
ЖЫЛУ СЫЙЫМДЫЛЫҚ – денені 1 градусқа (1°С немесе К) қыздыру кезінде оның жұтатын жылуының мөлшері; дәлірек – дене температурасының шексіз аз өзгеруі кезінде дененің жұтатын жылу мөлшерінің осы өзгеріске қаты- насы. Заттар массасы бірлігінің (г, кг) жылу сыйымдылығы м е н ш і к т і жылу сыйымдылық деп, заттардың 1 моліндегі жылу сыйымдылық – молярлық (мольдік) жылу сыйымдылық деп аталған. Жылу сыйымдылықтың бірлігі Дж/(кг·К), Дж/(моль·К), Дж/(м3·К) және жүйеден тыс бірлігі кал/моль·К.
Дененің күйі өзгерген кезде оның жұтатын жылу мөлшері тек бастапқы және соңғы күйлеріне ғана тәуелді емес (жеке жағдайда оның температурасына), олардың арасындағы ауысудың жүзеге асырылу тәсіліне де тәуелді. Сәйкес түрде дененің қыздырылу тәсіліне де және оның жылу сыйымдылығына да тәуелді. Егер қыздыру үрдісі кезінде сәйкес түрде дененің көлемі немесе қысымы тұрақты ұсталатын болса, әдетте тұрақты көлем (сv) және тұрақты қысым (ср) жылу сыйымдылықтар өзара ажыратылатын болады. Тұрақты қысым кезінде қыздырылғанда жылудың бір бөлігі дененің ұлғаю жұмысына, ал өзге бір бөлігі – дененің ішкі энергиясын арттыруға жұмсалады, тұрақты көлем кезінде қыздырылғанда жылудың барлығы ішкі энергияны арттыруға шығындалады; осы себепті ср әрқашан сv-ға қарағанда артық болмақ. Газдар үшін (идеал газ болғанша) мольдік жылу сыйымдылықтың айырымы ср – сv = R, мұндағы R – әмбебап газ тұрақтысы, ол 8,314 Дж/(моль·К) немесе 1,986 кал/(моль·К). Сұйықтар мен қатты денелердің ср және сv арасындағы айырымы салыстырмалы түрде аз шама. Температура төмендеген сайын атомдардың тербелісі әлсіреп, дененің жылу сыйымдылығы азаяды. Температура абсолюттік нөлге жақындағанда барлық қатты дененің жылу сыйымдылығы нөлге жуықтайды.
Атомдық жылу сыйымдылық – жай заттардан құралған дененің жылу сыйымдылығының грамм-атомдармен өрнектелген осы денедегі заттың мөлшеріне қатынасы.
Меншікті жылу сыйымдылық – заттың жылу сыйымдылығының оның массасына қатынасымен анықталатын жылулық сипаттамасы.
Молярлық жылу сыйымдылық – дененің жылу сыйымдылығының осы денедегі заттың мольдермен өрнектелген мөлшеріне қатынасы.
Торлық жылу сыйымдылық – дененің кристалдық торының жұтатын жылуына байланысты жылу сыйымдылық.
Электрондық жылу сыйымдылық – электрондық газдың жылу жұтуына байланысты металдардың жылу сыйымдылығы.