4-бап. Терроризмге қарсы күрестi жүзеге асыратын
субъектiлер
1. Террористердің қол сұғушылықтарынан қауiпсіздікті қамтамасыз ету субъектiсi мемлекет болып табылады, ол осы саладағы өз қызметiн билiктiң заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтары арқылы жүзеге асырады.
2. Терроризмге қарсы күрестi үйлестiру жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органды Қазақстан Республикасының Президентi анықтайды.
3. Терроризмге қарсы күрестi тiкелей жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар мыналар болып табылады:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi;
2) Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi;
3) Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi;
4) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi.
4. Террористік көрiнiстердiң алдын алу, оларды анықтау және тыю жөнiндегi iс-әрекеттерге өз құзыретi шегiнде басқа да мемлекеттiк органдар қатысады.
5-бап. Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы
тiкелей күрестi жүзеге асыратын мемлекеттiк
органдарының өзара iс-қимылы
Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы тiкелей күрестi Жүзеге асыратын мемлекеттiк органдары өз құзыретi шегiнде:
1) мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың мүмкiндiктерiн, сондай-ақ азаматтардың көмегiн пайдалана отырып, бiр-бiрiмен өзара iс-қимыл жасайды;
2) террористік iс-әрекетке жататын және осы мемлекеттiк органдардың құзыретiне енгiзiлген әрекеттердiң дайындалу фактiлерi мен белгiлерi туралы хабардар етедi және өзара қажеттi көмек көрсетедi;
3) терроризмге қарсы бiрлескен операцияларды жүргiзедi.
6-бап. Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы
тiкелей күрестi жүзеге асыратын мемлекеттiк
органдарының шет мемлекеттердiң органдарымен
және халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен
өзара iс-қимылы
Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы тiкелей күрестi жүзеге асыратын мемлекеттік органдары терроризмге қарсы күрес саласында шет мемлекеттердің органдарымен, халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен ұлттық заңдарға және халықаралық шарттарға сәйкес ынтымақтастық орнатады, Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасы немесе шет мемлекеттер аумағында жедел-іздестіру шараларын жүргізеді.
Қазақстан республикасы террористік акцияны кімнің қай жерде жасағанына қарамастан, террористік іс-әрекетке қатысты адамдарды басқа мемлекеттердің құзыретті органдарының өтініші бойынша өз аумағынан қуғындайды.