Қазақ тілінің эпистолярлық стилі

Қазақ тілінің эпистолярлық стилі

Бұл стиль – жеке адамдардың бір-біріне жазысқан хаттары- ның тілін танытатын сөз мәнері.

Әдетте, бұл салада зерттелуге тиісті материал кез келген адамның күнделікті тұрмысқа, үй ішіне, қара басына қатыс- ты жайларды сөз еткен хаттары емес, белгілі бір қоғам қайраткерлерінің, қалам иелерінің, ғылым-білім өкілдерінің, көбінесе әлеуметтік не өзге де мәні бар мазмұндағы корреспонденциялары болуға тиіс.

Қазақ тілінде жеке адамдардың бір-біріне жазысқан хат- тары XIX ғасырдың 30-жылдарынан бастап табылады. Олар, әрине, санаулы ғана. Дегенмен әзірге бізге жеткендерін сөз етуге болады. Бұлар: атақты жауынгер ақын Махамбет Өтеміс- ұлының 1839 жылы жазған хаты, ол бұл хатты Жем, Сағыз, Қайнар бойын жайлаған Әлім, Шөмен руларының бірнеше беделді адамдары – Баубек, Нәдірқұл, Сәли, Жармұхамбет, Амантай батырларға жолдаған[1].

Қазақ фольклоры мен әдет-ғұрып заңдарын жинаушы, М.В.Ладыженский дегеннің 1840 жылы Шыңғыс Уәлихановқа жазған хатының қазақша мәтіні; атақты ғалым Шоқан Уәлихановтың әкесі – Шыңғысқа 1857 жылы Омбыдан 1860 жылы 9 августе және сол жылы 4 ноябрьде Петербургтен қазақша жазған хаттары; інісі – Жақыпқа 1857 жылы 10 декабрьде Омбыдан жазған хаты; Шоқанға әкесінің 1860 жылы 6 июльде және 19 сентябрьде жазған екі хаты; Садуақас Мұсаұлы Шормановтың Григорий Николаевич пен Алексан- дра Викторовна Потаниндерге 1887 жылы 25 февральда және мартта Омбы қаласынан қазақша жазған хаты[2]; Қазан университетінің профессоры Н.И.Ильминскийдің Сәмреке деген мұғалімге 1859 жылы 7 декабрьде қазақша араб графикасымен жазған хаты[3]; Құнанбайдың Омбыда кадетский корпуста оқып жүрген баласы Халиоллаға 1866 жылы 8 ноябрьде жазған хаты; Абайдың Халиоллаға осы жылдың 8 мартында жазған хаты; Ыбырай Алтынсариннің Н.И.Ильминскийге және Баянділ Кейкин деген кісіге 1883 жылы 28 январьда жазған хаттары.

Бұлардың бірде-біреуін, мысалы, XIX ғасырдағы орыс жазушыларының әлеуметтік, ғылымдық мәселелерді сөз еткен әрі көркем әдеби тілде жазылған ой-толғаныстарымен қатар қоюға болмайды. Қазақша хаттарда қоғамдық ой-пікір ішінара Ильминский мен Махамбет хаттарында болмаса, өзгелерінде жоқ. Соған қарамастан бұларды тілдік тұрғыдан көңіл аударарлық материалдар деп санаймыз. Біріншіден, осылар арқылы өткендегі қазақша хат жазысу мәнерін (стилін) аңғарамыз, екіншіден, ауызекі сөйлеу тілі мен жазба тілдің өзара тоғысу құбылысын байқаймыз.

Түркі жазба әдеби дәстүрінде қалыптасқан хат жазу мәнері болған. Онда ең әуелі, өзге тілдердегі сияқты, хат иесінің адресатқа құрмет көрсете, сый білдіре арнаған қаратпа сөздері келеді. Бұл қаратпада қайткенде де эпитеттер болуы керек (хурматау, ғизатлу, сүйүклу, меһрбанлу т. т.): хурматлу батырлар… (Махамбет хатынан); хурматлу улуғ мансаблу атамызға, меһрбанлу анамызға; Сізге улуғ хурматлу уа сүйүклү атамызға (Шоқанның хаттарынан), зияда хурметтілеріміз Григорий Николаевич, осындай ардақты ханымымыз Александраға (С.Шормановтың хаттарынан); ғизатлу уа хурматлу болғучы баламыз Халиоллаға… (Құнанбайдың хатынан); Сізге ғизатлу уа хурматлу азиз мұқарам ініміз Халиолла мырзаға… (Абайдың хатынан); зияда ғизатлу уа хурматлу…Шыңғыс Уали уғлына (Ладыженскийдің хатынан); айналайын шырағым сүйікті Сәмреке (Н.И.Ильминскийдің хатынан).

Бұл дәуірдегі қазақша эпистолярлық стильдің келесі бір белгісі – түркі жазба әдеби тілдеріне тән кейбір грамматикалық тұлға-тәсілдерді пайдалануы. Мысалы, өлеңдері таза қазақша Махамбет «хурматлу батырларға» жазған хатында уа, уа һәм, бірлән, білән деген шылауларды, бек, нечүк деген үстеулер мен есімдіктерді қолданады; еді, емес деген көмекші етістіктері кейде ерді, ермәс түрінде көне ұйғыр жазба дәстүрінен келе жатқан тұлғада жазады, бірер жерде шығыс септіктің көне ұйғырлық тұлғасы – —дын/-дін жалғаулы түрін де, көсемшенің дейүр тұлғасын да жұмсап жібереді (бұндын соң, сәлемдеріміздің соңыра); сөз басында келетін ж-ның орнына й-ді жазу хат иесі үшін норма (йыл, йолланды, йазғучы, Иармухамед, йазайын); септік жалғауларына келгенде, дыбыс заңдарын сақтамайды: үйні, жайсызлығы, йуртының, сізләрнің т.т.; бүл хаттағы алатұрған, алтмыш, бірісін деген тұлғалар да – қазақтық емес. Жіктеу есімдігі мен, маған тұлғасында емес, бән, бәңә түрінде келген. Қазақша ш дыбысы естілетін сөздер ч әрпімен жазылған (чауыб алача); және с келетін жерлерде ш әрпі таңбаланған (йумшап, шул, кіші[4]); араб-парсы сөздері түпнұсқаша жазылған.

Шоқан мен әкесі және Садуақастардың хаттарында да осы типтес ерекшеліктер байқалады: бұларда да алхамдлилла, иншалла сияқты арабша қыстырмалар, ләкин, һәм, уа ғайри, аның үчүн (өйткені шылауының орнына), жоғса (әйтпесе), емді (енді), һаммасы деген қазақ тіліне жат шылаулармен қатар үстеу, есімдіктер қолданылған.

Қатты ескеретін нәрсе – қазақша хаттардың тілінің бұл көрсетілген стильдік және лексика-грамматикалық ерекше- ліктері барлығында да бірдей емес: біреулерінде «түркіше» элементтер басым, екіншілері біршама қазақша жазылған деуге болады, үшіншілерінде тіпті орыс сөздері мен құрылымдары жиірек кездеседі. Мысалы, Шоқанның, Абайдың, Н.И.Ильмин- скийдің, Ладыженскийдің және Садуақас Шормановтың хаттары қазақ тілі нормаларына сәйкес, әлдеқайда қазақша жазылған. Бұларда тіпті Хұда бұйырса, Хұдай білсін, дәмесі болса, ашналығым бар, достығым бар, сіздерге жалған айтып болмас, киім қылдырдым… көйлек, дамбал…, борыш қылсам мұнан да жаман, сурет қылып жіберсін, зәкүнге тура келеді (Шоқанның хаттарынан); қазақ балаларынан қанша бас бала оқиды, арасынан жарлы-жақыбай бар шығар, қазақ тілі арасына ноғай сөздерін тығып бұзбаңыз (Ильминскийдің хатынан); біздер апрельдің басына шақты Омскіде болсақ керек (С.Шорманов хатынан) сияқты таза «қазақы» сөздер мен фразалар бар.

Сөйлем құрастыру жағынан жоғарғы аталған хат иелері қазақ тілінің синтаксистік заңдылығын дұрыс сақтайды, біренсаран сәттерде ғана құрмалас сөйлем компоненттерінің орын алмасуы кездеседі, оның ішінде деп көсемше тұлғасымен келген бағыныңқылы сөйлемнің екінші жартысында тұруын өткен ғасырдағы қазақ әдеби тілі синтаксисінің прозадағы нормасы деп санаймыз.

