
Пашенное – көл. Бұл көлдің ертедегі қазақша аты – Кішкене көл болыпты. Бірақ, ол ұмытылған. Көл сонау бір кезде Крешке көлі деп те аталыпты. Өйткені көлдің жағасында православье дініндегі адамдар ағаштан крест белгісін койған екен. Ал онда кімнің жерленгенін ешкім де білмейді. Көлдің Гришке көл деген де аты болған. Осында көшіп келіп, қоныс тепкеннен кейін, Қарқаралының қазақ-орыстары бұл жерді егістік алқап ретінде таңдап алған екен. Бірақ, егін шықпай қойған соң олардың көпшілігі жайына кетіпті. Тек Григорий есімді біреу ғана мол қайсарлықпен біраз жыл әуре болып, ақырында бұл маңайға егін шықпайтынына оның да көзі жетіпті. Ал соқа тістерінің ізі ұзақ сақталып, жергілікті тұрғындарға айқын белгі болып қалған. Сөйтіп, иесіз алған егістік жер бірте-бірте «Пашенное» деген көлдің атына айналса керек.