Шайтанкөл

Шайтанкөл – Бұл көл алғашқы кезде «Әулие көл» атанған. Жағасына тастан қашалған крест қойылған. Бір кезде әлгі крест суға құлап кеткен. Содан кейін «Шайтанкөл» аталыпты.
Баяғыда бұл көлді әулие мекендеген, суына беті-қолын жуған деп жұрт киелі су санапты. Жұма сайын қожа-молдалар бастаған байлар келген екен. Жағасында құдайға арнап мал сойып, құран оқысады. Шаншар ішінде Торсықбай дейтін қу болған. Бірде сол әлгіндей топтық үстінен шығады, құрбанға шалынған малдың мол етінен қарбыта асап, сары қымыздан сылқыта жұтармын деп жұтынады. Бірақ жуандар жыртық шапанды кедейді табаққа жолатпайды. Біған қорланған қу ішінен «тұра тұрыңдар, бәлем!» деп кете барады.
Бір күні әлгілер көлдің басына тағы жиналады. Шартық қарын шүй желкелер мол табақты алдарына енді ала бергенде жақын жерден үрейлі үн шығады. Артынша тастардың бірінен сақалы сала құлаш, шашы жалбыраған бір мақұлық селтиіп шыға келеді. Үрейі ұшқан қожа-молдалар күбірлеп дұға оқиды, бірақ әлгі пәле тайсалмайды, дауысын құбылтып, құтырынып жақындай береді. Сол кезде қатты үрейі ұшқан бір бай орнынан ұшып тұрып, көзі алақтап:
–Ойбай, шайтан!– деп төмен қарай зыта жөнеледі. Қорқып отырған жұрт орындарынан қопарыла тұрып, тымтырақай қашады. Оларды шайтан боп үркітіп жүрген Торсықбай ешкі терісінен жасаған кепті шешіп тастап, «пісмілда» деп, жайрап қалған асты қолға алады. Содан бері Әулиекөл осылай Шайтанкөл болып аталып кетіпті.
Ал бұл туралы орыстар басқаша айтады. Бірде аңшылар атып алған бұғыны кейін бір айналып кеп алмақ боп осы Шайтанкөл жағасына қалдырады. Қайта келгенде көлді таба алмай: «Шайтан алғыр-ай, қайда кетті?»–деп іздесе керек. Бертінде шіркеудегі поп көлді бұрынғысынша атайық деп тақтайға жаздырып қойса жұрт оны аулаққа лақтырып тастап, «Шайтанкөл» деп атапты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *