
ЖҮКТЕМЕ, э л е к т р л і к – 1) электр тізбектеріндегі кез келген қабылдағыш (тұтынушы); 2) электр энергиясы көзінің іс жүзінде беретін қуаты мен оған сәйкес болатын токтың қосындысы. Айнымалы ток тізбектерінде а к т и в т і және р е а к т и в т і жүктемелер болады. Активті жүктеме тізбекте шығындалатын (механикалық жұмысқа, жылуға, т.б.) энергияны сипаттайды және оны Вт (Ватт) арқылы өрнектейді. Реактивті жүктеме (индуктивті немесе сыйымдылықты) энергия көзі мен қабылдағыштың арасындағы энергия алмасуды сипаттайды. Тізбекте сыйымдылық пен индуктивтілік болатын жағдайда бұл жүктеме вармен (ағылшынша «Вольт-Ампер реактив» деген атаудың қысқартылуынан пайда болған) өлшенеді. 1 В – тізбектегі кернеу 1 Вольт, ток күші 1 Ампер болған кездегі реактивтік қуат бірлігі. Жүктеменің сыйымдылықтық реактивті құраушысы басым болса, жүктемедегі ток фаза бойынша түсірілген (әсер етуші) кернеуден озады (фазаның ығысу бұрышы теріс), ал индуктивтілік құраушы басым болса – кешігеді (фазаның ығысу бұрышы оң). Тұрақты ток тізбегінде тек активті жүктеме ғана болады.
ЖҮРІЛГЕН ЖОЛ – қозғалыстағы дене (немесе материалдық нүкте) траекториясының белгілі бір уақыт аралығындағы бастапқы және соңғы нүктелерінің арасындағы ұзындық.