ТОҚСАН БИДІҢ ЖАППАС ҚАРИЯҒА
АЙТҚАН КӨҢІЛІ
Ел ішінде белгілі де беделді Жаппас деген қарияның жалғыз баласы ер жеткен шағында кенеттен қайтыс болыпты. Сенім артқан сүйеніші, көрер қызығы, бар алданышынан айрылған Жаппасқа бұл қаза қатты батады. Қарт жағдайы күннен күнге төмендеп, төсек тартып қалады. Осы жайды естіген, жастайынан Жаппасты сыйлап өскен Тоқсан би көңіл сұрауға арнайы келеді. Тоқсан би Жаппастың үйінің босағасынын аттай бере ағылтып қоя береді:
— Ей, Жаппас, көтер беліңді, жылатпа еліңді, қас нардың қабырғасынан қолы сөгілсе де елемес. Тағдырдың ісіне көнбейтін пасық адам сен емес. Өткен қайтып келмеді, өшкен қайтып жанбайды. Осы сөзден кейін Жаппас орнынан тұрып, күнделікті шаруасымен айналысыпты [3, 358-б].