НАРЫҚ ҚАТЫНАСТАРЫ ЖАҒДАЙЫНДА ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ОРМАН ҚОРЫНА МЕНШІК ҚҰҚЫҒЫ

Орман қорына меншік құқығын заттық құқық деп атайды. Демек, оған заттық құқықтың жалпы сипаттамасы тән.

Заттық құқық жүйесі Көне Римде пайда болды. Меншік құқығымен қатар ол меншікте шектелген заттық құқықты білдіреді. Шектелген құқықтың пайда болуының негізгі себебі — ол жерді жеке меншікке алу мүмкіндігі, жер учаскелерінің азаматтық айналымның объектісі болу мүмкіндігі.

1918 ж. Кеңес Республикасында жерді мемлекеттің айрықша меншік объектісі ретінде жариялағаннан кейін, ешқандай заттық құқықтардың қажеттілігі болған жоқ. Олар жойылды.

Қазіргі таңда заттық құқық жүйесі керек. Егер, өтпелі экономикасы бар Европаның аумағындағы елдердің тәжірибесіне сүйенсек, олар осы жүйені қабылдаған. Олар, прибалтика және өзге мемлекеттер (2002 ж. Эстонияның АК, Чехияның АК). Хорватия, Македонияда меншік туралы заңдар қабылданған.

Азаматтық құқық теорясында қазіргі күнге дейін заттық құқықтардың белгілеріне байланысты даулар бар. 

Мысалы, М.И. Брагинскийдің айтуынша: “заттық құқықтардың пәні зат және олар абсолютті сипатта болады, олар затпен байланысты және құқық иеленушінің белсенділігі мен оған қарсылардың бәсеңдігін көрсетеді” /1/.

Біріншіден, заттық құқықтың объектісі денелік зат, яғни физикалық дене сипатындағы зат .

Заттық құқықтың екінші белгісі — оның мазмұны. Егер міндеттемелік құқық несие беруші мен борышқордың арасындағы байланысты реттесе, заттық құқық құқық субъектісінің затпен байланысын немесе субъектінің затқа қатысты мүмкіндігін реттейді.

Мүмкіндік меншік құқығы беретін затқа билік етумен байланысты. Меншік иесі затқа өзінің заты ретінде қарайды, ал құқық осы қатынасты бекітеді. 

Кейбір авторлар бұған қарсы көзқарасты ұстанады: “заңи қатынастар тұлғалар арасындағы қатынастар болып табылады. Меншік құқығы, мысалы, тұлға мен заттың арасындағы физикалық қарым- қатынас емес; мен бір заттың меншік иесі болғанымен, ол затта физикалық немесе химиялық өзгерістер пайда болмайды; мен ешқашан көрмеген және ұстамаған заттың меншік иесі бола аламын; меншік құқығы менің басқа тұлғалармен мүмкін болатын қарым- қатынасым; олар менің құқығымды сыйлау керек; өзге барлық құқықтық қатынастар да осылай түсіндірілуі керек” /2/.

Үшінші белгі — оның абсолютты сипаты, яғни заттық құқықтық қатынас тарабына қатысты осы құқықтарды жүзеге асыруға кедергі келтірмейтін анықталмаған тұлғалардың болуы. 

Міндетті тараптың — тұлғалардың анықталмағандығы, осы субъектілердің құқықтық жағдайына әсер етпейді. Олар осы мүлікке субъективтік заттық құқық тиесілі болмағандықтан міндетті болады. Затқа құқық заттың иесіне қатысты жалпы міндеттілікті туғызады, оның құқығына зиян келтіретін әрекеттерді істеуге тыйым салынады, бұл міндет заттың иесінен басқа кез- келген тұлғаға қатысты /3/.

Төртінші белгі- қорғаныстың жалпы сипаты. Кейде оны абсолютті деп атайды, өйткені, заттық құқық абсолютті құқық болып табылады, меншік иесінің басқалармен байланысын бекітеді. Кез-келген заттық құқық абсолютті құқықтық қатынастар шегінде жүзеге асырылады, құқыққа ие субъектінің анықталмаған міндетті тұлғалармен байланысты болады, бұдан үшінші тұлғалардан қорғанысты қамтамасыз етуді және субективтік заттық құқықты бұзған кез-келген тұлғалардан қорғанысты қамтамасыз етеді. Құқық бұзушы тұлға меншік иесі де бола алады. Егер меншік иесі затты беру немесе шектелген заттық құқыққа ие субъектіге берген сәттен бастап, меншік иесі шектелген заттық құқықты бұзбауға немесе шектемеуге міндетті тұлғалардың бірі болады /6, с.187/.Л.В. Щенникованың пікірінше, азаматтық — құқықтық ғылымдағы заттық құқықтың белгілері доктриналды анықтамаларда көрініс табады, өйткені заңда олар көрініс таппайды. Заттық құқықтың пәні физикалық дене нысанындағы зат.

Ормандарды зат ретінде қабылдауға жол беріледі, өйткені құқықтағы зат дегеніміз «мүліктік құқықтық қатынастардың объектісі болып табылатын табиғи түрдегі немесе адамның еңбегімен жасалынған сыртқы (материалдық) әлемнің заты».

Орман қорына меншік құқығы әртүрлі аспектілерде қарастырылады: а) объективті құқық ретінде; б) субъективті құқық ретінде; в) ерекше титул ретінде; г) құқықтық қатынас ретінде.

Құқықтық институт ретінде орман  қорына меншік құқығы- орман қорына меншік құқығының пайда болу, өзгеру және тоқтатылуды, оның мазмұны мен көлемін, күзету мен қорғау құралдарын бекітетін нормалар жүйесі.

Субъективті құқық ретінде меншік құқығы — орман қорына меншік құқығын иеленуші субъектінің іс — әрекетінің мүмкіндігінің шегі. Бұл субъектінің ерекше құқығы, оның объектісі жылжымайтын мүлік және табиғи объект ретіндегі ормандар және орман жерлері және субъектінің осы меншікке иелену, пайдалану және билік етуі.

Титул ретіндегі меншік құқығы — белгілі заттық- құқықтық титул: меншік құқығы негізінде орман қорына иелену, пайдалану және билік ету мүмкіндігі.

Құқықтық қатынас ретінде — тұлғаның орман қорына иелену, пайдалану және билік ету қатынасы. Бұл құқықтық қатынастың сипаты меншік құқығы иесіне өзге заттық құқық иелері және орман қатынастарының басқа қатысушыларының қарсы тұруы.

Ормандарға, орман қорына меншік құқығының түсінігі 2003 жылғы орман кодексінде көрсетілмейді. Оның түсінігін меншік құқығының жалпы түсінігінен шығаруға болады.

Меншік құқығы институты материалдық игіліктердің иелікте болу қатынастарын реттейді. Азаматтар мен заңды тұлғалардың меншігін көрсетіп қою маңызды емес, нақты құқық нормаларын белгілеу қажет.

Меншік иесі затқа өзінің заты ретінде қарайды, ал қалғандары біреудің заты ретінде қарайды. Меншік иесі затқа билік етеді. Сонымен қатар, бұл билік басқа тұлғалардың мүдделері және құқықтық тәртіппен шектеледі. Осыған байланысты көршілер арасында даулар пайда болады — мысалы, көршілес жер учаскелердің меншік иелерінің арасында. Бұл меншік иелерінде билік ету және сол билігіне шектеулер бар. Осы қатынас субъектілеріне даулы жағдайды шешуге кім көмектесе алады? Осы жағдайда бірінші кеңес беруші — заң болу керек. 

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 188-бабы меншік құқығына жалпы анықтама береді.

«188-бап. Меншік құқығы ұғымы және оның мазмұны.

  1. Меншік құқығы дегеніміз субъектінің заң құжаттары арқылы танылатын және қорғалатын өзіне тиесілі мүлікті өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы.

Меншік құқығы мәміле жасалған кезде болған барлық жүктемелерімен басқа адамға беріледі.

  1. Меншік иесінің өз мүлкін иелену, пайдалану және билік ету құқығы болады.

Иелену құқығы дегеніміз мүлікті іс жүзінде иеленуді жүзеге асыруды заң жүзінде қамтамасыз ету.

Пайдалану құқығы дегеніміз мүліктен оның пайдалы табиғи қасиеттерін алудың, сондай-ақ одан пайда табудың заң жүзінде қамтамасыз етілуі. Пайда кіріс, өсім, жеміс, төл алу және өзге нысандарында болуы мүмкін.

Билік ету құқығы дегеніміз мүліктің заң жүзіндегі тағдырын белгілеудің заңмен қамтамасыз етілуі.

  1. Меншік иесі өзіне тиесілі мүлікке қатысты өз қалауы бойынша кез келген әрекеттер жасауға, соның ішінде сол мүлікті басқа адамдардың меншігіне беріп, иелігінен шығаруға, өзі меншік иесі болып қала отырып, оларға мүлікті иелену және пайдалану және оған билік ету жөніндегі өз өкілеттігін тапсыруға, мүлікті кепілге беруге және оған басқа да әдістермен ауыртпалық түсіруге, оларға өзгеше түрде билік етуге құқылы.

4.Меншік иесінің өз өкілеттігін жүзеге асыруы басқа тұлғалар мен мемлекеттің және заңмен қорғалатын мүдделерін бұзбауға тиіс. Құқықтар мен заңды мүдделерді басқа нысандарымен қатар, меншік иесінің өзінің монополиялық және өзге де басымдық жағдайын пайдаланып қиянат жасауынан көрінуі мүмкін.

Меншік иесі өз құқықтарын жүзеге асырған кезде азаматтардың денсаулығы мен айналадағы ортаға келтіруі мүмкін зардаптарға жол бермеу шараларын қолдануға міндетті.

5.Меншік құқығының мерзімі шексіз. Мүлікке меншік құқығы Азаматтық кодексте көзделген негіздер бойынша ғана ықтиярсыз тоқтатылуы мүмкін.

Заң құжаттарында көзделген реттерде, жағдайлар мен шектерде меншік иесі өз мүлкін басқа адамдардың шектеулі түрде пайдалануына жол беруге міндетті» /4/.

Демек, аталған баппен  меншік иесі меншік құқығына сәйкес кез- келген әрекет жасау мүмкіндігіне ие, бірақ меншік иесі заңда көзделген негіздерде басқа субъектілердің құқықтары мен мүдделерімен шектеледі. Көріп отырғанымыздай, осы құқыққа анықтама берген кезде заң шығарушы меншік иесінің өкілеттігінің триадасынан алшақтады.

Қарастырылып отырған Азаматтық кодекстің бабы жан-жақты ойластырылған бап, бірақ сондай дәрежеге дейін жету тарихы бар. Мысалы, революцияға дейінгі Ресейдің заңдар жинағының Х томының 420 бабы бойынша: «Мүлікті заңмен бекітілген тәртіпте жеке меншікке алған алғашқы иеленуші басқа түлғаға тәуелсіз өмір бақи иелену, пайдалану және билік ету құқығына ие».

Кеңес кезеңінде 1922 ж. Азаматтық кодекстің 59-бабына сәйкес, меншік иесіне заңмен бекітілген шектерде иелену, пайдалану және билік ету құқығы тиесілі. Осы арқылы меншік иесінің өкілеттігінің дәстүрлі триадасы бекітілген. Аталған заңның 53-бабы жылжымайтын мүліктің ерекше бағалы объектілеріне, соның ішінде жер учаскелеріне мемлекеттік меншікті бекітті. Нәтижесінде, меншік құқығының түсінігі өкілеттік триадасымен шектелді, ал меншік қатынастарын нақты-құқықтық реттеу қажеттілігі мемлекеттік социалистік меншік билігінің өсуімен жойылды.

28 желтоқсан 1963 ж. ҚазКСР Азаматтық кодексі меншік қатынастарын реттеудің дәстүрлі кеңес тәртібін жалғастырды. Меншік өкілеттік триадасымен байланысты болды. 

Сондықтан, 1994 ж. Азаматтық кодексіндегі меншік құқығының құрылымы заң қоғамымен оң қабылданды. ҚР АК 188-бабының нормасы батыс құқықтық реттеудің тәжірибесін негіз етіп алды. Үш мәселе шешілді.

 Бірінші мәселе, меншік құқығының жеке өкілеттіктер жиынтығы емес екендігін танумен байланысты. Бұл өкілеттіктер заңмен белгіленген иелену, пайдалану және билік етумен шектелмейді. Мысалы, тұтыну құқығын айтуға болады.  Демек, меншік құқығы — бұл «кез-келген әрекетті өз қалауы бойынша жасау» деген  формулаға сәйкес келетін толық билік ету мүмкіндігі.

Екінші мәселе, шектеуге байланысты, яғни «меншік міндеттейді».Бұндай сөз тіркесі ҚР АК жоқ, бірақ меншікті шектеу 188, 189-баптарда мүлікті күтіп ұстау ауыртпалығын қарастыру арқылы жүзеге асады.

Үшінші мәселе, басқа тұлғалардың меншік объектісіне құқықтарымен байланысы. ҚР АК 188-бабы меншік иесіне затқа ауыртпалық түсіруге рұқсат етеді, мысалы мүлікті кепілге беру. Мұндай ауыртпалық меншік иесін оның құқықтарынан айырмайды. Оның құқықтары тек уақытша ғана ысырылады. Ауыртпалық алынып тасталынғаннан кейін меншік құқығы алғашқы нысанына қалпына келтіріледі.

Демек, ҚР Азаматтық кодекстің  188-бабының 1-тармағына сәйкес, меншік құқығы дегеніміз субъектінің заң құжаттары арқылы танылатын және қорғалатын өзіне тиесілі мүлікті өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы.

Экологиялық құқық теориясында көптеген ғалымдар субъективті мағынадағы табиғи ресурстарға меншік құқығын анықтауда ортақ көзқарас ұстанады. Ол, меншік иесінің жер және жер қойнауы, өсімдік және жануарлар әлемі және өзге де меншік объектілерін иелену, пайдалану және билік ету өкілеттіктерінің жиынтығы.

Меншік құқығының субъективті анықтамасын орман қорына меншік құқығына пайдалануға болады. Бірақ, біздің көзқарасымыз бойынша, бұл анықтамада шектеулер көрсетілуі тиіс, өйткені ормандар және өзге де табиғи объектілер мүлікке қарағанда ерекшеліктерге ие. Ормандарға құқық абсолютті сипатта болады деп айта алмаймыз, мысалы, өз қалауынша ормандарды жоюға тыйым салынады.

Орман қорына меншік құқығы — заң актілермен белгіленген шектер мен тәртіпте заң актілерімен танылатын және қорғалатын субъектінің өз қалауы бойынша орман қорын иелену, пайдалану және билік ету құқығы. Ормандарға меншік құқығының түсінігі осыған ұқсас болады.

Ормандарға меншік құқығы — заң актілермен белгіленген шектер мен тәртіпте заң актілерімен танылатын және қорғалатын субъектінің өз қалауы бойынша орманды иелену, пайдалану және билік ету құқығы.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *