
Қазақ әдеби тілінің даму барысын дәуірлеу
Қазақ әдеби тілінің даму барысын дәуірлерге бөлу мәселесінде де орныққан бірыңғай пікір жоқ. Ол да – түсінікті. Өйткені бұл тілдің басталар тұсы мен әрі қарайғы даму бағыты әрқилы танылып келген соң, оның дәуірлерге бөлінісі де біркелкі болмақ емес.
Қазақ әдеби тілінің даму көшін дәуірлерге бөлместен бұрын, оның басын қай кезден бастау алатындығы жайлы пікірлермен танысу қажет. Мұнда да біркелкілік жоқ. Қазақ әдеби тілінің басталар тұсы жайындағы көзқарастарды беске бөліп топтастыруға болады:
- Қазақ әдеби тілінің тарихын ертеден, көне түркі дәуірі- нен, ғұндар мемлекеті кезінен бастайды (Ғ.Мұсабаев II ға- сырдан, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев V ғасырдан т.б.).
- Қазақ әдеби тілінің тарихы XVIII ғасырдан басталады (Қ.Жұмалиев, М.Балақаев т.б.).
- XIX ғасырдың II жартысынан басталады (Қ.Жұбанов, Н.Сауранбаев, С.Аманжолов, І.Кеңесбаев). Бұл тұжырымды ұстаушылар XIX ғасырдың II жартысына дейін де қазақта әдеби тілді танытатын үлгілер болды дегенді қоса айтады. Сірә, бұл жердегі пікір қазақтың ұлттық әдеби тілін көздей айтылған болу керек.
- Қазақ әдеби тілі Қазан революциясынан кейін басталады (Т.Қордабаев).
- Қазақтың төл әдеби тілі ауызша дамыған авторлы поэзия түрінде оның халық болып құралған кезеңінен, XV-ХVI ғасырлардан басталады, ал ескі жазба әдеби тілі XVI-ХVII ғасырлардан, жаңа ұлттық, жазба әдеби тілі XIX ғасырдың II жартысынан басталады (Р.Сыздықова, Қ.Өмірәлиев, Б.Әбілқасымов, А.Ысқақов, Ә.Құрышжанов т.б.).
Осындай бастау кездеріне сәйкес, қазақ әдеби тілінің әрі қарайғы даму кезендері де әртүрлі болып ұсынылады.
Әдеби тілдің тарих көшін анықтауда және оның өмір сүру барысын кезеңдерге бөлуде көркем әдебиеттің даму кезең- дері жайындағы пікірлер көңіл аудартады. Сондықтан әдебиет- танушылар тарапынан қазақ әдебиетінің кезендерін тану (зерттеу) туралы мынадай пікірлер мен тұжырымдарды көреміз.
Филология факультеттерінің студенттеріне арналған «Ер- тедегі қазақ әдебиеті хрестоматиясын» құрастырушылар (Б.Кенжебаев, Х.Сүйінішәлиев, М.Жолдасбеков, М.Мағауин, 1967) қазақ әдебиетінің тарихын бес дәуірге бөледі:
- Көне дәуір (V-ХIV ғ.) – қазақ қауымының рулық-ұлыстық дәуірі. Бұл кездегі әдеби шығармалар – көптеген түркі халық- тарына ортақ мұра.
- Хандық дәуірдегі әдебиет (XV-ХVIII ғ.) – қазақтың төл әдебиетінің басталу шағы, алғашқы дәуірі.
- XIX ғасырдағы әдебиет.
- ХХ ғасырдың басындағы (1900-1920) бұқарашыл әдебиет.
- Социалистік дәуір әдебиеті.
«Қазақ Совет энциклопедиясында» берілген «Қазақ әде- биетінің ертедегі нұсқалары» деген мақалада түркі тілдес халықтар мен қазақ ру-тайпаларының әдеби туындыларын мынадай тарихи дәуірлерге бөліп қарайды:
- IV – VIII ғ. – түркі дәуіріндегі әдебиет.
- IX-ХII ғ. – мұсылман дәуіріндегі әдебиет.
- XIII-ХIV ғ. – Алтын Орда дәуіріндегі әдебиет.
- XV-ХVIII ғ. – Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет[1].
