Сөздік қазынаның нормалану дәрежесі

Сөздік қазынаның нормалану дәрежесі

Талдап отырған кезеңдегі қазақ поэзиясының сөз еткен не- гізгі тақырыптары жақсылық, жамандық, кісілік (адамгершілік) т.б. жөнінде ақыл, насихат, үлгі айтуға арналған дидактика мен қауымның әлеуметтік, саяси хал-ахуалын баяндау, ел қорғау, жауға аттануды әңгіме ету болғандықтан, осы салаларға тән сөздер көзге түседі. Олардың ішінде бірқатары белгілі мағы- нада тұрақталып, дәстүрлі дәрежеге – нормаға айналғаны байқалады. Мысалы, бұл кезде «территориялық-этникалық тұтастық» мағынасында (қазіргі «халық» ұғымында) жұрт сөзі норма болып келеді: «Теңселер ауыр ноғай жұртыңыз… Тебіренсе, ауыр жұртын тындырмас» (Шалкиіз). Осы мәнде халық арабизмінің ұшырасуы (мысалы: «Етектеп жиған көп халқың Сұлтан ием кімге асмар етерсің?» – Шалкиіз) – біздің байқауымызша, не кейінгі «редакциялардың» нәтижесі, не енді-енді ене бастаған кірме сөздің көрінісі сиякты. Осы ұғымда жұрт сөзімен қатар ел, алаш (бірақ алаш – тек «қазақ жұрты» мағынасында) сөздері де бар. Жиембет Есім ханға сес көрсете айтқан толғауында: «Арқаға қарай көшермін, Алашыма ұран десермін», – дейді. Шалкиіз: «Ағаштан байтақ озбаса, Арабыдан атты сайлап мінбен-ді», – дейді.

Сірә, бұл кезеңдерде жұрт, ел, алаш сөздері синонимдер ретінде өлең талғамына қарай бірінің орнына екіншісі қол- даныла бергенге ұқсайды. Айталық, жоғарғы жолдарда алаш сөзі Арқа сөзімен ассонансты қатар құрап тұр.

Әлеуметтік топтарға қатысты хан, сұлтан, құл, бай ұлы, би ұлы, төре, аға, шора сөздері көбінесе титулды (әлеуметтік дәреже-лауазымды) білдіретін элементтер болып келеді. Ай- талық, Доспамбет мұрасынан кездесетін: «Азаулының Аймә- дет ер Доспамбет ағаның Хан ұлына несі жоқ? Би ұлынан несі кем?» деген жолдары немесе: «Азаулыда аға болған ерлер көп еді» деген тармақтарындағы аға сөзі осы күнгі «жасы үлкен ер адам» мағынасынан басқа қолданыста тұрғанын аңғартады. Бұрын Түркияда аға титулы әскери адамға, комен- дантқа, янычарлардың бастығына берілетін болған. Сол сияқ- ты, сірә, XV-ХVI ғасырлардағы қазақ қауымында да аға сөзі басшыға, оның ішінде әскери басшыға да айтылатын атақдәреже мағынасын бергенге ұқсайды. Шалкиіздің: «Батыр жігіт жау бастар, Аға жігіт қол бастар» дегені қолды (әскерді) бастайтын жігіттің аға аталатынын көрсетеді. «Қобыланды батыр» жырыңда: «Қол ағалық қыламын» деген тіркес бар, мұнда қол аға «қолбасшы» деген мәнде жұмсалып тұр. Аға сөзінің «белгілі әскери топтың басшысы» деген атақты білдіретіндігін жалайыр руынан шыққан тарихшы Қадырғали Қосымұлының «Жами’ат-тауарих» атты шежіресінің (XVI ғасырдың соңы) тілінен де көреміз: «Уа Мүгеті баһадур мың кішінің бегі ерді, йа’ни мың ағасы» (Жами ’ат-тауарих. — Қазан, 1851. — 39-б.). Мұнда автор бек сөзі мен аға сөзін синоним етіп ұсынған, ал бек сөзінің мағынасы – «басшы».

Аға сөзінің бір кездердегі «басшы» деген ауыспалы мағына- сы ертеректе қалыптасқан ел ағасы, отағасы деген тіркестер- дің бар екендігімен де дәлелдене түседі. Елағасы – белгілі бір ұжымның (айталық, бір ауылдың) басшы адамы, отағасы – бір отбасының иесі. Кейін отағасы сөзінің мағынасы жалпыланып, «ересек, сыйлы адам» дегенді білдіруге жұмсалып кеткені байқалады. XV-ХVI ғасырларда ата сөзінің осы күнгідей «бірге туғанның немесе туысқанның ішінде еркек кіндіктің жасы үлкені» деген негізгі мағынасы да, әрине, болған.

Әскери ұғымы бар сөздер мен фразеология сол кездердегі құрал-жабдықты түгелге жуық атайды. Садақ, оқ, ала балта, жай, алдаспан, семсер, көбе, жебе, адырна, сүңгі т.б. – қазіргі қазақ әдеби тілінде көнерген элементтер болғанымен, талдап отырған кезең үшін актив сөздер. Ала балта – жай балта емес, арнайы жасалған соғыс құралы. Мұндағы ала сөзі – түсті білдіретін сөз емес. Ол көне түркі тілдері мен оғұз тобындағы тілдерде «қол» мағынасын беретін ал сөзіне қатысты болуы мүмкін: ал балта – қол балта, қолға ұстайтын немесе сапты балға, өйткені ал сөзі кейбір түркі тілдерінде «құралдың сабы» дегенді де білдіреді[1]. Мүмкін, бұл атау аламан, алақшы, ала шапқын, алаулау дегендердегі ала сөзімен байланысты болуы, өйткені жоғарыда аталған сөздер мен ала қырғын, ала топалаң, алапат сияқты сөздерде «қырып-жою, бүлдіру» идеясы бар. Ол күнде бұл сөз монғол тілдеріндегі алах – «өлтіру, шабу, сою (малды)» сөзімен түбірлес тұлға болып шығады[2]. Қайткенде де ертедегі қазақ тіліндегі ала балта белгілі бір ұрыс қаруының аты. Бұл атауды ХVІІІ-ХІХ ғасыр- лардағы нұсқалардан кездестірмейміз, оның орнына айбалта бар.

Алдаспан да қазірде ұмыт болған сөз. Ол бертіндегі жауынгер ақын Махамбетте кездеспейді. М.Мағауин мұны «наркескен, өткір қылыш»деп түсіндіреді[3].

Әскери құралдардың жалпы атауларынан басқа ол құрал- дардың жеке бөліктерінің, түрлерінің аттары да өлең-толғау- лар тілінен орын алған. Олардың да дені – бұл күнде архаизмдер тобына кеткендер: адырна, қылшан, тобыршық, жебе т.б. Ғалым Қ.Жұмалиевтің түсіндіруі бойынша, адырна сөзі садақтың оғын тіреп ататын сіңір тарамысын білдіреді[4], ал Будаговтың көрсетуі бойынша, башқұрт пен Кавказ түркілері- нің тілінде адарна сөзі керілген садақтың өзін білдірген98. Ертедегі қазақ жыраулары бұл сөзді Қ.Жұмалиев көрсеткен мәнде жұмсаған.

Қылшан сөзін Қазтуғаннан кездестіреміз: «Қылшанымды сары жүн оққа толтырып». Бұл сөз «Шайыр» атты кітапта «оқ сауыты» деп түсіндіріледі[5]. Контекске қарағанда, қылшан сөзі, шынында да, осы мағынаны береді. Сірә, бұл – көне сөз болар, өйткені соңғы ғасырларда қазақ тілінде оқ сауытын қорамсақ немесе садақ деп атаған. Тобыршық та – садақтың бір бөлшегінің атауы. Л.Будагов Қазан татарлары мен алтай тілдеріндегі тобыршық сөзі «шишка, шишковатый» («томпақ зат, томпақтау») деген мағына береді дейді. Қазақ текстеріне қарағанда, тобыршық – оқтың адырнаға тіреп ататын жері: Тобыршығы биік жай салып… Тұтамдайын тобыршық.

Оқ пен жебе сөздері – бұл кездегі әдеби тілде синонимдер. Жебені садақ оғының өзі емес, қыры деп түсіндіру бар[6], садақ оғының масағы деп анықтау да бар[7]. Ал, шындығында, жебе сөзінің оқ сөзіне синоним екені ауыз әдебиетінде кездесетін: Көп оғының ішінде Сұр жебе деген оқ алды сияқты жолдардан да тануға болады. Оқ пен жебе сөздерінің үшінші синонимі ретінде жай сөзі де әдеби тіл қолданысында болған: Он екі тұтам жай тартқан… Тобыршығы биік жай салып.

Әңгімелеп отырған кезеңдегі үлгілерде мылтық пен зеңбірек сөздері өте сирек ұшырайды. Қылыш та кемде-кем, оның орнына алдаспан сөзі немесе тіркес атаулар қолданылады: балдағы алтын құрыш болат, қан жұқпас қайқы қара болат т.б.

Бұл тұста тек қару-жарақ емес, сауыт-сайман аттары да тұрақталып, нормалана түскен. Мысалы, сауыт дегеннен гөрі көбе сөзі жиірек кездеседі: Күлікке тастай болып тимесе, Үстіме көбе сайлап кимен-ді… Жауырынына қанды көбе сыймаған (Шалкиіз). Бізге жеткен текстерде дулыға – тек баскиімнің атауы: Дулығамның төбесі туған айдай болмаса (Шалкиіз). Туған айдай нұрланып, Дулыға кидім – өкінбен (Доспамбет).

Жаугершілік лексикаға жататын сөздер тобындағы қимыл- дың өзі мен оның орындалу амалын білдіретін етістіктер мен үстеулер барлық үлгілерге ортақ болып келеді. «Жорыққа шығу» мағынасын жорту сөзі, сондай-ақ, оқ тию, білте салу, топ бастау, дұшпан ату, тепсінісу, жау бастау, ат сайлап міну, ту байлау, қатты тартып, биік ату, суырылып шабу, дұшпанның тобын тоздыру сияқты тіркестер, бір жағынан, жаугершілік мазмұндағы іс-әрекет атауларын білдірсе, екінші жағынан, осы кезеңде әбден қалыптасып, орын тепкен әдеби нормадағы фразеология қорын құрайтын сөздерді танытады.

Өмірдің қалған жақтарын бейнелейтін сөздер де өлең тілі- нен орын алғанымен, тұрақталуы, көркем құралдарға айналуы жағынан жоғарғы көрсетілген топтардай емес. Әсіресе бұл кезеңде күнделікті тұрмысқа қатысты сөздердің өте сараң кездесетіндігі байқалады. Көркем әдебиет, негізінен, әлеумет- тік тақырыптағы поэзия болғандықтан, мұнда күнделікті от басы, ошақ қасының суреті жоққа тән. Осыған орай тұрмыстық лексика да молынан көріне алмаған. Ал құрық (Ұстаса қашағанның ұзын құрығы – Қазтуған), қымыз (Қымыз ішіп, қызарып Асанқайғы), кереге (Керегеде ілінген, Шабылмаған семсер тұр – Жиембет), шымылдық (Ал шымылдық ішінде Ару сүйдімөкінбен – Доспамбет) тәріздес бес-он тұрмыстық сөз кездессе, олар да – тек образ үшін қолданылғандар. Қазақ поэзиясы тіліне тұрмыс-салт лексикасының араласа бастауы – XVIII, әсіресе XIX ғасырлар іші.

[1] Будагов Л. Сравнительный словарь турецко-татарских наречий. — Т.І. — СПб., 1869. — С.77

[2] Ала сөзінің әртүрлі тіркестердегі мағыналары жөнінде толығырақ мына кітаптан қараңыз: Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді. — Алматы, 1980.

[3] Мағауин М. Әдебиетіміздің тарихы әріде жатыр…

[4] Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. — Алматы, 1960. — 91-б. 98 Будагов Л. Көрсетілген кітап. 20-б.

[5] Шайыр. — Орынбор, 1910.

[6] Жұмалиев Қ. Махамбет. — Алматы, 1962. — 11-б.

[7] Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. — I т. — Алматы, 1974. — 225-б.

Р.СЫЗДЫҚОВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *