
XVIII ғасырдағы қазақ әдеби тілін сипаттайтын
әдебиет үлгілері
XVIII ғасырдағы қазақ әдеби тілінің қоғамға, оның мәде- ниетіне және халық мүддесіне қызмет етуі мен дамуы сол тілді иемденуші халықтың саяси, экономикалық және мәдени өмірімен тікелей байланысты болды.
XVIII ғасыр қазақ халқының сыртқы жауларға – жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық күресінің кезеңі болды. Сондай-ақ «солтүстіктегі қуатты көрші» – Ресей империясымен одақтасу ниетін көздеп, Кіші жүз бен Орта жүздің Ресейге «өз еркімен қосыла бастауы» сияқты тарихи оқиғалардың тұсы болды.
Ресеймен болған жаңа қарым-қатынастың тәуелділік сипаты күшті бола отырып, қазақ халқының экономикасы мен әлеу- меттік-мәдени өміріне көптеген жаңалықтар әкелгені белгілі: сауда-саттық қатынастары дамыды, қалалар мен бекіністер орнады, олармен қоса қазақ жеріне орыс адамдары қоныс тепті. Қоныстанушылар шаруашылық пен кәсіптердің жаңа түрлерін ала келді.
Әр алуан отаршылық, әкімшілік, экономикалық т.б. мүдде- лерді көздеп, қызмет бабымен келген орыс адамдары мен оқы- мыстылары қазақтың жер-суын, тұрмыс-салты мен мәдениетін зерттеуге кірісті. Әскери мекемелердің кадрлары мен әкімшілік орындарына қажет тілмаш, писарь сияқтыларды дайындау мақсатымен «гарнизондық мектептер» ашылды, 1789 жылы Омбыда ашылған «Азия мектебі» тәрізді оқу орындары пайда болды. Бұларда оқу орыс тілінде жүрді.
XVIII ғасырда қазақ жерінде азаматтық білім беретін, ана тілінде оқытатын ұлттық мектептер әлі жоқ-ты. Баспа орындары мен өзге де мәдени ошақтар және жоқ болатын. Міне, осы жайттардың баршасы қазақ тілінің тағдырына да тікелей қатысты болды.
XVIII ғасырдың өн бойында қазақ даласында баспа орындары, кітап шығару ісі, мерзімді баспасөз, оқу-ғылым бол- мағанымен, осы кезеңдегі қоғамға қызмет еткен тілдің типтерін, жай-күйін, лексикалық-грамматикалық сипатын, оның нормалану процесін танытатын үлгі-нұсқалар бар еді. Оларға:
Бірінші, көркем әдебиет, оның ішінде авторлы поэзия үлгі- лері жатады. Бұл әдебиеттің ірі уәкілдері: Ақтамберді, Тәтіғара, Үмбетей, Бұхар жыраулар мен Шал[1] , Көтеш ақындар. Зерттеуші М.Жармұхамбетов атақты «Елім-ай» жыр дастанының авторы деп Қожаберген Толыбайұлы деген жырауды атаса[2] , Ы.Дүйсенбаев сол өлеңнің авторы болар деп Топыш ақын деген есімді атайды[3]. Әрине, үш-төрт ұрпақты қамтитыны бір ғасырлық бұл ұзақ мерзімнің ішінде қазақ қауымынан шыққан сөз зергерлері бұдан әлдеқайда көп болғаны даусыз. Тіпті осы күнгі кітаптардың өзінде Жанкісі, Есет жырау, Қобылан жыраулардың аталып, олардың бізге жеткен бірді-екілі толғаулары ұсынылып жүргені мәлім («Ертедегі әдебиет нұсқалары» атты кітапты қараңыз. — Алматы, 1967). Әдебиет зерттеушісі Қайым Мұхаметханов Бұхар жыраудың осы күнгі жарияланып жүрген мұраларының ішінде өзге жыраулардың да, атап айтқанда, Байдалы бидің толғаулары араласып кеткенін көрсете келіп, «Байдалы – Бұхардың замандасы, сөз өнерінің өрен жүйрігінің бірі, XVIII ғасырдың ақынжырауларының қатарынан орын алатын адам», – деп түйеді[4]. Демек, бұл пікірді құптасақ, бұл күнге дейін тек шешендік сөздердің авторы ретінде Байдалы би деп қана танылып келе жатқан адамға Байдалы жырау деп те қарауға тура келеді.
Бірақ олардың барлығының әлеуметтік үні бірдей болмаған. Сондықтан әдеби мұраны екшеуге, екшеп барып халық жадында сақтауға келгенде талабы өте қатал «ауызша баспа» тақырыбы «ауыл-аймақ, бота-тайлақтың» төңірегінен ұзап шықпағандарын ысырып тастап отырған. Өйткені жер-жерде ру-тайпа мүддесінен туған поэзия үлгілері әрі құптаушылары аз болғандықтан, әрі қазақ қауымының сол дәуірлердегі бы- тыраңқылық, сапырылыстық жағдайынан да тез ұмытылып отырған. Сақталатындар – ұсақ ру-тайпалық мүддеден я болмаса бір ханның жеке басының мүддесінен жоғары, жалпы- халықтық идеяны сөз ету негізінде туған өлең-жырлар болған. Сондықтан бір ғасырлық қыруар сөз дариясынан сүзіп алынған маржаны жоғарғы 7-8 ақын-жыраулардың есімдерімен шек- теліп отыр. Олардың өздерінің де түгел жетпегенін білеміз.
Бұлардың ішінде сөз үлгісі көбірек жеткені – Бұхар жырау. Оған себеп жырау творчествосының тарихи-әлеуметтік мәні- нің болғандығында, яғни Бұхар – «қазақ поэзиясында бұған дейін жоқ жаңа тақырыпты – халықты бірлікке шақыру, осы бірліктің ұйытқысы хандық мекемені нығайтуды уағыздау сияқты қоғамдық, дәуірлік тақырыпты көтерді» (Қ.Өмірәлиев). Мейлі хандық арқылы болсын, мейлі орысшыл, патшашыл хандарды тақтан тайдыру арқылы болсын (Исатай-Махамбет көтерілісінде), мейлі өздерінің дегеніне құлақ асатын ханды сайлау арқылы болсын (Сырым Датұлы бастаған халық қозғалысы) – әйтеуір халықтық бірлікті сақтау, жер-су иелігінен айрылмау, сайып келгенде, тәуелсіздікті қорғау сияқты жалпы елдік арман-мұратқа үн қосатын әдеби мұраларды сақтауға да, таратуға да халық мүдделі болған.
Екіншіден, біздің топшылауымызша, мұсылманша сауатты болған Бұхар жыраудың толғаулары кезінде қолжазба түрінде хатқа түсіп, сол арқылы да таралуы мүмкін.
Ал Тәтіғара сияқты жыраулардан қазіргі көпшілікке ұсы- нылып жүрген мұрасы екі-үш шағын толғаулар төңірегінде ғана, оның өзінде де ел қорғап, жауға шабатын батырларды санамалап айтқан немесе ханы Абылайды қайрай айтқан бір-екі өлеңі ғана сақталған. Сірә, Қ.Өмірәлиев айтқандай, ертедегі ақын-жыраулар мұраларының бізге жетіп-жетпеуінде кездейсоқтық құбылыстың орын алғаны сөзсіз. Кезінде көп қайталанбай, ауыздан ауызға мұқият тапсырылмай қалған дүниелер сол күйінде мүлде жоғалғаны да – ақиқат. Олардың ішінде әлеуметтік үні бар, халық мүддесінен шығарылған туындылардың бар болуы да ықтимал. Көп сәтте көркемсөз мұрасын сақтайтын ортаның, сол орта ұстаған дәстүрдің де рөлі зор болған.
Екінші. Біз әңгіме етіп отырған дәуірде қазақ ауыз әдебиеті- нің мол нұсқалары бар-ды. Олар – әрине, тек сол ғасырдың өзінде пайда болғандар емес. Фольклор дүниесінің қомақты жанры – батырлар жырларының көпшілігі, зерттеушілердің айтуларына қарағанда, Алтын Орда дәуірінен бастап, XIV ғасырдың соңы мен XV-ХVI ғасырларда жасалған (жырланған) ескерткіштер[5].
Сондай-ақ фольклор мұрасының одан да арғы кездердегі – Батыс Түркі қағанатының (VI-VIII ғ.), Ақ Орда, Ноғай Ордасы және Өзбек хандығының (ХІІІ-ХVІ ғ.) тұсындағы рутайпалардың ертегі-жырлары болғандығы да белгілі[6].
Ауыз әдебиеті мұраларының XVIII ғасырда жырланған варианттары кейбір тілдік-көркемдік элементтерінің көрінуі жағынан осы күнгі бізге жеткен нұсқаларымен де, өздерінің пайда болған кездегі алғашқы үлгілерімен де дәлме-дәл түспейтіні анық. Фольклорлық шығармалардың XVIII ғасырда хатқа түскен нұсқалары болмағандықтан, эпостың немесе ертегінің, я болмаса тұрмыс-салт жырларының осы дәуірдегі варианттары тілі жағынан дәл мынадай болып еді деп сипаттай алмаймыз.
Үшінші. XVIII ғасырдағы қазақ қоғамына қызмет еткен тілді танытатын нұсқалардың тағы бірі – ресми іс-қатынасы қағаздары болды. Бұлар хан-сұлтандардың, старшындардың орыс патшасына, Ресейдің әкімшілік орындарына және бірбірлеріне жазысқан хаттары, арыз-өтініштері, мәлімдемелері, үндеулері т.б. Бұл әдебиеттің құнды бір ерекшелігі – хатқа түскендігі, сондықтан бұлар жазба тілдің белгілі бір стилінің қандай сипатта болғанын қиналмай көрсететін материал болады.
Төртінші. Бұл дәуірде қазақ өлкесін Ресей үкіметі тарапынан танып-білу әрекеті қызу жүрді. Сол кездегі орыс саяхатшылары мен ғалымдарының және қызмет бабындағы кейбір адамдардың орыс тілінде жазған материалдарының ішінде жекелеген қазақ сөздері кездеседі. Бұлар әңгіме етіп отырған кезеңдегі қазақ тілінің лексикалық құрамын айқындауға септігін тигізеді.
Бесінші. Соңғы кездерде архив қазыналарынан іздестіріп тапқан материалдарға қарағанда, XVIII ғасырдың соңғы шире- гінде Ресей үкіметі тарапынан қазақ тілінің кейбір сөздерінің орысша және өзге тілдердегіше баламасын көрсететін шағын сөздік іспеттес тәжірибелер болғаны анықталды. Бұлар: 1) «Парсы және татар диалектілері» деп аталатын 10 беттік қолжазба, 2) 49 орыс сөзінің қазақша және монғолша аудармалары берілген қолжазба, 3) «Хиуа, Бұхар, қырғыз (яғни қазақ – Р.С.) және мешер тілдеріне аударылған орыс сөздерінің тізімі», 4) 1774 жылы жазылған орысша-қазақша сөздіктің қолжазбасы т.б. Бұларда берілген материалдар кейбір қазақ сөздерінің XVIII ғасырдағы берген мағыналарын, кейде тіпті фонетика- лық суретін тануға көмектеседі, өйткені бірқатар сөздіктерде қазақ сөздері орыс әрпімен жазылған немесе орысша транскрипциясы берілген.
Әдебиет зерттеушілердің XVIII ғасырдағы тарихи жырлар деп таныған (фольклордағы эпос категориясынан бөліп қарап жүрген) Абылай хан, Қаракерей Қабанбай батыр, Қанжығалы Бөгембай батыр, Шақшақ Жәнібек батыр, Олжабай, Өтеген, Арқалық батырлар туралы жырлардың осы күнгі біздің қолымыздағы мәтіндері – тууы мен жырлануы жағынан, біздіңше, дәл XVIII ғасыр туындылары емес. Сөз жоқ, о баста тарихта болған осы адамдардың аттарына байланысты аңыздар, әңгімелер, толғау-жырлар болған, бірақ олар бізге сол пайда болған түрлерінде жетпей, кейін, XIX ғасырда, оның да екінші жартысында, тіпті кейбіреулері біздің дәуірімізде жаңарып, «жаңғырып жырланған нұсқалар екенін оларды зерттеушілер атап көрсетіп отырады. Мысалы, біздің заманымызда Жәнібек батыр жырын өңдеп, толықтырып, қайыра жырлаушы – халық ақыны Иманжан Жылқайдаров, Өтеген батыр туралы жырды өткен ғасырда Сүйінбай жырласа, кейін, 1937 жылы Жамбыл оны қайта жырлаған, Арқалық батыр туралы Иса Байзақов, Ертай Құлсариев, Саяділ Керімбеков өз туындылары ретінде үстіміздегі ғасырдың 30-жылдарында қайта жырлаған[7]. Демек, тіл тарихын зерттеу тұрғысынан келгенде, біз бұл жырларды XVIII ғасырдың үлгілері ретінде қарастыра алмаймыз.
XVIII ғасырдың мұралары да бізге ауызша сақталу арқылы жеткендіктен, жоғарыда көрсетілгендей текстологиялық қиындықтар мұнда да кездеседі. Мысалы, мұрасы едәуір толық және аса көп өзгеріссіз жетті-ау деген Бұхар жырау шығар- маларына ғылыми тұрғыдан текстологиялық жұмыстар жүргізу қажет екендігі сөз болып келеді[8]. Бұхар шығармашылығының тілін, суреткерлік шеберлігін, стильдік жаңалықтарын арнайы зерттеген Қ.Өмірәлиев бұл күнде Бұхардікі деп беріліп жүрген 4 толғауды жырау меншігінен мүлде шығарып тастауды ұсы- нады (олар: «Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек», «Ей, айташы, Алланы айт», «Ақтың үйі – мешіт-ті», «Ай, заман-ай, заман-ай»). Тағы бір топ толғауды Бұхар шығармасы екендігі я еместігі шартты, демек, олар да дүдамал деп табады. Зерттеушінің бұл үзілдікесілді байламдарына түгелдей қосылмасақ та, оның Бұхар мәтіндерін осылайша талдап қарау принциптерін құптаймыз.
Бұл күндерде Бұхар жыраудікі деп ұсынылып жүрген мұраларға оның авторлығы жөнінде біздің пікіріміз мынадай (Қ.Өмірәлиевтің айтқандарын ескере отырып түйгенде):
- Бұхардікі емес деп санайтын «Ей, айташы, Алланы айт», «Ақтың үйі – мешіт-ті» деген екі толғауды біз осы жыраудың «қаламына» жат емес деп ойлаймыз (ол жөніндегі дәлел бұрын келтірілген). Ал мына дүниелерді Бұхар авторлығына кейіннен телінген деп түйеміз: «Әлемді түгел көрсе де» деп басталатын 15 жолдық өлең, ең алдымен, толғау емес, ол – белгілі бір құрылым, : өлшем және ұйқас суреті қатаң сақталған жазба поэзияның үлгісі: өлең үш шумақтан бес тармақтан тұрады, ұйқас кестесі: а, а, б, а, в. Бесінші тармақ рефрен іспеттес, ол үш шумақтың үшеуінде өзара ұйқасып келеді: Қызыққа тоймас адамзат //Өмірге тоймас адамзат// Үмітін қоймас адамзат.
Жалпы «адамзаттық» тақырыпқа айтылған бұл «филосо- фиялық өлең мазмұны» жағынан жырауға жат болмаса да (Бұхардың көп туындыларының тақырыбы жалпы ой толғау- лары болып келетіндігі мәлім ғой), өзінің құрылымы мен жасалу техникасы жыраулық емес. Оның үстіне мұндағы «ай нұрын ұстап міну», «аспанда жұлдыз аралау», «әлемнің қызығын қолмен бөлу», «қисынсыз күйге түсу» сияқты образдар – Х-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясына тән емес. Мұндай перифраздардың алғашқы нышандары Дулаттан басталса, Абай оны қазақтың жазба поэзиясының жүйелі түрдегі үлкен бір тәсіліне айналдырған болатын. Сондықтан бұл шығарма – Бұхар мұралары деп ұсынылып жүрген шығармалардың ішінде оқшау тұрған, жаттығы бірден көзге ұратын (жыраудың тұтас стилін танитын адамға) туынды.
«Көк көгершін, көгершін» деген толғау да – Бұхардікі емес деп табамыз. Мұндағы образдар Бұхарға жат: «Еділдің арғы жағын Алты ай жүріп айландым» деген образ – Еділ, Жайық маңында өткен Шалкиіз, Қазтуған, Доспамбет жыраулар «қаламының» дүниесі. Оның үстіне мұндағы бірқатар жолдар еш өзгеріссіз «Ер Тарғын» жырында кездеседі.
Эпоста:
Көк көгершін, көгершін, Көк кептер ұшар жем үшін. Баданамды баса бөктеріп, Күн-түн қатып жортқанмын… Балтаға бардым тал үшін, Талды кестім сал үшін.
Айналасы алты айшылық Еділге
Тарланды талай-талай салғанмын.
Бұхарда:
Көк көгершін, көгершін, Көк кептер ұшар жем үшін. Көк ала қалқан жамылып, Ерлер жортар мал үшін. Тең, тең үшін, тең үшін, Терек кестім сал үшін. Еділдің арғы жағын
Алты ай жүріп айландым.
Ал біз «Ер Тарғын» жырының көркемдеуіш құралдары мен жеке образдары жағынан Шалкиіз, Қазтуған жырауларға өте жақын екендігін, солардың «қаламынан» шыққан немесе сол жыраулар мектебінен «дәріс» алған, солармен тұстас, стильдес, «тілдес» автордікі екендігін айтар едік.
Құлмат Өмірәлиев «Ақсаңнан биік тау болмас», «Жар ба сына қонбаңыз», «Көкте бұлт сөгілсе», «Алыстан қызыл көрінсе», «Қара арғымақ арыса», «Арту-арту бел келсе», «Асқар таудың өлгені» деген толғаулардың Бұхар туындылары екендігі я еместігі таза шартты деп санайды. Ондағы негізгі мотиві – олардың мазмұны (тақырыбы) жағынан ақыл-өнеге айтатын дидактикалық толғаулар екендігі, бұл тақырыптың ертеден келе жатқан жыраулардың баршасына ортақтығы, ондағы сөз-образдардың бірінен екіншісіне көшіп жүретіндігі, соның нәтижесінде авторлығы күңгірттеніп, ортақ дүниелерге ауысатындығы.
Егер біз Бұхар мұраларының ішіндегі мұндай дүниелерді оның иелігінен шығарып тастасақ, бұл жыраудың да алдың- ғылар сияқты, бір жағынан, шешен-дидактик екендігін жоққа саймас па екенбіз. Сөз жоқ, Бұхар – дидактикалық поэзиямен қатар, азаматтық поэзияның да жыршысы. Бұл жердегі азаматтық поэзия деп отырғанымыз – нақтылы оқиғалар мен адамдарға қатысты жырланған толғаулар. Бұл, сірә, Бұхар шығармашылығының салмақтырақ түсетін бөлігі болар немесе әлеуметтік мәні күштірек бұл дүниелер жақсырақ, ұқыптырақ, түгелдеу сақталған болар. Дегенмен Бұхардың да, ең алдымен, жырау екендігін, оның да ақылгөй, дана, қауым көсемі ретіндегі орны мен қызметін ескерсек, сірә, ортақ ой, ортақ мотивке құрылған толғаулар да жырау «қаламына» жат болмас, осылай түйе тұра біз Бұхардың тілі мен стилін талдауға жоғарыда көрсетілген толғаулардың материалдарын тартпадық. Оған авторы күмәндығынан гөрі, бұл шығармалардың тілдік-стильдік тұлға-тәсілдерінің ортақтығы, дәстүрлілігі, бірдейлігі де себеп болды. Жалғыз Бұхар емес, өзге ақын-жыраулар мұраларына да осы шартты қою керек.
Мұның сыртында Бұхар өлеңдері мен толғауларының (сон- дай-ақ өзгелердің де) жалпы мазмұны, тіпті ұйқастары мен образдары дұрыс сақталғанмен, кейбір жеке сөздері немесе грамматикалық тұлғалары өзгеріп, екі-үш вариантта ұсынылып жүргендері аз емес. Мысалы, Бұхар шығармаларының 1962 жылғы жариялануындағы: «Еңсесі биік кең сарай Мортық болар бөлген соң»[1] деген екі жол Мәшһүр Жүсіп дәптерінде: «Еңсесі биік кең сарай Мортық болар бүлген соң»[2] деп берілсе, 1925 жылғы «Таң» журналында: «Еңсесі биік кең сарай Хемшік болар бөлген соң»[3] деп ұсынылған. Мұнда екі жолдың ішінде екі сөз құбылып отыр: бөлу/бүлу, морты/ кемшік. Алдыңғы пар – бір-бірінен бөлек дүниелер, дұрысы – бүлу болуы керек, ол – «талқандалу, ойрандалу, жаудан жеңілу» мағынасын беретін көне сөздердің бірі. Соңғы парлар да – мағыналары жуық болғанмен, екі басқа түбірлер, тіл тарихы үшін бұлардың қайсысы қай дәуірде қолданылғанының үлкен мәні бар. Сол сияқты, Мәшһүр Жүсіп дәптерінде: «Ат тұяғы тимеген Ақ кіріш тас суда бар» деген жолдар 1962 жылғы кітапта «ақ кірпіш тас суда бар» болып келеді. Мұнда да өлең мазмұны, ұйқасы, образы бірдей болғанмен, кіріш пен кірпіш – бірдей емес, екеуі – екі бөлек сөз: дұрысы кіріш болуы керек. Ол жөнінде Б.Сүлейменова нанымды этимологиялық талдау жасайды[4]. Бұл типтес мысалдардың бірқатары бұрын да бірнеше рет көрсетілген болатын. Мысалы, «Басына мұнша көтерген» деген тармақ екінші бір басылымда: «Басына моншақ көтерген» болып беріліп жүр. Сол сияқты: «Судан қашып қарағай Шөлге біткен бір дарақ» дегендегі соңғы сөз бірде тарақ, тағы бірде дұрақ болып ұшырасады.
Бұлардан басқа мына тіркестер түрліше оқылып (жазылып) жүр: «Үйсін Төле билердің/Үйсін Төле бидің, Несібеңді жаттан тіледің/Несібеңді елден ойладың; Тақымы кеппес ұры едің/ Тоқымы кеппес ұры едің» (бұл қатардың, сірә, соңғы варианты – дұрысы болар, өйткені, Қайым Мұхаметханов дұрыс айтқандай, ұрлықпен күн-түн қатып, ат үстінде жүргендіктен, образ ат терінен кеппейтін тоқымынан алынған болу керек және бұл тіркес Үмбетейде де кездеседі: «Тоқымы кеппей топтанып, Ел тонауға аттанып… Көтерермін, көнермін» / «Көнер ермін, көнермін»; «Күнінде мендей жырлайтын» / «Күнде мұндай сөйлейтін»; «Сен – бұзау терісі шөншіксің» / «Сен – бұзау терісі шөніксің»; «Асау талқан бұздырған» / «Асуды талқан бұздырған» т.т.
Тек жеке сөздер мен тұлғалардың варианттылығы емес, өлең-толғау мәтіндерінің кейде тұтас, кейде үзіктерімен бір автордан екіншісіне көшіп, қайталап жүруі немесе тіпті ауы сып кету фактілері өткен ғасырлардың әдеби дүниесінде едеуір орын алады. Міне, осындай жайлар белгілі бір суреткердің тілін талдауда да, тіпті белгілі бір дәуір тілін танытуда да қиыншылықтар туғызады. Әсіресе бұл қолайсыздық тілдің әдеби нормаларының қалыптасу, даму, тұрақтану процесін зерттеуде сезіледі.
Дегенмен осы сияқты қиыншылықтың барын ескере, есепке ала отырып, біздің заманымызға жеткен үлгілердің тіліне талдау жасап, әңгіме етіп отырған дәуірдің – ХVIII ғасырдың әдеби тіліне біршама сипаттама беруге болады.
[1] ХVIII-XIX ғ. қазақ ақындарының шығармалары. — Алматы, 1962. — 34-б.
[2] Қазақ ССР ҒА Орталық кітапханасы. — Қолжазбалар қоры. — 334-п.
[3] Таң журналы. — 1925. — №2.
[4] Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі. — Алматы, 1966. — 109-111-б.
[1] Шал Құлекеұлының есімін, сірә, XIX ғасырдың I жартысының әдебиет әлеміне қатыстырып та сөз ету қажет болар. Егер оның туған-өлген жылдарын 1760-1831 деп тапсақ, ақынның шығармашылық жолының дені XIX ғасырға тура келеді.
[2] Жарұхаметов М. «Елім-ай» жыр-дастаны //Қазақ әдебиеті. — 1981, 15 май.
[3] Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері. — Алматы, 1975. — 14-б.
[4] Мұхаметханов Қ. Бұхар жырау //Қазақ әдебиеті. — 1982, 6 август.
[5] Валиханов Ч.Ч. Көрсетілген кітап. 419-б.; Кидайш – Покровская Н.В., Нурмағамбетова О. А. Героическая поэма « Кобланды батыр» //Кобланды батыр. — М., 1975. — С. 11.
[6] Смирнова Н.С Особенности развития казахского эпоса, его поэтика //История казахской литературы. В 3-х томах. — Т. I. — Алма-Ата, 1968. — С. 241.
[7] Қазақ тарихи жырларының мәселелері. — Алматы, 1979. — 95, 124, 163,166-б.
[8] Өмірәлиев Қ. XV-XIX ғ. қазақ…, 140-141-б.; Мұхаметханов Қ. Бұхар жырау //Қазақ әдебиеті. — 1982, 30 июль — 6 август