүйелері мен рәмізтаңбалық өсиеттері, орны толмайтын шығындары мен өмірлік сабақтары, діні мен тілі, ділі мен мұраты – осының бәрі мәдениетпен біте қайнасқан», – деп анықтама береді.
Ұлт өкілдерінің ұжымдық дамуындағы құндылықтар жиынтығы туралы айта келіп, ғалым Ю.М. Лотман – мәдениетті, ең алдымен, ұжымдық ұғым деп түсініп, «жеке адам мәдениетті тұтынушы, оның дамуында белсенділік танытушы болуы мүмкін, дегенмен, мәдениет табиғатына қарай тілі сияқты қоғамдық құбылыс, яғни әлеуметтік. Мәдениет – ең алдымен сана, күрделі семиотикалық жүйе, оның қызметі – сана, негізгі ерекшелігі – жинақтап сақтау [3;59]», – деп тұжырымдалады. Осы келтірілген анықтамалардан мәдениет – халық дамуындағы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын, ұлттық құндылықтар жиынтығы деген қорытындыға келеміз. Әр ұлттың ана тілінде оның бүкіл өмірі, тарихы, тыныс-тіршілігі, жан дүниесі, яғни мәдениеті көрініс табады. Ол туралы М.Н.Маковский былай деп жазды: «Адамзат тілі адамның көне мәдениеті мен тарихын сақтайтын құнды қазына. Тіл барометр сияқты барлық ауытқулар мен дәстүр, сенім ерекшеліктерін, ойлау тәсілдерін көрсетеді; онда тарихтың өн бойындағы жекелеген адам ұйымына тән «дүние танудың» әр түрлі екендігін көрсете білген [3;65]».
Әлем бейнесіне қойылған атау ұлттық таным мен ұлттық дәстүрге тікелей байланысты. Кез келген атаудың ішкі мәнінде таным түсініктері жатады. Атау ақиқатқа қатысты да, мифке қатысты да қалыптаса береді. Ақиқатқа қатысты атау сол нысанның табиғатта, қоғамда қатысты болуына қатысты берілсе, «мифке» қатысты атау белгілі бір нысанның адам санасындағы жеке тәжірибесіне негізделеді. Ұжымдық сана арқылы туындаған атау субъективтік негізде құрылады. Ал коннотативтік мағына не тілдік бірліктердің қалыптасуы сол тіл иелері санасындағы аялық білімге (фоновые знания) байланысты, сондықтан тілдің кумулятивтік қызметін анықтау үшін олардың бойындағы сан ғасыр бойы қалыптасып, жинақталған аялық білімге талдау жасалуы қажет [4;62]. Осындай талдау арқылы тілдік бірліктердің кумулятивтік қызметінің қалыптасу ерекшеліктері ажыратылады, яғни, ол салт-дәстүрге, кәсіпке, шаруашылыққа, тарихи оқиғаға, материалдық заттар символына, немесе мифтік танымға т.б. негізделгені анықталады.
Бұдан сөз тарихын халық тарихымен, мәдениетімен, ел дамуын ой дамуымен байланыстыра қарастыру қажеттігін көреміз, себебі, заттардың атауларында адамның сезімі, қабылдау түйсігі мен ұғымы, күнделікті тәжірибесі мен тұжырымдары көрінеді.
Тіл, С.Аманжолов анықтағандай, бір жағынан қоғамдық құбылыс, екінші жағынан, танымдық құрал, себебі, ол белгілі бір этнолингвистикалық, ұлттық-мәдени қауымдастықтың көрсеткішін құрай отырып, жеке адамдардың өзіндік өзгешелігін танытатын, қайталанбас ойлау мен таным әлемінің шоқтығын бейнелейтін универсалды құбылыс ретінде қабылданады, яғни «… көрінген бір сөздің қайдан шыққанын бірден біле қоюға болмайды [5;77]. Мұның үшін адам баласының ойлау тарихын, заттық мәдениетінің тарихын … түрге бөлу керек» деген пікіріне сүйенер болсақ, тілдік құралдар ішкі-сыртқы себептер тоғысын құрай келе, адамның психофизикалық қабілеттерімен ұштаса, мәдени негіздерімен үйлесе қалыптасады.
Тілде де әзір бейнелеу құралдары, халықтың әр түрлі құбылысты өзара салыстыра суреттеу, бірін-біріне теңей сөйлеу тәжірибесінің, ойды тыңдаушыға әсерлі етіп, көркем түрде жеткізу дағдысының нәтижесінде қалыптасқан тіркестер, афоризмдік орамдар, контексте емес, тіпті жеке тұрғанда да экспрессиясы айқын сөз де, сөйлем де мол болатындығын негізге алған ғалым Е.Жанпейісов зерттеулерінде тілтанымдық деректердің дені тарихи-этимологиялық барлау арқылы тіл мен халық, оның мәдениеті ұғымдарының ажырамас бірлігін анықтауға бағытталған [6;83].
Тіл – таусылмайтын байлық. Қанша тіл білсең, өзгеден сонша кез биіксің. Дегенмен, алдымен туған еліңнің мемлекеттік тілін білуге, құрметтеу арқылы басқа тілді де, оның мәдениетінде қадірлейміз. Өткенді, бүгінгіні, болашақ қазынаны тілмен жеткіземіз. Тіл арқылы салт-дәстүрімізді, дінімізді, ділімізді, қолөнерімізді де сақтап, келесі ұрпаққа бере аламыз. Бүгінгі таңда Қазақстан үшін үш тұғырлы тіл – елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылуда бірінші баспалдағы. Өйткені, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін қазақстандықтар өз елінде де, шетелдерде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналады.
Сонымен, халықтық рух, ең алдымен, тілде, содан кейін әдет-ғұрып, салт-дәстүрде, шығармашылық өнерде т.б. көрініс береді екен. Әрбір ұлтқа тән рухани және материалдық мәдениеттік құндылықтардың көрсеткіштері тілде шоғырланған. Сондықтан, бір-бірімен астасып жатқан аталмыш екі ұғымды, екі құбылысты жеке-дара емес, тұтастай қарастырғанда ғана өзара ықпалы, мәні, дүниені танудағы алатын орны, қызметі анықталады және ұлттың тарихы мен мәдениетіне т.б. қатысты мағлұматтар жиынтығы соңғы кезде көптеген зерттеулердің нысаны болып жүрген дүниенің тілдік бейнесін қалыптастырады [7;105].
Сонымен, тіл мен мәдениет арасында байланыс бар екені, олардың өзара қарым-қатынаста екендігі еш күмән келтірмейді, себебі тіл – мәдениеттің бір бөлігі, сондықтан, тілдің қызметі мен іс-әрекеті бірге қараластыруы керек.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Қайдар, Ә. Халық даналығы. – Алматы: Санат, 2004.
- Жанпейісов, Е. Этнолингвистика: зерттеулер. – Алматы: Арыс, 2006.
- Смағұлова, Г. Тіл және мәдениет: лингвомәдениеттанудың негіздері. – Алматы: Қазақ университеті, 2011.
- Қайдар, А., Хасанов, Б. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. – Алматы: Ғылым, 1998.
- Телия, В. Н. Русская фразеология: семиотика и культурология. – Москва: Школа «Языки русской культуры», 1996.
- Wierzbicka, A. Language, Culture, and Meaning: Cognitive–Cultural Studies. – Oxford University Press, 2010.
- Kramsch, C. Language and Culture. – Oxford: Oxford University Press, 1998.