Тәрбиеші болу бақыт

«Павлодар қаласы №27 сәбилер бақшасы»
тәрбиешісі Шамшабекова А.А.
«Тәрбиеші болу бақыт»


ЭССЕ


Мамандық таңдау ол өмірлік жолыңды таңдау,«жол таңдауда жалтаңдауға болмайды» — дегендей тәрбиеші мамандығын таңдағаныма еш өкінбеймін. Өйткені тәуелсіз еліміздің болашағы болатын азаматтарды тәрбиелеуге мен де өз үлесімді қосатынымды мақтанышпен айтам. Өз қалауыммен таңдаған кәсіпке келу мен үшін бақыт, осы қоғамда өз орнымды тапқандаймын.
Балабақшаға күнделікті таңертең келгенде бүлдіршіндердің пәк сәби жүрегін сезіп, мөлдіреген көздерін, сүйкімді жүздерін көру осы өмірдің ғажабы.Тәрбиеші болу жауапкершілікпен, қажырлы еңбекті талап етеді, өйткені ата-ана өзінің ең қымбат асыл қазынасын тәрбиешіге тапсырып мол сеніммен алаңсыз жұмыстарына аттанады. Ал мен өз тарапымнан балаларға бар мейірімділікті төге отырып, балабақшада өткізген уақыттарын алаңсыз етуге жағдай жасап, жауапты болуымды еш уақытта естен шығармауым керек.
Дегенмен тәрбиеші мамандығы өте қызықты мамандықтардың бірі.
Медицина докторы, ұстаз Фуллер Тори Эдвин айтқандай «Ештеңе сұрамайтын адам ештеңе үйренбейді, балаларды үйрете жүріп өзіміз үйренеміз» деген болатын. Балалармен жұмыс істей жүріп, өзіңнің бойындағы барлық қасиеттердің, мүмкіндіктердің ашылуын байқайсың, яғни балалармен бірге жүріп әнші, спортшы, биші, суретші, әртіс те болып балалық шағыңды тағыда бастан өткізіп, керемет күйге бөленесің, баламен бала боласың.
Бүгінгі таңда мектепке дейін тәрбиелеу мен оқытуға мемлекет тарапынан үлкен көңіл бөлініп, орасан зор жағдай жасалынған, балабақшада қызмет атқарып жүрген мамандардың кәсіпқой болуы назардан тыс қалмауда.
Баламен жұмыс істеу дегеніміз үнемі творчестволық ізденісте жүру, өз біліміңді үздіксіз жетілдіру, заманауи болу. Бүгінгі ғарыштаған заман талабын ескере отырып, технологиялық инновацияны игере білу, оны балалармен жұмыс істеу барысында қолдану, әр баланың жеке дара интеллектуалды қасиетін ашуда тәрбиешінің берер тәлім-тәрбиесі үздіксіз болуы шарт. Тәрбиешінің жеке басының үлгісі — жас ұрпақ тәрбиесінде ең әсерлі әдістердің бірі, өйткені балалар тәрбиешіге барлық жағынан еліктейді. Сол себептен де ол үнемі жинақты, таза, ұқыпты жүріп, сөйлеген сөзі мәнді, ойлы әдемі, салмақты келіп, асықпай, байыппен сөйлеуі керек. Бала еліктегіш болғандықтан, жақсыны да, жаманды да тез қабылдайды.
Баланың қабілетін тәрбиеші қаншалықты ерте ашып, дамытса оның нәтижесі де соншалықты жемісті болмақ. Осыған орай жаңа заман баласын қалыптастыруда мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері, тәрбиешілері өте сауатты да, парасатты болу керек.
Осы жерде мынандай сұрақ туындайды, «заманауи тәрбиеші қандай болуы керек?»17-жылдық тәжірибеме сүйене отырып, сұраққа мынадай жауап берем.
• Тәрбие процессі өте ұзақ уақытты қамтиды, сол себепті тәрбиеші өте шыдамды, жан дүниесі бай, сезімтал, мейірімді болу керек.
• Тәрбиеші көп білуі керек, өйткені ол өмірдің ғажайыптарын алғаш болып балаларға таныстырып, үйретеді.
• Тәрбиші өнерлі болуы, яғни балаға қызықты болу үшін әнші, биші, тігінші, суретші, әртіс болып, үнемі өнерге жақын болуы қажет.
• Толерантты, адами құндылықтары жоғары, өйткені тәрбиеші ата-аналармен жұмыс атқарады, ынтымақтастықта болады.
Бала жаны тас немесе құм емес, ол – гүл, оны үнемі суарып күтіп-баптап өсіру керек. Ол күн жылуына, жарықты, махаббатты күтеді. Сондықтан да балабақша тәрбиешісі өзінің тәрбиеленушілеріне ана бола білгені жөн.
Сөзімді қорытындылай келе, мен өзімді бақытты жандар қатарына қосамын, себебі мен өз жұмысымның «көзін» тауып, маған сенген басшылықтың, ата-аналардың көңілінен шыға білем, сәбилердің кішкентай жүрегіндегі жылт еткен жалынды, лапылдатып үлкен жарыққа айналуына себепкер екенімді сеземін.
Тәрбиешіге берілген ең үлкен алғыс, ол балалардың өзіңнің қасыңа келіп, сені кішкентай қолдарымен құшақтап, «Апай» — деп еркелегені саған сенім білдіргені. Менің тәрбиеленушілерімнің қуанышы ол менің қуанышым,
— менің жетістігім,
— менің бақытым!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *