ПЕРНЕЛЕУ Пернелеу (көне грек. allёgorіa — пернелеп айту) – оқырманның не көрерменнің санасына, қиялына ерекше әсер ететіндей образ жасаудың бейнелеуші құралы, көркемдік тәсіл. Бұл тәсілді ғылыми әдебиеттерде пернелеу деп те, аллегорлау деп те қолданып жүр. Пернелеу көркемдік тәсілдердің ең көнесі ретінде өз бастауын мифтен алып, кез-келген халықтың фольклорында кең қолданылады. Түлкі — қулық, қасқыр — қорқаулық, қоян — қорқақтық, аққу — тұрақтылық т.б. түрінде сипатталатын фольклорлық бейнелерде адамдарға тән мінез пернелеп айтылып, адамның санасына ерекше әсер етеді. Әлемдік сөз өнерінде ғасырлар бойы қалыптасқан ортақ бейнелер аллегорлау тәсілі арқылы беріледі. Пернелеу көне тәсілдердің бірі десек те, тотемдік мифтердегі жан-жануарлардың ілкі баба, тотем ретінде сипат алуын аллегорлау тәсілімен шатастырмағанымыз жөн. «Тотемизм» Солтүстік Америка үндістерінің «otatemon» деген сөзінен шыққан, «оның тегі» деген мағынаны білдіреді. Ол – алғашқы қауымдық құрылыстың әлеуметтік-идеологиялық болмысынан, адамдардың өзара қарым-қатынасы мен діни нанымынан, шаруашылық түрлерінен мәлімет беретін өте күрделі жүйе. Тотемдік сенім бойынша адамзат өзінің шығу тегін аңнан тарады деп есептейді. Ал пернелеу — нанымсенімнің емес, қөркем ойлаудың жемісі. Ол – әдеби тәсіл. Алайда, ұлттық ұғым-сана, дәстүр-салтқа байланысты мұндай бейнелер барлық халықта бірдей әсер тудырмайтын кездері де болады. Пернелеу ауыз әдебиетінің барлық жанрларында, оның ішінде жануарлар туралы ертегілерде, халық мысалдарында, өтірік өлеңде, жазба әдебиетте сатиралық жанрларда жиі қолданылады. Ол пернелеп айтуға, дерексіз ұғымды деректі нәрсеге ауыстырып бейнелеуге икемді тәсіл болғандықтан мысал жанрында ерекше дамыған. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлының «Өгіз бен бақа» мысалындағы өгіз бен бақа бейнесі арқылы адам баласының бойындағы мақтаншақтық пен надандық, әлін білмей әлек болу өткір сыналған. Пернелеу көркем әдебиетте жиі кездеседі