
XVIII ғасырдағы әдеби тілдің грамматикалық сипаты
Сөз етіп отырған кезең қаламгерлерінің де не өз қолдары- мен, не замандастарының қолымен жазып қалдырған нұсқа- лары жоқ болғандықтан, ол мұралар ауызша сақталып келіп, ең әрі дегенде XIX ғасырдың II жартысында ғана хатқа түскен- діктен, бұл жерде де қазақ әдеби тілінің фонетикалық не грамматикалық сипатын тап басып суреттеу мүмкіндігі жоқ. Дегенмен кейбір грамматикалық ерекшеліктерді көрсетуге болады.
Мұнда да негізгі грамматикалық категориялар: септеу, жік- теу жүйесі, сын есімнің шырай түрлері, зат есімнің көпше түрде тұлғалануы, етістіктерді рай, шақ, етіс түрлері, сөздер- ді байланыстыру амалдары, шылаулардың негізгі сөзді мең- геруі қазіргі қазақ тілі нормаларымен сай келеді. Алдыңғы дәуірлерден айырмашылығы – ХVIII ғасыр мәтіндерінде ноғай- лық тұлғалар жоқ (менім, бізім, жаталар сияқты). Сондай-ақ шығыс септіктің ортағасырлық жазба дәстүрінде кездесетін —дың варианты да ұшыраспайды, —ғай жұрнақты тұлғаның өткен шақ мағынасында қолданылуы да орын алмаған. Демек, грамматика саласында көненің көздері заман озған сайын қолданыстан ығысатын заңдылығы күшіне енген.
Сонымен қатар бұл кезеңде де кейбір грамматикалық мағы- наларды беруде варианттылық орын алады. Мысалы, етістік- тің супин (мақсат) мағынасында —арға мен -уға қосымшалы түрлері қатар қолданылады (алдыңғы дәуірлерде көбінесе -арға варианты жұмсалғаны мәлім). Мысалы, Бұхар жырауда: «Келмей тұр аузым айтарға…», « Еңкейіп орақ орарға…». Сонымен қатар: «Екі көзден нұр тайса, Бір көруге зар болар», Ақтамбердіде: «Балпаң-балпаң басарсың. Басуға табан шыдаса… Жауласарға жау емес»… Сол сияқты тұйық етістік тұлғасы -мақ және -у жұрнақтары арқылы беріледі: «Сөйлеу үшін жаратқан Сөз анасы сәлемді…», «Ханның жақсы болмағы Қарашаның елдігі» (Бұхар).
Бір тұлғаның (жұрнақтың) екі түрлі вариантта келуі де бар: өткен шақ есімшенің көрсеткіші -тұғын және —тын, салыстыру мағынасын беретін жұрнақ -дай және —дайын, шылау және көмектес септік көрсеткіші —мен, -менен варианттарында келеді: «Ішетұғын ерлерге Қымыздан басқа бал бар ма?» (Ақтамберді), «Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын» (Тәтіғара), «Жекендейін сусылдап…», «Ор қояндай қабақты» (Ақтамберді) т.т. Бұл жарыспалылық, бір жағынан, өлең шартының қажеттілігін өтейтін амал ретінде келсе, екінші жағынан, әдеби тілде варианттылық көрінісін танытады. Өлең өлшеміне немесе ұйқасына қарай жоғарғы көрсетілген параллель тұлғалардың бірде толық, бірде ықшам түрлерін пайдалану – қазақ поэзиясында күні бүгінге дейін келе жатқан құбылыс.
Етістіктің түрленуінде қазіргі нормаға жақындай түскен белгілер бар: көпше аспектіде -лар жалғауын қабылдаған мысалдар табылады. Мысалы: «Болмаңыздар кепиет… Мұрас- тықты ойлаңдар» (Ақтамберді), «Батпан-батпан мінің бар, Қабынбай бітім қылыңдар» (Үмбетей), «Қылмаңдар жанжал, ерегіс» (Бұхар). Жоғарыда айттық, XV-ХVII ғасырлар үлгі- лерінде бұл амал жоққа тән. Демек, қиысудағы сәйкестік грам- матикалық норма ретінде осы кезде қалыптаса бастағаны байқалады.
Бұйрық рай негізінен қазіргі нормамен бірдей: II жақта жекеше түрінде көрсеткіші жоқ, көпше және сыпайы түрлерінде —ңыз, —ңыздар қосымшалары тіркеледі. Бұхарда бірер жерде —ғын жұрнақты бұйрық етістік кездеседі. Қазіргі қазақ тілі үшін бұл тұлға жергілікті ерекшелік, ол Қазақстанның оңтүстік аймағына тән[1]. -ғыл, -гын аффиксті бұйрық етістікті С.Аманжолов қазақ тілінің батыс говорларына тән деп табады да оларды көненің қалдықтары қатарынан көреді[2]. Егер бұлар көненің көздері болса, Бұхар тіліндегі көрінісін солай деп тану керек болады (Асанқайғыда да -ғыл жұрнақты тұлғаның бар екеніне назар аударыңыз). Сірә, XV-VIII ғасырлар үшін бұйрық райдың бұл варианты диалектілік элемент болудан гөрі, көнеден қалған реликт ретінде қолданылуы шындыққа жақындау келетін болу керек.
Алдыңғы дәуірлерге қарағанда, II жақ бұйрық райдағы етістіктің сыпайы түрін қолдану активтеу. Мысалы, Бұхар жырау бірнеше толғауында тілеңіз, демеңіз, көнбеңіз деп келеді. Сірә, бұл тұлға сыпайылықпен қатар, көптік мәнді де қамтитын болу керек. Бұдан грамматикалық бір мағынаны белгілі бір тұлғамен білдіру нормасы жүйелі қалыпқа әлі түспегені байқалады.
Етістіктің етіс категориясын беруде өткен кездегідей және қазіргіден көп алшақтық жоқ. Бірен-саран сәттерде осы күнгі —ңыз, -ғыз жұрнақтарымен келетін етіс тұлғасы —кер, -тір аффикстерімен қолданылған: «Шыны аяқпен іштірген. Ғаділ- дігін Наушаруан ғаділге жеткерген. Жомарттығын өткерген».
Сөз тудару саласында. Сөз жасайтын жұрнақтардың түр- лері көбейе түскен. Бұл кезеңде де ең актив және өнімді жұрнақ – —лық. Ол бұрынғыдай ең алдымен абстракт есімдерді тудырады және олардың дені қазақтың төл сөздерінен жасалады: билік, жақсылық ұрлық, қулық, кәрілік, елдік т.б. Сонымен қатар бұл кезеңде -лық жұрнағының сындық мағына білдіру қызметі көріне бастайды (бұл алдыңғы дәуірлерде жоқ немесе жоққа тән құбылыс болатын): «Шешендік жолын тұтындың» (Үмбетей), «Ол дағы қияметтік жақын кісің» (Шал). —лық аффиксінің сын есімдік қызметте келгенде есімше тұлғаларына жалғануы өнімдірек: «Ұяларлық ар бар ма?» (Ақтамберді), «Сөз ұғарлық ер болса» (Бұхар), «Жан шошырлық жаман іс» (Шал). Демек, бұл жұрнақтың қатыстық сын есім жасайтын осы күнгі өте актив қызметі басын XVIII ғасырлардан алады деуге болады.
Форманттардың грамматикалана түсіп, фонетикалық транс- формацияға ұшырауына келгенде, алдыңғы дәуірлердегідей, -тұғын/-тын, -дағы/-да, -менен/-мен, -дүр/-ды параллельдері бар. Сонымен қатар бұл кезеңде бұрын жоқ (немесе жоққа тән) -ған соң шылауды тұлғаның —ғасын болып кірігіп ықшамдал- ған түрі көріне бастаған тәрізді: «Дәніккесін бұл шіркін Адал бір дәм жегізбес» (Үмбетей), «Күні суық болғасын, түні қайтсын» (Шал). Бірақ бұл трансформацияның болғанболмағандығын кесіп айту қиын, өйткені Үмбетей, Шал мұра- ларын ауызша жеткізушілер мұны қазіргі нормаға салып айтулары да мүмкін: ған+соң мен -ғасын форматтары не өлең өлшеміне, не ұйқасқа келгенде бірдей түседі, олардың қайсысын келтіріп жырласа да, өзгеріс болмайды.
XVIII ғасырдың әдеби үлгілері тілінде -лық — тан басқа —лы, —сыз, -шы, -қ/-ақ/-ек, — шылық/- шілік, —тай/тей, -кер/-гер, — еген, —улы, -шік, —шіл, — дас/- дес, -ша жұрнақты сөздер бар. Бірақ олардың қолданылу аялары тарлау. Мысалы, -шылық жұрнағымен келген сөз бірер ғана: кемшілік. Бұл кезде әлі де тіршілік, адамгершілік, жоқшылық сөздері қолданылмайды, олардың мағынасын тірлік, кісілік, кедейлік сөздері береді. -улы жұрнақты сөздер де аз (жортулы, ерттеулі, жазулы, көмулі). Парсы тілінің сөз жасаушы элементтерінен -кер, -гер (жұмыскер, азаткер, жауынгер), -зада (арамзада), -зат (адамзат) тұлғалары кездесе бастайды. Бірақ Шал ақынның қазіргі кезде жарияланып жатқан мұраларында: Жалшы жауынгер болар деп басылып жүрген өлең жолдарындағы жауынгер сөзі дұрыс оқылмаған (араб жазуынан) жәреуке деген сөз болу керек, өйткені контекске қарағанда, бұл жерде «жалынышты, жалтаң көз» деген мағынадағы жәреуке сөзі дұрыс келеді. Бұл сирек жұмсалатын сөз өзге үлгілерде де бар.
Алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда, көзге түсетін бір ерекшелік – есім тудыруда —у жұрнағының активтене бастауы:
Алланың жазуы, дүниенің өлшеуі т.б.
Грамматикалық тұлғалардың актив-пассивтігіне, өнімдіөнімсіздігіне назар аударсақ, әлі де алдыңғы кезеңдердегідей шаққа бейтарап қимыл-әрекетті білдіруде -ар жұрнақты есім- ше тұлғасының қолданылуы актив. Бұл әсіресе жыраулар тіліне тән. Сонымен бірге осы қызметте —а+ды тұлғасы да едеуір орын ала бастайды. Бұл көбінесе 11 буынды өлеңдер тілінде көзге түседі. Мысалы, Шал ақында: «Жақсы туған жолдасына болысады, Жаман туған ұрысына болысады». Бұл тармақтарды —ар жұрнақты тұлғамен де беруге болар еді: соңғы сөз бәрібір болысат түрінде үш буын болып айтылуға тиіс.
Ауыспалы осы шақтың болымсыз түрін білдіретін -ман жұрнақты етістіктің қолданылуы әлі де өте актив, оның -май+мын пареллелі жоққа тән. Бұл тұлға бұрынғы мәтін- дердегідей әрдайым үзілді-кесілділік, серт беру семантикасын бере бермейді: жай констатацияның өзін осы тұлғамен білдіреді. Мысалы, Көтеш ақын: «Қонақтың, өкпеледім, көрмен бетін» десе, онда сес көрсету де, серт беру де жоқ, жай хабарлау ғана бар.
Есімдерге жалғанып, предикаттық және кәмілдік, ақиқат- тық мән беретін дүр/ды/ді форманты сөз болып отырған кезеңнің поэзиясы тіліне де жат емес: «Айтар сөзім осы дүр», «Қымызсыз жиын той болса, қызығы жоқ-ты жаз күні», «Ақтың үйі мешіт-ті» (Бұхар). Байқалатын жайт бұл кезде -ды параллелі басымырақ: «Киім кисең, қаптау ки. Найза келсе, қалаң-ды, суық келсе, панаң-ды» (Ақтамберді), «Алғаның жақсы болса, қорғандай-ды, Жаман болса, қайтесің сормандайды» (Шал).
Міне, қазіргі және алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда, XVIII ғасырдағы қазақтың төл әдеби тілінің грамматикалық ерекшеліктері (белгілері) – осындай. Бұл белгілердің біразы- ның төркінін әдеби тіл дәстүріндегі жалғастылық принципіне байланыстыра іздеу керек болса, енді бірқатарын грамматикалану, лексикалану сияқты процестердің ілгері қарай дамуының және морфологиялық тұлғалардың қызметі жағынан саралана түсуінің нәтижесі деп тану қажет.
[1] Қалиев Е., Сарыбаев Ш. Қазақ диалектологиясы. Алматы, 1967, 93-б.
[2] Аманжолов С. Вопросы диалектологии и истории казахского языка. Алма-Ата, 1959, стр. 124.