Ал Шыңғыстың хаттары әлдеқайда «түркіше». Мұнда көне үйғыр жазба тілінен келе жатқан кейбір тұлғалар қолданылған: Мысалы, бол етістігінің орнына ол варианты: олдың (шад олдық), қыпшақтың ған жұрнақты есімшесінің орнына -мыш аффиксті түрі: ермиш (екен); жазмыш (апрельдің 14-інде жазмыш хатыңыз); «шағатайлық» ерсал айладық (сәлемдерімізді ерсал айладық), үшімізні, екісі көп сәлем айтадүр, йазғучы. Шыңғыс қазақша мен менен-нің орнына білән, бірлән шылауын жұмсауды, III жақ көпше аспектіде лар қосымшасын жалғауды (қойдылар), олар деген есімдікті алар түрінде, ұл сөзін ұғыл түрінде «шағатайшалап» жіберуді жатсынбайды. Қысқасы, Шоқандарға қарағанда, Шыңғыс түркі жазба дәстүрін қатаңырақ сақтайды, өйткені ол эпистолярлық стильдің ортаазиялық түркі жазба әдеби тілінде едәуір қалыптасқан, «жазбалықты» (белгілі бір стильдік норманы) көрсетуге тиіс жанрға қызмет ететінін білген. Шоқанның қазақша хат- тарының да азды-көпті шамада түркілік элементтерден құр алақан еместігі, біздіңше, осы дәстүрге байланысты, яғни хат – жазба дүние, ал жазба дүниенің түркі халықтары үшін «занды» дәстүрі бар, бұл дәстүр, айталық, XIX ғасырда негізінен «шағатайлық» («түркілік») нормаларды ұстайды.

Дегенмен қазақша эпистолярлық стильдің үлкен, басты ерекшелігі – оның негізі қазақ тіліндік екендігі. Бұл сипат, ең алдымен, лексикасынан, одан кейін грамматикалық тұлғатәсілдерінен танылады. Хаттарда жұмсалған сөздер мен фразеологизмдер негізінен қазақ тілінікі және бір көзге түсетін құбылыс – ол орыс сөздерінің көп кездесетіндігі. Мұнда орыс тілі элементтерінің қатысуы сөз болып отырған кезеңдегі қазақ тілінің қай-қай стилінен де өте көп. Мысалы, Шоқан өз хаттарында числа (13 числада августың), представление, принимать қылдық, военный министр, представить еткенде, жалование, формуляр список, займ (қарыз мағынасында), товарыш, дворянский князьдық, хлопотать етсеңіз, областное правление, происхождение, свидетельство, переводчик, заграница, учитель, наказание, закон деген қазақша баламасы табылатын сөздерді орысша береді. Ал мұндағы (және өзге хаттардағы да) генерал-губернатор, советник, корпус, штаб, газет, председатель, предводитель, письмоводитель, пристав, офицер, князь, губернатор, адрес; өзге хаттардағы сенатор, губернатор, адъютант, полковник, портрет, музыкант, диплом, мистер, хорунжий, шен (чин), медаль (Шыңғыстың Шоқанға жазған хаттарында), доктор, гимназия, семинария (С.Шорманов хаттарында) деген сөздердің қолданылуы – занды: біріншіден, бұлар – хат иесінің айтайын деген ойын білдіруге қажет атаулар, екіншіден, олардың қазақша баламасы жоқ (тіпті қазірде де жоқ), бұл типтегі сөздерді орыс тілінен алып пайдалану (қазақша аударма немесе араб-парсы тілдерінен балама іздемеу) – ХIX ғасырдың II жартысындағы қазақ тілінің негізгі принциптерінің бірі.

Жалғыз Шоқан емес, өзге авторлар да орыс сөздерін еркін пайдаланады. Бұлардың ішінде әсіресе күрделі атауларды морфологиялық тұлғасы жағынан орысша қалпында қолдану көзге түседі: военный губернатор, бригадный генерал, благородное собрание, Петербургский университет, докладная записка, учительская семинария, техническое училище, кадетский корпус, господин Чистяков. Тіпті бұлардың көпшілігі род жағынан қиыстырылып беріледі (благородное собрание, докладная записка), яғни бұл тіркестер тұтас күйінде бір сөз (единица) ретінде қабылданған.

Хаттарда ай аттары тек қана орысша аталуынша беріледі. Бұған қарағанда,  XIX ғасырдың II жартысында қазақ жазба тілінде ай аттарының көне қазақша немесе арабша атауларын орыс календары ығыстырғаны байқалады. Бұл да –  сірә, орыс мәдениетінің қазақ даласына күшті әсер ете бастағанының бір куәсі тәрізді.

Орыс сөздерін пайдалануда қазақша эпистолярлық жазбаларда тағы бір байқалған ерекшелік, ол – орысша етістік не есім мен қазақша көмекші етістіктен құралған принимать қылдық, представить еткенде, наказание болсын, ревиз қылыб, наград қылыб сияқты тіркестерді пайдалану. Бұл ерекшеліктің себебін, бір жағынан, хат сияқты жазбаларда сөйлеу тілінің элементтерін араластыру зандылығынан іздеу керек болса, екіншіден, қазақ ұғымына бұрын бейтаныс болып келген осы іс-әрекеттердің қазақша атауының әлі жоқтығынан, үшіншіден, беретін мағынасы соны етістіктерді (іс-әрекет атауларын) жасау тәсілінің бір арнаға түсіп, қалыптаспағандығынан, яғни бұл салада нормалану процесінің енді-еңді басталғандығынан іздеуге болады.

Эпистолярлық стильдегі кезекті қазақтық белгі олардың грамматикалық құрылымында көрінеді. Септік, жіктік, тәуелдік парадигмалары негізінен қазақ тіліне тән нормада, етістік категориялары да бірен-саран жағдайда болмаса, көбінесе қазақтық тұлғада, синтаксистік амалдардың да басымы – қазақ тіліндік. Септік жалғауларының «түркілік» варианттары жоққа тән: маған (менге, мәңә емес), менің (бір-екі жерде ғана менім), келерін (келеріні емес); шығыс септік тек қана — дан/- ден/- тан/- тен/- нан/- нен түрінде (дын, -дін түрі өте аз); есімшенің өткен шағы негізінен ған жұрнақты (мыш аффиксті тұлғасы бірен-саран, онда да бірер хатта ғана) түрінде, бұйрық райдың II жақ анайы, сыпайы түрлері қазақша: хауп қылмаңыз, түзік жазыңыз, іздеп қараңыз, іздеңіз (хауп қылмаң, түзік йазың, йахшы йүргін, сақ болғын түрлерінде емес).

Бір байқалған нәрсе – эпистолярлық жазбаларда етістіктің сыпайы түрі жиірек кездеседі. Шыңғыс Шоқанмен көбінесе сыпайы түрде «сөйлеседі»: жазыңыз, жіберіңіз, іздеңіз (ал Шоқанның әкесіне немесе Садуақас Шормановтың Потанинге, Ладыженскийдің Шыңғысқа сыпайы сөйлеуі – заңды), тіпті Шоқанның өзі інісі – Жақыпқа «сіз» деп жазады (жауап беріңіз, қайтарыңыз, кеіиікпеңіз). Құнанбай да баласына «Сіз» деп қояды (...сол жазудан хабардар болұңыз… жазып жіберіңіз), тіпті Абай да інісіне сыпайы түрде «тіл қатады» (… Хамритдин молдаға көптен-көп сәлем дегейсіз). Сірә, бұл да – хат жазу стилінің бір ерекшелігі (белгісі) болар: сыпайы аспект – ресмиліктің көрінісі тәрізді, ал өткен ғасырда қазақша хат жазысу күнделікті сөйлеу актісінен жоғары тұрған, біршама ресми реңкі бар құбылыс ретінде танылуы әбден мүмкін.

Сөйтіп, XIX ғасырдың II жартысында қазақ тілінің эписто- лярлық стилі болды. Оның басты белгілері:

  • таза стильдік (құрылымдық) сипаты болды. Ол – хаттың стандарт эпиттермен келген қаратпа сөзден басталатындығы: хурматлу, ғизатлу, сүйүклу пәленше. Одан соң (немесе оған жалғастырыла) «дуғаи сәлем» жолданатындығы. Мәтін ішінде алхамдилла, иншалла, ма бағда (содан кейін), уа филь-ахир (ең ақырында) сияқты арабша қыстырмалардың болатындығы.

Хат соңында «язғучы пәленше» деп аяқталатындығы.

  • Түркі жазба элементтері орын алды. Олар лексика саласында да (ошбу, нечүк, һәр нечүк, сөзләштім, ерді, сағ, уғул сияқты сөздер мен ләкин, уа, һәм, уа ғайри, аның үчүн, білән, бірлән терізді шылаулар және араб сөздері араласып жасалған күрделі етістіктер: тасниф қылынды, ерсал айладық, иттифакта болу т.б.), морфология саласында да (-мыш жұрнақты есімше, гу жүрнақты қимыл есімі, есімдіктің мәңә, алар сияқты түрлері), әсіресе орфография саласында (ж-ның орнына сөз басында й жазу, с-ның орнына ш әрпін жазу т.б.) болды. Бірақ бұл белгі барлық хаттарда қатаң түрде сақталмады, яғни «түркілік» элементтер кейбіреулерінде, әсіресе Ильминский, Шоқан, Ладыженский, Садуақас Шормановтардың хаттарында өте аз. Шоқан, Ильминскийлер тіпті «түркілік» орфографияны да көп қабылдамайды, олардың хаттарында қазақ сөздері қазақша жазылған: сөз басында й емес, ж әрпі келеді, с дыбысы келетін сөздерді с әрпімен жазады, олар кейбір орыс сөздерінің өзін қазақшалап жібереді (жанарал, поштабай, ыштаб, жа). Бұл – араб жазуын пайдаланған қазақша жазба дүниелердің белгілі бір кезеңдегі күй-қалпын тануда принципті мәні бар құбылыс. Осы тенденцияны өткен ғасырда жарық көрген қазақ кітаптары мен алғашқы баспасөзі де ұстай бастайды. Демек, бұл – әдебиет жанрында «шағатайлық» элементтердің қатысуы норма болудан гөрі, дәстүрліктен қол үзе алмаудың нәтижесі тәрізді.
  • Эпистолярлық дүниелер тілінің лексикалық және грам- матикалық негізі қазақ тілінде екендігі. Бұл – ХIX ғасырдағы қазақ тілінің эпистолярлық стилінің негізі қазақтың сөйлеу тілі мен сол түстағы ұлттық жазба тілі болғандығын танытады. Бұл белгіні қазақ авторларының хаттарын Хұсайын Файз- хановтың Шоқанға татарша («түркіше») жазған хатының мәтінімен салыстырғанда өте айқын көруге болады. Файз- хановтағы: тағу барып болмас, мин факир кіші, ақша алурға йол болмады, баруға деп тұрамын, анда болайым деймін… сөзлер жиярға, сізнің йаққа баруны бек тіләгән едім, машғул болурға тіләймін, көп йахшы емес, мың йарумдай болур ми, бек ару қазақ тілінде йазсаңыз еді… тарих хикаятлары болса, әлбәттә, йахшыдүр,мәңә бергәні йоқ, бірісін сізге йібәрүрмін, білмәймін, аны берүрлер ми? бағышлаңыз, мені адресім бу илә[5] деген сияқты татарша-түркіше сөз, сөйлем түрлері қазақ хаттарында жоқ.
  • Эпистолярлық жазбалар тілінің лексикасында орыс тілі арқылы келген сөздердің молдығы, яғни қазақша баламасы жоқ тың ұғымдардың атауларын орыс тілінен алып жұмсау – осы стильдің де, ұлттық жазба тілдің де басты даму принциптерінің бірі екендігі.

[1] Аманшин Б. Махамбеттің хаты // Қазақ әдебиеті. — 1970, 31 июль. Хаттың трансқрипцияланған толық мәтінімен осы мақалада танысуға болады.

[2] Шоқан Уалиханов есіміне қатысты қазақ тіліндегі хаттардың мәтіндері ғалымның бес томдық енбегінің IV томында казіргі қазақ графикасымен жарияланған // Валиханов Ч.Ч. Собр. соч. в 5-ти томах. — Алма-Ата, 1968. — Т. IV. — С. 47, 48, 49, 51, 52, 54, 121, 122, 232, 233.

[3] Әбілқасымов Б. Орыс ғалымының қазақша хаты // Қазақ ССР  ҒА Хабаршысы. — 1973. — №3. — 70-73-б.

[4] «Қазақ әдебиеті» газетінің 1970 жылгы 31 июльдегі нөмірінде жарияланған мақалада берілген транскрипция  (араб әрпімен жазылған хат мәтінін қазіргі графикамызға көшіру) біраз дұрыс жасалмаған. Мысалы, чауыб, алача деп жазылған сөздері шауып, алаша болып, араб жазуымен алтмыш, кіші, йумшаб, йәбәрәңіз, Иармухамед, ерді, уа һәм түрінде берілген сөздер (алпыс, кіші, жұмсап, жіберсеңіз, Жармуханбет, еді, оһәм деп «қазақша»  транскрипцияланған (біз мұны Махамбет хатының сол мақалада берілген фотокөшірмесінің кішкене үзігінен көріп байқадық).

[5] Марғұлан Ә. Хұсайын Файзхановтың Шоқанға екі хаты //Қазақ әдебиеті. — 1965, 29 январь (хаттардың мәтіндері, осы нөмірде).

Р.Сыздықова

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *