рухани бастаулар

а) адам болмысының табиғаты мен оның тұтастығынан,  адам дүниесінің тұрлаулы байлығынан, адамның тұрмыс–салттағы болмысының ережелерінен туындайтын  төл құндылықтар; ә) адамды Құдайға жақындату, Жаратқан сый еткен байлықты адамзаттың берекесін келтіруге, мәртебесін көтеруге жарату жолдары; б) әрі–сәріден түңілдіретін ауызбірлік пен өзара ықпалдастықта. Р. б. – адамгершіліктің тұнығында, адамзаттың бітімінде, әлемнің руханият тұрпатында, құдіретке құлшылық етуде. Б.– бастаулардың  мұндай шоқтығында шындық пен шымырлық, тазалық пен табандылық, жақсылық пен жарасымдылық астасады; өмірлік кеңістіктің кеңдігі мен үдемелі талпыныстың теңдігі тұрақты ұстанымға айналады; сезім мен сенімнің тереңдігі біртұтастық пен серіктестіктен демеушілік табады;  еркіндік пен жігерлілік тұлғалықтың тұрақты табандылығын құрайды. 

Р. б–да: а) көзбен көретін бейнелік және ұйып тартатын ұғымдық ағымдар тоғысты;  ә) адамның жасампаз күшінің қайнар көзі ашылды, индивидтің тұлғалық бейнесі жасалынды;  б) ішкі және сыртқы агрессияшыл пиғылдың өрісі тарылды; в) өткеннің азғындығын тоқтатуға болады  деген сенім мен болжам жалпы ұғым мен қағидаятқа айналды. Бейне, ұғым, тіл, мәтіндегі басым да бағдарлы қатынастар үйлестігі, әрі дүниетанымдық  маңызы айқын ұстанымдар Р.б–лардың негізі мен құндылығын қалыптастырды. Бағдарлы ұстаным деп отырғанымыз: психикалық қызметтің түрлерін – түйсіктің, қабылдаудың, көңіл назардың, естің, түсініктің, ойланудың, қиял–арманның байланыстарын реттеу; қобалжу мен қуаныш барысында адам болмысындағы құдіреттікті іздеу; әлем мен адамның руханият тұрпатын толықтыру;  басқа рухани перспективаларды ескеру. Іргелі ұстанымда – бастама мен бағыт түптес, руханилық шептес. Жаңа қағиданың қуаты – өзара түсіністік пен құрметтеушілікте.

Р. б. – ұтымды ұғымда. Ұтымдылық, алдымен бас қосуда, яғни, жаңашылдыққа құлақ түруде, жүйені жаңғыртуда. Ұғымдылық – ой–жарыстардың рухани жетістіктерінде, жеңілдіктерінде, жарасуға жетекшілікте. Жаңа түсініктер – өмірлік әлеуетті өзектендіруге арналған ынта–ықыластар. Ұтымды ұғым мен ұстаным  әлемдегі күшпен қысымдау саясатын құрықтауда, бітімгерлік идеясын алға тартты. Қысымның қай түрінде болмасын зорлық–зомбылық, берекесіз атыс–шабыс, рухани азғындық  адамзаттың үрейін күшейтті, санасын улады. Адамгершілікке сүйенген бітімгерлік идеясында Р. салауаттылық бағыттар, адамгершілік ұстанымдар ұлағатталынды. Р. б–лар мен бағыттар: а) адам мен әлемнің әлеуетін құлдыратпай күшейтті; ә) тар жолға, кикілжіңге ұрындырмады, б) адамдардың алуан мәдени–діни ортада бір–бірімен ымырада өмір сүруге үйретті.

Р.б. тазалық адамның өзін және  қауымдастығын танып, олармен еркін және есті тілдесуге жол ашты. Содан адамгершіл тәрбиенің өміршеңдігі және адамның жасампаз және жауынгер рухты өмірі аумақтала түсті. Рухтанған жан жоғарғы құндылықтарды қабылдауға талпынды.

Қожа Ахмет Йасауи хақты, Р.б–лықты тануға ерекше мән берген халықтың қалаулысы. Оның өсиеті бойынша Тарихатты тану сегіз жүйеден – тәубашылдықтан, ғибадатшылдықтан, махаббаттан, сабырлылықтан, шүкіршіліктен, ризашылдықтан, заһидшілдіктен (анықтықтан), ғаріптіктен тұрады. Р.б. тазалықтың бұл тіректері – кісілік қасиеттердің мұраты мен көрсеткішін, қуаныш көріністері мен адамның жоғары құндылықтарға іштей бейімделуін білдірді. Қатынастағы тазалық қуат әкелгенде: «Адамның ғазиз досы жаннан артық» деген сөз қанаттанды.  Бұл қасиеттер іштей ынталылықты, ұқыптылықты, тәртіпті үйлестірді. Адамның өзіне бекемдігі мен сенімділігі, өзге көзқарастарға төзімділігі осы бастаулардан нәр алды және әдептік ұстанымдарға тірек болды.

Қазақ халқының қанына туа біткен қасиеттер, оның  дүниетанымының бірегей бітімі, өзіндік болмысы мен құндылықтары бар. Ол – адам болу,  ел–жұрт болу, ортамен тыныштықта өмір сүру. Қазақ халқының ұраны мен ұстанымы қалыптасты: «адам болу керек», «ел–жұрт болу, бітімді келісімге қол жеткізу қажет». Адалдық, ақыл, адамдық, ақиқат – қазақ дәстүрі мен қазақтық деңгейдің бағыт–бағдары. Бұл өлшемдер, біржағы, адамгершілік жарастығының жалғасы, бір жағы, хақты, руханилықты, тазалықты тануға апаратын ізденіс жолы. Содан өзара түсінісу,  бір–біріне сену сыңайы ыңғай табады, ағартушылық жұмысы тәрбиеге бағытталынады.

Оң бастаулар – әлемдік діндерді жақындастыру әрекетіне лайықты, діни өсиеттерді сабақтастыруға және заңдастыруға бағытталған, адамзаттың игілігіне арналған ықпалдастық. іргесі – ірілікте. Қысқасы, рухани бастау –  тұтас та іргелі ірілік. Әзірге осы бағыттағы оң ниеттер кейде аяқсыз қалуда. Оған себеп: а) әлемдік, өлкелік кикілжіңнің бастаулары – лаңкестік, кедейлік, аштық, қатыгездіктің ошақтары сөнбеуде, құқық бұзар қылмыстар басылмауда; ә)  ядролық қатер, жаһандық экономикалыққаржыдағдарысы, экологиялық қауіп тыныштықтың тұнығын ылайлауда. Қатерлік мұнымен шектелмейді.

Ізгі бастаулар адамдар арасындағы тұтастық пен бірлікті дамытуға ыңғайлы, ықпалды. Тең тұрмыс, әділ әрекет халықтардың өзара ықпалдастығын арттыратын, асқақтататын жетістікті қомақтады. Р.б. байлықты қоғамдық болмыстан, қарым–қатынастан бөле–жара қарауға болмайтынын ұғынушылық нығайды. Өмірдегі құдіреттілікті іздеу дегеніміз діни төзімсіздікке ұрынбау, әділетсіздікке көнбеу, күш көрсетуге немесе өзінше азып–тозуға берілмеу.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *