Химияны пәнаралық байланыс негізінді оқытуда салауатты өмір салтын қалыптастыру әдістемесі.
Жоғары медицина колледжінің химия пәнінің оқытушысы
Шабден Ж.Р
Зерттеудің көкейкестілігі: Қазіргі кезде адамдар мен қоғамның салауаттылығы бүкіл өркениетті әлем үшін әлеуметтік сипатқа ие болып отыр. Бүгінгі адам салауатты өмір мен денсаулық мәдениетін игермей тұрып, өзін білімді адам деп санай алмайды. Өйткені, әрқайсымыздың денсаулығымыз – бұл жеке байлық қана емес, ол сондай – ақ еліміздің экономикалық қуатының өсуі үшін де қажетті шарт. Адамдардың денсаулығы да сол елдің өркениеттік деңгейін танытатын маңызды факторлардың бірі. Ал денсаулықтың негізгі шарты – мәдени орта, салауатты өмір салты. Сондықтан да Елбасы Н.Ә. Назарбаев “Қазақстан – 2030” стратегиялық бағдарламасында “Салауатты өмір салты — әрқайсымыздың дене тәрбиесімен айналасуымызға, дұрыс тамақтануымызға, тазалық пен сауықтыру шараларын сақтауымызға бағытталған” деп көрсеткен.
Зерттеу мақсаты: жалпы білім беретін орында химияны пәнаралық байланыс негізінде оқыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру әдістемесін ғылыми – теориялық тұрғыдан негіздеу.
Зерттеудің міндеттері:
— жаратылыстану ғылымдарының өзара байланысуы арқылы туындайтын салауатты өмір салты мәселелерін ғылыми – теориялық тұрғыдан негіздеу;
— химияны пәнаралық негізде оқытуда оқушылардың салауаттылық мәдениетін қалыптастырудың әдістемесін жасау;
— пәнаралық негізде салауатты өмір салтын қалыптастырудың әдістемесінің тиімділігін педагогикалық эксперимент арқылы тексеру;
— тәжірибеден өткен салауатты өмір салтын қалыптастыру әдістемесін мектептердің іс – тәжірибесіне ендіру.
Зерттеудің болжамы: химияны оқыту барысында пәнаралық байланыс негізінде салауатты өмір салты мәселелері туралы білім мен тәрбие беру нәтижелі болады, егерде:
— салауаттану, биология, экология пәндеріндегі салауаттылық туралы берілетін ұғымдар жүйеленіп, оны химия пәні мазмұнымен кіріктіруге көңіл бөлінсе;
— химия курсындағы салауаттылық туралы материалдар теориялық және әдістемелік жағынан негізделсе;
— күнделікті ақпараттардан салауаттылық туралы бұқаралық ғылыми материалдар іріктеліп және ол деректер сабақ барысында тиімді пайдаланылса;
— оқушылардың салауатты өмір салтын қалыптастыру және дамыту сабақта,
Зерттеудің теориялық мәнділігі: ғылыми – зерттеу нәтижесінде жасалған ұсыныстар және жарияланған материалдар мұғалімнің әдістемелік әзірлігін арттырып, жаратылыстану пәндерін оқытуда салауатты өмір салтын қалыптастыру тәжірибесін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Зерттеуімізге байланысты медициналық, педагогикалық, психологиялық әдебиеттерді саралап зерделеу негізінде түйіндегеніміз, оқушыларға салауатты өмір салтын қалыптастыратын білім мен тәрбие беруде жеке адамның салауаттылық туралы ойлау қабілетін жетілдіру, қоршаған орта және оның денсаулыққа әсері туралы оң көзқарасын дамытудың қажеттігі. Бүгінгі күн талабы әрбір оқушының негізгі ғылым салаларынан білімді болуымен қоса, ізденімпаздығы, пікір алмасу, ой бөлісу қабілеті жоғарғы деңгейге көтіріліп, өзінің жеке бас сапасын, сауаттылығын күнбе — күн жетілдіріп отыру мүмкіндіктерінің артуы.
Химия пәнінің басқа медицинамен пәндермен байланысы арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған зерттеу әлі күнге дейін болмай отыр. Бұл біздің зерттеуімізге бірнеше талап қоюға душар етеді. Алдымен химия пәнінің мазмұнына байланысты салауаттылық жайында білім беруге негіз бола алатын материалды іріктесек, екіншіден, осы материалды басқа биологиялық пәндердің қай тарауымен, тақырыбымен, ұғымымен және сарамандық жұмыстарымен кіріктіру мүмкіндігінің бар екендігін анықтаудың керектігі. Үшіншіден, осы мазмұнды оқушыларға меңгертуде қолданылатын жұмыс түрлері мен әдіс- тәсілдерді анықтау. Төртінші, осы материалға байланысты сыныптан тыс ұйымдастырылатын жұмыстардың түрлері мен олардың түрлерін саралау.
Оқушыларды салауатты өмір салтын қалыптастыратын білім мен тәрбие беруде жоғары деңгейіне қол жеткізуде, білім беруді дамытуда айқындалған жалпы әлемдік тенденцияларға сүйенуді көздейді.
Зерттеуіміздің мақсаты оқушыларға химияны пәнаралық байланыста оқыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру болғандықтан, жаратылыстану пәндерінің мазмұнындағы салауатты өмір салтын қалыптастыратын білім беру жайы сараланып, олардың бір- бірімен байланысы айқындалды.
Жаратылыстану пәндерін оқыту процесінде салауаттылықтанымды қалыптастыру үшін төмендегідей бағыттарды анықтауға болады:
Бірінші бағыт – адам ағзасында жүретін биохимиялық үрдістердің қоршаған тірі және өлі табиғатпен өзара әсерін ашып көрсету.
Екінші бағыт – жаратылыстану ғылымдарының зерттеу объектілері, олардың салауаттылық аспектілері арқылы әлеуметтік ұғымдарды қалыптастыру.
Үшінші бағыт — жаратылыстану пәндеріндегі салауаттылық ұғымдарын әлеуметтік ұғымдармен ұштастыру.
Төртінші бағыт — алдыңғы үшеуінің негізінде химия пәнін кіріктіре отырып оқыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру.
“Салауатты өмір сүру”, “салауатты өмір салтын қалыптастыру”, “салауаттылықтаным” ұғымдарын қалыптастыру барысында, барлық жаратылыстану ғылымдары “денсаулық сақтаудың” теориялық негіздеріне сүйенеді. Салауаттылық нысаны біріншіден – дені сау адам, екіншіден – оны қоршағандардың барлығы және денсаулыққа әрекет етуші факторлар, үшіншіден — аурудың пайда болу себептері, ағзаның дені сау күйіне оралу тетігі, қорғануға бейімделу тетіктері, төртіншіден — сақтандыру және сауықтыру шаралары.
Сондықтан салауаттану, экология, биология және химия пәндерінің бағдарламаларындағы білім мазмұнына сәйкес берілетін материалдарды оқытуда салауатты өмір салтын қалыптастырудың жолдарын көрсету барысында мынадай міндеттер туындайды:
— оқушыларға салауаттылық теориясын меңгерту;
— оқушыларға салауатты өмір салтын жүзеге асыру әдістерін үйрету;
— өз денсаулығына қоғамдық игілік, қоғамның рухани құндылығы ретінде жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу;
— оқушыларды негізгі гигиеналық дағдыларға төселдіру;
— осы заманғы ауру түрлерімен және олардың алдын алу шараларымен таныстыру.
Салауаттылық туралы білім беруде пәнаралық байланысты жүзеге асырудың тиімділігі төмендегі критерийлермен анықталады:
а) Әртүрлі пәндер бойынша берілетін түсінік, заң және теориялардың бір жүйелілігі;
б) Пәннен аралық мазмұндағы ұғымдарды әрбір пәнді оқу кезінде пайдалана білуді жүзеге асырудың жолдары, әдістемелік ерекшеліктері.
Жаратылыстану пәндерінің байланысы арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыруды ұйымдастыру, жеке пәндер мазмұнының, мәтінінің бір- бірімен өзара кірігуін қамтамасыз ететіндей жүйелілікте беріледі.
Салауатты өмір салты ұғымының көлемі мен оларды зерттейтін ғылымдардағы маңызын төмендегі сызбанұсқадан көруге болады (1 – сызбанұсқа ). Химиялық заттарды, олардан түзілетін табиғи және жасанды денелерді жаратылыстану ғылымы зерттейді. Химия солардың бірі ретінде заттардың бір – біріне айналу өзгерістерін қарастырады, өзінің зерттеу объектісі ретінде биология мен салауаттануды байланыстырады.
