Дәріс мақсаты: Батыстану және қазақтың ұлттық идеясын қарастыру
Тақырыпқа қатысты сұрақтар:
Қазақстанда ұлттық идеяны қалыптасуына үш суперөркениеттердің тоғысуында орналасуы.
Мәдени-әлеуметтік транзиттік, номадалық діл әрекеттері ықпалы.
Ұлттық рухани құндылықтарға қарай бетбұрыс.
Тақырыптың қысқаша мазмұны (тезистер);
Ол бірнеше ғасыр бойы отаршылдық пен тоталитаризмнің ықпалымен мәдени деградация мен трансформацияға ұшыраған ұлттық мәдениетті қайта өркендету, мемлекеттік деңгейде ұлттық идеяның негізін құрайтын түбегейлі құндылықтарды қайтару, осы уақытқа дейін тыйым салынып келген халықтың тарихи өткенін толығымен, жан-жақты зерттеулер арқылы қалпына келтіру және ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ халқының асыл қазынасы – мәдени-рухани мол мұраны игеру сияқты міндеттерді шешуді жүктейді. Сонымен қатар, тәуелсіздік алған жылдардан кейін еліміздің алдындағы өзекті мәселелердің бірі – жаңа заман талабына жауап бере алатын мемлекеттің ұлттық идеясын жасау мәселесімен қатар, қазіргі модернизациялану жағдайында қоғам өміріндегі ұлттық идеяның алатын орнын анықтап, рухани жетілу, адамгершілікті дамыту, идеологиялық біріктіру қызметтерін кеңейту мүмкіндіктерін іздестіру қажеттілігі туды. Қазақстандық көпұлтты қоғамның қазіргі ұлттық даму сатысындағы өзіне тән ерекшеліктердің бірі – әртүрлі құндылықтар негізінде қалыптасқан сан-алуан әлеуметтік-мәдени құрылымдардың қатар өмір сүруі және олардың әрқайсысына сәйкес қоғамдық сана мен мінез-құлық үлгісінің пайда болуы деп айтсақ болады. Сонымен қатар, бұрыңғы концепциялар қайта қаралып, тарихта ұмытылған немесе тоталитарлы кезеңде тыйым салынған құбылыстарды қайта жаңғырту үрдісі байқалуда. Осылайша, қазіргі қоғамдық өмірдің реформалануы мен демократиялануы жағдайында, Қазақстан Республикасы мен ТМД-да болып жатқан түбегейлі өзгерістер тұсында ұлттық идеяны қалыптастыру – тарихи қажеттілік, әрі уақыт талабы болып табылады. Жоғарыда айтылғандардан көретініміз, халыққа ортақ бағыт-бағдар беретін ұлттық идеяны қалыптастыру көпұлтты қоғамды біріктірудің маңызды шарты болып табылады. Себебі, өз дамуының белгілі бір шарықтау шыңына жетіп, дамудың түбегейлі жаңа сатысына көтерілудің орасан зор мақсаты жолындағы қоғам мен мемлекеттің саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени, рухани және басқа барлық күштерін біріктіру міндеті туындаған кезде кез келген ел өзінің ұлттық идеясын қалыптастыруға деген қажеттілікті сезінеді. Ұлттық идеяның табиғатын түсіну үшін, алдымен «идея» мен «ұлт» түсініктерінің ғылыми анықтамаларына тоқталуымыз қажет.Сонымен, идея – бар нәрсені емес, басқа ұғымдардан өзгеше әлі жоқ нәрсені, жасалуға тиіс дүниелерді білдіреді. Идея өзі тарихи дамудың нәтижесі ретінде өзінің даму барысында өзінің көптеген қырларын айқындап толысқан ұғым. Ол бүкіл даму тарихындағы жасалған рухани байлықтардың бәрін бойына сіңірген, бір жүйеге біріктірген. Ал, «ұлттық» термині ұлтқа тиесілі деген мағынаны білдіреді. «ұлт» ұғымына Қазақстанның ұлттық энциклопедиясында былай деп анықтама берілген: ұлт – ортақ тілі, қалыптасқан мәдениеті, біріктіруші салт-дәстүрлері мен діні бар адамдардың әлеу¬мет¬тік бірлестігі. Сонымен бірге, көптеген ұлттардың ортақ аумағы, ортақ экономикасы, сол ұлт өкілдерін біріктіретін мемлекеті болады. Ұлт қалыптасуында адамдардың бірлігінің бастауы болатын ортақ этногенетикалық тек те маңызды рөл атқарады. Осындай талап тұрғысынан қарастыр¬ғанда «ұлт» және «этнос» ұғымдары біріне бірі өте жақын, этнос ұлттың туып, қалыптасуына негіз болады . Дегенмен, әлі де философиялық және саяси-әлеуметтік ой-пікірде «ұлт», «этнос» категориялары туралы бір арнаға тоғысқан түсінік қалыптаспаған.
Өзін-өзі бақылау үшін тапсырмалар:
Қазақстанда ұлттық идеяны қалыптасуына үш өркениеттердің тоғысуында орналасуы қандай? Ұлттық рухани құндылықтарға қарай бетбұрысқа қалыптасып жатқан жағдайлар.
Әдебиеттер: 1,2,6,7.