
КВАНТТЫҚ САНАУЫШ – субмиллиметрлік және инфрақызыл диапазондардағы әлсіз электрмагниттік сәуленің жекелеген бөліктерін (үлесін) тіркеуге арналған құрылғы. Кванттық санауыштың әсері жұмыстық бөлшектер (атомдар, молекулалар) деп аталатын бөлшектердің hv1 зерттелуші сәуле энергиясының кванттарын және қосымша көздің hv2 энергиялы сәуле кванттарын біртіндеп жұтуына негізделген. Нәтижесінде зерттелуші сәуле кванттарының энергиясынан артық (кейде едәуір) hv3 энергиялы кванттар сәулесі пайда болады, осы сәуле, мысалы, фотоэлектрондық көбейткіш арқылы тіркеледі. Кванттық санауышта жұмыстық зат ретінде сирек кездесетін элементтердің қоспалары және өзге элементтердің иондары қосылған кристалдар, әйнек, керамика қолданылады. Кванттық санауыш, мысалы, инфрақызыл сәулені (тіркелуі қиын) көзге көрінетін сәулеге түрлендіру үшін қолданылады.