Осы көрсетілген сызбанұсқада жаратылыстану пәндерінің арасындағы пәнаралық байланыстың басты мақсатының бірі әр бір пәнде жеке қаралатын тақырыптың ғылыми мазмұны мен салауатты өмір сүру туралы материалдың мазмұнын кіріктіре отырып қарау.
Пәнаралық байланыс арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған білім беру мынадай қызмет атқарады:
— әдістемелік қызмет- салауатты өмір сүру туралы материалдарды меңгеру үшін әдіс- тәсілдерді іздестіруге, тақырыптың салауатты өмір салтын қалыптастырудағы маңызын ашуға көмектеседі.
— таным қызметі — оқушылардың салауатты өмір салты мен адам денсаулығы арасындағы байланыс жайында ғылыми көзқарасын қалыптастыру.
— білім беру қызметі — пәнаралық байланыс арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру барысында оқушылардың ой- санасын, іскерлік дағдыларын дамыту.
1 сызбанұсқа – Салауатты өмір салты туралы ұғымдардың пәнаралық байланыс арқылы қалыптасуы
Сол үшін химия пәнінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты талаптарына сәйкес базалық білім мазмұнының (міндеттi деңгейіне сәйкес) оқу процесінде оқып үйренуге және меңгеруге қажет білімдерінің жүйеленген көлеміне сәйкес, химияны оқытуда салауатты өмір салтын қалыптастыру жолдары айқындалды.
Химияның экология пәнімен пәнаралық байланысы: химиялық заттардың атмосфераға, табиғи су көздеріне әсері, ауыл шарушылығында қолданылатын минералды тыңайтқыштардың және химия өнеркәсіп орындарының мұржаларынан шығатын әр түрлі улы газдардың жер бетіне қайта атмосфералық жауын – шашындармен жаууы. Қоршаған ортаның ластануына әсер ететін және адам денсаулығына зиян келтіретінін қарастыру.
Химияның биология пәнімен пәнаралық байланысы: адам ағзасында кездесетін химиялық заттардың денсаулыққа әсері, химиялық элементтер мен химиялық заттардың жетіспеуінен туындайтын әр түрлі аурулар, олардың алдын алу шаралары, адам денсаулығы үшін маңызды химиялық заттардың мөлшерінің ағзада өз нормасында болуы. Дұрыс тамақтанудың денсаулық сақтауда алатын орны.
Химияның салауаттану пәнімен пәнаралық байланысы: денсаулықты сақтаудың негізгі критерийлерінің бірі, салауатты өмір салтын қалыптастыруда маскүнемдік, шылым шегу және есірткілік заттарды қолдану сияқты зиянды әдеттерден сақ болуға тәрбиелеу. Алкоголь, никотин, наркотик – химиялық улы заттар екеніне химия ғылымы тұрғысынан көздерін жеткізетін ғылыми ұғым беру.
Салауатты өмір сүруге бағыттайтын мәселелерге химия сабақтарында психологиялық зерттеулерді қолдану да жатады, себебі бұл зерттеулердің адам денсаулығы үшін маңызының зор екені дәлелденді.
Химиядан пәнаралық байланыста салауатты өмір салтын қалыптастыра білім беру үшін материалдарды сұрыптағанда, қоршаған ортада болып жатқан әр түрлі құбылыстардың адам денсаулығы үшін маңызын түсіндіруден бастаса, оқушылардың өз денсаулығына деген танымдық көзқарасы жетіліп, әр бір тұлғада жоғары салауаттылық сана – сезім, әрбір іс — әрекеттерінде ойлылық, жауапкершілік сезімдері қалыптасады.
Ұғымдар жүйесі мазмұнын тереңдету химияны оқыту үрдісінде салауаттылық мазмұндағы танымдық есептерді шешу көмегімен жүзеге асырылды. Мұндай есептердің мазмұнын талдау барысында оқушылардың теориялық білімдері тағы да бір нақтыланып, дүниетанымы кеңейіп, деректі материалдарды меңгеру деңгейі жоғарылайды.
Салауаттылық туралы ұғым берудің негізгі формасың бірі сыныптан тыс және мектептен тыс жұмыс түрлері. Мұндай жұмыстарға жеке оқушылардың өздігінен жүргізетін жұмыстары: әр түрлі тақырыптарға баяндама жасау; ұйірмелер жүргізу; іскерлік ойындар; көрнекі көрсетілетін тәжірибелерді әзірлеу; олимпиада; викторина; ғылыми – практикалық конференциялар өткізу жатады. Бұған қоса 19- қараша бүкіл дүние жүзілік шылым шегуге және 1 – желтоқсан ЖИТС –ке қарсы күрес күндерін атап өтуге байланысты жүргізілетін іс – шараларды айтуға болады.
Химия пәнін оқытуда пәнаралық байланыстың атқаратын қызметтерін анықтап, пәнаралық мазмұны бар сабақтарда салауатты өмір салтын қалыптастырудың әдістемесін ұсынып отырмыз (2 сызбанұсқа).
2 сызбанұсқа — Химияны оқытуда салауатты өмір салтын қалыптастыру
әдістемесінің моделі
Салауаттылық бағыттағы пәнаралық байланысы бар сабақтарды өткізу барысында төмендегідей талаптарды ескеру қажет:
— салауаттылық туралы мәселенің негізгі сабақтың мазмұнымен тығыз байланыстылығы;
— хабарлама ұзақтығының оқушылардың жас ерекшеліктері мен білім деңгейлеріне сәйкестігі;
— салауаттылық туралы деректің тартымды және қызықты болуы.
Биологиядан “Тамақтану гигиенасы”, “Зат және энергия алмасуға жалпы сипаттама”, салауаттанудан “Күн тәртібі” тақырыптарын өткен кезде адамның денсаулығы көбінесе оның немен және қалай тамақтануына байланыстылығы айтылады. Адамның ішкі ортасының тепе – теңдігін сақтау үшін дұрыс тамақтану барысында тағам ретінде қолданылатын өнімдердің сан алуан болу керек екеніне оқушының назары аударылады. Бірақ бұл тепе – теңдік тек қана дұрыс тамақтануға байланысты болмайды. Себебі ағзаға түскен аз мөлшердегі алкоголь, никотин, есірткінің әсеріненде бұзылатыны және бұл заттардың адам ағзасын зақымдауынан туындайтын науқастар туралы айтылады. Экологиядан “Атмосфераны ластайтын зиянды заттар” тақырыбында темекі түтінінің ауаны улаумен бірге, ауаның тазалығын реттейтін активті жеңіл иондарды, озон иондарын жоятыны яғни бұл экологиялық апат екені айтылады. Бұл пәндерден алған ұғымдардың қалыптасуын әрі қарай дамытып, химиядан “Көміртегі топшасы”, “Пуринді және пиримидинді негіздері”, “Азотты органикалық қосылыстар” тақырыптарын өткен кезде, темекі құрамында болатын улы заттардың ағзаға зиянды әсерін оның химиялық қасиетімен байланыстыра көрсетіп, қайткенде оқушыларда темекіге деген жіркенішті көзқарас қалыптастыру қажет. Осыған байланысты мысал ретінде пәнаралық мазмұны бар сабақта оқушыларда салауатты өмір салты туралы білімдің қалыптасуын қарастырайық. Сабақтың тақырыбы: “Темекінің адам денсаулығына әсері”
Темекі – наркотикалық зат. Неге? Себебі ғалымдар темекі түтінін жетілдірілген химиялық әдіс – газды хромотография арқылы зерттегенде, оның құрамында көміртек оксидтері, алкан және алкендер, азот оксидтері, ауыр металдар бар екенін анықтаған. Темекінің басқа жанғыш отындардан ерекшелігі – құрамында никотин, оның туындылары, басқада алколоидті улы заттар болады.
Темекі түтінінің құрамындағы көміртек (ІІ) оксидінің рөлі қандай? СО – көміртек (ІІ) оксидінің химиялық қасиетіне тоқталып, “иіс” газының жалпы улылығы 9,2 пайыз болса, темекі түтініндегі концентрациясы 35,4 г/л екені айтылады. Жас балалар темекі түтінін ішке тарту барысында ауа жетпей басы айналып, талып қалуы мүмкін. Мұның себебі, қандың құрамындағы қызыл қан түйіршегі – гемоглобин өзіне өкпеден оттегін тіркеп, бүкіл ағзаға жеткізеді. Ал СО газы осы гемоглобин әкеле жатқан оттегін өзіне тартып алып, ағза оттегі аштығына ұшырайды. Қандағы оттегін тасымалдайтын зат гемоглобин құрамындағы темір екенін, темір тіркеп әкеле жатқан оттегін СО газы өзіне тартып алатынын мына реакция теңдеуі арқылы көрсетуге болады.
FeO + CO Fe + CO2
Cебебі, СО күшті тотықсыздандырғыш, сол үшін темекі шегетін адам осы реакция нәтижесінде өте әлсіз болады, ауа жетпеуден өліп кетуі де мүмкін.
Темекі түтіні не үшін улы? Бұл темекінің жану ерекшелігінде. Темекінің жану температурасы төмен, 700 – 8000 С – ға тең, сондықтан темекі толық жанып үлгере алмайды да, жанумен бірге булану, құрғақ айдалу үрдістері жүріп, нәтижеде күйе, көміртек оксидтері, альдегидтер, эфирлер түзіледі. Бұлар түтіннің улылығын асқындырады. Ал пиролиз үрдісінің нәтижесінде басқа отындар жанғанда түзілмейтін никотин, алколоидті заттар сияқты улы өнімдер бөлінеді. Құрамында осындай токсинді заттардың көп болуы темекінің адам өміріне деген аса қауіпті зат екенін аша түседі. Сүзгілі темекінің сүзгісі темекінің улылығын азайтпайды, қандай темекі болсын түріне, жасалу формасына байланыссыз улы болады.
Темекі түтінінің улы екенін қалай дәлелдейміз? Оқушылар темекі түтінінің улы екенін көрсететін “Темекі түтінінің жәндектерге әсері” тақырыбында зертханалық жұмыс орындайды. Бұл жұмыстың мақсаты – жәндіктердің мысалында шылым шегудің адам денсаулығына зиянын көрсету.
1 Апталық жоспар //Химия мектепте. – Алматы. –2006, №1, 76 б.
2 Салауаттылыққа баулу //Химия мектепте.-Алматы.–2006, №3,11-13бб.
3 Химия сабақтарында психологиялық зерттеулерді қолдану //Химия Қазақстан мектебінде. – Алматы. – 2006, №5, 7-11 бб.
4 Химиялық эксперимент және салауаттылық //Химия Қазақсан мектебінде. – Алматы. – 2006, №4, 48-49 бб.
5 Салауатты өмір сүру мәдениетін қалыптастыру //Химия мектепте. – Алматы. – 2006.№4 (автор. бірлес. Ж.Ә.Шоқыбев), 5-8 бб.
6 Химиядан білім беруде салауаттылыққа баулу мәселелері //Материалы “Пятого Международного Беремжановского сьезда по химии и химической технологии”, посвященного 95 – летию со дня рождения Б.А.Беремжанова. – КазНУ им. Аль – Фараби. – Вестник КазНУ. – Алматы. 2007, №1. 491-495 бб.
7 Салауаттылыққа баулу мәселелері //Білім. – Алматы. – 2007, №3
8 Салауатты өмір сүру – жаратылыстану ғылымдары байланысынан туындайтын негізгі ұғым //Химия мектепте. – Алматы. – 2007, №3, 11-16 бб.
9 Ауыл мектебінде білім беру сапасын арттырудың тиімді жолдары //Халықаралық ғылыми – тәжірибелік конференция материалдары. – Абай атындағы ҚазҰПУ. – Алматы. 2007, 310-313 бб.
10 Химия сабақтарында салауатты өмір салтын қалыптастыру әдістемесі. Әдістемелік құрал. – Алматы. –2007, 71 б.
11 Факультативтік сабақтарда химияны оқытуда салауатты өмір салтын қалыптастыру. Әдістемелік құрал. – Алматы. – 2007, 39 б.
12 Тағамдар химиясы және денсаулық //Химия мектепте. – Алматы. –2008, №2 (автор. бірлес. 10 сынып оқушысы Бердібаева М.)
13 Жалпы білім беретін орта мектептің оқу үрдісінде алдыңғы технологияларды қолдануды жетілдіру //Халықаралық ғылыми – тәжірибелік конференция материалдары. – Абай атындағы ҚазҰПУ. – Алматы. – 2008, 131-134 бб.
14 Химияны оқытуда пәнаралық байланыс негізінде салауатты өмір салтын қалыптастыру // Ұлт тағылымы. – Алматы. – 2008, №2.