Қазақ көркем әдебиеті тарихын кезеңдерге бөлудің бұлардан басқа да үлгілері бар. Әдебиет зерттеушілерінің көпшілігі XV ғасырдан кейінгі әдебиетті «қазақтың өзінің қолтума әдебиеті» деп таниды.
Қазақ әдебиеттанушыларының енді бір тобы қазақтың төл әдебиетін XVIII ғасырдан, Бұхар жыраудан бастап келді (Қ.Жұмалиев, Ы.Дүйсембаев т.б.). Осыған орайластырып, қазақ әдеби тілінің басын XVIII ғасырдан алып, бері қарай дәуірлеу тіл мамандарына да тән болды.
Н.Сауранбаев қазақ әдеби тілінің тарихы әлі толық зерттелмеген, сондықтан оны дәуірлеу қиын дей келіп, «пікір тудыру үшін өз ойымызды айтуды дұрыс көрдік» деп, бұл тарихты үш дәуірге бөледі: 1) XIX ғасырдың II жартысына дейінгі, 2) ХІХ ғасырдың II жартысынан XX ғасырдың 20-жылдарына дейінгі, 3) советтік дәуір[2]. М.Балақаев, Е.Жанпейісов, М.Томанов ұсынған дәуірлеу кестесі Н.Сауранбаев кестесіне жуық, айырмашылық – XX ғасырдың басындағы әдеби тіл деген үшінші кезең бөлек танытылады[3].
Қазақ әдеби тілі жайында энциклопедияға жазған мақа- ласында М.Балақаев пен Ә.Құрышжанов оның тарихын мынадай кезеңдерге бөліп қарайды: 1-кезең – ХVIII ғасырдың II жартысы, бұл – қазақ әдеби тілінің алғашқы дәуірі; 2-кезең – ХIX ғасыр, бұл ғасырдың екінші жартысында жаңа сапалы жазба әдеби тіл пайда болды; 3-кезең – Октябрь революциясынан кейінгі[4]. Дегенмен авторлар осы мақалада V-VIII, IXХII және XIII-ХIV ғасырлардағы ескі түркі ескерткіштерінің тілін қазақ әдеби тілінің ескі арналары есебінде атап өтеді, XV-ХVII ғасырлар әдебиетінің тілі ортаазиялық жазба әдеби тілмен байланыстырылады. Бұл классификацияда XV-ХVII ғасырлардағы, тіпті XVIII ғасырдың I жартысындағы ауызша тараған қазақ әдеби тілі, яғни осы кезеңдегі ақын-жыраулар, шешендер, жылнамашылар тілі ауызға алынбайды.
1968 жылы жарық көрген «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (авторлар – М.Балақаев, Р.Сыздық, Е.Жанпейісов) атты оқу құралында да әдеби тіл тарихын өзгеше баяндайтын зерттеуші – М.Балақаевтың концепциясы негізге алынғандықтан, қазақ әдеби тілінің даму барысы мынадай кезеңдермен байланысты:
1-кезең. XVIII-ХIX ғ. әдеби тіл.
2-кезең. XIX ғасырдың I жартысындағы әдеби тіл.
3-кезең. XIX ғасырдың II жартысындағы әдеби тіл.
4-кезең. XX ғасырдың басындағы әдеби тіл.
5-кезең. 1920-1930 жылдардағы әдеби тіл. б-кезең. 1940 жылдан кейінгі әдеби тіл.
Бұл дәуірлеу қазақ әдеби тілінің тарихын ғылыми-теория- лық тұрғыдан гөрі, қазақ халқының әлеуметтік өмірінің хронологиялық мерзімдеріне қарай жасалған шартты кесте екенін мойындау керек.
Қазақ әдеби тілінің даму кезеңдерін белгілеуде ұсынылып келген бұл кестелердің көпшілігінен мына бір жайт байқалады: әдебиеттанушылар, тіпті кейбір тіл мамандары да жалпы бірбірінен бөлек екі категорияны: жалпы қазақ тілі және қазақ- тың әдеби тілі дегендерді араластырып, оларды айырмай қарайды. Бұл екеуі дәуірлеуге келгенде екі түрлі болуға тиісті. Жалпы қазақ тілінің тарихы әріден басталады және ол осы тілде сөйлейтін халықты құраған ру-тайпалардың тарихымен, этникалық тұтастық ретінде халық болып топтасу процесімен, оның әрі қарайғы ұлт ретінде ұйымдасуымен (консолидациялануымен) байланысады. Осы тұрғыдан келгенде, жалпы қазақ тілінің дәуірлерін: бәлкім, біздің жыл санауымыздан бірнеше ғасыр бұрынғы кезеңнен бастап біздің жыл санауымыздың XIV-ХV ғасырларына дейінгі дәуірі, болашақ қазақ халқын құрайтын ру-тайпалардың тілі; екінші кезең – ХV ғасырдан XIX ғасырдың II жартысына дейінгі мерзім, бұл мерзімде рутайпалар этникалық тұтастық – халық ретінде қалыптасты; үшінші кезең – ХIX ғасырдың II жартысынан қазіргі кезге дейін, бұл уақытта қазақ халқы ұлт болып шоғырланды – деп тануға болады.
Әдеби тіл – халықтық не ұлттық мәдениеттің белгілі бір көрінісі, ол әрбір халықтың өзі жасап отырған дәуіріндегі қоғамдық-экономикалық, саяси-шаруашылық өмірімен тікелей байланысты. Сонымен бірге ол өзінің ішкі даму заңы бойынша да өрістейді. Тіл өзі қызмет етіп отырған ортаның мәдениәлеуметтік ерекшеліктерімен, яғни ғылымның, өнердің, әдебиеттің, қоғамдық ойдың т.б. даму дәрежесімен қоян-қолтық араласып, астасып жатады. Сол сияқты әдеби тіл өзін тұтынып жүрген халықтың этно-географиялық ортасына да тәуелді, әсіресе тәлім-тәрбие беріп, білім тарататын орталықтармен тікелей қарым-қатынаста болады.
Әдеби тіл әрдайым өзгеріп отырады. Ол өзінің қызмет ету барысында көптеген күрделі жолдардан өтеді. Міне, сондықтан әдеби тілдің даму кезеңдерін тарихи тұрғыдан алып қарау керек болады. Ұзақ жылдар бойына ол жайлап өзгереді, біртіндеп қалыптасады, сыртқы сандық өзгерістерден ішкі, сапалық өзгерістерге ұшырайды. Осындай ішкі (тілдік, структуралық) өзгерістерге байланысты да әдеби тілдің өзгеру, жетілу (әдет- тегі терминмен айтқанда, даму) дәуірлерін бірнеше кезенге бөліп қарауға болады.
Біз қазақ әдеби тілінің даму тарихын ең алдымен басты-басты екі дәуірге бөлеміз:
І. қазақ халқының ұлттық кезеңге дейінгі әдеби тілі;
ІІ. қазақ халқының ұлт болып қалыптасқан кезеңіндегі әдеби тілі.
Алғашқы дәуірдің өзін шартты түрде (әсіресе оқу бағдар- ламасын жеңілдетіп құру үшін) екі кезеңге бөліп қарастыруға болады (осы оқулықта біз осылайша бөліп алдық):
1-кезеңі – Қазақ хандықтарының құрылуы мен қалыптасу тұсы, бұл XV-ХVIII ғасырдың бірінші жартысын қамтиды, мұны «қазақ хандықтарының кезіндегі әдеби тіл» деп те атап жүр.
2-кезеңі күні бүгінге дейін бел алып келген дағды бойынша, XVIII ғасырдың II жартысынан XIX ғасырдың II жартысына дейінгі тұсқа шамалауға болады. Бұл тұста қазақ даласында хандық жойылды.
1-дәуір қазақтардың дербес халық болып құралып, өз алдына хандық құрған тұсы – ХV ғасырдан басталып, XIX ғасырдың II жартысына дейінгі мерзімді қамтиды. Бұл – қазақтың ауызша да, жазба да әдеби тілдерінің қалыптасуы мен әрі қарай даму процесінің алғашқы тұсы. Бұл кезеңдегі әдеби, әсіресе ауызша дамыған әдеби дәстүр қазақ халқы мен қазақ хандығының құралу процесіне үлес қосқан үлкен әлеуметтік күш болды. М.Әуезов былай деп жазған еді: «Тақырыбы мен жанрлары жағынан сан алуан қазақ халқының ауыз әдебиеті XV-ХVII ғасырларда кеңінен дамыды. Өлең-жырлар, тапқыр шешендік сөздер халықтың қоғамдық және рухани өмірінде көрнекті орын алды. Сол кездегі мақалдар мен мәтелдер… сөз өнерін халықтың аса қадірлегенін көрсетеді»[5].
Бұл дәуірде тараған әдебиеттерді үш топқа бөлуге болады:
- Ауыз әдебиеті (фольклор) үлгілері. Аты-жөні ұмыт болған авторлардың шығармалары да осы топқа жатады.
- Ауызша тараған авторлы әдебиет (поэзия және шешендік сөздер).
- Жазба әдебиет үлгілері. Олардың тілі ортаазиялық түркі жазба дәстүріне негізделді. Бұл үлгілерді хан сарайының біліктілері мен ру-тайпа басындағы зиялылар оқитын болған.
Қазақтың төл жазба әдеби тілінің алғашқы нышандары XVI ғасырларда-ақ көріне бастады (мысалы, жалайыр Қадыр- ғали би жазған шежіресі, хандар кеңсесінің әр алуан жазбалары т.б.). ХVІІІ-ХIX ғасырлар қазақ қауымы үшін едәуір үлкен әлеуметтік, экономикалық, саяси өзгерістер мен бетбұ- рыстардың кезеңі болды. Осыған орай өз заманының жемісі ретінде қазақ әдебиетінің жаңа сипатты туындылары пайда болды. Жыраулық мектеппен қатар ақындық дәстүр күшейе түсті. Ендігі жерде жыраулар мен ақындардың бірқатары мұсылманша сауатты болып, түркілік жазба әдебиеттен де сусындай алатын болды. Бұл құбылыс әдеби тілдің одан әрі орныға, дами түсуіне зор ықпалын тигізді.
Екінші дәуір XIX ғасырдың II жартысынан басталады. Бұл – қазақтың ұлттық жаңа жазба әдеби тілінің қалыптасу тұсы болды. Бұл кезеңнің өзін кейде (көбінесе) XIX ғасырдың II жартысынан XX ғасырдың басына дейінгі, XX ғасырдың алғашқы екі онжылдығындағы және кеңес дәуірі деп келте кезеңдерге бөліп қарастыру да байқалады. Бұлайша дәуірлеу – әдеби тілдің өзінің даму сатыларына қарап айқындау емес, қоғам өмірінің әлеуметтік хал-ахуалына қарап бөлшектеу болып табылады. Ал, шындығында, өткен ғасырдың екінші жартысында қалыптасып, өмірге келген қазақтың ұлттық жаңа жазба әдеби тілі сапалық үлкен өзгеріссіз бүгінгі қазақ әдеби тіліне келіп ұласып отыр. Әрине, әдеби тілдің бір кезеңінің өз ішінде даму барысы (қарқыны, сипаты, өзге тілдермен қарымқатысы т.т.) бір қалыпты болмайтыны – даусыз. Бірақ әдеби тіл эволюциясының кезендерін айқындау үшін, ең алдымен, тілдің өзіне хас (тән) сапалық өзгерістерді, ол өзгерістердің алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда байқалатын белгілерін есепке алу керек. Содан соң барып сол тілді иемденуші халықтың әлеуметтік тарихының тілге еткен ықпалына (экстралингвистикалық факторларға) назар аударылуға тиіс.
Әдетте қоғамның азаматтық тарихының тіл дамуына әсері едәуір кідіріспен, кешеуілдеп жүреді. Әлеуметтік-саяси, идео- логиялық өзгерістер болған күннің ертеңіне тіл өзгеріп шыға келмейді. XIX ғасырдың II жартысынан бермен қарай қазақ халқының әлеуметтік-саяси өмірінде небір өзгерістер, жаңалықтар болып өтті, бірақ тіл өзінің негізгі сипатын түбегейлі өзгерткен жоқ, рас, сөздік қазына молықты, грамма- тикалық нормалар тұрақтала түсті, функционалдық стильдер- дің жеке белгілері айқындала түсті, орфоэпиялық (сөзді дұрыс дыбыстау) нормаларын сақтау қолға алынды т.т. Бірақ бұлар- дың ешқайсысы тілде сапалық өзгеріс туғызған жоқ.
Міне, қазақ әдеби тілі дамуын дәуірлеудегі ұсынылып келген пікірлерді көрсете келіп, бұл мәселенің әлі де шешілмеген даулы жайттары барын ескертеміз.
Дау туғызатын мәселенің бірі – қазақтың төл ауызша әдеби тілінің тарихын не себептен XV ғасырлардан бастаймыз деген сауал. Оған біздің жауабымыз мынадай. Бұл кезең – қазақ хандығын құраған ру-тайпалардың өз алдына дербес халық болып топтана бастаған, яғни «қазақ» деген этнонимнің тарих сахнасынан орын ала бастаған тұсы. «Дербес қазақ хандығы құрылған XV-XVI ғасырларда нағыз тума қазақ әдебиеті ауызша поэзия түрінде қалыптасады. Соған орай оның төл әдеби тілі де поэзия тілі түрінде жасалды»[6]. Сөз жоқ, бұған дейін де қазақ тілінде (яғни кейін қазақ тілі болып қалыптасқан тіл типінде) сөйлеген ру-тайпалар сан ғасыр бойы өмір сүріп келген және олардың жақсы дамыған ауызша көркем әдебиет дәстүрі болған. XV ғасырдан аты белгілі жыраулар мен шешендер тақыр жерден өнер бастамағандықтары белгілі. Олар өздеріне дейінгі дәуірлердің поэзия дәстүрін (VIII-XIII ғасырлардағы түркі халықтарына ортақ ауызша поэзияны былай қойғанда), XIII-XIV ғасырлардағы Алтын Орда мен Ақ орданы мекен еткен болашақ қазақ, қарақалпақ, ноғай, башқұрт, Еділ, Қырым татарларын құраған тайпа одақтарының сөз өнерін әрі қарай жалғастырушылар, дамытушылар болды. Бұл пікірді Қ.Өмірәлиев «XV-XIX ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі» деген кітабында нақты материалдармен дәлелдеп, жақсы көрсетіп берді.
Екінші даулы мәселе – «қазақ қауымы халық болып қалыптасқан бойда көркем әдебиеті мен әдеби тілі бірден пайда бола қоюы шындыққа сая ма?» деген сауал. Әрине, белгілі бір ру-тайпалардың халық болып бірігуі мен оның рухани-мәдени дүниесінің, оның ішінде әдебиеті мен тілінің қалыптасуы (пайда болуы) әрдайым тұспа-тұс келе бермеуі мүмкін. Бірақ халық болып құралғанға дейінгі көркемсөз мұрасы мен дәстүрі сол халықтың әдебиетінің едәуір шамада көрініп, дербестік алуына жағдай жасайтыны және ықтимал. Сірә, қазақ халқын құраған ноғайлы-қазақ ру-тайпа одақтарының XV ғасырларға дейінгі көркемсөз өнері күшті дамып келгендігі қазақ халқының ауызша поэзиясының бірден қазақ поэзиясы ретінде көрінуіне себеп болған тәрізді.
Демек, осы көрсетілгендер сияқты өзге де жеке мәселелер қазақ әдеби тілінің тарихын бастауда және оны әрі қарай дәуірлерге (кезеңдерге) бөлуде әлде де алдымызда тұрғанын ескертеміз.
[1] Қазақ Совет энциклопедиясы. — 6-т. — 1975. — 233-б.
[2] Сауранбаев Н. Қазақ тіл білімінің мәселелері. — Алматы, 1982. — 119-б.
[3] Балақаев М., Жанпейісов Е., Томанов М. Қазақ әдеби тілінің мәселелері. — Алматы, 1961. — 56-б.
[4] Қазақ Совет энциклопедиясы. — 6-т. — 1975. — 233-б.
[5] Әуезов М. Қазақтың ауыз әдебиеті //Қазақ ССР тарихы. — 1957. — І-т. — 212-213-б.
[6] Өмірәлиев Қ. Тереңге тартқан тамырлар// Қазақ әдебиеті. — 1981, 17 июль.
РӘБИҒА СЫЗДЫҚОВА