АСКЕТТІК

(грек. asketes – жаттығу, ерлік) — саналы түрде табиғи қызықтардан, өмір игіліктері мен ләззаттықтан өзін рухани құтқару мен жоғары мағыналықты көздеп, адами немесе діни мұраттарға жету үшін бас тартып, өткінші дүние құндылықтарын тәркі ету. А. көптеген діни (буддизм, индуизм, иудаизм, христиан, ислам) және философиялық (пифагоршылар, стоиктер, гностиктер, неоплатоншылар) жүйелердің жалпы принципі болып келеді. Бір діннің аумағының өзінде А–тің бірнеше баламалары болды. Мыс., христиандықта монахтық А. пен дүниелік А. ажыратылған. Христиандық діннің адам денесінің қасиеттілігі және оның қайта тірілуі мен мәңгі өмір үшін қажеттілігі туралы қағидаларына қарамай, А., әсіресе алғашқы христиандық әулиелердің өмірінде кең орын алған. Батыс Рим империясының құлдырау жағыдайында өріс алған әдепсіздікке қарсы А. руханилықты сақтаудың бірден–бір жолы деп есептелген. А. принциптер Айса пайғамбардың өміріндегі (мыс., шөлде әзәзілдік нәпсіқұмарлықпен күресу) тәрбиелік құндылықтар ретінде уағыздалды. Орта ғасырда католиктік және православиялық ағымдарда монахтық А. (целибат) қарапайым адамдар үшін де үлгі болып жарияланған. Протестанизм сыртқы монахтық А–тің орнына “моральдық аскеза” принципін ұсынды. Рухани тазару алдыңғы орынға қойылды. Ислам дінінде де А. жоғары бағаланған. А. әсіресе, сопылық бағыттың негізгі өмірлік принциптерінің біріне айналды. Оны Қожа Ахмет Иасауи уағыздарынан байқауға болады. Оның пікірі бойынша, адам нәпсіқұмарлықтан арылу үшін өзіне өзі джихат жариялауы керек, нәпсіні тыйған адам түбінде әулиеге айналады, Жалпы алғанда, А. адамзаттың рухани тәжірибелерінің бірі ретінде қабылдануы керек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *