Мақсаты: нарық жағдайындағы бәсеке теориясына, оның түрлеріне, нарықтық құрылымдардың түрлеріне және олардың шарттарына кеңірек тоқталу, сонымен қатар әртүрлі бәсекелестік жағдайындағы баға мен өнім көлемін таңдау тетіктерін қарастыру.
Талқылау сұрақтары:
6.1. Нарықтық құрылымдар және олардың сипатты белгілері;
6.2. Жетілген бәсеке және оның орындалу шарттары;
6.3. Жетілмеген бәсекенің формалары: монополия, монополистік бәсеке, олигополия, т.б.;
6.4. Жетілген және жетілмеген бәсеке жағдайында баға мен өндіріс көлемін таңдау;
6.5. Монополияға қарсы саясат.
Негізгі ұғымдар: нарықтық құрылымдар, бәсеке, жетілген бәсеке, жетілмеген бәсеке, монополия, олигополия, монополистік бәсеке, монопсония, екі жақты монополия, бағалық дискриминация, жарнама, бәсекелестікті қорғау, ашық монополия, жабық монополия, табиғи монополия, монополиялық билік, монополияның зардаптары, антимонополиялық саясат, т.б.
6.1. Нарықтық құрылымдар және олардың сипатты белгілері Нарықтық құрылым көптеген белгілерімен ерекшеленетін күрделі ұғым ретінде саналады. Нарықтық құрылым бәсекелестіктің әртүрлі дәрежесімен анықталады. Нарықтық құрылым – бұл фирмалардың салалық нарықта өзара әрекеттесу сипатын анықтайтын және нарықтық тепе-теңдіктің қалыптасу әдістерін көрсететін нарықтық ұйымдастыру белгілерінің жиынтығы. Нарықтық құрылымның типі салалық нарықтың негізгі белгісі ретінде көрінетін ұсыныс тарапынан да, сұраныс тарапынан да әрекет ететін көптеген факторлармен анықталады. Нарықтық құрылымның типін анықтайтын негізгі факторлардың бірнешеуін бөліп көрсетуге болады:
1. Өндірушілердің шоғырлануы;
2. Сатып алушылардың шоғырлануы;
3. Өнімді ерекшелендіру дәрежесі;
4. Нарықтық ақпараттың толықтылығы;
5. Салаға кіру және одан шығып кету мүмкіндіктері;
6. Өндірушілердің бағаға бақылау жасай алу дәрежесі;
7. Фирмалардың өзара әрекеттесу сипаты. Осы факторларды ескере отырып, нарық құрылымын негізгі төрт түрін бөліп көрсетуге болады:
• Жетілген (таза) бәсеке;
• Абсолютті (таза) монополия;
• Монополистік бәсеке;
• Олигополия.
6.2. Жетілген бәсеке және оның орындалу шарттары Жетілген бәсеке нарығы дегеніміз – нарықтағы бағаға әсер ете алмайтын және оны өзгерте алмайтын, саны өте көп және көлемі жағынан шағын фирмалар жұмыс істейтін нарықтық құрылымның бір типі. Жетілген таза бәсеке үлгісі нарықтық құрылымның бір тұрпаты ретінде бірқатар қатаң болжамдарға сүйенеді.
Атап айтсақ, оның шарттары төмендегідей болып табылады:
1. Біртекті немесе стандартты өнім өндіретін және оны сататын сатушылардың саны және осы өнімді сатып алушылардың саны нарықта өте көп болады.
2. Фирмалардың салаға кіруі және одан шығып кетуі еркін және ол ешқандай тосқауылдармен шектелмейді.
3. Әрбір жеке фирманың нарықтық үлесі соншалықты мардымсыз болғандықтан олардың әрқайсысы бағаға бақылау жасай алмайды.
