Сарыалаат

Сарыалаат – Қарағанды облысының Нұра ауданында Қолаң, Кертінді, Қарт (Жақсы Қарт, Жаман Қарт) деген тау, шоқылар, Сарыалаат, Күреңалаат, Маржанкөл атты көлдер кездеседі. Міне, осы жер-су атауларына байланысты халық ішінен мынадай аңыз-әңгіме бар:
Ертеде Қолаң деген қыз бен Кертінді деген жігіт бірін-бірі ұнатып, көңіл қосады. Алайда дәуірдің өмір салты екеуінің қосылуына кедергі болады. Қыздың бұрыннан айттырған жігіті бар екен. Ата-ананың ақ батасын, рұқсатын алып қосыла алмайтынына көздері жеткен Қолаң мен Кертінді бір түнде жасырынып ауылдарынан кашып шығады. Олардың қашқанын білгеннен соң, арттарынан бір сары ала атты, бір күрең ала атты қуғыншы шығады. Аңызға қарағанда Сарыалаат, Күреңалаат деген көл атаулары содан қалған. Қолаң қыз бен Кертінді қашып келе жатып, бір таудың тұсына келгенде алдарынан қарт кісі жолығып, жөн сұрайды. Жағдайларын білген соң, қария: «Осы беттеріңмен жүре беріңдер, қуғыннан құтыласыңдар» депті. қарт сөзіне риза болған қыз бен жігіт ол тауға «Жақсы қарт» деген ат қойыпты. Содан жүре-жүре қашқындар тағы бір тауға келгенде қарт кісі жолығып, ол: «қашқандарыңмен бәрібір құтылмайсыңдар» депті. Ол тауға қарияның сөзін ұнатпаған қыз бен жігіт «Жаман қарт» деген ат береді. Осылай жүріп отырып бір көлге келіп тоқтайды. қыз демалып, беті-қолын жуып отырып, мойынындағы моншағын көлге түсіріп алыпты. Содан көлге қыз «Маржанкөл» деп ат қойған екен. Халық аңызына қарағанда, Қолаң Нұра өзеніне жақын жердегі жалғыз төбеге жерленген. Ол төбе қазір де Қолаң деп аталады. Ал жігіт жерленген жер Кертінді аталып кеткен. Ол қазір Чкалов кеңшарының орталығы, «Казгородок» деп аталады. Ал аңыздағы басқа жерсу атаулары өзгермей, сол қалпында бізге жеткен, Жақсы қарт, Жаман қарт деген таулар, Сарыалаат, Күреңалаат, «Маржанкөл» деген көлдер қазір де бар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *