ДИНА НҰРПЕЙІСОВА
ТУҒАНЫНА 160 ЖЫЛ (1861-1955)

ДИНА НҰРПЕЙІСОВА
ТУҒАНЫНА 160 ЖЫЛ (1861-1955)

Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақ ССР-і халық артисі, Құрманғазының сүйікті ізбасары, қос орденді күйші-композитор Дина Нұрпейісова бұдан 160 жыл бұрын, 1861 жылы Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының Бекетай құмында дүниеге келген.
Динаның әкесі Кенже, анасы Жаниха — кедей шаруа болғанмен, кезінде өзінің сауса сауыны, көшсе көлігі болған. Дина жалғыз болғандықтан еркелеу өскен, жастайынан той-топыр, ойын-сауыққа әуес болған екен. Ол 9 жасқа келгенде-ақ қолына домбыра ұстады. Дина Нұрпейісова Құрманғазы, Дәулеткерей, Соқыр Есжан, бала Майсаң, Ұзақ, Сарымалай сияқты күй туын тіккен ортада өсті. 1870 жылы ол тұңғыш рет Құрманғазымен кездеседі. Жас Динаның болашағына көзі жеткен күй атасы Құрманғазы оның болашақ өнер өміріне жол сілтеді.
Кейінде Дина Құрманғазымен әлденеше кездескен, көптеген күйін үйреніп, оның орындаушылық дәстүрін игеруге күш салған. Дина творчествосының жаңа бір белесі «Набор» күйінен басталады. Бұл күй 1916 жылғы патша үкіметінің бұйрығы бойынша қазақ жігіттерін армияға алуға байланысты шығарылды. Бұл күйде халықтың зары да, ашуы да бар.
Дина жасы 51 жасқа келгенше Бекетай құмынан басқа жерлерді көрген емес. Сол сияқты 1934 жылғы Алматыда өткен халық өнері кайраткерлерінің слетіне де қатыса алмады. 1937 жылдың жазында Қазақ филармониясының жолдамасымен белгілі домбырашы Смағұл Көшекбаев Динаны Астрахань жақтан іздеп тауып, Алматыға көшіріп әкеледі. Дина 1937 жылы 76 жасында республикалық халық өнерпаздарының слетіне қатысып, бірінші дәрежелі бәйгені жеңіп алды. Оның «Той бастар» күйі осы жиынға арналған екен. Ол слеттен кейін Алматы филармониясында қалдырылды. Оның сол кезде советтік өмір тақырыбына арнап шығарған «8 март», «Еңбек ері», «Сауыншы», «Әсемкоңыр» сияқты күйлері бар.
Дина Ұлы Отан соғысы кезінде «Ана бұйрығы», «Жеңіс», «Партия туралы күй» деген туындылар берді.
1955 жылы Алматы қаласында дүние салғанда атақты күйші, дарынды композитор әжеміз Дина 94 жаста еді. Кейін Дина туралы талай ғылыми еңбектер көркем шығармалар туды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *