ДОҒАЛЫҚ РАЗРЯД – газдағы дербес квазитұрақты қысымы 10– 2 – 10– 4 мм сынап бағанынан асатын кез келген қысымды электродтарының арасындағы потенциалдар айырымы тұрақты немесе айнымалы төменгі жиілікті (103 Гц-ке дейінгі) электрлік разряд. Бұл разрядтың өзгедей разрядтардан айырмашылығы катодтағы токтың тығыздығы (102 – 108 А /см2-дей) жоғары және разрядтық аралықтағы ортаның иондалуының эффектілік потенциалының түсуінен артпайтын болады. Көмір электродтар арасындағы алғашқы доғалық разрядты 1802 жылы орыс физигі Василий Петров (1761–1834) байқаған. 1808–1809 жылдары ағылшын химигі әрі физигі Гемфри Дэви (1778–1829) де байқаған. Жарқыраған ток арнасы (конвекциялық тасымалдық ағын) доға тәрізді болып көрінетіндіктің разряд – д о ғ а л ы қ р а з р я д деп аталып кеткен.
Доғалық разрядтың тек белгілі бір сыртқы және шекаралық жағдайларға байланысты болатын көптеген түрлері бар. Осылардың барлығында катодтағы ток өте шағын және катодтың бетінде (катодтық дақ) ретсіз қозғалатын жарық даққа шоғырланған болады. Дақтың бетіндегі температура катод жасалған материалдың «қайнау» температурасына дейін қызады. Сол себепті катодтық токты тасуда – термоэлектрондық эмиссияның маңызы зор. Катодтық дақтың үстінде кеңістіктік оң заряд қабаты пайда болады, ол заряд эмиссиялауыш электрондарды газдың атомдары мен молекулаларын соққылап иондауға жеткілікті энергияға дейін үдетуді қамтамасыз етеді. Бұл қабаттың қалыңдығы өте жұқа (электронның еркін жол ұзындығынан кем) болғандықтан, ол катодтың бетінде жоғары өрістік кернеулік тудырады, әсіресе табиғи Доғалық разрядтың көрінісі микробіртексіз бетте, осының салдарынан автоэлектрондық эмиссияның әсері айтарлықтай болады. Катодтық токтың тығыздығының жоғары болуы және дақтың бір нүктеден өзге бір нүктеге «секірісті» қопарылыстық электрондық эмиссия тудырады. Доғалық разрядтың катодтық басқадай да тәсілдері белгілі.
Потенциалдың катодтық түсу зонасының аймағына анодқа дейін созылған оң баған тікелей жалғасады. Потенциалдың анод маңайындағы «секірісі» байқалмайды. Анодта жарқырауық анодтық дақ пайда болады, бұл дақтың өлшемі үлкен, бірақ катодпен салыстырғанда баяу жылжиды. Бағандағы өте жоғары температураға дейін қызған иондалған газ плазма күйінде болады. Плазманың электр өткізгіштігі доғалық разрядтың түріне тәуелді, іс жүзінде кез келген мәнді қабылдай алады.