4. Сатушылар да, сатып алушылар да нарықтың әрекет ету жағдайлары мен бағалар туралы ақпараттарға толық ие бола алады. Осындай нарықтық құрылымның аталған шарттарына байланысты оған жетілген бәсеке нарығы – бұл нарықтық бағаға әсер ете алмайтын, саны өте көп және көлемі жағынан шағын фирмалар әрекет ететін нарық құрылымының бір типі деп анықтама беруге болады.
Жетілген бәсекелес фирманың өніміне деген сұраныс қисығы баға бойынша өте икемді болып табылады. Ол абсцисса осіне параллельді түрде өтеді. Жетілген бәсеке нарығының артықшылықтары:
1. Өнім өндіру технологиялық жағынан аса тиімді түрде жүзеге асырылады.
2. Ресурстар оңтайлы дәрежеде бөлінеді.
3. Кәсіпорындар тұрақты, әрі шығынсыз жағдайда жұмыс істейді.
Жетілген бәсеке нарығының кемшіліктері:
1. Нарықтың бұл типіне капиталдың үлкен бөлігіне ие бола алмайтын шағын кәсіпорындар тән болғандықтан, олар өнімділігі жоғары техника мен технологияны қолдануға қабілетсіз болып табылады;
2. Ғылыми-техникалық прогресстің дамуына үлес қоса алмайды, өйткені ұзақ мерзімде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жұмыстарды жүргізу көп қаржыны талап етеді;
3. Қоғамдық игіліктерді өндіре алмайды. Сәйкесінше, осы аталған артықшылықтар мен кемшіліктер тек жетілген бәсеке нарығына ғана тән болады алады, яғни осындай ерекшеліктер нарықтық құрылымдардың басқа да типтері үшін сипатты болып табылмайды.
6.3. Жетілмеген бәсекенің формалары: монополия, монополистік бәсеке, олигополия, т.б. Жетілген бәсекенің жоғарыда аталған шарттарының ең болмағанда біреуі ғана бұзылатын болса, онда нарықта жетілмеген бәсекенің формалары орын алады. Жетілмеген бәсеке жағдайында фирмалардың саны шектеулі болып табылады, мұндай нарықтық құрылымдар жетілген бәсеке нарығына қарағанда экономикалық жағынан тиімділігі төмен нарықтар ретінде саналады. Себебі, жетілмеген бәсеке жағдайларында фирма нарық тағы бағаны бақылай алады, оның нарықтағы белгілі бір үстемдігі орын алады және өнім көлемін жетілген бәсекеге қарағанда салыстырмалы түрде аз өндіреді. Жетілмеген бәсекенің негізгі формаларын қарастырғанда кейбір жағдайларда сатушылар да және сатып алушылар да нарықтық билікке ұмтылып бағаға ықпал жасай алуы мүмкін. Жетілмеген бәсекенің негізгі формалары:
1. Монополия – нарықта бір ғана фирма сатушы ретінде жұмыс істейтін бәсекелестіктің ең шеткі түрі. Қарастырып отырған тауарды өндіретін тек бір ғана жеке фирма бар және осы ауыстыратын басқа тауарлар жоқ деп есептесек, онда мұндай нарық – монополия, ал фирма – монополист деп аталады. Монополист өзінің ерекше жағдайын пайдалана отырып, тауардың бағасын бәсекелес фирманың бағасынан әлдеқайда жоғары деңгейде белгілейді және бәсекелес фирмаға қарағанда тауарды аз мөлшерде ұсынады.
Монополияға тән сипатты белгілер немесе оның шарттары:
1. «Фирма» және «сала» түсініктері түйіседі;
2. Сатып алушыларда тауарды таңдауда мүмкіндіктері болмайды;
3. Таза монополист өнім шығарудың барлық көлемін бақылай отырып, бағаны кез келген бағытта өзгертеді және басқара алады;
4. Монополист берілген тауарды өндіретін жалғыз фирма болғандықтан, оның өніміне деген сұраныс қисығы бір мезгілде нарықтың да сұраныс қисығы болып табылады және ұсынылған тауардың бағасын анықтайды;
5. Таза монополия бәсекелестіктен биік кедергілермен (тосқауылдармен) қорғалады. Салаға кіруге қойылатын тосқауылдар – бұл салаға кіргісі келетін жаңа фирмалардың кіру жолдарына қойылатын кедергілер. Егер салаға кіру тосқауылдары неғұрлым жоғары болса, онда монополиялық пайда соғұрлым тұрақты сипатта болады.
Монополия жағдайында барлық кедергілер былайша екіге бөлінеді:
1. Табиғи (экономикалық) тосқауылдар – бұлар экономикалық себептерден туындайды (өндіріс масштабының тиімділігі, басты ресурстарды бақылау).
2. Жасанды (заңды немесе құқықтық) тосқауылдар – институционалдық жолмен құрылатын, мысалы, үкімет ісәрекеттерінің салдарынан (патенттер, лицензиялар немесе монополисттің әділетсіз іс-әрекеттері) туындайды. Таза монополия – бұл жетілген бәсекеге қарама-қарсы болып табылатын нарықтық құрылымның ең шеткі түрі. Тағы бір айта кететін жайт, монополист-фирмалар өз өнімінің бағасына бақылау жүргізе алғандықтан, оларды «баға іздеушілер» немесе «жетілмеген бәсекелес фирма» деп те атайды. Яғни монополист жетілген бәсекелес фирмаға («баға қабылдаушыларға») қарағанда өз пайдасын максималды дәрежеге жеткізе алатын тиімді баға деңгейін іздейді және соны саналы түрде тағайындайды.
Нарықты монополиялаудың негізгі себептеріне байланысты монополияның мынадай түрлері болады:
1. Жабық (жасанды) монополия – бәсекелестіктен заңды шектеулер көмегімен қорғалған монополияның бір түрі.
2. Табиғи (мемлекеттік) монополия – белгілі бір өнімнің көлемін бір фирманың өндіруі және оны екі немесе одан да көп фирмаларда өндіргеннен гөрі арзанға түсетін өндіріс саласы.
3. Ашық (кездейсоқ) монополия – берілген тауарды өндіретін тек қана бір фирма болып және оның бәсекелестіктен ешқандай арнайы (заңдық шектеулер көмегімен) қорғанышы жоқ болатын жағдай. Таза монополияның тауарына деген сұраныс қисығы теріс көлбеулі болады, сондықтан фирма өнім шығару көлемін бақылай отырып, бағаға ықпалын тигізе алады. Егер сатушы өз тауарының өндіріс көлемін өзгерту арқылы нарықтық бағаға әсерін тигізе алса, онда ол монополиялық билікке ие болады деп айта аламыз. Кейбір жағдайларда таза монополия бағалық дискриминация саясатын жүргізе алады, яғни сатып алушылардың әртүрлі тобына сапасы да, шығындар деңгейі де бірдей тауарларды әртүрлі бағамен сата алады. Бағалық дискриминация – монополист-фирманың сапалары бірдей болып табылатын берілген тауар немесе қызмет бірлігінің көлемін берілген шығындар деңгейінде әртүрлі бағалар бойынша әртүрлі тұтынушыларға сатуын немесе сата алуын сипаттайтын монополиялық тәжірибе.
3. Олигополия – шешім қабылдау кезінде өздерінің бәсекелестерінің мүмкін болатын іс-қимылдарын есепке алатын, бір-бірімен өзара тығыз қарым-қатынаста әрекет ететін фирмалардың саны шектеулі және санаулы болып табылатын жетілмеген бәсеке жағдайындағы нарықтық құрылымның бір типі.
Олигополия нарығы моделінің түрлері:
1. Табиғи олигополия – ұзақ мерзімдік ең төменгі орташа шығындармен барлық нарыққа өнімнің белгілі бір түрін бірнеше фирмалардың сатуымен ерекшеленетін олигополияның бір түрі.
2. Таза (стандартталған) олигополия – біртекті (стандартты) өнімді (мысалы, металл, шикі мұнай, т.б.) өндіруді жоспарлаған бірнеше ірі фирмалардың нарықта әрекет етуін сипаттайтын олигополия нарығының бір түрі.
3. Ерекшеленген (дифференциацияланған) олигополия – нарыққа әртүрлі (ерекшеленген) өнімдерді (мысалы, автомобиль, тұрмыстық техника, т.б.) бірнеше ірі фирмалардың шығарып сатуын сипаттайтын олигополия нарығының бір түрі.
Олигополия нарығының негізгі ерекшеліктері:
1. Нарықта басым фирмалар болады, олардың саны көп емес;
2. Олигополиялық фирмалардың нарықтық үлестері көп болады, сондықтан бағаға монополиялық билік жүргізе алады;
3. Осындай әрбір фирманың сұраныс қисығы төмен қарай бағытталған болады;
4. Олигополиялық нарықтың басты сипаты – фирмалар бір-бірімен тығыз байланыста және өзара тәуелділікте болады. Баға мен өнім көлемін анықтағанда әрбір фирма өзінің бәсекелестерінің ықтимал реакциясын ескеруге мәжбүр болады;
5. Салаға жаңа фирмалардың кіруіне айтарлықтай кедергілер қойылады.
Жалпы өзара байланыстың салдары:
1) сұранысты бағалау қиындығы;
2) шекті түсімді анықтауға болмайды;
3) тепе-теңдік баға (P*) мен тепе-теңдік сату көлемін (Q*) анықтау мүмкіндігі жоқ.
Нарық іс-әрекетінің осындай белгісіздігінен олигополия үлгісінің көптігі туындайды, олар кооперативтік және кооперативтік емес ісәрекет модельдеріне бөлінеді. Кооперативтік емес іс-әрекет – бұл әрбір жеке олигополистфирмалардың бәсекелестерінің ықтимал шешімдері мен реакцияларын ескере отырып, баға мен өнім көлемі туралы мәселелерді өз бетінше дербес шешуін сипаттайтын бірікпеген қимылдары. Кооперативтік іс-әрекет – бұл саладағы олигополист-фирмалардың біртұтас монополия құру мақсатымен баға, өнім көлемі және ықтимал пайда туралы мәселелерді өзара бірігіп шешуін сипаттайтын қимылдары.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары
1. Бәсекелестіктің түрлері қандай?
2. Нарықтық құрылымдар және оларды анықтайтын факторлар қандай?
3. Монополияның түрлері қандай?
4. Монополияның шарттары қандай?
Пайдаланған әдебиеттер
Микроэкономика. Құдайбергенова К.С. Оқу құралы. – 2013.27-бет
Мамыров Н.Қ., Есенғалиева Қ.С., Тілеужанова М. Ә. Микроэкономика: Оқу құралы. – Алматы: Экономика, 2014.32-бет
3. Мухамедиев В. М. Микроэкономика- Алматы: 2011.26-бет
4. Я.Ә. Әубәкіров, Қ. Нәрібаев, М. Есқалиев, Е. Жатқанбаев, Е.Байжұманов, С. Досқалиев, Ж. Жәйшебеков. Экономикалық теория негіздері. Алматы, 2014 ж.,95-бет
5. Молдахметова А.Б., Өтебаев М.Ө. Микроэкономика: Оқулық. – Астана: Фолиант, 2013.69-бет.
6. Егемен Қазақстан: Жалпыұлттық республикалық газет. -2015.-9 қаңтар.
7. С.С. Мәуленова, С. Қ. Бекмолдин, Е.Қ. Құдайбергенов “Экономикалық теория” оқулық І-бөлім – Алматы, 2014.45-бет
8. Өтеев Р. А., Бердисугиров Е.М Экономика негіздері – Алматы: 2013. 53-бет
9. Әубәкіров Я., Байжумаев Е., Досқалиев С. Экономикалық теория негіздері.-Алматы: 2013. 479-бет